АТОМИЗМ (гр. atomon – бөлінбейтін), атомистика, барлық заттардың дербес элементтерден (атомдардан) құралатыны туралы ілім. Кеңірек мағынасында А. ұғымы объектінің, үдерістің, қасиеттің дискреттілігін, үздіктілігін білдіреді (мысалы, әлеуметтік атомизм, логикалық атомизм және т. б.). А. алғаш антикалық философияда көне грек атомистері Левкипп пен Демокриттің философиялық ілімінде орын тебеді. Бұл ілім бойынша, дүниеде бәрі де әрі қарай бөлінбейтін өте ұсақ бөлшектерден (атомдардан) тұрады; атомдардың қозғалысы, өзара әсері арқылы барлық құбылыстар түсіндіріледі. Алғашында философиялық гипотеза статусына ие болған бұл ілім кейіннен (XVII–XIX ғғ.) физика мен химияда (жалпы жаратылыстануда) өз жалғасын тауып, нақтылы ғылыми сипат алады (заттардың атомдық-молекулярлық құрылымы туралы ілім жүзінде). ХХ ғ. кванттық физиканың дамуы атомизм идеясына жаңа серпін беріп, дискреттіліктің (континуалдықпен қатар) материя құрылымына тереңнен тән екендігі айқындалды. Қазіргі физиканың ұйғаруынша, корпускулалық- толқындық дуализмнің микродүниенің негізгі бір қасиеті болып табыла- тыны осы дискреттілік (үздіктілік) пен континуалдықтың (үздіксіздіктің) өзара диалектикалық бірлігінің айғағы іспеттес.
АТРИБУТ (лат. attribuo – қосамын, үлестіремін, қасиет) – белгілі бір объектінің қажетті, мәнді ажырамас қасиеті. Мысалы созылу, салмақ, түр- түс және т. б. – материалды заттар А. болып табылады. Логикада А. деп сөз болып жатқан жайтқа байланысты мақұлданатын не терістелетін нәрсені айтады; А. маңызды немесе маңызды емес, қажетті немесе кездейсоқ болуы да мүмкін.
А-сыз заттың болмысының айқындалуы, танылуы, тіпті болуы мүмкін емес. Кезінде Аристотель тұрақты А-тың кездейсоқ, өтпелі күйдегі ерек- шелігін айқындап, заттың өткінші уақытша құбылысын акциденция деп атады. Декарт А. субстанцияның негізгі қасиеті деп санады. Сондықтан да, Декарт философиясында материалдық, заттық, денелік субстанцияның негізгі атрибуты – созылу, кеңістікте белгілі бір орын алу болса, рухани субстанцияның атрибуты – ойлау болып табылады. ХVIII ғ. философ- материалистері материяның басты А.-ы кеңістікте созылу мен қозғалыс деп тұжырымдайды. Диалектикалық-материалистік философияда кеңістік пен уақыт, қозғалыс, сондай-ақ, жүйелілік пен бейнелеу материяның атрибутта-
89
ры деп танылды. Заттарға тән қасиеттерді білдіруде А. ұғымы қазіргі заман- ғы философияда да (философиялық антропология, неотомизм, персонализм және т. б. бағыттарда) кеңінен қолданылады. Мысалы: шындықтың бес А.-ы анықталып көрсетіледі, олар: энергия (қозғалыстың қайнар көзі), кеңістік (созылу), уақыт (өзгеріс), сана (белсенді түрде бейнелеу) және форма (ұйымдастыру, құрылым).
Исламдық танымда А. ұғымы «исм» (есім), «сифа» (сапа, қасиет),
«уасф» (сипаттау) терминдерімен берілген. Ортағасырлардағы мұсылман философиясында А. мәселесінің екі түрлі аспектісі қарастырылған. Бұл бір жағынан Құдай, Бастапқы Мән, Бастапқы Баршылық және т. б. сипаттағы дүниені жаратушы алғашқы түпнегіздің А-тары мәселесіне байланысты болып келеді. Мұнда А. ұғымы Бастапқы түпнегізді түсіну және оның өзі жаратқан дүниесімен байланысын бейнелеуге қатысты қолданылады. Мәселенің екінші қыры дүниедегі жаратылған заттардың атрибуттары тұрғысынан туындайды. Бұл жағынан алғанда А.- р мәселесі категориялар (макулат) және предикаттар (махмулат) туралы сауалдарға жақын келеді. Ал, мұсылмандық перипатетизмде бұл екі мәселе де бірлікте қарастырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |