Пысықтау сауалдары:
1. Әлеуметтік нормалардың түрлерін атаңыз.
2. Әлеуметтік нормалар жүйесіне құқыктың алатын орны мен атқаратын рөлі қандай?
3. Мораль нормаларының құқыққа тигізетін ықпалы қандай?
7 тақырып.
Құқықты түсінушіліктің негізгі концепциялары.
Дәріс 13
Қазіргі замандағы құқық түсінушілікке жалпы сипаттама
Дәріс 14
1. Құқықты түсінудің негізгі әдістері.
Құқықтық нормаларды қолдану үшін оның мазмұнын түсініп алуымыз керек. Онсыз құқықтық қатынастарға қатысу мүмкін емес.
Түсінік берудің объектісі – заңдар және заңға негізделген актілер. Түсінік берудің өзі екі бөлімнен тұрады:
пайымдау;
түсіндіру.
Пайымдау – бұл құқықтық норманы қолданушы субъектінің санасындағы ішкі ойлау процессі. Ол адамның ішкі ойлау қабілеті болғандықтан, сыртқы түрі болмайды. Пайымдау құқықтың барлық түрлерін іске асыру жағдайында өте қажет. Ол бақылауда, орындауда, пайдалануда білінеді. Пайымдау барлық уақытта түсіндірумен қатар жүреді.
Түсіндіру адамның өзіне емес, басқа құқықтық қатынастарға түсушілерге түсінік беру. Ол жазбаша және ауызша жүреді. Жазбаша түрде арнаулы актілерде, құжаттарда, құқықтық актілерде көрінеді, ал ауызша кеңес, нұсқауларда айтылады.
Сөйтіп, құқықтық нормаларға түсінік беру – мемлекеттің еркін білдіретін нормативтік актілерге түсінік беру.
Бұл билік басында отырған әлеуметтік күштердің еркін білдіретін мемлекеттік органдардың, лауазымды тұлғалардың, қоғамдық ұйымдардың, жеке азаматтардың құқықтық нормалардың мазмұнына түсінік беру үшін бағытталған қызметі.
Түсінік берудің негізгі мақсаты және оның әлеуметтік бағыты талқыланып жатқан құқықтық актінің құқықтық реттеу жүйесіндегі орны, оны қолдану тәсілдері, ондағы құқық пен міндеттердің орындалуы, жауапкершіліктің түрлері т.б. көрсетіледі.
Түсінік берудің негізгі міндеті заң шығарушының не айтқысы келгенін анықтау.
Түсінік беру процесі арқылы құқықтық нормаларға өзгерулер мен түзетулер енгізу мүмкін емес. Онда тек заңда не айтылса, соны толықтырып, мазмұнын ашу.
Құқықтық нормаларға түсінік берудің екі бағыты болады: біріншісі – өзі үшін адамның құқықтық норманы оқып білуі; екіншісі – басқа адамдарға құқықтық нормалардың мазмұнын, мақсатын түсіндіру.
Түсінік беру процесіне қатысушылар өте сауатты, тәжірибелері мол болу керек. Сонда ғана олар түсінікті жоғары дәрежеде бере алады.
Құқықтық нормаларға түсінік берудің тәсілдері – бұл құқықтық нормалардың мазмұнын анықтауға бағытталған әдістер мен құралдардың жиынтығы.
Олар мынадай тәсілдерді бөліп көрсетеді:
Грамматикалық түсінік беру – акті жазбасының морфологиялық және синтаксистік құрылымын түсіндіруге бағытталған арнаулы тәсілдердің жиынтығы. Мұнда тіл құралдары, грамматика ережелері, орфография т.б. арқылы түсіндіріледі.
Логикалық түсінік беру – құқықтық нормалардың мәнін пайымдау үшін логика заңдары мен ережелерін өз бетінше пайдалану.
Жүйелік талқылау – заң нормаларының басқа құқықтық нормалармен жүйелі түрдегі байланысын талдау арқылы түсіндіру. Барлық нормалар жүйелі түрде түсіндіруді, әсіресе сілтеме және бланкеттік нормалар қажет етеді.
Арнаулы заңдық талқылау – заң ғылымның кәсіптік білімділігіне және заң шығарушылық техникаға негізделеді. Мұнда заң шығарушының еркін білдіретін тәсілдер жиынтығы қолданылады.
Саяси-тарихи талқылау – құқықтық норманы қабылдау тұсындағы нақты – тарихи және саяси жағдайларды талдау арқылы түсіндіру; саяси күштерді орналастыру; актінің пайда болуына әсер еткен әлеуметтік – экономикалық және саяси күштерді көрсету т.б.
Телеологиялық (мақсатты бағыт) – нормативті актіні шығарудың мақсатты бағытының көмегімен түсіндіру.
Қоғамдық өмірде жаңа қатынастар пайда болып, дамып отырады. Сондықтан, заң дер кезінде реттеп үлгеруі керек. Халыққа нормативті актілердің мазмұнын толық жеткізу үшін мемлекеттің тиісті органдар тарапынан жұмыстар жүргізіледі.
Түсінік берудің екі түрі болады: ресми түсінік беру, бейресми түсінік беру. Ресми түсінікті акті қабылдаған орган (ол аутентикалық түсінік беру деген атау алады) не болмаса, заңдарды немесе нормативті актілерді түсіндіруге міндетті органдар (легальдық түсінік) береді.
Нормативтік түсінік беру – арнаулы тұлғаларға және жағдайларға байланысты емес, жалпыға бірдей жүргізіледі. Ол құқықтық нормаға ұқсас болады. Бұл түсініктің қорытындысы қаулы, нұсқау түрінде шығады, оның мемлекеттік заңдық күші болады.
Казуалдық түсінік беру – бұл түсіндіру тек бір мәселенің көлеміндегі ғана беріледі. Басқа істерге оның күші болмайды, яғни оның негізгі мақсаты – нақты іске дұрыс шешу.
Аутентикалық түсінік беру – нормативтік актіні қабылдаған мемлекеттік органның өзінің түсінік беруі.
Легальдық түсінік беру – норманы белгілі мемлекеттік орган қабылдағанмен, оған түсінікті басқа орган береді.
Дәлме-дәл, сөзбе-сөз түсінік беру – заңның мазмұны мен нысанының бір-біріне дәл түсуі, тура келуі.
Шектеулі түсінік беру – норманың мазмұнының шектелуі.
Кеңейтілген түсінік беру – норманың мазмұнының кеңейтіліп берілуі.
Арнаулы заңды түсінік беру – нормативтік актілерді ұғымдарға түсінік беру.
Бейресми түсініктерді заңгерлер, мамандар, ғылыми ұйымдар береді. Бұл түсініктердің заңды күші болмайды, оларға сілтеме жасалмайды.
Бейресми түсініктерді екі түрге бөлеміз: доктриналық және жалпылама түсініктер. Доктриналық түсініктерді ғалым-заңгерлер, тәжірибелі заң мамандары береді. Жалпылама түсініктерді заңгерлерден басқа тәжірибелі мамандар береді. Олар үгіт-насихат арқылы қалың бұқараның құқықтық нормаларды түсінуін, орындауын жеңілдетеді.
Пысықтау сауалдары:
1. Құқық нормаларын талқылаудың мәнісі мен маңызын түсіндіріңіз.
2. Құқық нормаларын субъектісі бойынша түсіндіру-талқылаудың мәнісі мен мазмұны неде?
Достарыңызбен бөлісу: |