ӘЖЕ СЫРЫ
Кішкентай Әлима әжесінің сөзін тыңдауда.
Біздің заманда қант тапшы болатын. Бір кесек қантты жап-жас кезімізде тілімізбен кезек-кезек жалап алатынбыз. Жоқшылықтың арқасы да, - деп өткен уақыттан сыр шертеді.
Кешегі соғыстан кейін де адамдардың тұрмысы оңалған жоқ. Ойнап жүріп, қарнымыз ашады. Баламыз. Анамыздан нан сұраймыз. «Нанды ретсіз жей бергені несі?» деген ұрыс естиміз. Бұл да жетіспеушіліктің нышаны да, тәйірі, - дейді Әлиманың әжесі.
Әже, бүгінгі күн жақсы ма?
Шүкіршілік. «Қанағат – қарын тойдырады» деген. Кәмпиттің де, нанның да, киімнің де түр-түрі көп. Не ішемін, не киемін демейсің. Тек ұзағынан сүйсіндірсін. Көрмейсің бе? Өрік те, кәмпит те, қант та үйдегі сөрелерде самсап тұрғанын. Бұрынғы кезде олардың бәрін сандыққа тығып, қадірлі қонақтың алдына қою үшін сары майдай сақтап жүретінбіз. Соның бәрі – жоқшылықтан, жетіспеушіліктен, шырағым, - деді Әлиманың ақ бантигін сипалап.
Әже әңгімесінен Әлима өткен заманнан едәуір сыр ұқты.
Нұрғали Қадырбаев
(134 сөз)
4-сынып ІІ жарты жылдық
ЖҮЗ АЛТЫН МЕН ЖҮЗ ДҮРЕ
Ел аузынан
Баяғыда өнер сүйгіш бір патша болыпты. Оған дүние жүзінен алуан түрлі өнерпаз адамдар келіп, өнерлерін көрсетеді екен. Патша олардың өнерлерін бағалап, қошеметтеп, сыйлық үлестіреді екен. Бір күні патшаға бейтаныс жиһангер келіпті Оның ептілігі сонша, он қадам қашықтықта тұрып, иненің көзіне жіпті лақтырып өткізе алатын болыпты. Өнерді тамашалаған барша халық аң-таң болып, бұдан асқан өнер болмайтын шығар деп ойлапты. Содан патша тұрып жиһангерден бұл өнерді қанша уақытта үйренгенін сұрапты. Жиһангердің бұл дәрежеге он жылда жеткенін естігенде, патша: «Жиһангерге жүз алтын беріп, жүз дүре соғыңдар», -деп жарлық беріпті. Жиһангер таң қалып: «Уа, тақсыр! Жүз алтын беріп, жүз дүре ұрғаныңыз не?» - дегенде, патша былай жауап қайтарыпты: «Жүз алтынды сенің өнеріңе бердім, ал жүз дүре болса сенің сонша уақытты ысырап қылып, ешкімге пайдасыз, жарамсыз бос өнерді үйренуге өткізгенің үшін» - депті.
Содан кейін патшаның алдына бос өнер көрсететіндер келмейтін болыпты.
(136 сөз)
ТАЛАПТЫҢ ПАЙДАСЫ
Орыстың патшасы Петр Великий деген кісінің бір күні шіркеуде тұрғауда, көп адамның артқы жағында үңіліп патшаға қарап, бөркімен қалқалап қана бір нәрсені сызып тұрған балаға көзі түседі. Мұнымен бөтен кісінің ісі жоқ. Жалғыз-ақ Петр оған көзінің қырын салып тұрады. Шіркеуден шығарда жұрт екі жарылып, Петрге жол беріпті. Сонда Петр тұп-тура манағы балаға барыпты. Бала сызумен алданып тұрып, тіпті Петрдің келгенін байқамай да қалыпты... Сонда жұмсақ шыраймен Петр оған:
Не қылып тұрсың?- деп сұрапты.
Сіздің суретіңізді басып алайын деп едім.
Оны не қыласың?
Даңқтысыз, дабылыңыз жер жүзіне жайылған кісісіз ғой, суретіңізді сызып алмақшы едім.Қане, көрсетші сызғаныңды.
Сол уақытқа дейін қорықпай жауап беріп тұрған бала сызғаныңды көрсет дегенде қысылайын депті. Сөйтсе де сызған қағазын әдеппен пПтрдің қолына беріпті.
Солай да болса, ұлы Петр баланың талаптылығын, зеректігін аңғарып, оқуға кіргізіпті. Ақырында, сол бала бүтін орыс жұртына даңқы шыққан суретші болыпты.
(139 сөз)
ТЕМІРҚАЗЫҚ
Темірқазық – аспанның солтүстік жиегіне орналасқан, кіші аю шоқ жұлдызындағы ең жарық жұлдыз. Бүкіл жұлдыздардың ішінде тұрған орнынан ауып кетпегендіктен ол осылай аталған.
Қазақ халқы қараңғы түнде адасып кетпеу үшін Темірқазыққа қарап бағытын анықтап отырған. Ал қалғын жұлдыздардың барлығы таңға дейін өздерінің орындарынан жылжып, біреуі жоғары көтерілсе, енді біреулері төмен түсіп батып кетеді екен.
Темірқазыққа жақын орналасқын екі жұлдыз бар. Олар түнімен Темрқазықты төңіректеп кетпейді. Халық бұл жұлдыздарды Ақ боз ат пен Көк боз ат деп атаған.
Аңыз бойынша Ақ боз ат пен Көк боз ат темір қазыққа арқандалып байланған. Олар түнімен қазықты айнала оттап, жайылып жүреді екен. Зер сала қараған жанға екеуінің шұбатылған арқандары көрінеді делінген.
Жеті қарақшы осы Ақ боз ат пен Көк боз атты ұрлап кетпек болып Темірқазық маңайын үнемі торуылдап жататын көрінеді. Ұрылардың ойы – осы аттарды қалайда қолға түсіру. Ал таң атысымен Жеті қарақшы көзден тайып, тасаланады.
(140 сөз)
МЫСЫҚ ПЕН ТҮЛКІ
Бір күні мысық пен түлкі кездесіп қалыпты. Бірін-бірі көрмегелі көп мезгіл өтіпті. Кездескендеріне қуанып, жөн сұрасып, артынан әңгімеге көшіпті. Алғашында олар ауа райы туралы, соңынан саясат туралы маслихаттасыпты.
- Орманда не алапат болса да, тіпті өртеніп кетсе де, маған бәрі бір. Ештемеден қорқу дегенді білмеймін. Айла деген жетеді, - депті түлкі мақтанып.
- Ей, қымбатты достым-ай, - депті мысық. – Осы біздің орманға ит ерткен аңшылар келді дегенді естідім. Бірақ ондайдан мен қорықпаймын. Бар қауіптен сақтанатын бір ғана амалым бар, ол – зып етіп ағаш басына шығып кету.
- Ойбай, достым-ай, құдай құртқан екен ғой сені, - депті түлкі, - барша қауіпке бір ғана амал төтеп бере ме, кел, мен саған біраз қулық үйретейін.
Дәл осы кезде ағаш арасынан үрген иттердің дауысы естіліп, аңшылар жетіп келеді. Бір ғана айласы бар мысық зып етіп, көзді ашып-жұмғанша ағаш басына көтеріліп кетеді. Ал көп амалы бар түлкі қай айласын қолданарын білмей, ойланып тұрғанда, иттер келіп, бас салып, алып ұрады.
(149 сөз)
ҮЙ ХАЙУАНДАРЫНЫҢ АТА ТЕГІ
Бұл ерте кезде жер бетінде әлі жылқы да, сиыр да жоқ кезде болған оқиға.
Бірақ сиырлардың атасы Зеңгі баба бар екен. Адам атаның тұсында өмір сүрген. Адамдар Зеңгі бабаға шөп беріп, сауып сүтін ішкен.
Ал жылқылардың атасы кең далада жүрген. Оны Жұпар деп атайды екен. Ол адамнан: «Маған да шөп берші!» - деп сұрайды. Сонда адам: «Егер келіссең, мен сені ерттеп мініп жүрейін қалауыңша жем-шөп берейін», - депті. Ат келіседі де, адам оған шөп береді.
Түйелердің арғы атасы – Ойсыл қара. Ойсыл қара суға салса, батпайтын, ескі саба сияқты екен.
Барлық қойдың атасы – Шопан ата.
Ал ешкінің атасы болмаған. Бір күні қой бағып жүрген қойшыға иесі: «Егер шопан ата қозы берсе, барлығы менікі болады. Егер Шопан атаға ұқсамай туса, онда сенікі болады», - дейді. Қой ылғи қозыларды туа береді. Сол кезде қойшы оның қарнына таяқты сұғып алады. Қой буаз болып, құйрық майы жоқ, құйрығы бар ешкі туады. Иесі өзінің малына санамай, ешкіні қойшыға береді.
(151 сөз)
Достарыңызбен бөлісу: |