Физикалық даму – бұл морфологиялық дамуды (бойы, салмағы, көлемі); биохимиялық дамуды (қанның, сүйектің, бұлшық еттердің құрамы) және физиологиялық дамуды ( ас қорыту, қан айналымы, жыныстық даму және жетілу) қамтиды;
Әлеуметтік даму– бұл психикалық дамуды (есті, ойлауды, ерікті, эмоцияларды, қажеттіліктерді, қабілеттерді, мінезді жетілдіру), рухани дамуды (адамгершілік тұрғыда қалыптасу), интеллектуалды дамуды (білімді тереңдету және кеңейту, интеллектуалды өсу) қамтиды.
Адамның тұлғасы өмір сүру барысында дамиды. Тұлғаның қалыптасу процесін мұқият талдау үшін, адамның әрбір жас кезеңі үшін психикалық процестердегі басты, жетекші өзгерістерді және адамның іс-әрекетінің дамуындағы тұлғалық ерекшеліктерін ажыратып көрсету қажет.
Нәрестелік кезең (0–1 жас) – бұл «әлемге сенім» деп аталатын кезең. Нәресте ересектермен қарым-қатынас жасайды, адамдар арасындағы қарым-қатынас нормаларын меңгере бастайды.
Сәбилік кезең (1–3 жаса) – бұл кезең «дербестік» кезеңі деп аталады, заттық іс-әрекет жетекші болады. Бұл кезеңде бала әртүрлі заттармен әрекеттеседі.
Мектепке дейінгі жас (3–7 жас) – бұл «бастаманы таңдау» кезеңі. Жетекші іс-әрекет – ойын. Бұл кезеңде әлеуметтік рөлдерді, адамдар арасындағы өзара қатынастарды меңгеру жүзеге асады.
Кіші мектеп жасы (6—11 жас) – бұл кезең «шеберлік» кезеңі, бұл кезеңде жетекші іс-әрекет – оқу іс-әрекеті, тұлғаның интеллектуалды-танымдық сферасының дамуы жүзеге асады.
Жасөспірімдік кезең (11–14 жас) жетекші іс-әрекет ретінде құрдастарымен қарым-қатынас алынады. Бұл кезеңде әлеуметтендірудің жетекші қыры – адамдар арасындағы қатынастар нормасын меңгеру жүзеге асады.
Жастық шақ (14–18 жас) – өзін-өзі анықтау кезеңі , мұнда кәсіби білімдер мен біліктерді меңгеру жүзеге асады, оқу-кәсіби іс-әрекет жетекші болады.
Кеш жастық шақ (18–25 жас) – «адамзат жақындығы» кезеңі, мұнда тұлғааралық қатынастар нормаларын меңгеру жүзеге асады, сонымен бірге жетекші іс-әрекет еңбек іс-әрекеті болып табылады.
Кемелдену кезеңінде адам үшін еңбек іс-әрекет, отбасы және балаларды тәрбиелеу жетекші іс-әрекетке айналады. Әлеуметтік тұрғыда жетілген, кемелденген адам тұлғааралық және кәсіби қатынастарды, еңбек біліктерін жетілдіреді.
Тұлғаны дамуы сыртқы және ішкі факторлардың әсерімен сандық және сапалық өзгеру процесі ретінде түсіндіріледі. Даму тұлғаның сапаларын өзгертуге, жаңа қасиеттердің пайда болуына әкеледі, психологияда бұларды жаңа құрылымдар деп аталады. Тұлғаның жас кезеңдері бойынша дамуы бірнеше бағыттарда жүзеге асады:
- физиологиялық даму (ағзаның сүйек-бұлшық ет және басқа жүйелері);
- психикалық даму (қабылдау, ойлау және т.б. процестер);
- әлеуметтік даму (адамгершілік сезімдердің қалыптасуы, әлеуметтіу рөлдерді меңгеру және т.б.).
Тұлғаны дамыту процесі психологиялық заңдылықтарға сүйенеді, олар тұлғаның өмір сүретін ортасының (топ, сынып, ұжым) ерекшеліктеріне байланысты қайта жаңғыртылады. Тұлғаның дамуының әртүрлі жас кезеңдерінде тұлғаны қадыптастыруға тікелей қатысатын әлеуметтік институттардың саны әртүрлі болады.
Мектептегі оқу іс-әрекетінің басталуымен тұлғаның әрі қарай қалыптасуы мен дамуы, әлеуметтенуі жүзеге асады. Тұлғаның дамуында оқыту жетекші рөл атқарады. Оқыту барысында тұлғаның танымдық және интеллектуалды қабілеттерінің қалыптасуы жүзеге асады, оқыту арқылы тұлғаны басқа қоршаған адамдармен қатынастар жүйесі негізделеді.