Ішек-қарынның қозғалысы (моторикасы). Ішектер мен қарынның қабырғалары қозғалып, ас қоймалжыңын олардың бір бөлігінен екінші бөлігіне жылжытып отырады, онсыз астың қорытылып, бойға сіңуі мүмкін болмас еді.
Ішек-қарынның қабырғаларындағы ұзын жолақты және сақина тәрізді орналасқан тегіс еттер жиырылып, қысқарып түрлі қозғалыстар жасайды. Ондай қозғалыстың негізгі екі түрі бар: маятник тәрізді және перистальтикалық. Перистальтикалық жиырылу кезінде ішек-қарын толқын іспетті бүлкілдейді де, ас қоймалжыңы бір бөлімнен екінші бөлімге ауысады. Маятник тәрізді ырғақты жиырылғанда ас қоймалжыңы ас қорыту сөлімен араласады. Қарынның төменгі жақ (пилорус) бөлімінің сфинктері ашылып-жабылуына қарай ас қоймалжыңы қарыннан он екі елі ішекке сығымдалып, бөлек-бөлек болып өтеді. Ас қоймалжыңы он екі елі ішекке өткенен кейін оның қабырғасындағы механорецепторлар, хеморецепторлар мен барорецепторлар тітіркеніп, олардан келген қозу импульстерінің әсерінен ас қорыту мүшелерінің қозғалысын реттейтін жүйке орталықтары қарынға жауап импульстер жібереді де, қарын сфинктері жабылады.