Бүгінде елімізде онкогематологиялық ауруы бар балаларға медициналық көмек көрсетудің көп деңгейлі тәсілі іске асырылды. Балаларға онкогематологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыруды жетілдіру мақсатында «Онкологиялық және гематологиялық аурулары бар балаларға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты» әзірленеді және бекітіледі. Халықаралық үрдістерді ескере отырып, онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамаларын ең үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып қайта қарау жоспарлануда.
Кәмелетке толмаған туыстарының (туған ағалары мен әпкелері (қарындастары)) донор болу мүмкіндігін айқындау бөлігінде Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодекске өзгерістер енгізу арқылы гемопоэздік дің жасушаларының донорлығы қағидалары жетілдірілетін болады.
Балалардағы онкологиялық аурулардың молекулалық-генетикалық диагностикасы тиісті тарифтерді бекіте отырып, «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ-ның жарақтандырылуын арттыру арқылы жақсартылады.
Жергілікті бюджет есебінен облыстық балалар стационарларында (Абай, Қостанай, Қызылорда, Ұлытау, Ақмола, Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында және Шымкент қаласында) сәулелік диагностикаға арналған жабдықтармен материалдық-техникалық жарақтандыру жақсарады.
Иммундық терапия үшін таргеттік әсер ету препараттарымен, орфандық препараттармен қамтамасыз етуді кеңейту бойынша шаралар қабылдау жоспарлануда.
«Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ жанынан Балалар онкологиясы және гематология орталығы құрылады.
Республикалық орталықтарда («Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ, «University Medical Center» КҚ) онкологиялық және гематологиялық бейіндегі балаларға арналған реанимация және қарқынды терапия бөлімшелерінің, сондай-ақ сүйек кемігінің трансплантациясы (бұдан әрі-СКТ) бөлімшелерінің жабдықтары жаңартылатын болады.