ДЕГЕЛЕКТІҢ СЫЙЫ
Баяғыда бір қария келе жатып, аяғы сынып, жүре алмай жатқан дегелекті көріпті. Оны үйіне алып келіп, сынған жерін таңып, асырапты. Әбден жазылып, ұшуға жараған соң бостандыққа жіберіпті.
Арада бірнеше күн өткенде әлгі дегелек қарияның шаңырағына келіп қонады. Бір ғажабы, ол төбеден ат басындай алтын тастайды да, ұшып кетеді. Дегелектің қарияға жасаған сыйы туралы сөз ел ішіне тарайды. Оған көршілерінің бәрі таң қалып, ауыздарының суы құриды. Бір қомағай қарт балаларына «Біз де бір дегелектің аяғын сындырып, бағайық» деген ақыл айтып, арам ойға да барады.
Бірде ол отынға барса, ұясының үстінде отырған дегелекті көреді. Таспен ұрып аяғын сындырып, оны үйіне алып келеді. Байғұс құс бірнеше күн азап шегеді. Олар оның сынған жерін таңып, асырайды. Бір күні дегелектің аяғы тәуір бола бастағанын көрген көрші қарт оны ұшырып жібереді. Осыдан соң күнде шаңыраққа қарап, дегелекті күтіп отыратын болады.
Арада бірнеше күн өткен соң, дегелек оның шаңырағына қонып, төбеден бірнеше сарыбас жылан тастайды. Алтын күтіп отырған кісінің шаңырағынан соншама жылан түсті деген не сұмдық?! Көрші қарт алтын тұрмақ, басын қалай аман сақтаймын деп өз үйінен өзі безе қашыпты. Көрсеқызарлығы мен арамдығының арқасында өз жазасын осылайша таратыпты.
(181 сөз)
БАЛАНЫҢ ТАПҚЫРЛЫҒЫ
Ерте, ерте, ертеде ен даланы шегіртке жаулапты. Егістіктер тақырға айналып, ағаштар жапырағынан айырылып, жалаңаш қалыпты. Киіз үйлерге қонған шегіртке туырлық екеш туырлықты да жеп кетіпті. Үйлер уық, керегесімен ғана қалып, арса-арсасы шығыпты. Бұл апат патшаны састырып, уәзірлерді қарбаласқа түсіріпті. Шабармандар тұс-тұсқа шапқылап, дал болыпты. Шегіртке әдейі басынғандай, патшаның алтын ордасына дейін басып кіріпті.
Патша әзірлерінен ақыл сұраса, бірі :
Дәрімен құрту керек, - десе, енді бірі:
Отпен құрту керек екен, - дейді екен. Енді біреуі:
Оның жұмыртқалайтын жерін құртуымыз керек, - десе, тағы біреуі:
Қыста барлығы үсіп өлмей ме? – деп бас қатырыпты. Шегіртке мәселесіне қатысты бірнеше уәзір орнынан кетіп, бірнеше шабарман зорығып өліпті. Ақыры мұның шарасын табатындығын айтып, ордаға құс бағушы бала келіпті. Бірақ оның сөзіне ешкім нанбапты. Әуелі уәзірлері келеке етіпті. Амалы таусылған бала ақыры қараторғай қамаған тордың аузын ашыпты, сол-ақ екен топ-тобымен дүркірей ұшқан қараторғай шегірткелерді жей бастапты. Әбден тойған қараторғайлар дереу бұлақ басына барып суға шомылып, тұмсығымен қанаттарындағы шегіртке майын жуып тастап, қайта шегіртке аулауға аттанады екен.
Халық баланың тапқырлығына таң қалып, қараторғайдың еңбекқорлығы мен тазалығына риза болыпты. Ал уәзірлер өздерінің надандығынан ұялып, «Ақыл жастан, асыл тастан» деген екен-ау депті.
(Жәди Шәкен)
(182 сөз)
ҮРКЕР
Үркер – шығыстан батысқа қарай бір топ жұлдыздар шоғыры. Ертеде адамдар осы жұлдызға қарап жылдың қай мезгілі екенін, уақыттың қанша болғанын шамалап білген. Ел арасындағы Үркер туралы аңыздардың бірінде бұл бір сұлу қыз екен. Оның Ай мен Күн деген екі апасы болыпты. Үркердің ажары апаларынан асып түсіпті. Сіңлілерінің сұлулығын көре алмаған Ай мен Күн Үркердің бетін тырнап алыпты. Содан бері оның беті қотыр болып қалған екен.
Келесі бір аңызда Үркер қазақша «үркек» деген сөзден шыққан делінген. Баяғы замандарда жер бетінде тек үнемі қыс болып тұрыпты. Осы кезде Үркер шоқжұлдызын құрайтын шағын он екі жұлдыздар жерде ұйықтап жатады екен. Бірде бір данышпан суықтап әбден қажыған жануарларға: «Егер осы шоқжұлдыздарды түгелімен қырып салсаңдар, жаймашуақ жазға кенелесіңдер» деген өсиет айтады. Сонымен түйе, жылқы, сиыр үшеуі жиналып Үркердің көзін жоймақ болып келіседі.
Әулі жылқы төрт жұлдызшаны, түйе тағы екеуін табанына салып таптапты. Алты жұлдызша сиырдың еншісіне тиіпті. Бірақ жұлдызшалар оның аша тұяғының арасынан сытылып шығып, Көкке ұшып кетіпті. Содан бері жерде алты ай суық және алты ай жылы болады екен.
Жануарлар сиырға өкпелепті. Оларға суықтан қорықпайтын сиыр: «Қыста сықырлатып қар басып жүрген жаман ба? Ыстықтан дымымыз құтылып қаталағанымыз жетер» деп жауап беріпті.
(188 сөз)
АРЫСТАН МЕН ТЫШҚАН
Ағаш түбінде ұйықтап жатқан арыстан әлдебір сыбырдан оянып кетеді. Көзін ашып қараса, дәл тұмсығының алдында бір Тышқан тұр екен. Тышқанды құйрығынан шап беріп ұстай алады. Тышқан зәресі ұшып:
Қайырым ете көр, тақсыр, - дейді даусы дірілдеп, жалынып.
Ұйқымды неге бұздың? – дейді ызаланған арыстан күркіреп.
Рақым ет, тақсыр! Тамақ іздеп жүр едім. Жібере гөр, мен де бір керегіңе жарармын.
Бойыңа қарап сөйле, ант ұрған, шамаңды біл! – деп, Арыстан келекелеп күліп алады да, мейірімі түсіп, Тышқанды жөніне қоя береді.
Күндердің бір күнінде орманға бір мерген келіп, Арыстанның ақырған даусын естіп.
Даусына қарағанда, мынау арыстанның сирек кездесетін тұқымы секілді. Мұны ұстап алып, хайуанаттар паркіне сатып жіберейік, - деп ойлайды аңшы. Көмекке дереу достарын шақырып, Арыстан су ішетін суатқа тұзақ құрып қояды. Шөлдеген Арыстан өзенге келе жатып, тұзаққа түсіп қалады. Ары жұлқынып, бері жұлқынып, торға орала береді де, ақыры орнынан қозғала алмай қалады.
Әбден шаршап, қалжырайды. Қарны ашады. Осылайша дағдарып тұрғанда, тышқан келіп, өткір тісімен тор жіптерін үзе бастайды. Көп уақыт өтпей Арыстанды босатып алады.
«Бір кәдеңізге жарармын» дегенде, күліп едіңіз, тақсыр, - депті сонда Тышқан. – Сіздің ақырған даусыңызды естісімен-ақ көмекке жүгіріп едім. Екі сөйлемейтініме көзіңіз жеткен шығар енді.
Арыстан қатты ұялған екен.
(190 сөз)
ӘЛІППЕМЕН ҚОШТАСҚАН КҮН
Жансая Әліппемен қоштасқан күнге ерекше даярланды. Өлең жаттады. Әліппенің әріптерді үйреткеніне мәз болды. Сөздерді оқи алатынына қуанды. Жүгіртіп оқығанына төбесі көкке жетті.
Әліппемен қоштасу мерекесіне ата-аналардың бәрі жиналды. Апайы Айсұлу өз шәкірттерінің қабілеттеріне көңілі толғандай.Сәбира домбырамен өлең айтты. Бейбіт тақпағын орындады. Жансая үш қызбен бірге дөңгелеп, би биледі. Бәрі де тап-таза, әдемі киінген. Көйлектері бүрмелі. Оюлы камзолы өздеріне арнап тігілгендей. Қолдары, саусақтары майысып, өнерлерін көпке көрсетті.
Ата-аналары жас бүлдіршіндерге риза боп, әлсін-әлсін қошемет танытты. Қол шапалақтады. «Ой, жарайсыңдар!», «Керемет!»деп, әр ән, би сайын өз ой-пікірлерін сүйсіне білдірді.
Жансая үшін бүгінгі күн есінде жатталып қалды. Әліппені жақсы оқығаны үшін мектеп директоры мен апайының қолы қойылған, мөр басылған мақтау грамотасын иеленді.
Жансая, алған марапатың құтты болсын! Қуаныштысың ба? – деді Айсұлу апай.
Иә, апай! – деді Жансая қатты қуанып.
Өзінің өте мәз болғанын апайы қалай біледі деп Жансая таңдана қалды.
Үйге келген соң Жансая әліппемен қоштасқан сәттерді атасы мен әжесіне әлі жеткенше әңгімеледі.
Қуанышың қуанышқа жалғассын, -деді атасы.
Сауатты болды деген осы, - деп әжесі Жансаяны аймалап, бауырына қыса түсті.
Көңіл-күйі әбден балқыған. Бақытты балалықтың сәті дүниені түгел құлпыртқандай. Бұның барлығы оқуға үйреткен, білімге талпындырған Әліппенің құдіреті болатын.
( 191 сөз)
БІР ҮЗІМ НАН
Баяғы бір заманда бай мен кедей көрші өмір сүріпті. Олардың араздығы сондай, бірін-бірі көргісі келмейді екен.
Байдың үйі кең, әдемі болыпты. Іші толған - алтын мен күміс. Ал кедейдің үйі ағаштан жасалған, төбесін бұтамен жапқан қора екен. Алтын мен күміс түгіл, нанын әзер тауып жепті. Егін егіп, оны суарып, күтіп, орып, өз күнін өзі көріпті.
Бір жылы көктемде алапат су тасқыны болады. Бай алтынын көтеріп ағаштың басына шығып кетеді. Ал кедей болса, бір көмеш нанын қойнына салып, ол да ағаштың басына көтеріледі. Су тасқыны он бес күнге созылады. Бір күні қарны ашқан бай кедейге:
- Әй, кедей, сен мына бір кесек алтында ал да, маған бір үзім нан бер, - дейді.
- Жоқ, алтының өзіңе, нан бере алмаймын, - деп жауап береді кедей.
Екінші күні бай кедейден тағы да нан сұрайды.
Алтынымның жартысын берейін, - дейді ол бұл жолы.
Жоқ, бере алмаймын, деп бұл жолы да кедей келіспейді.
Ақыры аштан өліп бара жатқан соң шыдамай, бай бір үзім нанға барлық алтынын айырбастайтынын айтады. Кедей бәрібір көнбейді. Бойынан күші кеткен бай басы айналып, суға құлап кетеді. Ал, келесі күні су тоқтап, кедей ағаштың басынан түседі. Халықтың «Алтын, күміс тас екен, арпа, бидай ас екен» дейтіні осыған орай айтылған екен.
(193 сөз)
Іштей оқу
дағдыларын
тексеру
Достарыңызбен бөлісу: |