Дәрістер. 1 тақырып. Философия, оның пәні мен қоғамдық маңызы


Экзистенциализм философиясы



бет105/175
Дата24.10.2023
өлшемі2,79 Mb.
#187769
1   ...   101   102   103   104   105   106   107   108   ...   175
Байланысты:
lektsii po filosofii

Экзистенциализм философиясы
Қазiргi философиядағы ең ықпалды ағымдардың бiрi - экзистенциализм (existentia,- латын сөзi,-өмiр сұру ) философиясы. Ол Батыс Еуропа топырағында екi Дұниежұзiлiк соғыстың арасында қалыптасты. ХХғ бiрiншi жартысында ондаған мемлекеттер қатысқан қантөгiсте миллиондаған қыршын жастар қаза болып, мыңдаған қалалар, заводтар мен фабрикалар, ауылдық жерлердегi үйлер қирап, адамзат тағы да варварлық сатыға қайта келгендей болды. Бұл трагедия ойланатын адамдардың санасында өзiнiң өшпес iзiн қалдырып, дүниетанып оны қайта өзгертуден гөрi, сол қайғылы замандағы адамның өмiр сүруiне, оның қайшылықтарға толы дүние тебiренiсiне, оның өмiрiнiң мән-мағнасын анықтауға т.с.с. сұрақтарға жете көңiл бөлiнуiне әкелiп соқты.
Мұндай ақуал, әрине, өткен ғасырда өмiр сұрген дат философы С.Кьеркогердiң, немiс философы Ф.Ницшенiң, француз ойшылы Б.Паскальдiң, орыс жазушысы Ф.Достоевскидiң ойларының өзектiгiн көрсетiп, олардың еңбектерi экзистенциализм бағытының теоретикалық қайнар-көзiне айналды.
Экзистенциализм философиясының негiзiн қалаған ойшылдарға Мартин Хайдеггер(1888-1976 ж.ж.) мен Карл Ясперстi (1883- 1969 ж.ж.) (Германия), Жан-Поль Сартр (1905-1980 ж.ж.) мен Альбер Камюдi(1913-1960ж.ж.) (Франция), Н.А. Бердяев (1874-1948 ж.ж. пен Л.И.Шестовты(1866-1938 ж.ж.) (Ресей), Виктор Франклдi (1900 ж.) (Австрия), Хосе Ортега-и-Гассеттi (1883-1955ж.ж.) (Испания) жатқызуға болады.
Сонымен, ХХғ Еуропа цивилизациясының дағдарысы, зерде мен адамгершiлiк құндылықтарына деген сенбеушiлiктi тудырып, трагедияға толы адам мәселесiн тiкелей философиялық таразыға салды. Бұл саладағы анықталған ең бiрiншi жаңалық - зерденiң негiзiнде ғылым мен техника дамыған сайын адам болмысының тұрақсыздығы мен нәзiктiгiнiң өсуi. Мұндай күрделену мен қатар қатыгезденiп жатқан дүниеде тұрақтану үшiн адам ең алдымен өзiнiң iшкi өмiрiн талдап, соның негiзiнде өзiнiң мүмкiндiктерi мен қабiлеттерiн ашуы қажет. Мұндай адам өмiрiне қас дүниеде адам өзiнiң рухы арқылы ғана қарсы тұра алады. Олай болса, адамға ең керектi нәрсе - ол зат, материя , я болмаса идея, таным философиясы емес, негiзiнен алғанда,- адам философиясы. Ал адамға келер болсақ, ол, әрине, ешқандай объект, өндiрiстiң, я болмаса , танымның құралы емес - ол субъект - ерiктi, өз-өзiне жеткiлiктi, жауапкершiлiктi болмыс.
Жоғарыда айтылған жалпы мiнездеменi нақтылай келер болсақ, онда экзистенция (өмiр сұру) мен эссенция (мән-мағна) ұғымдарының осы философияның негiзiнде жатқанын байқаймыз. Егер бүүкiл жануарлар әлемiндегi тiршiлiк өзiнiң мән-мағнасымен бiрге бұл дүниеге келер болса, адам ең алдымен бұл дүниеге келiп, неше-тұрлi қиын-қыстақ жағдайлардан өтiп барып, көп уақыттан кейiн ғана өз өмiрiнiң мән-мағнасына ие болады. Яғни, адамның өмiр сұруi оның мән-мағналыққа жетуiнен анағұрлым алда жұредi. Мысалы, Африкада, я болмаса, Амазонканың бойында өмiр сұретiн крокодил жағаға шығып, жұмыртқалап, оларды ыстық құмның астына көмедi. Уақыты келген кезде, жұмыртқалардың қабығы жарылып, iшiнен кiшкентай крокодилдер жер бетiне шығып, дереу шөлге қарай емес, суға қарай жұгiредi. Крокодил осылайша миллиондаған жылдар бойы өмiр сүрiп жатыр. Ол өз мән-мағнасымен бiрге өмiр сүруге келедi! Ал дүниеге келген сәбидi алар болсақ, ол анасыз өмiр сүре алмайды, оны көп жылдар бойы тәрбиелеп өсiру қажет, содан кейiн ғана ол өз өмiрi жайлы сұрақтарды өз алдына қойып, өмiрiнiң мән-мағнасын ашуға тырысады.
Экзистенциализм философиясында “шекаралық ақуал² деген категорияға көп көңiл бөлiнедi. Ол - өмiр мен өлiмнiң екi арасында қалу, ұрей мен алаңдау, түңiлу мен қынжылу, уайымдау мен қамқорлық т.с.с. Тек осындай адам өмiр сүруiне қауып тұскен жағдайда, оның жан-дұниесi терең сiлкiнiске ұшырағанда,“өмiрде-болу² тебiренiсiнiң негiзiнде ғана адам тез пiсiп-жетiлiп, өз өмiрiнiң қайталанбайтын ерекше қалыптасатын мән-мағнасын терең аша алады.
Экзистенциализм философиясы адамның ерiктiлiгiне ерекше көңiл бөледi. Ерiктiк - “қажеттiктi тану², я болмаса, “табиғи дарынды iске асыру² емес, ол экзистенциямен, яғни, өмiр сүрумен тең. Адам дегенiмiз өзiн өзiнен жасайтын пәнде. Ол өзiнiң өзiндiк жоспар-бағдарламасы. Бұл дүниеде ешнәрсе адамды билей алмайды. Адамның себебi тек өзiнде ғана, ол өзiне “Causa sui². Ал ерiктiк дегенiмiздiң өзi - таңдау. Адам ерiктi пәнде ретiнде ойына не келсе, соны iстей алады. Бiрақ, сонымен қатар, ол өз iстерiне жауапты өзi ғана беруi қажет. Сондықтан, Ж-П. Сартр “ерiктiк дегенiмiз - адамға артылған адамгершiлiктiң ауыр жүгi²,- деген болатын. Адам тек өз iсiне ғана емес, басқаларға да жауапкершiлiктi. Ол өз-өзiн жете түсiнудiң арқасында басқалардың да терең сырын өзiне аша алады.
Адам экзистенциясының iргетасты ерекшелiктерiнiң бiрi - трансцендiлеу, яғни өз шегiнен өтiп кету. Сонда адам өз шеңберiнен аттап өтiп не нәрсеге жеткiсi келедi? Дiни экзистенциализм Құдайды трансценденттiкпен теңейдi. Олай болса, Құдаймен қосылуға ынтық болу, нағыз ерiктiктi содан iздеу, дiни трансцендiлеу болып есептеледi. Дiни экзистенциализмнiң көрнектi өкiлi Н.Бердяевтiң айтуына қарағанда, “адам табиғи дұниедегi үзiлгендiк², екi жақты, қайшылық пен қайғылыққа шомылған пенде. Сондықтан, оны түсiну - одан да жоғары тұрған - Құдайды талап етедi. Ал мұның өзi адамның Құдайға тәуелдi пенде екендiгiн көрсетпейдi. Философия адамның құдайлығын, Құдайдың адамгершiлiгiн көрсетуi қажет. Өйткенi, Христостың өзi адам болып туды. Құдай дегенiмiз - ол рух. Олай болса, тек қана рухани қарым-қатынас қана адамдардың терең мәнiн көрсетедi.
Ал атеистiк бағытқа келсек, оның өкiлдерi - Ж-П. Сартр мен А. Камю - оны ештеңеге теңеп, ол экзистенцияның ең терең құпиясы деген пiкiрге келедi. Сонымен, экзистенция дегенiмiз өзiнiң шектелгенiн, яғни уақытша екенiн сезiнетiн, ештеңеге бағытталған адам өмiрi.
Экзистенциализмнiң ерекшелiктерiнiң бiрi - жеке адам мен әлеуметтiк болмысты бiр-бiрiне қарсы қою, осы адамзат болмысының екi жағының бiр-бiрiмен ымыраласпайтынын көрсету болып табылады. Олай болса, адам өмiрiнiң ерекшелiгi - өмiр сүру мен мәндiктiң, болу мен алудың, таным мен түсiнудiң арасындағы тебiренiс, таңдау. Мұның өзi адам болмысының трагикалық жақтарын көрсетедi.
Өзiнiң “Болмыс пен уақыт² деп аталатын көлемдi еңбегiнде М.Хайдеггер адамның өмiр сүруiн “Dasein² деген ұғыммен бередi. (оның қазақшаға тiкелей аудармасы “осы арадағы болмыс²). Мұндай ұғымды философияға еңгiзiп, ол адам болмысы - тарихи болмыс екенiн, ол яғни “қазiр және осы арада² өмiр сүрiп жатқанын көрсеткiсi келдi. Дүниеде адамнан басқа ешқандай тiршiлiк өзiнiң шектелгенiн, яғни өлетiндiгiн бiлмейдi. Олай болса, тек адамға ғана уақыттылық, ал сонымен бiрге өмiрде болу мәселесi тән. Бұл тұрғыдан алғандағы философияның негiзгi мақсаты - ол дәл қазiр өмiр сұрiп жатқан адамның iшкi тебiренiсiн зерттеу, содан шығатын өмiр тәжiрибесiн талдау болып табылады. Бұл М.Хайдеггердiң жасаған жаңа онтологиясы едi. Яғни, ол уақытпен шеңберленген адам болмысы, осы арада өмiр сұрiп, басқалармен бiрге коммуникацияға (қатынасқа) түсу.
Алайда, индустриалдық қоғамда адамның болмысы өзiнiң бишынайылығымен тең. Конвейерден шыққан бiр-бiрiне ұқсас заттар сияқты, адамдар да орталанып, бiр тұлға екiншiнi жеңiл ауыстыра алады. Адамдар бiрiн-бiрi ауыстыра алатындықтан “басқа², ол “нақтылы басқа тұлға² емес, “қайсыбiр басқа², “жалпы бiр басқа². Мұндай жағдайда “ол да², “мынау да², менiң “өзiм де² шынайы субъект емеспiн. Мұндай тобыр адамын М.Хайдеггер “das Man² деген терминмен берсе, Н.Бердяев оны “объективацияланған дүние² дейдi.
Ал адамның шынайы болмысына келер болсақ, ол адамның тарихи пәнделiгiн, уақыт шеңберiнде шектелгенiн, сонымен қатар өзiнiң ерiктiгiн сезiнуiнде. Шынайы болмысқа жету үшiн адам күнделiктi күйкелi өмiрден бас тартып, соңғы өмiрдiң шегi - өлiмге тiкелей қарай алатын жағдайға келуi қажет.
Бишынайлы болмысты аттап өту үшiн адамдар бiр-бiрiмен қосылып “абсурдтық дұниеге², оның шектелгенiне, өлiмге, жалпы дүниенiң жетiлмегендiгiне, мәнсiздiгiне қарсы шығып көтерiлуi керек, - дейдi француз ойшылы А.Камю. Алайда, мұндай дүниеге түңiлуден туған бiрiгушiлiк бiрде-бiр адам болмысының мәселесiн, әрине, шешпейдi.
Дiни экзистенциализм бұл мәселенiң басқа шешiмiн ұсынады. Г.Марсельдiң ойынша, адамдар шынайы болмысты заттардың болмысымен теңейдi. Ал шынайы болмыс, негiзiнен алғанда, әрқашанда тұлғалық болмыс. Болмыс - “Ол емес², “Сен², сондықтан адамдардың Құдай алдындағы бiр-бiрiмен iштесуi, ең құпия тереңде жатқан тебiренiстерiмен бөлiсуi - шынайы болмыстың алғышарты. Ол ұшiн, яғни басқа адамның терең сырына жетiп шынайы болмыстық дәрежеге көтерiлу тек махаббат арқылы ғана iске асады.
Г.Марсельдiң бұл ойларын дамытқан М.Бубер, Э.Левинас сияқты еврей ойшылдары болды. Олардың ойынша, адамның дүниеге деген қарым - қатынасы екi жақты, өйткенi, оның сөздiгiнде екi негiзгi сөз бар. Олардың бiреуi “Мен мен Сен² болса, екiншiсi “Мен мен Ол². Дұние адамзат тәжiрибесi ретiнде “Мен мен Олға² жатады. “Мен мен Сен² адами шынайы қарым- қатынасты тудырады. Олай болса, адам алдында дүниеде болудың екi мүмкiндiгi бар. “Мен мен Сен²шынайы болмысты тудырса, “Мен мен Ол² - адами қарым-қатынастарды заттандырады. “Сен² деп қарым-қатынасқа тұскен адам - ол заттардың арасындағы зат емес. Мен оны тануға, зерттеуге тырыспаймын, өйткенi, мен онымен қарым-қатынастамын. Егер ол қатынастардан шыққанда ғана, мен оны тани бастаймын. Тану, бiлу - “Сеннiң² алшақтауына әкелiп соғады.
“Мен мен Сеннiң² қарым-қатынасын махаббатпен теңеуге болады. Махаббат сезiмi бұкiл дүниенi өзiнiң сәулесiмен жарқыратып, гүлдендiредi. Махаббат аясындағы адам қайсыбiр адамды - жақсы мен жаманды, сұлу мен түрсiздi, ақылды мен наданды - бәрiн де ерекше “Сен² ретiнде қарайды. Алайда, адам болмысының трагедиясы “Мен мен Сеннiң² қарым-қатынасының сарқылу, я болмаса, құралға айналу мұмкiндiгiнде.
Экзистенциализм философиясының iрi өкiлiнiң бiрi - Виктор Франкл. Ол қазiргi қоғамдағы адамдардың қасiретi - ноогендiк (nous,-грек сөзi, - ақыл-ой, зерде, рух; genesis,-грек сөзi,- дүниеге келу, пайда болу;) невроздарда, яғни, адамдардың өмiр сұрудiң мән-мағнасынан айырылып қалуында деген пiкiрге келедi. Соңғыны В.Франкл “экзистенциалдық вакуум² деген ұғыммен бередi. Өз болмысының мән-мағнасынан айырылып қалған кейбiр адамдар, рухани жүдеулiктен арылу ұшiн “Құдайды iздеу² жолына тұссе, екiншiлер - нашақорлық пен iшiмдiктiң сағымында, ұшiншiлер - қоғамдағы тәртiпке қарсы бағытталған қылмыстық iс-әрекеттерге, төртiншiлер суицидке (өз-өзiн өлтiру) дейiн барады. Өзiнiң гуманистiк көзқарасынан таймайтын В.Франкл өмiрдегi ақуал қандай қиын болса да, тiптi жазылмайтын сырқат, өлiмнiң өзi болмасын,- адам өз өмiрiнiң мән-мағнасын жоғалтпау керек,- деген терең ойға келедi. Өзiнiң екiншi Дұниежұзiлiк соғыс кезiндегi Бухенвальд концлагерiнде болған экзистенциалдық тәжiрибесiн сараптай келе, В.Франкл тек қана өз өмiрiнiң мән-мағнасын сақтап қалған адамдар ғана сол тозақтан құтылғанын, ал өмiрдiң мән-мағнасын жоғалтан көпшiлiктiң “малға ұқсайтын тобырға² айналып құрығанын айтады.
Әрине, реформа барысындағы бұгiнгi қиын-қыстау жағдайларда бiршама адамдар бұрынғы ұстаған жан-дүниесiндегi құндылықтардан айырылып, сонымен қатар, жаңа құндылықтарды қабылдай алмай экзистенциалдық вакуумде жүргендерi баршамызға аян. Мұның өзi неше-тұрлi “әлеуметтiк ауытқудың² түрлерiн туғызып, реформаның әрi қарай өрлеуiне өзiнiң кеселiн тигiзiп отыр. Мұндай қиын жағдайда экзистенциализм iлiмiнiң “әлеуметтiк ақуалға² сiлтегеннен гөрi жеке тұлғаның ерiктi iс-әрекетiнен шығатын таңдауға, ал оның өзi белгiлi бiр жаңа ақуалды тудырып, өмiрдiң жаңа арнасын ашуының мүмкiндiгiн көрсетедi деген құнды пiкiрiне оқырманның назарын аударғымыз келедi.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   101   102   103   104   105   106   107   108   ...   175




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет