3.Малдардың бейімделу қасиеті және оның гигиеналық маңызы
Организмнің сыртқы ауыспалы қоршаған тіршілік ортасына бейімделуі тарихи даму процессімен жалғасады. Тірі организмнің ең басты ерекшелігі ортаның факторларының әртүрлі әсерлеріне бейімделушілік қасиеті болып есептеледі. Яғни тіршілікте өмірдің белгісі үнемі бейімделу болса, организмдегі барлық өзгерістер де бейімделудің нәтижесі болып саналады.
Сондықтан адаптация – (латынша adaptatio – қалыптасу) организмнің тіршілік ортасының өзгерістеріне қалыптасып бейімделуі.
Организмнің адаптациясының негізі болып ішкі ортаның тұрақтылығын (гомоестазын) сақтауға бағытталған денедегі физиологиялық өзгерістердің жинағы саналады. Организмнің қалыптасуы эволюциялық даму процесстерінің кезіндегі күрделі структуралық және функционалдық өзгеріс реакцияларының туындысы болып есептеледі. Ол денедегі мүшелердің, ұлпалардың, клеткалардың, молекулалардың өте ұсақ структуралық өзгерістерімен байланысты болады.
Адаптация кезінде организм өзінің даму процессі бойынша қоршаған ортаның кейбір факторларының әсерінен бейімделіп, төзімділігі артады.
Мал шаруашылығында тірі жануарлардың өзі өмір сүрген ортасын тастап, басқа үйренбеген жаңа жерге ауысуы жиі кездеседі. Әсіресе өте құнды, бағалы жаңа тұқымды малдар бір орнынан ауыстырылып жаңа жерге әкелініп өсіріледі. Егер ол жердің жағдайы малдың бұрынғы өмір сүрген жерінен ерекше өзгерісте болса, организм оған жаңаша бейімделе бастайды. Бұл процесс жаңа климатқа тек қана бейімделу емес, одан күрделі құбылыс, өзгерістердің жинағы болып саналады.
Акклиматизациялану – малдардың жаңа өмір сүру ортасына (жер орайы, климаты, суару, азықтандыру, күтіп-бағу жүйелерінің ерекшеліктері ) бейімделіп, қалыптасуы.
Малдардың жаңадан ауысқан ортасы ауа райы мен су, жер топырақтарының химиялық құрамдары, өсімдік, тағы басқа (ауру тудыратын қоздырғыш ошақтары) өзгешеліктерімен ерекшеленеді,
Физиологиялық көзқараспен алғанда организмнің акклиматизациялануы дененің жаңа жағдайға бейімделу үшін орталық нерв жүйелерінің қадағалауымен, уақытша немесе тұрақты рефлекторлы түрде сыртқы ортаға байланысты жаңаша өзгертулер еңгізу арқылы қалыптасу процессін айтады. Бірақ акклиматизация- өмір сүретін жаңа орта организмнің функционалдық және бейімделу механизмдерінің шегінен өте жоғары шығып кетпеген жағдайда ғана жүре алады.
Жоғарғы биік таулы жайылымдарға бейімделу үшін организм қандағы гемоглобин, қызыл қан түйіршіктерінің санын, газ алмасу процессін арттыру, тыныс алуды жиілету арқылы қалыптайды. Таулы жерлерде өскен малдардың сүйегі, бұлшық еттері дамыған болады. Егер мал суы аз, шөлейт жерлерде болса, оның ас қорыту сөлдерінің аш ішектегі мөлшері артып, судың тоқ ішекте бөлінуі көбейіп, несептің концентрациясы жоғарылап, тыныс жолдары және сілекей арқылы судың булануы төмендеп бейімделеді. Климаты ыстық жерлерде организмдегі зат алмасу процессі төмендеп, жүн қабаты сиреп, тері мен жүн түстері өзгеріп, күннің ультракүлгін сәулелерінің зиянды әсерлерінен сақтандырады. Керісінше, суық жерлердегі малдардың тері асты май және дәнекер ұлпалары қалыңдап суыққа төзімділігін арттырады. Қыстың суық мезгілдерінде малдардың жүні ұзарып, мамығы көбейіп қалыңдайды.
Ортаның ауа райының жағымсыз факторларына мал организмінің төзімділігі оны азықтандыру шамасына тікелей байланысты болады. Солтүстік суық жақтардағы малдардың рационындағы энергияның мөлшері (10-15%) артық болуы қажет. Әсіресе дененің жағымсыз факторларға төзімділігін арттыратын рационды витаминдермен толықтыру керек.
Гигиеналық тұрғыдан алғанда акклиматизациялау жаңа ортаға түскен малдарға, сыртқы жағымсыз факторлардың әсерлерін жеңілейту үшін қалыпты күтіп-бағу, азықтандыру жағдайын туғызу болып саналады. Егер акклиматизациялау барысында жоғарғы өнімі бар малдарды оның физиологиялық сұранысына сәйкес келмейтін жағдайда ұстаса, олар өз өнімдерінің сапасын азайтып, өнімі төмен тұқымды малдар қатарына ауысуы мүмкін. Жаңа жерде толықтай қалыптасып, өсіп-өніп, тұқымын жоғалтпай, жоғарғы сапалы өнім беретін малды ол жерге бейімделді – акклиматизацияланды деп санауға болады. Сыртқы қоршаған ортаның қандай факторлары (суық, ыстық, жарық, ұстау, бағу, тасымалдау жүйелері, т.б.) болса да күш жағынан мал организмінің қорғаныс шамасынан асып кетпесе дененің бейімделуі пайда болады.
Тосыннан пайда болған өте жағымсыз әсерлі факторлар (ыстық, суық, улы заттар, микроорганизмдер, аштық, шөл, күтіп-бағу жүйесінің өзгеруі, қуғындау, тасымалдау, айғай-шу т.б.) стрессорлар деп аталып, ал оған қарсы жасалған организмнің қорғаныс реакциясын стресс немесе бейімделу белгісі (синдром) деп атайды. Stress – ағылшын сөзінен-қысым, қыйналу, қысылу деген түсінік береді. Стресс – факторларды шығу тегіне қарап физикалық, химиялық, технологиялық, механикалық, биологиялық, азықтандырудың салдарынан т.б. түрлерге бөлуге болады. Мысалы, физикалық стресс факторға ауаның төменгі, жоғарғы ылғалдылығы, ыстық, суығы, өтімді күн сәулесі, әртүрлі өндірістік шулар т.б. жатады. Ал химиялық стрессорларға ауадағы аммиак, күкіртті сутегі, көмірқышқыл, иіс газдарының жоғарғы мөлшері, малдарды, қора жабдықтарды өңдеу, залалсыздандыруға пайдаланған химиялық заттар (ертінділер) жатса, малды аш, немесе артық азықтандыру, рационда кейбір заттардың жетіспеушілігі немесе мөлшерден тыс көп болуы, өте суық сумен суару, немесе шөлге ұшырату т.б. стресске ұрындыруы мүмкін. Сол сияқты малдарды жиі мазасыздандырып, тосыннан орнын ауыстырып, қуғындап табындау, ұстап өлшеу, егу жұмыстарын жүргізгенде немесе жағдайсыз, желдетілмейтін тығыз қораларда ұстағанда стресс пайда болады.
Стресс үш сатыда өтеді. Бірінші жинақтау, немесе қорқыныш-қауіпті сатысы, екінші-резистенттілі немесе теңесу, үшінші – жүдеу, азу сатысы.
Стресстің бірінші жинақтау сатысы кезінде организм өз бойындағы барлық қорғаныс күштерін жинақтап, ішкі (эндокринді) және сыртқы бездердің секреттерін жүйелеп, дене температурасы, бұлшық еттердің тартылуы (тонусы) және қан қысымының төмендеуі арқылы сипатталады. Бұл кезеңде сыртқы тосын факторлардың әсеріне қарсы организм жұмылып барлық қорғаныс күшін жинақтап қарсы қояды. Ол кезде денедегі барлық физиологиялық процесстер жағымсыз факторлармен «күреске» дайын болады.
Егер осы жинақтаудың салдарынан организмнің қорғаныс күші сыртқы фактордың зиянды әсерінен жоғары болып шықса, стресстің екінші сатысы – резистенттілік туады. Яғни организмнің төзімділігі қайта жоғарылап, гомоестаз тұрақтап, қалпына келеді. Егер сыртқы факторлардың әсері дененің қорғаныс күшінен жоғары болса, керісінше ұлпалардың майлары мен белоктары ыдырап, әртүрлі бұзылу процесстері пайда болып, дененің салмағы кемиді де стресстің үшінші сатысы – жүдеу (арықтау) туады. Организмнің қорғаныс күштерінің қоры таусылса дистресс, яғни ағылшынша – күйзеліс туып, дене әлсіреп, қосалқы ауруларға тез шалдығады.
Стресс – сыртқы факторлардың күшті, тосыннан болған әсерлеріне қарсы қойылған организмнің стереатиптік (түзеу, еліктеу, қайталау) реакциясының жинағы. Сондықтан стресстің клиникалық белгілері нақтылы болмайды; малдың тәбеті төмендеп, немесе жоғалып, мазасызданып, қорқыныш туып, үркек болып, тынысы жиілеп, бұлшық еттерінің тартылуы байқалып, кілегей қабатының беттері көкшілденіп, дене температурасы жоғарылап, өнімі кеміп, жас малдардың өсіп-өнуі нашарлап, жалпы әлсіздік байқалып, ауруға шалдығып, өлім-жітімге ұшырайды. Стресстің әр сатысын ажыратып байқауға болмайды, малдарда көбінесе ақырғы жүдеу сатысы байқалады. Бірақ, құстарда, қояндарда, кейде қойларда стресттік жағдай туғанда (тосын шу, шошыну туғызатын өзгерістер т.б.) үркудің салдарынан бұлшық еттері тартылып, аяқтары белден сал болып қалады.
Стресстен сақтандыру үшін сыртқы факторлардың күшін төмендету мен ғана шектелмей, малдардың төзімділігін жоғарылату қажет. Мал шаруашылығының стресстен көретін шығынын есептегенде, малдарды күйзелістен сақтау ең басты мәселе болып саналады. Сондықтан малдардың сыртқы факторлардың әсеріне төзімділігін арттырумен қоса ол факторларды малдардың өнімділігі, жасы тағы басқа физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес қалыптандыру керек.
Достарыңызбен бөлісу: |