Бастауыш сынып оқушыларының оқу дағдысын тексеруге арналған



бет20/20
Дата01.04.2018
өлшемі1,59 Mb.
#39996
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20

ЖАҚСЫЛЫҚ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Баяғыда бір бала болыпты. Ол сабағын жақсы оқыпты. Үй шаруасына да көмектеседі екен. Бірде сабақтан келе жатып, жол жиегінде отырған кіп-кішкентай қарлығашты көреді. Қарлығаш сынған қанатын сүйретіп, дәрменсіз жорғалайды.

Бала қарлығашты қатты аяйды. Үйге апарып емдемек болады. Сөйтіп, қойнына тығып, үйге алып келеді.


  • Қойнымда не бар, тапшы? – дейді папасына қулана жымиып.

  • Қайдан білейін, балам, -дейді папасы. – Кәне, өзің көрсете ғой не екенін.

  • Міне, қара! Қарлығаш. Көрдің бе, өзі кіп-кішкентай!

  • Неге ұстадың? Қарлығаш адамның досы ғой.

  • Мен оны ұстаған жоқпын. Тауып алдым. Көрдің бе? Қанаты сынған. Емдейін деп әкелдім.

  • Онда дұрыс екен, балам! – деп қуанады әкесі. – Жақсылық жасайын деген екенсің. Қарлығашты емдеп жаз, ол саған «рақметін» айтады.

Содан бала қарлығашты күтіп, емдей бастайды. Емдеп жемге үйретеді. Ақырында қанаты жазылып, үй ішінде ұша бастайды. Қарлығаштың балаға үйренгені сондай, иығына келіп қонып, қолынан жем жейтін болады. Содан бала қарлығашты көруге асығады екен.

Бір жолы мектептен келген соң қарлығашты дыбыстап шақырса, шақырғанына келмейді. Байқаса, терезенің көзі ашық қалыпты. Досының ұшып кеткенін біледі. Өзін тастап кеткеніне өкпелеп, жылап жібереді.

- Мен өзім-ақ қоя берейін деп жүр едім. Неге қоштаспай кетті екен?! – дейді ол өксігін баса алмай.

- Жылама, ботам! Қарлығаш енің жақсылығыңды ұмытпайды. Бір келуін келеді. Көр де тұр! – дейді әкесі.

Содан әкесінің айтқаны келеді. Бірде барлығы үй ішімен дастарқан басында отырғанда, терезенің көзінен зу етіп қарлығаш ұшып кіреді де, шиқ-шиқ етіп бөлмені айнала шарлап, қолын соза берген баланың иығына келіп қонады. Қарлығаштың аузында тістеп алған бір сап-сары дәні бар екенін отырғандар сонда ғана көреді.


  • Папа, мына аузындағысы не? – дейді бала.

  • Қауынның дәні. Саған рақмет айтайын деген сыйлығын қабыл ал, - деп әкесі күледі.

Қарлығаш лып етіп терезе көзінен ұшып кетеді. Ал әлгі дән еденге ұшып түседі.

Содан әкесі ұлына дәнді қыш тостағанға отырғызуға көмектеседі. Күн жылынған соң әкесі мен баласы өскінді бақшаға апарып отырғызады. Бала өскінді суарып, күтеді. Күз болғанда әлгі кіп-кішкентай өскіннен үп-үлкен, жұпар иісі аңқыған, тәп-тәтті қауын өсіп шығады.



  • Мұндай тәтті қауын жеп көрген емеспіз! – деп мақтайды жұрт.

Міне, баланың жақсылығын қарлығаш осылай қайтарған екен.

(328 сөз)




ҰМАЙ АНА

Есте жоқ ерте заманда, алып Алтай тауын қоныстанған бір қауым жұрт болыпты. Олар жыныс орманды жамылып, аң аулап күнелтеді екен. Бір жылы қыста кенеттен құрық бойы қар жауып, ауыр апатқа ұшырапты. Тек аю терісін жамылып, аң аулап кеткен Аю батыр ғана терең тас үңгірге тығылып аман қалыпты.

Қар тоқтаған соң тас үңгірден шыққан Аю батыр «тірі қалған жан бар ма екен» деп жұтаған қауымның жұртын кезіп келе жатып, көк бөрінің бір үлкені қар астынан өлікті қазып шығарып жатқанын көреді де, «айырып алайын» деп айғайлап ұмтылады.

Ол таяп келгенде, көк бөрі өлікті тастай салып, көк сағым болып көкке ұшып кетеді.

Ақ қардың бетінде айдай сұлу бір қыз жатады. Бұл бөстекке оранған бойы қар үстінде қалған Айсұлу атты ару екен. Ол өкпесі бүлкілдеп, тірі жатыр, оның уыздай денесіне бөрінің тісі тимепті.

Қуанышы қойнына сыймаған Аю батыр айдаладан табылған Айсұлуды көтеріп, тас үңгірге әкеледі. Бойына жан кіріп, көзін ашуын күтіп ұзақ отырады. Бірақ, ол бейне қатты ұйқыда жатқан адамдай сұлық жата береді. Күте-күте көсегесі көгеріп, шыдамы таусылған Аю батыр үңгірдің аузына шығып, айналаға көз салады. Құрық бойы қар басқан төрт төңірек тып-типыл, тым-тырыс, жер бетінде қыбыр еткен жан жоқ.

Әбден дағдарған Аю батыр осыншама қалың қарды жауғызған көкке қарап налиды. Сол сәтте көк төсінде ұшып келе жатқан екі құсты – Ұмай мен Құмайды көреді. Олар бірте-бірте төмендеп ұшып, үңгірдің аузында тұрған Аю батырдың басын сипап өтеді де, екі кесек тас тастап кетеді. Бұл тастың бірі ақ, енді бірі қызыл тас екен. Бұған таңданған Аю батыр бұл екі тасты қолына алып, бірін-біріне ұрады. Бұл шақпақ тас еді, ұрылғанда жарқ етіп ұшқан ұшқын үңгірге тығылған қу шөптер мен шірік қоқырға тиіп, тұтанып жана бастайды.

Осы кезде үңгірге құс бейнесінде ұшып кірген Ұмай ақ шашты анаға айналады да, қу шөптерді құшақтап әкеліп салып, жеңімен желпіп, отты маздатып жібереді. Жанған отқа бойы жылынған Айсұлуға ақырындап жан кіреді. Ол басын көтеріп, орнынан тұрып, өзін өлімнен құтқарған отқа, от анасы Ұмай иіліп сәлем етеді, сыйынып, алғыс айтады. Бұған сүйсінген Ұмай ана екі алақанын отқа қақтап, Айсұлудың бетіне басады. Онан соң Айсұлудың қолын әкеліп, Аю батырға ұстатып: «Енді екеуің бас құрап, түтін түтетіп, үй болыңдар, өрен-жарандарың көп болсын! Оттарың өшпесін!» - деп бата беріп, көзден ғайып болады.



(361 сөз)


ТҮЛКІ МЕН БӨДЕНЕ

Түлкі мен бөдене екеуі айрылмас дос болыпты. Екі дос талай жерді шарлапты, талай қызық көріпті. Күндерде бір күні:

-  Досым, мені бір күлдірші, - депті түлкі.

-  Жарайды, күлдірейін. Сен менің артымнан ер де отыр. Мен ұшамын да отырамын, - депті бөдене. Сонымен бөдене ұшыпты да отырыпты, түлкі желе жортып, еріпті де отырыпты. Бір жерге келсе, бір кемпір сиыр сауып отыр екен, шалы бұзауды ұстап тұр екен. Бөдене ұшып барып, сиыр сауып отырған кемпірдің басына қона кетіпті. Түлкі анадай жерде тығылып қарап тұрыпты. Бөденені көре сала:

- Кемпір, кемпір, қозғалма! Мен мына төбеңдегі бөденені соғып алайын,- депті шал.

- Жарайды. Бірақ қатты соқпа, - депті кемпір. Шал жерде жатқан күректі алып, салып қалғанда, бөдене ұша жөнеліпті. Күрек кемпірдің басына тиіп, кемпір құлапты. Шелектегі сүті төгіліп қалыпты. Түлкі ішек-сілесі қатып күліпті.

- Досым, күлдің бе? - депті бөдене.

- Күлдім, досым, күлдім. Разымын, досым, разымын! - депті түлкі. Күндерде бір күн түлкі:

- Ал, досым, енді мені бір мықтап тұрып қорқытшы! - депті.

- Қатты қорқытайын ба, ашуланбайсың ба? - деп сұрапты бөдене.

- Жоқ, ашуланбаймын, қатты қорқыт! - депті түлкі.

- Жарайды, қорқытайын. Бірақ сен көзіңді тас қылып жұм. Мен сенің төбеңе қонып, екі қанатыммен көзіңді жабамын. Содан кейін сен жүр де отыр. Оңға десем оңға, солға десем солға жүр. Қашан мен төбеңнен ұшып: «Көзіңді аш!» дегенше, ашпа, - депті бөдене.

Сонымен бөдене түлкінің төбесіне қонып, екі қанатымен көзін жауыпты. Түлкі көзін тас қылып жұмып, бөдененің жүр деген бағытына жүріпті де отырыпты. Осылай жүріп келеді, жүріп келеді. Бір кездерде бөдене:

- Аш көзіңді! - деп, ұша жөнеліпті. Түлкі көзін ашып жіберсе, тазы ерткен бір топ аңшыға таянып қалған екен. Аңшылар қызыл түлкіні көре сала қиқулап, куып беріпті. Түлкі қашып беріпті. Әрі-бері қашқан соң түлкінің алдынан қалың орман кез болыпты. Түлкі жалт беріп, орманға кіріп, өлдім-талдым деп аңшылардан әзер құтылыпты. Бір кезде бөдене келіп:

- Қалай, досым, қорықтың ба?- деп сұрапты.

- Қорқыт - қорқыт дегенде осылай қорқыт деп пе едім?! - деп, түлкі бөденені бассалып, жемек болыпты. Бөдене түлкінің аузында тұрып:

- Досым! Ұзақ жылдар дос болып, ойнап-күлдік, талай қызық көрдік. Қазір мені жегелі тұрсың. Қайтем, жесең же! Бірақ осы күнге дейін аты-жөнімізді сұрап біліскен емеспіз. Жесең де, атымды айтып жесейші, ақырғы тілегім болсын!

- Атым Маңғыт, еді - депті бөдене. Түлкі аузын ашып: Маңғыт дей бергенде:

- Аузыңа саңғыт! - деп, бөдене ұша жөнеліпті. Осыдан былай түлкі мен бөдене достықтан айрылысыпты.

(366 сөз)





ҚҰСТАР НЕГЕ СӨЙЛЕЙ АЛМАЙДЫ?

Ерте заманда адамдар мен құстардың достығы мықты болыпты. Құстар адамдардың тілін түсіне алатын болған екен.

Биік тауда бүркіт өмір сүріпті. Бір күні бүркіттің қарны ашып, аулайтын аң аңдып отырады таудың биік шыңында отырып. Бірақ ештеңе табылмайды. Күннің көзі бүркіттің көзіне түсіп, ол ұйықтап кетіпті. Біраздан соң құстың қанатының даусынан оянып кетеді. Қараса, қаршыға жемтігін аулаған екен. Сөйтіп келесі бір төбешікке барып жейін деп жатыр екен. Оны көрген бүркіт қатты ашуланады да қаршыға отырған төбешікке барып, қаршығаны шұқып тастауға аз қалады. Қаршыға қорықпастан:

- Бүркіт, саған не болған дікеңдеп? Дұрыстап сұрасаң саған да беремін ғой еттен, - дейді. Сонда бүркіт:

- Маған сенің қонақжайлылығың керек емес. Жай сенің өліп қалған аңды қалай жейтініңді көрейін деп келдім, - дейді. Бірақ етті көріп көзі қызып барады.

Оның сөзіне қаршыға күледі де:

- Егер бұл аң өліп қалған болса, онда сен күні бойы не қарап отырдың?- дейді. Бұл сұраққа көңіл-күйі түсіп кеткен бүркіт:

- Мен бұл аңды көрмедім. Мен бұны емес, бір көзіммен қоянды, екінші көзіммен елікті аңдып отырған едім. Сен олардың етін жей алмайсың ғой. Же алдыңдағы етті, сасып кетпесін, - деп жауап қайырады.

Бүркіт пен қаршыға бір-бірімен қатты ұрысып қалады.  Екеуінің шуын естіп қалған барлық құстар жиналады. Құстар Құстандың занын сайлауды ойластырады. Сол хан ұрысты шешіп беруі керек болады.

Құстар шықылдап, шулап кетеді. Барлығының хан болғысы келеді. Сол кезде Бүркіт алға шығып:

- Мен сендерге хан болу керекпін. Менен де биікте самғап ұшатын ешкім жоқ, - дейді. Бірақ оған құстар келіспей: “Жоқ, керек емес! Сен өте тәкәппарсың. Сол себептен де биік құзда өмір сүресің”, - деп қарсы болады.

Жарқанат шығып:

- Менің хан болғым келеді. Менің қанатым сендердікіндей жүннен емес, теріден. Алыстағыны естіп қоямын, - дейді. Бұған көкек келіспей қояды:

- Жарқанаттың хан болуы мүмкін емес. Құстарға ҚҰСПЫН дейді, аңдарға АҢМЫН дейді. Оның үстіне түні бойы ұйықтамай ұшып жүреді де, бізге ұйқы бермейді. Сендер үшін менен жақсы хан болмайды. Менің салған әніммен бүкіл жер беті және жасыл желек құлпырады.

Көкектің де сөзіне құстар келіспей қояды да, былай дейді: “Көкек бізге хан болмайды. Ол өзінің балапандарына қарамай тастап кетеді”.

Осы кезде құстар арасында үлкен айтыс-тартыс туды. Әрбір құс өзін хан қылып сайлауды ұсынды. Құстар қатты шулап кетеді. Мұны естіп жоғарыда талдың басында сиқыршы қара қарға отырады. Ол:

- Ақыры бір-біріңмен тіл табыса алмайды екенсіңдер, онда сөйлемей-ақ қойыңдар. Барлығының хан болғысы келеді, - дейді. Сол кезден бастап құстар адам сияқты сөйлеуден қалады.

Міне, құстардың ауызбіршілігі болмағандықтан, барлығы бірдей сөйлей алмай қалыпты.



(389сөз)



ҚОҢЫР ҚОНЖЫҚ ЕРТЕГІСІ

Қоңыр Қонжық — енесінің еркесі. Бал жегісі келсе бақырып жылайды. Енесі жүгіріп барып бал құйып береді. Ол үнемі бақырып жылап достарына да айтқанын істетеді. Бір күні Қонжықтар Куаалалармен футбол ойнады. Ерке Қонжық қанша тырысса да допты бір рет те тебе алмады. Ол еркелеп, жылап жүріп футбол ойнауға еш машықтанбаған еді. Қатты ызаланған Қонжық отыра қап тағы да бақырып жылады. Бірақ достарының Қонжықты жұбатуға мұршалары болмады. Өйткені олар ерке Қонжыққа алаңдаса Куаалалардан жеңіліп қалулары мүмкін еді. Жылай-жылай тамағы қарлыққа ерке Қонжық бір кезде орнынан атып тұрып:

- Мен футбол ойнайтын басқа достар іздеймін! – деп жүгіре жөнелді.

Ол үңгіріне кеп ағаш бұтағынан екі қолына екі қанат пен добын салып алатын сөмке дайындады. Сөйтіп ол өзімен футбол ойнайтын жақсы достар іздеп сапарға аттанды.

Ұша-ұша Қонжық көзге қарауытқан нәрсе шалынбайтын аппақ әлемге тап болды. Ол аузын ашып, таң қалды. Жер жүзін аппақ қар тұмшалап, тұншықтырып жатқандай. Бір кезде аппақ қардан бөлініп шықандай қардай аппақ Қонжық кездесті. Тек екі көзі мен мұрны ғана қап-қара. Таңданысын жасыра алмаған ерке Қонжық:


  • Сен қалай аппақ болып кеткенсің? – деп сұрады.

  • Мен ақ Аюдың Қонжығымын. Біздер Арктикада ғана өмір сүреміз. Сондықтан түсіміз ақ, – деп жауап берді.

  • Мен футбол ойнайтын дос іздеп жүрмін, – деді ерке Қонжық.

  • О, онда екеуміз дос болайық. Мен саған футболдан да қызық ойын көрсетейін, – деп ақ Қонжық досының қолынан шап беріп ұстап алып асығыс суға қарай дедектетіп жүгіре жөнелді.

Сол екпінмін екі Қонжық суға күмп етіп түсіп кетті. Су өте салқын еді. Ақ Қонжық суға Итбалықтан кем сүңгімейді екен. Суға бір батып, бір шығып, қоңыр Қонжықты да суға батырып ойнақтай бастады. Суға тұншығып, әрі тісі-тісіне тимей сақылдап тоңған Қонжық судан әрең дегенде шығып:

- Досым, мені суға батырма. Мен жүзе алмаймын, әрі бұл жер өте салқын екен, – деді жыламсырап.

Ішек-сілесі қата күлген ақ Қонжық ерке Қонжықты тағы да суға сүңгітіп жіберді. Сол сәт су беті тынышталып, қоңыр Қонжықтан белгі болмай қалды. Қорқып кеткен ақ Қонжық суға қойып кетіп алаңсыз батып бара жатқан досын жағаға алып шықты. Қоңыр Қонжықтың Арктика секілді суық жерде өмір сүре алмайтынын түсінген ақ Қонжық оған қанатын кигізіп, беліне добын байлап шығарып салды.

Бірте-бірте аппақ әлемнің де шеті көрінді. Жер көгеріп, бойы жылыған Қонжық дем алу үшін көл жағасына қонды. Кенет ол көл бетінен бір қайықты көрді. Үстінде капитан секілді біреу қасқайып қарап келе жатыр екен. Жақындай келе Қонжық өз көзіне өзі сенбеді. Қайық дегені – Бегемот, капитан дегені – Бегемоттың бұзауы екен.

Жағалаудан Қонжықты кездестірген Бегемот таңданысын жасыра алмай:


  • Қоңыр Қонжық, бұл жерге қайдан тап болдың? – деп сұрады.

  • Мен футбол ойнайтын дос іздеп келем, – деді Қонжық.

  • Мен де футбол ойынын үйренсем деп жүргенмін. Кел екеуміз ойнайық, – деді Бегемот қуанып.

Бірақ Бегемет футбол ойнауға ерке Қонжықтан да икемсіз боп шықты. Тіпті дәл алдында тұрған допты тебуге қысқа аяқтары жетпеді. Бегемотқа футбол ойынын үйретем деп әбден күйіп-піскен Қонжық:

  • Ештеңеге икемі жоқ қолапайсыз, жексұрын екенсің өзің, – деді ашудан дір-дір етіп.

  • Футбол ойнауға икемім болмаса да, сенен жаман сөз естіп тұра алмаймын! – деп айқайлаған Бегемот оны дәу тұмсығымен бір соқты. Қонжық есінен танып қалды. Сәлден соң есін жиған Қонжық Бегемотты көріп алды-артына қарамай қаша жөнелді.

Ол тағы ұшып келеді. Алдынан тал-терегі жайқалған әдемі жер көрінді. Қонжық еш ойланбастан сол жерге кеп қонды. Ол бұл алқаптың табиғатының кереметтігіне қуанғаннан қанатын лақтырып жіберіп еді, қос қанат сол маңда қалың ішіне кіріп алып жусап жатқан Мүйізтұмсықтың басына түсті. Ашуланған ол қарқыраған ащы дауыс шығарып Қонжыққа қарай тұра шапты. Аса зор мүйізін кезеніп, жер жаһанды дүрсілдетіп келе жатқан Мүйізтұмсықтан қашам деп шегіне берген Қонжық ірі бір талдың сояудай тамырына соқтығып шалқасынан түсті. Сол сәт дәу хайуан тура жанынан заулап өте шықты.

- Уһ! – деп Қонжық бір демін алды.

Енді оның дос іздеуге мүлдем көңіл-күйі соқпады. Ескі достарын қатты сағынып кетті. Еркелікті қойып, үнемі солармен бірге болуды ойлады. Кенет құлағына сондай бір нәзік, үзіліп тұрған әдемі әуен естілді. Ескі достырына деген сағынышы лезде басылып әдемі дауысқа елтіп, солай қарай жүре берді. Бірте-бірте дауыс өте жақын жерден естілді. Дауыс ағаш басынан шығып тұр. Ол өрмелеп ағашқа шықты. Қол созым жерде бұл іздеген досы әдейі дауыстап шақырып тұрғандай боп кетті. Бір ғана жапырақ оның сұлу түрін жасырып тұрғандай қол соза беріп еді, тағы да аяқ астынан күтпеген жағдай болды. Әлгі дауыс біреу құйрығын байқаусызда басып кеткен мысықша баж ете түсті. Шошып кеткен Қонжық талдан домалай құлап түсті. Ол жерде тұрып:

- Сен кімсің? – деп сыбырлады.

Жапырақ арасынан біреу:


  • Мен Мысықторғаймын, – деп жауап берді.

  • Әлгі әдемі дауыс сенікі ме? – деді Қонжық.

  • Иә, менікі, – деді дауыс.

  • Ал, соңғы ащы дауыс ше? – деді Қонжық дауысы жәй шығып.

  • Ол да менің дауысым, – деп жауап беріп еді, Қонжықтың көңіл-күйі түсіп кетті. Қатты қапаланды. Қиналды. Тұрып-тұрып қанатына қарай жүгіре жөнелді. Ол ұшып бара жатып, бар әлемге естірте:

  • Өзімнің ескі достарыма барам! Олардан артық дос жер бетінде жоқ екен! – деп айқай салды.

Әдина Әбдіқайқызы

(674 сөз)



ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:


  1. ҚР БМ Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім беру академиясы ұсынған әдебиеттік оқу бағдарламасы (2-4 сыныптар үшін) ;

  2. ҚР БМ Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім беру академиясы ұсынған сауат ашу оқу бағдарламасы (1-сыныптар үшін) ;

  3. 300 учебных текстов, проверочных работ и тестов по чтению для начальной школы. Тикунова Л.И., Игнатьева Т.В. Москва «Дрофа» - 2000;

  4. Өнегелі ертегілер. Қазақ ертегілерінің антологиясы. Алматы: «Аруна» баспасы – 2007ж.

  5. Дайындауыш немесе қазақ тілінен 55 сабақ. Шымкент «ШИКУЛА және К» - 2007ж.

  6. Менің алғашқы әліппем. «Алматыкітап»ЖШС, 2006ж;

  7. Атамекен сиқырлы елінің аңыздары. «Шикула», 2006ж.

  8. Әжемнің ертегілері . «Аруна Ltd» ЖШС – 2007ж.

  9. Жануарлар туралы ертегілер. «Аруна Ltd» ЖШС

1 Ожар – одыр, ұрда-жық.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет