Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 12. Қазақ этикасы мен эстетикасы. Астана: Аударма, 2007: Мәдени–философиялық энциклопедия. Алматы: Раритет, 2007
Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 12. Қазақ этикасы мен эстетикасы. Астана: Аударма, 2007: Мәдени–философиялық энциклопедия. Алматы: Раритет, 2007
ҚҰРАН (араб. – дауыстап оқу, жатқа айту) — Мұхаммед пайғамбарға құдайлық аян ретінде түскен Алланың сөзі, мұсылмандардың ең басты қасиетті кітабы. Қ. 114 сүреден тұрады. Пайғамбарға 610–632 ж. аралығында Мекке мен Мединеде Аспаннан Алла тағаланың жіберуімен жебірейіп періштесі арқылы келген аяндары. Барлық мұсылмандардың қасиетті кітабы болғандықтан Қ–ның мұсылман әлеміндегі орны ерекше. Қ.–ды әлемдік мәдниеттегі ең негізгі кітаптың бірі ретінде адамзат қоғамы мойындап отыр. Қ.–ның «Қ–нан» өзге де есімдері мен сипаттары бар. Бұлардың негізгілері: 1) әл–Китаб. Бұл сөз Қ–да екі жүз отыз мәрте кездеседі, «Міне осы Кітапта күдік жоқ, Бұл тақуалар үшін тура жол көрсетуші» (Бақара 2/2). 2) әл–Фурқан. «Ақиқат пен жалғанды айырушы» мағынасындағы бұл сөз Қ–да алты рет кездеседі. «Күллі әлемге ескертуші болу үшін құлына Фурқанды түсірген Алла тағала ең ұлық» (Фурқан 25/1). 3. Нур, Мубин. «Расында сендерге Алладан нұр және «Мубин» ашық кітап келді» (Мәида 5/15). Қ–ның бұдан басқа да есімдері: Кәләм, Куда, Рахмәт, Шифа, Тәнзил, Уахи, Баян, Хақ, Адл, Бушра, Қасас, Азиз, Хикмәт, Хаблуллаһ, Рух, Муһәймин, Қайим, Зікір, Бәләғ, Мәжид, Уммул–Китаб, т.б. Қадір сүресінде айтылғандай, алғашқы Құдайлық аян (уахи) 610 ж. рамазан айының Қадір түні Мекке тауының Хира үңгірінде Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарға Ғалақ сүресінің («Жаратқан Раббыңның атымен оқы!») бес аятынан бастап түсті. Ислам діні пайда болғанда араб жазуында әріптердің ноқаттары мен қаракеттері жоқ болса да, сахабалар өз тіліндегі Қ–ды қатесіз оқыған. Хижраның 1 ғ–ның 2–жартысынан бастап, өзге халықтың ислам дінін қабылдауы мен олардың араб тілін білмеулері себепті Қ–ды жаңылыс оқу белең ала бастаған. Осыған дейін Қ. жазуының Қарекеті мен ноқаты болмауынан туындаған қиындықты шешу үшін Әбул Әсуәд әд–Дуәли қаракеттердің жазылуын енгізді. Насыр ибн Асым (кейбір деректе Яхия ибн Ямәр) Қ. әріптерін бір–бірінен ажыратқан ноқаттарды қойды. Бұны ғалымдар «Ижам» деп атады.