Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы


ОСПАН БАТЫР КҮРЕС ЖОЛЫНДА



бет18/19
Дата11.11.2016
өлшемі5,24 Mb.
#1501
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19
ОСПАН БАТЫР КҮРЕС ЖОЛЫНДА
Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының бас қолбасшысы Оспан батыр Ісләмұлының туған жылы хақында: 1944 жылы 3-айдың 5-күні Моңғолия шекарасы «Алатөбе» деген жерде маршал Хорлоогийн Чойбалсанмен кездескен кезде Оспан батыр: «...Биыл 45 жасқа толдым...» деп өз аузынан айтып ресми құжатта қалдырды. Осы сөзге қарағанда Оспан батыр 1899 жылы туған. Оспан батыр Ісләмұлының руы Абақ Керей ішінде Молқы - Машан - Айтуған - Бегалы - Төлес - Райымбек - Сайеке. Сайекенің бәйбішесінен: Райыс, Ісләм, Бибай, Қыдырхан, Тоқаша. Тоқалдан: Доданбай, Ақбаратой, Бабақұмар, Зүлкәпіл. Ісләмнан: Оспан, Дәлелхан. Оспан батырдың бәйбішесі – Меймеш Іргебай қызы. Кіші әйелі Баян руы Жәнтекей-Шақабай. Балалары: Нығметолла, Шердиман, Нәбидолда, Уәйдолда, Нәби...

Оспан батырдың жерлесі, Шығыс Түркістан қазақтарының белгілі тарихшысы Асқар Татанайұлы 1996 жылы Үрімжіде жарық көрген «Тарихи дерек, келелі кеңес» атты кітабының 106-бетінде «Оспан батыр Ісләмұлы 1898 жылы Көктоғай ауданының Өндірқара деген жерінде туған» деп жазған.

Оспан батырдың бет бейнесін суреттеп жазған шет елдік авторлар былай дейді: Оспан батырдың бойының ұзындығы 185 см. Денелі, иықты адам болған.

...Екі иығына екі кісі мінгендей ірі тұлғаның бет жүзі өте ызғарлы (суық жүзді). Алақаны күректей, мойыны қысқарақ, екі көзі өңменіңнен өтердей отты болатын. Екі көзінің ортасында төмен қарай тартылған айқын сызығы болушы еді. Оның көзі өте сұсты суық, өткір көрінді.

Ертедегі батырлар сынды, сақал-мұрты көмірдей қара әрі тікірейген үрейлі-тін.

...Ол, өте жүректі, зерделі, сақ, түйсікті адам болды. Айтса орындайтын, қайтпайтын бір беткей. Адамға оңай сенбейтін әккі. Сонымен қатар, өз жауын ешқашан да аямайтын-ды.

...Оспан батырдың алдына қойған мақсаты айқын әрі негізді, түсінікті болған.

...Оспан пан түрікшіл еді. Оның мақсаты ұланғайыр Түрік даласын Қытайдан бір жола тазарту болған. ...Оспанды Алтай аймағының көтерілісшілер көсемі, Алтай өлкесінің азат етушісі, құтқарушы деп бағалау жөн.

...1939 жылы Шыңжаң өкіметі Алтай қазақтарының тыныштығы мен бостандығына қарсы бағытталған қитұрқы саясат жүргізе бастады.

Олардың барлық қару-жарақтарын тәркілеу әрекетін жүргізді. Текті әулеттің ұрпақтарын «феодал» деген лақап атпен шетке шығарып, кейбірін ұстай бастады. Рысхан, Әлім, Оспан батыр Ісләмұлы қатарлы наразылық жасаушы қозғалыс соңы қарулы күреске апарып соқты. Олардың алға қойған мақсаты өте айқын еді. Басты мақсат: тәуелсіз Шығыс Түркістан мемлекетін құру, Шыңжаң өлкесін Қытайдан азат ету. Қытайдың қатаң әкімшілік әрекетіне наразылық көрсетуші топтың күресін ұйымдастыру, Қытайдан іргені аулақ салу, сондай-ақ бостандыққа жету болды.

Моңғолия мемлекеті Оспан – күрескер, Алтай қазақтарының ішіндегі ең ықпалды тұлға, оның күресі әділ, келешектегі мақсат мүддесі айқын, сондықтан қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысына қолдау көрсету дұрыс деп көрген. Бұл мәселе КСРО басшыларына егжей-тегжейлі баяндау арқылы, олардың нұсқау кеңесін алу арқылы шешілетіні белгілі еді. Маршал Х.Чойбалсан бұл мәселені 1944 жылы қаңтар айында Москваға барған сапарында немесе И.В.Сталинмен кездескен сәтінде толық мәлімдеген.

Халық бұл қозғалысты жан-тәнімен қолдайды. Көтерілісшілердің өрттей лаулаған қимылының ұшқыны моңғолдың батыс шекарасы маңын шарпыды. Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына Моңғол жағы аса назар аударумен қатар, өз барлаушыларының әкелген қилы мәліметтеріне қорытынды жасау арқылы көтерілісшілерді қолдау мақсатын алға қояды. Осы елдің батыс бөлігіңдегі Ховда шекарасындағы саяси ахуал қиындады. «Қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының басшысы Оспан Ісләмұлымен біздің ресми өкілдеріміз кездесті. Олардың талап-тілегін, мақсат-мүддесін естідік. Оспанға қару-жарақ көмегін көрсету, Алтай қазақтары немесе сондағы тіршілік ететін моңғол, урианхай, тува, торгууд ұлт азшылықтарының ішінде бостандық, ұлт-азаттық қозғалысы үшін күресіп жүргендерді қолдасақ, олардың мақсат, мүддесіне игілігін тигізумен бірге қытайдың Моңғол – Советпен шекарасы елді мекендерін Гоминдаң әскерінен азат етуге мүмкіндік жасалады» деп көрсетті МХРП ОК-нің қаулысында.

Маршал Х.Чойбалсан бастаған мемлекет билігіндегі саясаткерлер Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына қолдау көрсету арқылы оларды Гоминдаң өкіметіне өздерімен бірге қарсы күресетін бірден бір одақтас етуге бекінді.

Бұл оқиға Моңғол елі үшін аса маңызды саяси іс болғандықтан, Алтай қазақтарының сенімін бірден тарту жолдары жіті қарастырылды. Моңғол мемлекеті үшін Шығыс Түркістан ұлт-азаттық күресін қолдау арқылы батыс шекара маңындағы саяси әскери ахуалды «тұрақтандыру», әрқилы ұсақ қақтығыстарды «екі жақты келіссөз» арқылы «бейбіт жолмен шешу» секілді саясат жүргізу ғана емес, бұл істің арғы түп-мақсаты – Шыңжанда тұратын, қытай иелігіндегі Моңғол ұлтына біріктіріп алудың нақты саясаты еді. Бұл саяси ахуал әу бастан айқын, тіптен жасырын жаңа бастама емес-тін.

...Оспан батыр бастаған Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына қолдау көрсету, олармен нақты байланыс жасау үшін, сол жолмен Қытай басшыларына қарсы күресу үшін күрескерлерге көп мөлшерде қару-жарақ беру қажет болды. Бірақ көтерілісшілерді қаруландыруға арналған қару, сайман Моңғол елінде болмады. Себебі: Моңғол КСРО-мемлекетінен көмекке келген қару-жарақты Халх гол соғысына арнап барлық күшті шоғырландырғандықтан басқа елге қару-жарақ бере салатын мүмкіндік те аз еді. Тіптен Моңғол жағы қару-жарақты қалайда бір амалын тауып Шығыс Түркістандықтарға беретін ниеті болса да, көмекке келген қару-жарақты басқаға бермеу жөніндегі ел аралық қатаң шартты бұзу қиынға соқты. Алайда маршал Х.Чойбалсан Алтай өлкесін Қытай Гоминдаңшыларынан азат ету, сол жерде мекендейтін моңғол ұлт-ұлыстарын өз еліне біріктіріп алудың орайлы мүмкіндігі туғанын елеусіз тастай алмады. Шыңжаңда тұратын торгуут, урианхай, дөрвөд, өөлд, захчин, тува қатарлы ұлыстарды Моңғол елі өзіне тарту саясатын 1920 жылдардан бастаған.

Маршал Х.Чойбалсан КСРО-ның басшыларына Моңғолдың батыс шекарасының жағдайы күн санап ауырлай түскенін, Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының көсемі Оспан батыр Ісләмұлымен тығыз байланыс жасау, олардын күшімен Қытай гоминдаң әскеріне қатаң соққы берудің пайдалы екенін, бұл істі жүргізу үшін қару-жарақ қажет болғанын өтінген ресми хат, өтініштерді Молотовтың атына сан мәрте жолдап тұрды. Тарихи құжаттарды саралап, қарап отырған кезде маршал Х.Чойбалсанның сол хаттары КСРО басшыларына жетпегенге ұқсайды. Бұны И.В.Сталинге Чойбалсандардың 1944 жылғы 1-айдың 22-сі күнгі кездесуі растайды. Неліктен, қандай мақсатпен маршал Х.Чойбалсанның ресми хаттары «ұлы көсем» И.Сталинге таныстырылмауының себебін бүгін табу қиын. Кейбір ресми мәліметтерге қарағанда КСРО-дан Моңғол елінде отырған төтенше және өкілетті елші И.А.Иванов бұл мәселеге «онша мән бермей» кейін шегіне берген сыңайда. Бірақ, бұл біржақты дәлел. Себебі: Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы күрескерлерін қаруландыру арқылы оларды Қытайға қарсы қою, сол арқылы Шыңжаңды мекендейтін моңғол ұлт-ұлыстарының бостандығын алып беру, тіптен саяси оңтайлы ұрымтал тұсты пайдаланып моңғол ұлт-ұлыстарын біріктіріп алу жөніңдегі маршал Х.Чойбалсанның ойын аңдаған елші И.А.Иванов «ұлы Моңғол империясын» қайта орнатуды құптамауына да байланысты болуы мүмкін. Маршал X. Чойбалсан Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының қолбасшысы Оспан батыр Ісләмұлының іс-қимылы жөнінде (уақыт оздырмай) барлаушы, тыңшылардың мәліметіне қадағалай танысып отырды.

...Көтерілісшілер қытай әскеріне төтеп бере алмай, қару-жарақ тапшылығынан жеңіліске ұшырауы мүмкін деген құпия хабарлар маршал Х.Чойбалсанды аландата берді. Бұл – бірінші кедергі еді.

Екіншіден: Гоминдаң басқыншыларынан қашып, шекара маңына шоғырланған Алтай қазақтары Моңғол шекарасына басып кіріп, Моңғол шекарашыларымен жиі қақтығысуы жағдайды тіптен ауырлатып тұрды. Ел аралық байланыс жасау, сыбайластық, саясатын қолдану үшін мақсат далада қалып, көршілес екі ел өзара жауласып кету қаупі көрініс бере бастады. Осы жағдайды КСРО елшісі де сезінген болуы керек, Москвамен дереу тілдесті, КСРО «басшыларының» «келісімі» бойынша Моңғол жағы Алтай көтерілісшілерімен «байланыс жасауға болады» деген тіл хат жауап та алады. Демек: бұл «рұқсат қағаз» маршал Х.Чойбалсанның асыға күткен жақсы хабары емес-тін. Маршал Х.Чойбалсанның саясаты: Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысын жай «қолдау» емес, оларға қару-жарақ беру еді. КСРО өз мүддесіне сай келсе көтерілісшілерді қару-жарақпен қамтамасыз ету ісін ешқашан кейінге қоймайтынын маршал Х.Чойбалсан өте жақсы білетін-ді. Маршал Х.Чойбалсан жедел түрде МХРП ОК-нің бірінші хатшысы Ю.Цэдэнбал, Ішкі Істер министрі Б.Шагдаржав батыс шекарада қызмет атқарып жүрген Ішкі Істер Министрінің орынбасары Бүтэмжийн Дүйнхэржавтарға Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының қолбасшысы Оспанмен байланыс жасауды бұйырады..

Бұл саясат Алтай қазақтары мен Моңғол шекарашылары арасында сан рет шыққан қарулы қақтығыстарды тоқтату, ары қарай тіл табыса отырып, тізе қосып күресудің мүмкіндігін туғызудың алғашқы қадамы еді. Осынау Оспан батырмен байланыс жасаудың алғашқы сәті 1943 жылдың тамыз айында болды. Ішкі Істер министрінің орынбасары полковник Бүтэмжийн Дүйнхэржавтың 1943 жылдың 11-айының 1-і күні батыс шекарадағы ахуалды баяндаған іс қағазында: ...Біз Шыңжаңдағы саяси жаңа өзгерістерді жан-жақты зерттеп, бақылаумен қатар, соңғы үш жыл бойы Гоминдаң әскерімен соғысып жүрген қазақ көтерілісшілерінің ұйымымен байланыс жасау үшін, аса мәртебелі маршал Х.Чойбалсан, сіздің бұйрығыңызды қабылдап, Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының басшысына 1943 жылы 8-айдың басында арнайы қысқаша хат жолдадық... – делінген.

Екі елдің шекарасыңда шоғырланған Оспан әскері және көтеріліске қатысқан ел адамдарымен тілдесу, сонымен қатар, Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының қолбасшыларымен байланыс жасау, ары қарайғы уақытта тізе қоса күресу ісіне оларды сендіру міндеті Ішкі Істер министрлігінде болды. Мұнда бір айта кететін нақты жай: Оспан батырмен байланыс жасау ісі тек құпия барлаушылардың іс-қызметінің қырағылығы арқасында ғана жүзеге асырмаса болмайтын күрделі оқиғатын. Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы көтерілісшілерімен Моңғол елінің өкімет орны «ресми түрде» келісім жасау Моңғол мемлекетінің Халықаралық беделіне теріс әсерін тигізуімен қатар, Қытай тарапында бұл оқиғаны наразылықпен қабылдауы, мүмкін. Тіптен екі ел қарым-қатынасына қарсы нұқсан келтіретін әрекет болып өзгеріп кетуі сөзсіз еді.

Маршал Х.Чойбалсанның бұйрығын алған Ішкі Істер министрлігінің орынбасары Б.Дүйнхэржав 1943 жылы 8-айдың 13-күні арнайы хат жеткізетін үш барлаушыны Оспан батырдың тұрған жеріне жібереді. Өкінішке орай, бұл реткі әрекет іске аспай, барлаушылар Оспан батырдың тұрған жерін таба алмай кері қайтады. Бұл – Оспан батырдың соғыс тактикасы бойынша, кенет келетін қатерден өз әскерін жылдам құтылтып кететін түрлі тәсілдері болғанын жете есептемегендік салдары еді. Бұдан соң Оспан батырдың штабы «болар-ау деген тұстарды нақты белгілеп» қысқа тіл хат жеткізуші үш топ барлаушыларды Ховданың үш асуымен Шыңжаңға жөнелтеді. «Арнайы қысқаша хат» жеткізуге міндетті үш топ бірінің соңынан бірі Оспан батыр тұрған жерге жеткенімен, алғашқы екі топты Оспан әскерлері ұстап, оларға сенбейтіндігін айтып, қатаң әуреге де салады. Бұлай істеуінің де өзіндік себебі бар еді. Моңғолия шекарасын асып қоныстануға келген бейбіт ауылдардың алдынан оқ жаудырып, елдесуге барған азаматтарын күшпен қайтарған шекарашыларға Оспан сене қоймаған. Моңғол әскері Қытаймен бірге Оспан көтерілісін басуға қатысады-мыс деген Гоминдаңның жымысқы саясаты да Оспанның назарына жеткен. Оспан батырмен кездесу, оған тіл хат жеткізу ісі оңай шаруа емес-ті. Моңғолия Ішкі Істер министрлігі бір жылға таяу уақыт бойы Оспанға кездесуге лайық адамды іздестірумен әуреленді. Алғашқы барған үш өкіл Оспанның қасына бару былай тұрсын, ол кісінің қарасын да көре алмаған. (Бір қызықты дерек бар. Жынды сүрей бір қазақ, екі торгуудты ертіп Оспан әскерлеріне ұсталады. Әскерлер оларды таға соғатын керіктің шоғына жетектеп әкеліп балқыған темірді көзіне таятып көрсетіп тұрып «не жағдаймен» келгендерін сұрап, біліп алады да үшеуіне бір басбілгі арық өгізді мінгізіп, «есің барда елінді тап, қараларынды батыр» – деп айдап жібереді.) Шекара қорғаныс орны бұдан соң тағы да шешім қабылдап: Оспанға баратын лайықты адам Дэлүүн сұмын азаматы Исаұлы Қамқаш деп көріп, оны Ховдаға шақырады.

Ішкі Істер өкілдері Оспан батырға баратын адам ретінде Исаұлы Қамқашты таңдайды. (Қамқаш бай немесе Қамқаш Исаұлы 1937-38 жылы 52 жаста, 600 жылқы, 1000 қойы бар, алтын, күміс саудагері, ұсталуға да, атылуға да лайықты деп талай рет шағым жасалып жүрген кез. «Жедел жетсін» деген Ішкі Істер өкілінің шақыруын алғаннан кейін «ұсталған деген осы» деп үрейленген Қамқаш өзін алып кетуге келген өкілден мән-жайды әбден сұрап біледі. Ішкі Істер өкілі Қамқашты «қорғауға» алатынын айтып, «жанына қауіп» төндірмейтіні жөнінде кепілдік қағазын береді.

Кепілдік қағазда маршал Х.Чойбалсанның қолы қойылған. Егер кепілдік берілмеген жағдайда Қамқаш бассауғалап Алтайға қашып кетуді жоспарламады деп ешкім айта алмайды. Оспан батырдан Қамқаш 14 жас үлкен немере ағасы. Қамқаш та, Оспан да Көктоғай жері Өндерқара деген мекенде дүниеге келген. Оспанның әкесі Ісләм мен Қамқаштың әкесі Иса екеуі телі ағайын жүрген өзара жанашыр. Осы тарихтың барлығын зерттеп келген Ішкі Істер министрлігі «ашса алақаны, жұмса жұдырығындағы» адам Қамқаш Исаұлын көздеуі тегіннен тегін емес.

Қамқашпен бірге Оспан батырға ресми хат жеткізуге міндетті, Ішкі Қорғаныс орнынан тағайындалған басшы адамдар мыналар: Батжаргалын Дүгэр, Баатарын Чулуундай, Паламын Раазан. Бұлар 1943 жылы 8-айдың 13-күні Ховда Байтаг бағытынан аттанып, 8-айдың 23-күні Оспан батырдың штабы орналасқан жерге жетеді. Қамқаш Исаұлының атбайлар көмекшісіне әйгілі балуан Мардан Мүшекеұлы барады (Мүшеке Қамқаштың әкесі Исаның інісі). Қамқаш Оспан батырдың Моңғол жеріндегі қарындасы Сәдуақастың әйелі Сапура Ісләм қызының амандығын да айта барады. «...Оспан: «Қама, сіз маған тыңшылық жасауға келген жоқсыз ба!» деп қарағанда... екі көзі өңменінен өтіп бара жатты... ...Қатты састым, дереу жағдайды баяндадым... Менен басқа өкілдерді Оспанға кездесуге рұқсат етілмеді Хатты бердім. Оспан батырларын шақырып мәміле хатты дауыстап оқып берді... Бірақ, түсі жылымады, езу тартпады. (Бармақұлы Қаби, Исаұлы Қамқаштардың айтуына қарағанда Оспан батыр хатқа жүйрік болған. Жасында Арал молла деген кісіден ескіше дәріс алған дейтін. Мұны шет елдік кейбір тарихи құжаттар да жоққа шығармайды). Бұдан кейін Оспан батыр: «Моңғолия мемлекеті бізді алдап отырғанын дәлелдейтін бір мәселе – келген елшілердің сөзінің екі айыр шығып отырғандығында, егер олай болмаса бұрынғы келген елшілерінің сөзімен сенің сөзің қалайша бөлекше бола қалды!» – дейді. Қамқаш: «Өкімет тапсырмасын орындау Қамқаш менің міндетім. Бұдан бұрын қанша адамды, қандай оймен сізге жібергенін мен білмеймін ғой». Оспан батыр: «Моңғол елі бізді тұзақтау үшін әділ, адал деп Қамқаш сені таңдағаны дұрыс екен. Бірақ, сенің кім екеніңді, сөзіңнің шын екенін дәлелдейтін қандай кепілдік бар? Қамқаш, сіз өтірік айтпағаныңызды дәлелдеп құдай алдында ант-су іше аласыз ба!»

Қамқаш: «Маған қандай кінә қойсаңыз да өз еркіңіз. Бірақ, басқа біреуді жығу үшін сырын білмейтін атқа мінгіземіз деп ойлаған болса, менен басқа бір «зұлым» табылмады деп ойлайсыз ба! Қалай ант-су іш дейсіз, батыр-еке. Ұлтымыз, руымыз, құдайымыз, дініміз бір, Мұхаммедтің үмбетіміз, құдай хақ, құран жалғыз...»

Оспан батыр қабағын түйіп: «Сізді бізбен байланыс жасау үшін тағайындап жіберіп отырған Моңғолдың арғы саясатын бажайлайтын пайым бізде де жеткілікті. Сіз бұны білмеуіңізге де болады. Моңғолдар сізді жібергенде біздің тұрағымыз, күш қуатымызды біліп мәлімет жинап кел деген шығар. «Келісім» деген жалған сөзбен бұйдалап апарып Қытайға ұстап бергелі де жүруі мүмкін. Біз Моңғол мемлекетінің арғы саясатын да сезінеміз. Сіздер ертеден бері Шыңжаңмен қарым-қатынас жасап келгендеріңізді біздер ұмытып кетті деп жүрген жоқсыздар ма! Өтірік сөз өрге жүрмейді, Қамқаш аға. «Өтіріктің өзіне емес ебіне сен» деген аталы сөз бар. Өтірік айтқыларыңыз келсе, ебіне келтіріп айтыңыздар. Біз өлгеннен басқаның бәрін көрдік. Жұқа сөзге, бос сөзге сенуді қойғалы көп уақыт өтті».

Қамқаш: «Мен сіздерге хат жеткізуші ғанамын. Сіздердің іштеріңізде мен танып, білетін ақсақал қариялар отыр. 1941 жылы Байқадамның ауылы елудей қаралы үй Моңғол жеріне өтті, қазір олар тегіс аман.

Оспан батыр: «Қамқаш, сіз аса ділмарсып барасыз. 1940 жылы Қытайдың қуғынына түсіп, Бұлғын өзеніне барған бүтін бір елді қанға бояғанын да Моңғол елі ұмытпаған болар. Бірақ, сіздердің жасауға ниеттеніп отырған байланыс, қарым-қатынастарыңызға біз ресми түрде жауап береміз...»

Оспан батыр мен Қамқаштың кездесуіне Оспанның кеңесшісі Келес және Қапас Төлекеұлы (Тірекешұлы) деген адамдар қатысты.

1943 жылы тамыздың 24-і.

Оспан батыр өз батырларымен кеңес құрғаннан кейін Моңғол мемлекетімен қарым-қатынас жасауға тартынбаймыз деген ресми жауап хат жазды. Жауап хаттың мазмұны: «...біз тонаушылар емеспіз. Қытай басқыншыларына қарсы күресіп жүрген күрескерлерміз. 1940 жылы Қытаймен біздің арамызда болған соғыста біздің адамдарымыз қашып Моңғол шекарасын өтіп, Бұлғын өзенінің бойына барған. Сол кезде алдынан тосып атқылаған сіздер болдыңыздар. Көп адамдарымызды қытай қолына түсіруге себепші болдыңыздар. Сондықтан сіздерге толық сенбейміз. Сіздер бізді нақты сендіре алсаңыздар біз көрсеткен сәтте, белгіленген жерге барып кездесуге болады».

Бұл күні Оспан батыр қысқаша хат алып келген елшілерден екі адамды кепілдікке алып, Қамқашқа: «...1939 жылы күз айынан бастап Шыңжаң өкіметі Алтай өлкесінің қазақтарының қару-жарағын тәркілей бастаған кезден бастап Қытай саясатына қарсы күресіп келеміз. 1940 жылы 5-айда 80 дей азаматым сіздермен келісім жасаудың жолын қарастырып Моңғол шекарасына барғанда кездейсоқ атыс басталып, бізден екі адам, сіздерден төрт адам шейіт болды. Моңғол елінің Қытай шеңгелінен шығуға талпынып жүргенін білеміз. Қытайға қарсы күресіміз, нәтижеге жетпей кедергіге тап болсақ, біздің адамдарымызға пана болып, көмектеседі дегенге сенеміз», – дейді 1943 жылы тамыздың 27-сі күні Исаұлы Қамқаш Оспан батырдың хатын Ішкі Істер министрінің орынбасары Б.Дүйнхэржав, оның кеңесшісі Ф.С.Попов (бүркеншек аты Петровтарға) жеткізді.

1943 жылы қыркүйектің 7 жаңасы.

Моңғолия Ішкі Істер министрлігінің орынбасары Б.Дүйнхэржав, оның кеңесшісі Ф.С.Поповтар Исаұлы Қамқашты қайтадан Оспан батырдың штабына қысқаша хат апаруға жөнелтеді. Бұл жолы Қамқаштың атқосшысына Бармақұлы Қаби атты азамат ереді. Хат мазмұны төмендегідей: «...Оспан батыр, сіздің күрес жолыңыздағы іс-әрекеттеріңізге сәттілік тілейміз. Моңғолия мемлекеті сізбен достық қарым-қатынас жасауды мақсат тұтады. 1943 жылы қыркүйектің 15-жаңасында Моңғол, Шыңжаң шекара сызығы Хайрты асуында екі жақты кездесу жасауға шақырамыз...».

Исаұлы Қамқаш бастаған байланысшылар Оспан батыр Ісләмұлының далалық штабына барып генерал Б.Дүйнхэржавтың сәлем хат, сәлемдемесін (яғни 36 метр мата, шай, қант, жау дүрбісі тәрізді заттарды) жеткізіп қайтады.

1943 жыл қыркүйек айының 13-күні Моңғол елінің өкілі Қамқаш генерал Б.Дүйнхэржавқа келіп: «...Оспан батырдың тікелей өкілі үш адам бізбен бірге келді. Қазір олар Хайрты асуының арғы жағында тұр. Ертең немесе 1943 жылы қыркүйектің 14-күні алғашқы белгіленген жерде кездесу жасауға шақырады...» дейді.

1943 жылы қыркүйектің 14-і күні Хайрты асуы.

Моңғолия Ішкі Істер министрлігінің орынбасары Б.Дүйнхэржав, оның кеңесшісі Ф.С.Попов, Баянөлгий аймағының Ішкі Істер бөлімінің кеңесшісі Оңғарбаев (аудармашы), Ховд аймағы Ішкі Істер бөлімінің кеңесшісі Мәмішев, офицер Сампил, Ховда отрядындағы Ішкі Істер бөлім өкілі, Маңғұлұлы Мардан қатарлы адамдар межелі жерге жетті.

Б.Дүйнхэржав: – «Келісімге келген кісілер қайда?»

Байланысшы: – «Олар асудан сәл әріректе тұр. Келушілер өте сақ. «Егер келісім жасайтын жерде үштен артық кісі көрінсе тура оқ жаудырамыз» деді.

Б.Дүйнхэржав: – «Біз сіздердің айтқан сан бойынша адамдарды жібермейміз».

Байланысшы: – «Кездесу жасайтын жерде басшы, аудармашы екеу ғана болсын».

Б.Дүйнхэржав: – «Жарайды. Солай болсын», – дейді де; кеңесші Ф.С.Попов, Баян-Өлгий аймағының Ішкі Істер бөлімінің кеңесшісі Оңғарбаев деген адамды ертіп, Оспан батырдың өкілдері тұрған жерге жаяулап таяп барады. Оспан батырдың өкілдері Жолдыбай, Жанәбіл және атқосшы Нұқ деген үш қазақ келісімге келіп тұрды. Моңғолия Ішкі Істер министрлігінің орынбасары Б.Дүйнхэржавтың маршал Х.Чойбалсанға жазған іс-қызмет жөніндегі баяндамасы:

«...Моңғол жағынан мен Б.Дүйнхэржав, кеңесші Ф.С.Попов, аудармашы, жазушы, тілмаш Оңғарбаев атты қазақ азаматы және төтенше іс жөніндегі офицер Сампил, Ішкі Істер өкілі Маңғұлұлы Мардан қатарлы адамдармен Хайрты асуына бардық. Мен өзімді бригада командирі Жамба, Поповты – кеңесші Петров, Оңғарбаевты – тәржімашы-тілмаш «Омарай» деп жеке-жеке таныстырдым. Оспанның өкілдері өздерін былай таныстырды: басшысы Жолдыбай (Тоқтыбай) өзін Қарақас руынан десе, Жанебіл Молқы, ал, атқосшы Нұқ руын айтпады. Жанебіл былай деді:

«...Біз Моңғол мемлекетімен етене қарым-қатынас жасау ниетіндеміз. Сіздер жолдаған хатты Оспан батыр оқып уақытша кездесуге бізді жіберді...» Кездесуде екі жақ Моңғол, қазақ түбі бір туыс ел, сондықтан мақсаты да бір болуға тиіс деген келісімге келді. Оспан батырдың өкілдері 100 дана винтовка, мата, ақ сәлдебоз, бөз, шай-қант берсеңіздер деді, олар бұл тауарлардың төлеміне алтын, күміс, жылқы беретінін айтты. Келесі кездесуді 1943 жылы қыркүйектің 30-ында жалғастыруды екі жақ келісті. Сондай-ақ, екі жақ қол қойған тарихи құжат жасалды. Мұнда:

1. ...Келесі кездесу 1943 жылы қыркүйектің 30-күні болады.

2. ...Қажет болған жағдайда ұлт-азаттық күрестің сарбаздарының отбасы мүшелері Моңғол жеріне паналайды.

3. ...Келісімге келушілер ақ тумен алдын ала белгі береді.

4. ...Оспан батырға жіберілетін Моңғол өкілдері «майор Дэмбэрэлден батыр Оспанға» деген құпия «пароль» арқылы кездесу жасалады. Аталмыш төрт көрсеткішті құжат моңғол, қазақ тілінде екі дана жасалып, екі жақ құпия сақтауға алды. Кездесу кезінде Оспанның өкілі Тоқтыбай:

«Келесі кездесуге Оспан батыр өзі, оның кеңесшісі Қапас Төлекеұлы сондай-ақ, бір орыс азаматы келеді. (Жазушы Асқар Алтай Қапас Төлекеұлын Түркешұлы деп жазады. Оспан батырдың туған жиені, оның оққағары болған Қапас 1951 жылы Оспан батырмен бірге қолға түскенде, ол да бір себептермен өлтірілген – С.Р.) Біздің күрескерлердің ішінде 8 орыс азаматы бар. Олар Моңғол жақтың өкілдерімен кездескісі келеді. Сіздер рұқсат етсеңіздер келтіруге болады деді». Жанебіл батыр: «Моңғол жағынан келген хат бізді таңдандырды. 1943 жылы шілдеде Моңғолмен келісімге барған 80 адам шекараларыңызды асқан кезде сіздердің әскерлеріңіз екі адамымызды атып өлтірді. Сіздерден төрт адам жазым болды. Қазақ халқының заңы бойынша екі әскердің құнына мал береміз, қару-жарағын да өткереміз». Б.Дүйнхэржав: «Бізде адам құнына мал алмайды. Өткен оқиға жөнінде айта беру қажетсіз. Қару-жарағы да бізге қажеті жоқ, сіздерде қалсын» деді.

1943 жылы қыркүйек айының 14-күні Хайрты асуындағы өткен осы кездесудегі құжатқа Моңғол жағынан шекара отряд бастығы, бригада командирі «Жамба» – Б.Дүйнхэржав, кеңесші «Петров» – Ф.С.Попов, Оспан батырдың өкілі Жолдыбай, Жанебілдер қол қойды. Кездесу төрт сағатқа созылды. Б.Дүйнхэржав кездесуге қатысқан Жолыбай, Жанебілдерге 12 метр мата, шай-қант, әр қайсысына 1 маузер мылтық 100 оғымен сыйлады.

1943 жылы қыркүйектің 30. Хайрты асуы.

Бұл реткі кездесуді Моңғол жағы сәтті өтеді деп қаншама рет алғашқы сатылы әзірлік жасағанымен, кездесуге Оспан батырдың өзі келмеді. Моңғол жағынан барған өкілдер Б.Дүйнхэржав (Жамба), «Петров» (Ф.С.Попов), Баахтарын Чулуундай, Пагамын Раазан, Батжаргалын Дүгэрлерге кездесуге алты салт атты өкіл келді. Мұнда: Оспан батырдың өкілі Жанебіл (Молқы), баласы Шердиман Оспанұлы жене Оспанның немере жиені Т.Қапастар кездесуге келген. «...Біз алғашқы кездесуде сәл түсініспегендіктен бұл реткі кездесу дәл қай жерде болатынын белгілей алмай кешігіп қалдық...» деген уәж білдіреді. (Бұл жай ғана сөз емес, өте нәзік жасалған саясат еді. Р.С.) Осы сөздерден кейін келесі кездесу 1943 жылы қазан айының 4 жаңасында осы Хайрты асуында болады дегенге келісіп екі жақ тарасады. Моңғол өкілдері атынан Жанебіл, Шердиман, Мұхалай, Қапастарға үш маузер мылтық, үш жапон винтовкасын сыйға тартады. Шердиман Оспанұлы Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының көсемінің жоралғысы ретінде моңғолдықтарға жорға ат, көкбөрінің терісі, бір уыс алтын, т.б. аса бағалы заттарды ұсынды.


Каталог: repository -> history -> Ұжымдық%20жинақтар
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
Ұжымдық%20жинақтар -> Комиссар єаббасов
Ұжымдық%20жинақтар -> Арман да, арман, шын арман
Ұжымдық%20жинақтар -> Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы
Ұжымдық%20жинақтар -> Хайруллина Ғайша- сафура Құзырғалиқызы Менің шыққан тегім, жанұям
Ұжымдық%20жинақтар -> Аудармалары
Ұжымдық%20жинақтар -> «алаш» баспасы
Ұжымдық%20жинақтар -> Алаштың АҚИЫҚтары мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар жинағы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет