Мектеп оқушыларына сахна тілін үйрету



бет1/2
Дата31.12.2019
өлшемі80.28 Kb.
  1   2
МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНА САХНА ТІЛІН ҮЙРЕТУ

Бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің бірі - мектеп оқушыларының бойында сөйлеу мәдениетін қалыптастыру. Оқытудың инновациялық үлгілерін пайдалана отырып, ауызша сөйлеуді жетілдіру тәрбие мен оқыту процесінде айрықша орын алады. Қазіргі таңда білім саласында оқушыны нақты, таза, айқын сөйлеуге ұмтылдыру міндеті күшеюде. Себебі, сөйлеу мәдениеті ауызша сөйлеудің жалпы тіл мәдениетіне қойылатын талаптармен қатар өзіне тән формалардың сақталуын талап етеді. Ал, болашақтың іргетасы оқушылардың тілдің әлеуметтік, қарым-қатынас рөлін күшейтуде рөлі үлкен. Оқушылардың бойында сөйлеу мәдениетін қалыптастыра отырып, адамгершілік қасиетін арттыруға, жеке бас тұлғасын ізгілендіруге, өзге ортада еркін сөйлеп көшбасшылық қабілетін арттыруға болады. Осы секілді ұстанымдар оқушының дамуы мен жетілуі үшін қажетті. Тәрбие - үздіксіз процес. Ол педагогика мен психологияның негізгі нысаны болып табылады. Мектептің тұтас әлеуметтік құрылымын құрайтын және ұдайы әрекет ететін фактор тәрбие болып табылады. Оқушылар білім алып қана қоймай, алған білімін өмірде ұштастыруы керек. Жобаның мақсаты: оқушылардың бойында дұрыс сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, нақты сөйлеу дағдысын жоғарылата отырыып, еліміздің білім мен тәрбие жүйесін дамытуда рөлін күшейтеді. Оқушыларды жан-жақты тәрбиелеуде сөз өнерінің ықпалы әлі күнге дейін өзінің маңыздылығын жойған емес. Бүгінгі дәуірдің талабына сай оқыта отырып, халқымыздың бойындағы асыл қасиеттерді сіңірту-тәрбиенің басты мақсаты. Оқушы бойында сөйлеу мәдениетін қалыптастыру үшін мектеп пен ата-ана, оқушының ықпалы әсер етеді. Тәрбие бастауындағы осы үш ұғым етене байланысып жатыр. Шешен сөйлеу, ойды бұрмаламай, мәдениетті жеткізу адамдармен қарым-қатынасқа түскенде басым рөл атқарады. Сөйлеу қарым-қатынас мақсатында қызмет ететін сөйлеудің бөлігі. Сөйлеу – бұл тілдік құбылыс. Сөйлеу кезінде тілдің барлық бірліктері жұмсалады. Сөйлемнің әр түрі бар. Сөйлеудің дыбыссыз, сөзсіз, интонациясыз жасалмайтыны белгілі. Қарым-қатынастағы жетістік сөйлеумен психологияны, логиканы байланыстырып, тиімді пайдалана білуге байланысты. Тыңдаушыға ақпарат тек тіл арқылы жететіндіктен айтып тұрған адам үнемі жеңіске жете бермейді, берілген ақпаратты тез, әрі дұрыс таңдай алған тыңдаушы ғана дәлелді оймен кері жауап бере алады.



Ана тіліміздің қадір-қасиетін дәріптейтін киелі шаңырақтардың қатарына театр, кино, теледидар, радио кіреді. Ал театр өнерінің ең басты құралдарының бірі – сөз. Кейіпкердің ішкі толғанысы мен жан-күйі сахна және экран алаңында көрермен қауымға сөз арқылы жеткізіледі. Сахнадағы экран алаңындағы әрекет пен әрекетті сөзді үйлесімді, ұтымды шығару үшін дайындық керек. Жансызға жан бітіріп, адамның сезіміне әсер етіп, сендіріп, нандырып, ұйытып сөйлейтін, талантымен шындыққа жүгінетін, сөзге тоқтайтын қасиетін, астарлы сөз, ұтымды ой – халқымыздың сөз өнерінің негізгі бағыты. Тіл мәдениетінің қайнар көзі – сахна тілі. Сахна тілі – ерекше тіл. Оның өз үні, өз ырғағы бар. Актерлік шеберлік іліміне сүйенсек, сөз – актердің сахнада қолданар ең басты қаруы. Көзбен көріп, бағалап, сезініп, ішкі сананың елегінен өткізіп алып, жан дүниеңнің сүзгісінен сүзіп алған соң, жүректің тебіренісі мен көкірек көзіңнің саралауынан кейін барып сөз туады. Бірақ, ол бірден сыртқа атылмайды, ол сөздің өзі мида мағына тауып, жүректен жұмырланып, көмекейден күмбірлеп шыққанша да аз уақыт өтпейді. “Көмейден құйылады жырдың басы ...” – дейтіндей көмейден шыққан сөз өзінің бояуымен, мінезімен, әуенімен шығады [2, 131 б.]. Сахна тілінің көркемдік ерекшелігін дамыту үшін сөздерді дұрыс айту нормасын, оны қарастыратын тіл білімінің саласын игеру, тілдегі сөздердің жазылуы мен айтылуындағы айырмашылықтарды, қайшылықтарды ажырата білу өте маңызды. Сахна тілі – адамның жан дуниесінің тазалығын, сөздің сұлу да, көркем болып, адам жүрегін баурап, санасына жететін астарлы әрекетті қамтамасыз ететін тіл. Сахнада сөйлеу – күрделі әрі үлкен өнер. Оның негізгі мақсаты, белгілі бір рөлді орындау барысында актерді сөйлеуге жаттықтыру. Ол үшін әрбір сөздің мән-мағынасын жете түсініп, оның табиғатын танып-білуге көп күш жұмсалуы қажет. Драмалық шығармаларды іріктеп, кейіпкерлердің образдарын аша білуге талпындыру, сол образдың бейнесін сомдау, тілдік сөз қорын байыту, мәнерін жетілдіру. Өйткені, өнер өмірден туады. Ал, өмір күрделі, өмір құбылыстары сан алуан. Ендеше, өмірден туындаған өнер де күрделі. Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігінде мынадай анықтама берілген: сахна тілі (сценическая речь) – театрда коюға арналған көркем драмалык шығармаларды актерлердің сахнада айту, орындау формасы. Сахна тілінің калыптасуы екі түрғыда карастырылады. Бірінші, актердің сөзді айту техникасын жетілдіруі: оған кажетіне карай дауысты көтеріп не баяулатып айту, дауысты күбылтып (қорқу, қуану, ренжу т.б. күйлерге байланысты), оған бояу косып айту, дауысты кідірту, жылдамдату сиякты сахнада айтылар сөз үдесінен шығатын шеберлік жатады. Екінші, сахнада айтылатын сөз мәдениетін жетілдіру: оған сөздің дүрыс, айкын айтылуын, кұлакка жағымды, әсерлі естілуін талап ететін шеберлік түрлері жатады. Сахна тілінің сәтті шығуы актермен катар шығарма авторына, сценарийшіге, режиссер мен шығарманы сахнада коюшыға да байланысты [3, 275 б.]. Сахна – театр ойын-сауықтары көрсетілетін орын. Қазіргі сахна үлгісі драматургияның эволюциялық даму жолымен байланысты қалыптасты. Ол Ежелгі Грекия театрларында орхестра, эллинизм дәуірінде проскений, Ежелгі Рим театрында просценниум деп аталды [4, 323 б. ]. Қазақ мәдениетінің энциклопедиялық анықтамалығында сахнаның қай дәуірден бастап дамығаны, қалыптасқандығы туралы мағлұмат бар. Ал, сахна сөзіне мынадай анықтама берілген: «сахна сөзі – актер шығармашылығындағы негізгі элементтердің бірі. Ол пьесаның идеялық мазмұнын ашуға көмектеседі әрі театрда көркем образ жасаудың басты құралы болып табылады. Яғни актер мәнерлі сахна сөзі арқылы жазушы шығармасында бейнеленген кейіпкердің ішкі жан дүниесін, идеялық ой-сезімін көрермендерге жеткізеді. Актер тілдің нақышты бояуы мен күш-қуатын терең сезінген жағдайда ғана өзі орындайтын сахналық кейіпкерінің әлеуметтік тегін, ұлттық-тұрмыстық мінез ерекшелігін, психологиялық сезім күйін аша алады. Қазақ театрында Қ.Қуанышбаев, Х.Бөкеева, Ф.Шәріпова, Ә.Әсімжанова, Р.Сәлменов т.б. өз шығармашылығында сахна сөзіне ерекше ден қойды» [4, 323 б.]. Тіл мәселесі – бүгін де ең үлкен мәселе. Сахна тілінің заңдылығын сақтап, көрерменге күнделікті хабар таратушы теледидардың ар жағындағы дикторлардың рөлі өте жоғары. Теледидардан шыққан әрбір үн біздің санамызға лезде жетіп, ерекше сақталады. Теледидер сөздігінде «сахна сөзі», «сахна тілі» терминдеріне мынадай анықтама берілген: «сценическая речь (сахна сөзі) – актер шығармашылығындағы негізгі элементтердің бірі. Ол пьесаның идеялық мазмұнын ашуға көмектеседі әрі театрда көркем бейне жасаудың басты құралы болып табылады яғни актер мәнерлі сахна сөзі арқылы жазушы ой-сезімін көрермендерге жеткізетін жағдайда ғана өзі орындайтын сахналық кейіпкерінің әлеуметтік тегін, ұлттық-тұрмыстық мінез ерекшелігін психологиялық сезім күйін аша алады» [5, 302]. «Сценический язык (сахна тілі) – актерлердің, хабар жүргізушілердің сахна, экран, радиотелехабарларда көркем әдебиет тілін мәнерлі жеткізуі. Сахна тілі деген терминді тануда мәселе екі тұрғыдан қаралады: бірі – сөз техникасы, екінші – сөз мәдениеті. Алғашқысында әңгіме актерлік шеберлік, сахна, экран мамандығы туралы, екіншісінде тіл мүддесі яғни сөздерді дұрыс, әсерлі, үнді етіп айту – орфоэпия жайында болмақ. Сахна шеберлері: драма актерлерінің көркемсөз айтушылар мен әншілердің, жүргізушілердің дауысты меңгеруі: қажетіне қарай дауысты көтеріп немесе баяулатып айту, дауыс үніне белгілі бір реңк қою (қуанғанды, қорыққанды, ренжігенді, қайғырғанды т.б. білдіре сөйлеу), сөзді анық етіп дыбыстау, керек жерінде дауысты кідірту немесе жылдамдату т.с.с. сахнадан естілетін сөз үдесінен шығатын шеберлік жайттарын сөз техникасы қарастырады. Ал сахна тіліне қойылатын талаптардың екінші ұшы сөздердің дұрыс айтылуы және құлаққа жағымды әсерлі естілуіне барып тіреледі. Демек сахна экран сөзіне айқындық пен әсерлілікті, айшықтылықты талап етеді. Айқындықты сөйлеу техникасын жетілдіру мен қисынына көңіл қою қамтамасыз ететін болса, әсерлілік пен әсемдікті сөзді дұрыс әрі көркемдеп айту жүзеге асырады. Құлаққа естілер сөздің көркемдік белгілерінің бірі – оның әсем саздылығы мен үнділігі. Бұл қасиет сөйлеу актісінде дыбыстардың бір-бірімен үндесіп, тілдің табиғи дыбыс заңдарына бағына айтылуы арқылы пайда болады. Дыбыстар үйлесімділігін сақтау – экран тілінің көркемдік шарттарының бірі. Өзге тілдер сияқты, қазақ тілінің де ғасырлар бойы қалыптасқан айтылу (дыбысталу) нормалары бар» [5, 303 б.]. Сахна тілінің басты мақсаты – рөлді орындау барысында сөйлеуге машықтандыру, әрбір сөз мәнін түсініп, табиғатын тануға баулу; драмалық шығармаларды іріктеу, кейіпкер образын аша түсетін штрихтарға талдау жасау, ондағы әр сөзге мән беру, оның орындалуын, сахналық үлгісін жасау, тілдің сөз қорын байыту, мәнерін жетілдіру. Сахна тілін меңгерген кезде сөз бен ойдың тығыз байланысына, оның терең мағынасына жете көңіл бөлу керек. Сонда актер рөлді орындау үстінде сөйлеу шеберлігіне үйренеді. Сахна өнерінің басты құралы – сөз. Асқақ сезім, ішкі толғаныс сахна алаңында сөз арқылы жеткізіледі. Сахнада айтылған әрбір сөз майдан даласындағыдай қақтығыстарға, сайыстарға толы. Кейіпкердің ішкі руханилығы мен сыртқы болмысының үйлесімін тұлғалауда сахна тілінің алатын орны ерекше. Ол дикция, дем, үн, орфоэпия, өлшем, екпін, әуен, ырғақ заңдылықтарын зерттейді. Сахна тілінің басты мақсаты – рөлді орындау барысында сөйлеуге машықтану, әрбір сөз мәнін түсініп, табиғатын тануға баулу, драмалық шығармаларды іріктеу, кейіпкер образын аша түсетін әрбір сөзге мән беру, оның орындалуын, сахналық үлгісін жасау, тілдік сөз қорын байыту, мәнерін жетілдіру. Сөз өнері, мәдениеті туралы Р.Сыздық былай дейді: «Мемлекеттік ұлттық тілдің баршаға ортақтығы осы тілді қолдануда белгілі заңдылықтардың, яғни нормалардың болуын талап етеді. Тілдік нормалар оның барлық қаттауында: сөздік саласында, грамматикасында, дыбыстар жүйесінде, стильдік-көркемдік тәсілдерінде болуы шарт. Норма сондай-ақ тілдің қолданылу түрлерінде де, яғни жазба және ауызша түрде қызмет ету барысында да орын алуы қажет. Соның ішінде орфоэпиялық нормаларды жаттау арқылы емес, құлақпен тыңдап, үйрену арқылы игереді. Бұл ретте күнде тыңдайтын радионың, теледидар үнінің және сахнадан естілер сөздер мен әндердің орны айрықша» [6,14 б.]. Сахнада артистің аузынан шыққан үнге қойылар талап – дыбыстың таза, анық болуы. Сөйлеп тұрған сөзден бір дыбыс естілмей қалса, күңгірт, шала естілсе – бүкіл сөйлемнің мәні бұзылады. Осы орайда дыбыстау мүшелерінің қызметін жақсарту арқылы сөздің таза әрі анық айтылуы қалыптасады. Сахна тілі көпшіліктің көкейінде жүрген, кейде тіпті айтылмай жүрген ащы шындықты астарлы образды мағынамен жеткізіп береді. Сахнадағы әрбір айтылған сөзді мыңдаған тыңдаушы естігендіктен, сахнадағы тілдің көтерер жүгі ауыр. Адам өміріндегі өзекті мәселе мен тартысты оқиғалар сахнамен тығыз қарым-қатынас жасайтыны анық. Оны тасымалдаушы негізгі құрал – сахна тілі. Дегенмен тіл мен сөйлеуді бірдей ұғым деп тануға болмайды. Тіл сөйлеудің материалы, яғни қолдануға бейімделген тілдік бірліктердің дайын жиынтығы болса, сөйлеу сол дайын тілдік бірліктерді пайдаланатын, қарым-қатынас мақсатында қызмет ететін сөйлеу бірлігі. Сөйлеу – әрекет. Ол адамдарды бір-біріне тіл арқылы ықпал, әсер етуін, әрекетке итеруін жүзеге асырады. Сөйлеу арқылы қарым-қатынас қалыптасады. Сөйлеу әрекеті өзін меңгертуді мақсат етпейді. Әрекеттің басқа түрлерін реттеуші, орындаушы қызметін атқарады [7, 20 б.]. Сахна мен сөйлеу әрекетінің бірлігі туралы сахна теоретигі К.С.Станиславский: «Су асты арнасы сияқты сөз астарының күллі арнасы бойымен сезім бұлағы ағып өткенде барып, пьеса мен рөлдің әрекет арқауы пайда болады. Әрекет арқауы тек қимыл-іс қуаты арқылы ғана емес, дыбыс әуезі арқылы да, сөз өрнегі арқылы да әрекет ете алады. Сөйлеу деген әрекет ету. Әрекет – белсенділік. Белсенділік – сөздің қуаты мен әсері. Қуатты, құдіретті сөз – өз мазмұнын тірілтіп, суретке айналып барып, көру образын көзіңе елестетеді. Сөз әрекеті – стилистикалық, грамматикалық, синтаксистік, логикалық, ритмикалық сипаттардан сөздің мағынасы мен образын өріп шығаратын эстетикалық ұғым» - деп пайымдаған [8, 263 б.]. Сөз – сахнаның сырлы сәні. Сөз сөйлей білу, көркем шығармадағы ойды образдар арқылы сөзбен жеткізу өте күрделі процесс. Әрбір драмалық шығарманың айтылу сазы, ырғақты әуені болады. Сөз өнері деген ұғымның аясы кең, әр сөздің, буынның, бунақтың қиюын тауып өз әуеніне келтіре айту мен оқу да жатады. Театрдың көркем дәстүрлі тәжірибесімен тазартылған сахна тілі, ұлттық тілдің типтік санын, әуезді сөйлеудің, яғни әуенділік, иілгіштік, үнділік, сарындылық, мәнерлілік күшін, орфоэпиялық тазалықтың ең жақсы қасиеттерін жинақтайды. Сахнада әртістің аузынан шыққан үнге қойылатын басты талап – дыбыстың таза, анық айтылуы. Бұл ретте орфоэпиялық және логикалық сауаттылық талап етіліп, ойдың нақты анық болуы қадағаланады. Сахнада сөзді үзіп-жұлқып сөйлеуге, сөздің аяғын жұтып, асығып-аптығып сөйлеуге, дауыс екпінін дұрыс қоймауға, тыныс белгілерін терең ескермеуге болмайды. Яғни, сөйлеуші тыңдаушысына айқын, әуезді-әуенділігімен жеткізе білуі шарт. Жазушыны толғандырып, толқытып, ой-санасынан қағаз бетіне түскен көзқарасы, идеялық табиғаты, тілдік қуаты әбден пісіп, айқындалып барып өмірге келеді. Жазушы шығармасын оқып шығу мен тірі өмір сахнасынан алатын әсер екі басқа. Сахна тілі арқылы тыңдаушысына жеткен әрбір ойда ізгілік идеясын әкелетін символдық сипат бар. Сахналық сөз өзінің ішкі астарлы мағынасымен, ой ұшқырлығымен, сымбат айшығымен символ сабақтастығын тудырады. Сахнадағы әрбір айтылған сөзді мыңдаған тыңдаушы естиді, сондықтан да сахнадағы тілдің көтерер жүгі ауыр. Адам өміріндегі өзекті мәселе сахнадан кетпейді. Керісінше сахнада көрініс тауып, уақыт ағымымен өзгеріп отырады. Оны тасымалдайтын негізгі құрал – сахна тілі. Жалпы сөз өнерінің, сөздің құдіреттілігі туралы ғылыми ойлардың алғашқы бастамасын грек, рим ойшылдарының еңбектерінен кездестіреміз. Аристотельдің «Риторика» атты еңбегінде қоғамдық, мемлекеттік, құрылыс –ең алдымен қоғамның сөзбен ұйымдастырылуы деп көрсетілген. Аристотельдің пайымдауынша кез-келген көпшілік алдындағы сөз үш құрылымнан тұрады: 1) Шешеннің әдебі. (пайда көздеушілік немесе пайда көздемеушілік. 2) Аудиторияның көлемі: бір адам, аз ғана топ немесе қалың көпшілік. 3) Жиналыстың түрі, яғни жиналудың себебі [9, 65 б.]. Қиялыңдағы нақты елесті сөз арқылы тыңдаушыға жеткізу оңай емес екендігін зерттеу еңбектерінен де, сахна актерлерінің сұхбаттарынан да жиі кездестірдім. Сөз қолдану арқылы өз елесімен көрерменін баурап алу, оны соғар сендіру, сол оқиғамен қызықтыру басты рөл атқарады. Қазақ театрының тарихы еңбегінде: «Қай ұлттың болмасын қазіргі профессионал театры нақ бүгінгі күйінде, дайын түрінде ғұмырға келе қоймағаны мәлім. Әрқайсысының да қалыптасу жолы, өзіне лайық өмірбаяны бар» делінген [10, 23]. Ломоносовтың келесі бір маңызды тұжырымы – тыңдаушылардың сезімін ояту және құмарын қандыру. Ломоносов тыңдаушысының құмарлығына әсер ететін үш шартты көрсетеді: 1) шешеннің абырой-беделі; 2) тыңдаушылардың қалпы: 3) шешендіктің күші. Шешендікте сөздің логикалық дәлдігі тіл тазалығын құрайды. Тіл мәдениетінде тіл тазалығы оның өзге тілдік элементтерден арылуы деп түсіндірілсе, шешендік сөздердегі тіл тазалығы ойдағы екіұштылыққа жол бермеушілік, сөздерді уәжсіз қолданбаушылық, басы артық сөздерді болдырмаушылық деп түсінуіміз керек [11, 226 б.]. Әр сөзді ашық, анық етіп жеткізу, айтылатын ойды көрерменнің жүрегіне жол сала отырып жеткізу әркімге туа бермейді. Тек сөйлеу мәдениеті жоғары және сөйлеу техникасын жете меңгерген актер шығарманың идеясын, драматург туындысының қасиетін, режиссердің ойын тап басып жеткізе алады. Әдеби тілдің бірыңғай нормасына ұмтылу – тіл мәдениетінің бір белгісі болып табылады. Сахна тілінде актерлік шеберлікті техникадан, техниканы актерлік шеберліктен айыруға болмайды деген де қағида қалыптасқан. XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бірінші жартысында көптеген зерттеушілер өз зерттеулерінле сахна өнерпаздарының, артистердің, шешендердің сөздеріне, солардың сөйлеу мәнеріне сүйене отыра әр дыбыстың дұрыс айтылуы, заңдылығы, ерекшелігін ескере отырып халыққа жеткізе білуі, дұрыс сөйлеудің заңдылығы туралы көп көрсетілген. Сахна тілінің әдеби тілдің орфоэпиялық нормасын сақтап, дұрыс сөйлеудің басты негіздерінің бірі болып табылатыны анықталды. Қазақ әдеби тілінің барша заңдылықтарын, оның ішінде ауызша сөйлеу, әсіресе шаршы топ алдында сөз айту нормаларын бұзбай, дұрыс пайдалану ғана емес, көпшілікке үйретіп, таратуда, орнықтырып, бекітуде балашақша тәрбиешілерінен бастап, мектеп мұғалімдерінің, институт, университет оқытушыларымен қатар, қазақ сахна қайраткерлерінің, радио, теледидар дикторлары мен хабар жүргізушілерінің, әншілер мен эстрада шеберлерінің міндеттері мен қызметтері орасан зор екенін Р.Сыздық дөп басып айтқан [6, 206 б.]. Қазақ шешендік өнері тарихи аңыздардан белгілі Майқы биден басталады. Бұл жөнінде халқымыз: «Түгел сөздің – түбі бір, түп атасы – Майқы би» дейді. Басқа да көптеген тарихи, ғылыми зерттеу кітаптардың авторлары да осыны растайды. Осылайша, шешендік өнер Майқы биден Аяз би, Асан қайғы, Жиренше, Төле би, Әйтеке би, Қазбек би, Сырым, Досбол, Бөлтірік, Бала билерге ұласып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып біздерге жетті.
Қазақтың шешендік өнері – ұлттық ауыз әдебиетінің бір саласы ретінде қазақ фольк­лорының өзіндік бітім-болмысын айқындайтын, халық дүниетанымын көрсететін ерекше жанр. Ал, әлеуметтік феномен тұрғысынан алғанда, шешендік дәстүр – белгілі бір әлеуметтік ортада, қоғамда, қалайда бір адами қағидаға байланысты туып, қалыптасып, айрықша тапқырлықпен, суырыпсалмалықпен, көркем тілмен айтылатын үлгілік ойлар, мұраттар, тұжырымдар үрдісі. Ол қарапайым бата – тілектен бастап, мағыналы, тәрбиелі, өнегелі, өсиет сөздерді қамтиды. Өнердің бұл түрі атадан балаға жетіп, дала тарихы басынан кешірген түрлі оқиғалардың нәтижесінде туған терең ойдың қорытындысы. Қазақ, ерте бастан-ақ сөз қадірін білген халық. Яғни, сөз өнеріне ерекше мән берген. Билеріміз ел ішіндегі, ру-тайпалар арасындағы дау-дамайды, жанжалдарды бір ауыз сөзбен бітістіріп отырған.
Уақыт елегінен өтіп, халықтың санасына сіңіп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып жеткен данышпан сөз зергерлері, халықтың мұң – мұқтажын ойлай білген. Қысылғанда жол табар ақылшысы болған Асан қайғы, Қазтуған, Ақтамберді, Үмбетей, Бұқар сияқты көптеген ақын-жыраулар ақпа-төкпе, суырып салма өлеңменен батырлардың ерлігін, байлардың сараңдығын, жақсы мен жаманның айырмасын таңнан таңға жырлайтын болған. Олар, әр сөзді нақышына келтіріп орындаумен қатар терең ойды жеткізу, астарлап айту жағын жақсы меңгерсе керек. Көпшілік алдында сөйлеу біртіндеп театр өнеріне ұласты. Біздің ата-бабаларымыз қызыл сөзден ешкімге дес бермеген, шешендік өнер де қаныбызбен сіңісіп, ұлтымызбен жасасып келеді. Тілдің қадірін жете бағалаған жан, сөз қадірін түсіне білетіні сөзсіз. Ұлттық театр өнерінің элементтері халықтың ежелден келе жатқан әдет-ғұрпы мен тұрмыс салтына (беташар, бәдік, жар-жар, жоқтау, қоштасу, қыз кәде, шілдехана) ойын-сауығына (алтыбақан, кімді қалайсың, қыз ойнақ, ортеке, судыр-судыр), халық әзілкештерінің өнеріне ақындар айтысы мен шешендік өнерге саяды. Әжуа, мысқыл, шымшыма сияқты неше алуан қызықты әңгімелерді жанынан шығарып, әрі оны бар бояуымен құлпыртып орйындайтын халық өнерпаздары да болады. Халықтың өшпес мұрасы – тіл. Тіл болмағанда ежелгі тарихты, әдебиет пен мәдениетті қалай білген болар едік ? Қаһарлы сөз қамал бұзады, оны тек өз орнымен қолданған абзал. Қазақ халқы суырып салма шешендерінің есімін қастерлеп, олардың терең ойлы, жүрекке жағымды сөздерін бағалап, құлыққа құйып, жадында сақтаған. Ауыздан-ауызға тарап, келешек ұрпаққа жеткен. Жиренше шешен, Сырым, Қазыбек, Қарабилердің шешендік сөздері халықтың арманы мен тілегіне, мақсат-мүддесіне сай келген. Тіл мәдениетінің ғылыми негізін тереңнен қозғап, тың пікірлер айтып, тілдегі бұрыс қолданыстарға үнемі ғылыми талдаулар жасап, тіліміздің қалыпты жүйесінің бүзылмауын, ойымыздың анық, айқын, көркем берілуін қадағалап, тіл мәдениетінің өзекті мәселелелеріне ғылыми зерттеулер жүргізіп келе жатқан Р.Сыздықтың, тіл мәдениеті мәселесін арнайы зерттеп, оның ғылыми мәні мен мазмұнын айқындаған, тіл мәдениеті ғылымының ғылыми негізін салушылардың бірі М.Балақаевтың ғылыми ой тұжырымдарына сүйенеміз. Ал дұрыстық ұғымын айқындайтын сапарларға: сөз дәлдігі, тіл тазалығы, сөз әсерлігі, сөз байлығы, сөз талғамы, сөз әдебі жататынын тілді зерттеуші ғалымдар айтып өткен. Орыс және шетел сахна мәдениетінің озық үлгілері мен табысты тәжірибелерін қойындастыра зерттеу, талдау арқылы сахна тілінің жаңа даму эрасын 19-20 ғасырларда қалыптастырған К.С.Станиславский жүйесі сахна театрына да өз әсерін тигізіп өтті. «Станиславский жүйесі» деген атпен дүниеге келіп, әлемдік театрлардың игілігіне айналған оның еңбегінде театр өнерінің тұңғыш теориясы берілді. Оның еңбегінде сахналық туындының идеялық мазмұн-мағынасы сөйленген сөз арқылы жететінін есте сақтау керектігі. Сөз кейіпкердің жан дүниесі, кейіпкердің толғанысы мен тіршілігі, сезімі мен секемі арқылы кестелетінін ұмытпау керектігін айтқан. Ал қазақ театр өнерінің дему деңгейін театр жұлдызы Б.Римованың сөзімен беретін болсақ: «Өткенді ұмытуға өшіріп жоқ қылып тастауға болмайды. Әрине, өйткені, өткендегі жақсылы-жаманды, үлкенді-кішілі спектаклдерімізбен театр шығармашылығы қалыптасты, ірге тасы қаланды. «Еңлік-Кебек», «Қозы-Көрпеш», «Ақан сері», «Абай», «Асауға тұсау», «Алдар көсе», «Майра», «Шоқан» т.б. сияқты белді-белді туындылармен театр тарихы жасалды. Осы қара шаңырақтың өнері республикамыздағы бар қазақ театрларында драмалық өнердің үлгісі болды. Жамалдың Баяны, Шолпанның Ақтотысы, Құртқасы, Қаллакидің Абайы, Мылқауы, Серағаңның Еспембет, Қарабай, Қоңқайы, Шәкеңнің Ахан, Петручио, Алдар көсе, Қадишаның Катерина, Қарлыға, Мехмана Бану сияқты сом-сом сахналық тұлғалар туды... «Өз әдет-ғұрпы, дәстүрі бар театр ол әрі қарай өсіп-жетілуі, жалғаса жаңара отыруы шарт. Ә.М.Мәмбетов қойған «Қозы-Көрпеш», «Қаракөз», «Абай», «Қобыланды», «Айман-Шолпан» спектаклдердің көшірмесі емес, жаңаша қырымен көрінген жаңа шешімін тапқан тың туындылар. Театр шаңырағының астына алғаш жиналған ат төбеліндей алғашқы топтың сан алуан қайталанбас характерлар жасап, әр түрлі образдарды әр қырынан аша білгені белгілі. Бұл актерлердың әрқайсысы жеке-дара тұрған, тетар өнерімізде өз алдына жеке дәуір болған суреткерлер. Бұлардың табиғи таланты да, актерлік мәнері де, мінез-құлқы да, кісілік сипаты да ерекше оқшау тұрған тұлғалар деп айтылады. Олардың бүгінгі ұрпақ қайталай алмайтын, тек болашаққа мұра болып жеткен өзіндік сөйлеу мәнерлері мен табиғи таланты бар. Ұлттық ана тілімізде, халықтық негізде қалыптасқан сөйлеу мәнерлерлері бар. Олардың мұрасы бізге ұлттық сипат әкелді. Бұл қасиет тұңғыш туған театрдың өзінің ұлттық түр-өзгешелігін, халықтық қасиетін сақтап қалуына салмақты әсер етті. Қазақ халқы үшін тілден артық ештене болған жоқ. Тауып айтылған бір ауыз сөзге бір қауым елдің тоқтайтындығы, дауласқан екі жақтың әділқазыбиге жүгінетіндігі де халықтың тіл өнеріне деген ыстық махаббаттың белгісі. Өзінің жазуы, мәдениеті, елдігі бар халық үшін тілден асқан байлық жоқ. Жалпы адам баласы өзінің ой-түйсігін, арман-тілегін сан қатпарлы сөз орамдары арқылы, сан алуан қимыл-әрекет, қимыл-қозғалыстар арқылы білдіретіні талассыз. Театр өнерінде сөз құдіретіне қимыл-әрекет, ым-ишара тізбегі қосылады, сахна төрінде белігі актер сөйлеп қана қоймай, ойнар рөліндегі кейіпкердің ір-әрекеті мен тыныс-тіршілігін, мінез-құлқы мен қым-қиғаш күрес-тартысын, жақсы көру, жек көру, қуану, өкіну сияқты сезім арпалыстарын басынан өткізеді. Сондай-ақ сахнадағы сөз сөйлеу іс-әрекет арқылы бір-бірімен тығыз байланыста болатынын жазған. Әрбір дбыстың сөзді құрап, сөз іс-әрекетті танытса, сөз өнерінің құдіреті де шаршы топта байқала танылады. Сахна тілін, сахна сөзін, шаршы топ алдында сөйлеудің талаптарын, сөз сазын жете меңгерген, зерттеген ғалымдарымыз сөз өнеріне толық анықтама беріп, оның әрбір қырын, сөз өнеріндегі дауыс ерекшелігін, сөздерді құрайтын мағыналы бөлшек дыбыстардың рөлін қарастырған. Күнделікті радио, теледидар үні ойымызда қаншалықты таза, анық, нақты, дәл сақталса, соншалықты есте қалып, санамызда сақталатыны белгілі. Актердің сахнадағы сөзі де, іс-әрекеті де бір-бірімен тығыз байланыста. Сахналық шығарманың танымдық, тәлімдік, эстетикалық, көркем шығарма болып жұмырлана туындауы үшін көрерменге көзбен көріп, құлақпен ұғынылатын болуы қажет. Көзбен көрінетін жағдаяттарына актердің ым-ишара, ишарат, мәзірет, жүріс-тұрыс, қимыл-қозғалыстары мен киім-кешек, құрал-сайман, актердің түр-тұрпаты, бет әлпетіне жаққан опа-далабы және т.б. техникалық құрал-жабдықтар тізбегі жатса, құлақпен ұғынылатын жағдайларға тіл, екпін, қарқын, ырғақты бірліктер сыйса керек. Мәтінді мәнерлі, әсерлі жеткізу үшін ұажетті материал көркем әдебиет болып есептеледі. Сондықтан, оқу техникасы фонетикамен, грамматикамен, орфоэпиямен, орфографиямен, стилистикамен ұштасып жатады. Яғни:

  • көркем әдебиетпен жиі шұғылдану;

  • шығармаларды, өлеңдерді көп оқу;

  • оларды терең таалдау; шығармалар арқылы көрерменмен тілдесіп, сырласу;

  • сөз әрекетін ашу;

  • сөз туғызу.

Сөйлеу техникасы өз дауысыңды толық меңгеруге байланысты. Сөйлеу шапшаңдығы, интонация, пауза, дикция маңызды рөл атқарады. Сахна тілінің мәденитте алатын орны өте басым. Тіл жүйесі бай болған сайын, сөйлеу құрылысы, оны жеткізу күрделене түседі. Сөздің тазалығы, нақтылығы, әдебі, дәлділігі сөзді халыққа жеткізуде жетекші рөл атқарып, сөз мәдениетін дамытатын бірден-бір өзекті нәрсе. Ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалар сөздік қорымызды сақтауда, оның өркендеп дамуына, көркеюіне зор үлес қосатын сахна мәдениетінің, сахна тілінің жоғары қажеттілікке ие екендігі айқын. Көпшілік қауымға арналған, мәдени маңызы үлкен өнердің ошағы театр, теледидар, кино салалары бір-бірімен тығыз байланыста дамып жатыр. Осыған байланысты сахнамен, көрерменмен бірге отырып, шынайы өмір құбылыстарына ой жүгіртіп, оған өз тұсынан баға береді.

Сахналық мәдениет халық творчествосының ізгі дәстүрлерімен ұштасып, жағымды қаһармандардың мінез-кейпін тереңірек ашып, халық өмірін шынайы, жан-жақты бейнелеуде. Сондай-ақ қазақ театр өнерінің биік белестерге көтерілуіне мол еңбек сіңірген Қ.Қуанышбаев, Ш.Айманов, С.Қожамқұлов, Р.Қойшыбаев , Р.Әуезбаев, Н.Жантөрин, Ы.Ноғайбаев т.б. театр саңлақтарының сахналық қойылымдағы тіл шеберліктері талданып, ғылыми тілге айналса, сахна тілі, сөз сазы, оның ерекшеліктері, заңдылықтары туралы зерттеу жүргізген Р.Сыздық, Д.Тұранқұлова, Р.Қаныбаеваның және т.б. ғалымдардың еңбектері келер ұрпаққа үлкен мектеп болатыны сөзсіз. Қазіргі сахнадағы сөйлеу – техникалық және шығармашылық кең көлемді сұрақтарды қамтитын театр өнері болып табылады. Сөзбен жұмыс істеу театр және теледидар, радио, кино тәжірибесінде нақтылық пен айқындылықтың нәтижесінде қалыптасып дамиды.

Тілтанушы, профессор Р. Сыздықова: «Сөйлеу мәдениеті дегеніміз – ауызша сөйлеудің жалпы тіл мәдениетіне қойылатын талаптармен қатар өзіне тән формалардың сақталуы болып табылады. Бұл нормада сөйлеу үлгісіндегі сөздерді дыбыстау, сөздің сазын келтіріп айту тәртібін айтады» [6. 45 б.] деген пікір айтқан. Тіл білімінде сөз сазының заңдылықтарын, ерекшеліктерін зерттеп, сахнада сөйлеудің мәдениеті туралы, сахнада әдеби тілдің орфоэпиялық нормасының сақталуын зерттеген Р.Сыздықтың еңбектері сөйлеу мәдениетінің дұрыс дамуына үлкен әсер етті. Ғалым әр дыбыстың ерекшелігін айта отырып, сахна төрінен орын алған туындыларды мысалға келтірген. Қойылымның жаны, жүрегі – тіл. Қазақ алфавитінде 42 әріп, дауысты және дауыссыз дыбыстар бар. Әрқайсысының атқаратын қызметі өз алдына. Оны алыста отырған көрерменге жеткізу үшін артист үлкен рөл атқарады. Актерлар халыққа тек өнер көрсетіп, эстетикалық ләззат берушілер ғана емес, сонымен қатар ана тілінің құдіретін танушылар, тіл үйретушілер. Бүгінгі қазақ сахна тілінің мәдениетін көтеруде, сахна қайраткерлерін дайындайтын оқу орындары мен театрларда жұмыс атқаратын өнер иелерінің қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларын жақсы игерулеріне күш салуы қажет. Қазіргі кезде де өнер адамдары арасында, оның ішінде, театр және кино актерлары, режиссерлар, сахна, теле-радио жүргізушілері, көркемсөз оқу шеберлері, әнші-вокалистер, сонымен қатар, мешіт имамдары мен уағызшылар, лекторлар мен мұғалімдер, адвокаттар мен соттар, қоғам қайраткерлері жалпы, сөз өнеріне қатысы бар мамандар арасында заман талабына сай мән берерлік машақатқа айналып отырған мәселе – сөйлеу мәдениеті. 

Бүгінгі сахна тілінің мәдениетін көтеруде, ең алдымен, сахна қайраткерлерін дайындайтын оқу орындары мен театрларда жұмыс істейтін өнер иелерінің қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларын жақсы игерулерінің күш салу міндетін арқалайды.

Қазақ тіл білімінің негізін салушы А. Бай­тұрсынов сөз мәдениетін – сөз дұрыстығы және сөз бедері деп екі топқа бөлді. Сөз дұрыстығына сөйлем ішіндегі сөздерді дұрыс байланыстыра отырып орнымен сөйлеуді жатқызса, сөз бедеріне сөздің анықтығын, тазалығын, дәлдігін айтты. Яғни, дұрыс, таза, анық, дәл сөйлеу арқылы сөз көркемдігі әуезділігімен, әдемілігімен, келісті болуымен анықталады деп көрсетеді. Ал, сахналық сөйлеу мәдениеті деп сахна тілі заңдылықтарын ұстана отырып ойлы, бейнелі сөздің айтылу техникаларын терең меңгеріп және шығарманың жанр­лық айырмашылығы мен стильдік ерекше­ліктеріне қарай сөз саптау мәнерін келтіріп айту тәртібі деуге болады.
Мысалы, драматургияда автордың идеясы болады. Шығарманы қоюшы режиссер автормен қатар өзінің де идеясын іске асыруды көздейді. Осыған орай, спектакльде ойнаған актер драма­тургтің идеясын, режиссердің мақсатын ескере отырып, қажетінше оны өзінің шеберлігімен дамытуға, шарықтау шегіне жеткізіп орындауға тырысып бағады. Осылайша, кағаз бетіне жазылған әрбір сөздің көрермен құлағына жеткенге дейін сан қырлы астары ашылып, қырланып, сараланып барып негізгі көздеген мақсатына жетуі сахналық тілдің заңдылықтары мен техникасына байланысты. Осы үдерістің жүзеге асуы және де сөздің негізгі атқаратын қызметінің орындалу деңгейі актердің құзырында екендігі анық. Сол себепті де тіл ғылымындағы сөйлеу мәдениетінен театр саласындағы яғни, сахналық сөйлеу мәдениетінің ара-жігі ашылып, жүгі ауырлап айқындалатын тұсы да осы жер.

Қ. Қуанышбаев, Е. Өмірзақов, Қ. Байсейітов, Қ. Жандарбеков, С. Қожамқұловтар жазып қалдырған еңбектерінде, шешендік өнердің өздері ойнаған рөлдеріне тигізген әсері жайында жақсы пікір қалдырғанын білеміз. Сондықтан да, сахна тілі ұстаздары сабақ кезінде шешендік сөздерді жоғарыда айтып кеткендей ой жеткізу, анық сөйлеу, астарлап сөйлеуге машықтану мақсатында немесе керісінше, демді, дауысты тәрбиелеу үшін материал (мәтін) ретінде де пайдаланамыз. Сахналық тілдің мәселесі уақыт өте келе күрделене түсуде. Ол қазіргі қоғамға сай дамуды қажет етеді. Тіл техникасын меңгеру өз алдына, оны актерлік шеберлікпен ұштастыра білу көп еңбек пен ізденісті талап етеді. Себебі, театр маманы М. Байсеркенов: «… сахнадағы тіл мәдениеті әлі күнге өрге баспай келе жатыр. Жалаң декламация, жалған пафос, құрғақ баяндау көз аштырмайтын болды. Сахнадан сөйлеген сылдыр сөзден көрермен мезі болып бітті. Асығып – аптығып, сөзінің аяғын жұтып жұлмалап, жұлқып сөйлеген жаралы сөздерді естігенде, жаның жабырқайды. Жалаулаған жасық сөздің жаныңа батқаны сондай – жадап-жүдеп, күйзелмеске шараң жоқ», – дейді [8, 253 б.]. Мәдениет алаңы – сахна болса, сөйлеу мәдениетінің ошағы – сахна тілі. Себебі, сахнада тоқсан ауыз сөзді тобықтай қып түйіндеп айту, кімге болсын оңайға түсе қоймасы анық. Жалпы айтқанда шешендік өнер, сөйлеу мәдениеті, тіл мәдениеті, сахна тілі, сөйлеу техникасы бір ұғымды білдіргенімен парықтары әр басқа. Дей тұрғанмен, осынау ағайындас-бауырлас салалардың бастарын біріктіретін, бір арнаға тоғыстыратын – сахналық сөйлеу мәдениеті. Театрдың негізгі мүшесі – актер. Ал, ак­тер­дің сахнадағы басты қаруы – сөз, сөз әре­кеті. Сахналық туындының идеялық мазмұн-мағынасы сөйлеген сөз арқылы жетеді деп, тіл танушы ғалымдар да бекер айтпаған. Сол себепті, театр өнерінің қажетті сұраныстарға сай дамып отыруына сөз өнерінің ықпалы айрықша болып қала бермек.



Актердің басты қаруы сөз және сөз әрекеті десек, ал сахналық әрекеттің рөлі тым басым. Сценическое действие (сахналық әрекет) – актерлік өнердегі негізгі тәсілдердің бірі. Сахналық бейне (спектакльде, концертте, репетицияда) негізінен актердің қимыл-қозғалысы мен әрекеті арқылы жасалады. Актер мәнерлі сахна әрекетінің көмегімен көрермендерге өзі орындайтын кейіпкерінің мақсат-мұраты мен ішкі жан дүниесін ашып жеткізеді. Әсіресе драмалық актер өнеріндегі маңызды мәселенің бірі – орындаушының көрерменге және әріптесіне арнайы айтқан сөз немесе сөз әрекеті болып табылады [5, 303 б.]. Қазақ тіл білімінің негізін салушы А.Байтұрсынов сөз мәдениетін: сөз дұрыстығы (сөз тұлғасын өзгертудегі түрлі жұрнақ, өз орнында қолдану, сөйлем ішіндегі сөздерді дұрыс байланыстыру); сөз бедері (сөзді анық, таза, дәл айту, талғап қолдану) деп бөле отырып, сөздің дұрыс, таза, анық, дәл айтылу үстінде толғау сөздің көрнекі болуы қажет, яғни сөз көркемдігі әуезінің әдемілігімен, кестесінің келісті болуымен анықталады деп атап көрсетеді. Кей адамдардың сөзі жұртты ұйытып, елітіп әкетеді. Дауыс сазы, дауыс әуені, сөйлеу әдебі айтылған сөзбен қабаттаса өріліп толығып тұрады. Дауыс адамды баурап сөзді құлпыртып, ажарын аша түседі. Ал қайсыбіреулердің сөзі де, дауысы да жағымсыз болып, тыңдаушысының бойына сіңбейді, оны мезі етіп жібертіні шешендік өнерде қарастырылған. «... әдеби тілдің ауызша түрдегі қызметі бүгінгі таңдағы қазақ қоғамының тіршілік тынысы үшін бұдан еш кем емес. Радио мен теледидардан қазақ тілінен берілетін хабарлар көбеюі қазақ тілінің ауызша түрін, яғни ауызша қолданылуын, айтылмақ ойды ауызша түрде білдіру тәжірибелерін жандандырады. Бұлардың ішінде радио, теледидар, театр, киноның орындары айрықша, өйткені олар ең кемі жүздеген, әйтпесе мыңдаған, кейде тіпті жүз мыңдаған адамдарды қамтиды. Сахнада айтылған сөзді бір спектакльдің өзінде жүздеген адам естиді, бір концертте айтылған ән мен көркем сөзді де жүздеген, мыңдаған адам тыңдайды, кинода да сондай. Демек жазба тілі сияқты, ауызша тілдің де қоғамдағы орны зор екенін өмірдің өзі де көрсетіп отыр»- деп пайымдаған профессор Р.Сыздық [6, 45 б.]. Әр сөзіңді анық, ашық етіп жеткізу, айтылатын ойды көрерменнің жүрегіне жол сала отырып жеткізу әркімге туа бермейді. Тек сөйлеу мәдениеті жоғары және сөйлеу техникасын жете меңгерген актер шығарманың идеясын, драматург туындысының қасиетін, режиссердің ойын тап басып жеткізе алады. Әдеби тілдің бірыңғай нормасына ұмтылу – тіл мәдениетінің бір белгісі болып табылады. Ал біздің қоғамымыздың сөйлеу мәдениеті тікелей біздің мемлекетіміздің тіл мәдениетіне әсер етері сөзсіз. Әдеби тілде сөйлей білу сөйлеу мәдениетін сахна тілімен байланыстырады. Сахнадағы сөйлеу мәдениеті туралы сөз болғанда, ең алдымен сөз мен тіл арасындағы айырмашылықты аңғарып, оның байыбын түсініп алған жөн. “Тіл” және “сөз” атаулары мен ұғымдары өзара тығыз байланысты және “сөз қызметі”, “мәтін”, “мәтіннің мазмұны” атауларымен және ұғымдарымен әрқашан әрекеттестікте. Сонымен, төмендегі анықтауларға назар аударып көріңіздер. а) тіл қарым-қатынастың белгілі механмзмі; қарым-қатынастың бірыңғай белгілі жүйесі мен жиынтығы; ә) сөз – тіл белгілерінің жүйелілігі; б) сөз қызметі – сөзді құрастыру үшін қажетті адам организміндегі психофизикалық жұмысының жиынтығы; в) мәтін – ауызша, жазбаша шығарма; сөзді және оның мағынасын қалыптастырып, сөз мағынасының туындаған ойды аяқтайды; г) мәтін мазмұны – адам санасын қалыптастыруға өзіндік әсер ететін және сөзбен берілген нақты ақпарат. Сөз – мәтіннің сыртқы көрінісі. Оның тек тілдік құрылымы ғана емес, оны ұйымдастыру қабілеті де бар. Сөз – тек, лингвистикалық қана емес, психологиялық және эстетикалық құбылыс. Сөздің немен және қалай байланысатыны туралы Д.Тұранқұлованың «Сырлы сөз – сахна сәні» атты еңбегінде мынадай ерекшелігін қарастырған: 1) сөз бен тілдің байланысы; 2) сөз бен ойлаудың байланысы; 3) сөз және түсінік байланысы; 4) сөз және әрекеттілік байланысы; 5) сөз бен адам және оның қабылдаушысы арасындағы байланыс; 6) сөз бен қарым-қатынас шартт байланысы [12, 34 б. ]. Сөз бен тілдің байланысы сөйлеудің көптеген қырларын түсіну үшін маңызды. Сөз бен ойлау үнемі байланыста және сөз ойлау қызметі процесіне бірлесе қатысады. Сөзде ой айқындалады, қалыптасады. Ал, түсінік ойлауға қарағанда кең көлемде. Сөз бен түсінік арасындағы байланыс сөздің мәнерлілігін, көп бейнелілігін, реттілігін, әрекеттігін түсінуге көмектеседі. Тіл мен тіл тазалығын, дәлдігін, анықтығын насихаттаушы актердің арасында үлкен байланыс бар. Бір-бірімен егіз ұғымдар іспеттес. Дәл осылай тіл мәдениеті мен тіл техникасы өзара байланыста. Әдеби тілде сөйлей білу сөйлеу мәдениетін тереңнен ұққанда барып айқындалады. Оған сахналық әрекет те, сөз сазы да, сөз әрекеті мен заңдылықтары да жатады. Қоғамымыздағы сөйлеу мәдениеті тікелей біздің мемлекетіміздің тіл мәдениетіне үлкен әсерін туғызады. Әрбір ұлт, ұлыс өз тарихын, салт-дәстүрін, мәдениетін қалай құрметтесе, өзінің ана тіліне де солай қарауы керек. Осындай сөздің қасиеті мен құдіретін терең түсіндіріп, ұғындырып, жүректен жүрекке жеткізіп оқытатын пәннің бірі және де бірегейі – сахна тілі болып табылады. Сахна тілі әдемі, таза, анық, шешен, мәдениетті сөйлеуге үйретеді, дұрыс деммен дыбыстауға, әуезді, жұмсақ, тартымды дауыспен сөйлеуге, сөздің аяғын жеп қоймауға, жақтың ашылуына көмектесетін пән. Бұның бәрі тек артисттерге ғана емес, сонымен қатар мұғалімдерге, дикторларға, журналистерге, әншілерге, лекторларға, адвокаттарға, соттарға, бүгінгі заман талабына сай жаңа мамандарға, яғни менеджер, интервьюер және т.б. маман иелеріне өте қажет. Қазақтың шешендік өнері – ұлттық ауыз әдебиетінің бір саласы ретінде қазақ фольклорының өзіндік бітім-болмысын айқындайтын, халық дүниетанымын көрсететін ерекше жанр. Ал әлеуметтік феномен тұрғысынан алғанда, шешендік дәстүр – белгілі бір әлеуметтік ортада, қоғамда, қалайда бір адами қағидаға байланысты туып, қалыптасып, айрықша тапқырлықпен, суырыпсалмалықпен, көркем тілмен айтылатын үлгілік ойлар, мұраттар, тұжырымдар үрдісі. Сахна тілі – сөз, тіл өнері. Мүсіншінің құралы – бояу, әншінің құралы – үн, бишінің құралы – қимыл болса, ал шешеннің құралы – сөз, тіл. Сөз сахна тілінің құрылыс материалы болып табылады. Қоғамдық сананың айрықша саласы – өнер десек, мұның жалпы адамзат мәдениетінен алар орны өзгеше, адамдардың парасат дүниесінде атқарар қызметі орасан зор. Сол өнердің көп салаларының ішіндегі ең бір қадірлісі, әрі қасиеттісі ол – сахна тілі болып есептеледі.

Сөйлеу мәнерімен қатар, сөйлеу техникасына да аса қатты көңіл бөлу қажет. Техника – тек әдемі үн, шыққан дем, анық сөз ғана емес, техниканың өзі үлкен өнер. Адамның ішкі дүниесін драма артисі сөз арқылы ашып, тек қана жай жаттап алған сөз емес, терең ой, үлкен сезім деп қарауы қажет. Өте тез сөйлейтін артист өзінің кемшілігін тек техника арқылы түзеуі мүмкін, Сол сияқты кейбір артистеріміз тек төменгі дауыспен сөйлейді. Ал ол тұрмыстық пьесаларды ойнай алса да, ешуақытта лирикалық нәзік ойларды жеткізе алмайды. Ондай артиске де бірден-бір ем – техникамен жаттығу керек. Сөз техникасы артист боламын деген адамның творчестволық диапазонын кеңейтеді, әрі рөлдің шебері етеді, іштей белсенді-шеберлікке үйретеді. Рөлді жасаудағы артистің негізгі құралы – сөз. Сондықтан да әрбір әріпке ерекше көңіл қою қажет. Яғни, дауысты да, дауыссыз да әріптерді оқып, тілді әбден жаттықтыруы керек. Сахна тілінің техникасына жаттығудан бұрын біз мынаны білуге ерекше көңіл аударуымыз керек. Техника қажеттігі сол, актер техникасыз сахнаның шын шебері бола алмайды. Актердің шеберлігі, өз ісіне шын берілгендігімен қатар оның дауысы да болуы шарт. Сондықтан да аса қажетті нәрсе – сахна тілінің техникасы, көркем сөз оқушы өзінің дарынымен, талантымен жандандырып, түрлендіре түссе, онда артистің нағыз шеберлігі сонда туады [12, 20 б.]. Сөйлеу техникасы адамның ішкі дүниесін сөз арқылы ашып, тек қана жаттап алу емес, терең оймен, үлкен сезіммен сезіну болып табылады. Кейбір актерлер тез сөйлейді немесе мәтінде не өлең жолдарын төменгі дауыстан бастайды. Ондай актерлер тұрмыстық пьесаларды ойнай алса да, лирикалық нәзік ойларды жеткізе алмайды. Адамның өмірі оның іс-әрекетімен, сыртқы тәрбиесімен ғана қызықты болмаса керек. Адамның адамдық қасиеті ішкі әлемінің байлығымен немесе жұтаңдығымен көрінеді, сонымен таразыланып бағаланады. Сонықтан да, көркем шығармалардың кейіпкерлері бізге өзінің дүниетану жөніндегі түсінігімен қымбат. Жааттығу жұмыстары үшін кейіпкердің алуан түрлі өмір құбылыстары жөніндегі жағымды-жағымсыз көзқарасы айқындалған, оның ішкі дүниесін ашып көрсететін әдеби мәтіндер, шығармалар аса маңызды. Жаттығу барысында өлең шумақтарын пайдаланудың маңызы зор. Өлең – еркін сөйлейтін жай сөздер түркесі ғана емес, ырғағы мен ұйқасы белгілі қалыпқа түскен, шумағы мен бунағына дейін белгілі тәртіпке бағынатын нақтылы сөздердің тізбегі, Абай айтқандай, “сөздің патшасы, сөздің сарасы”. Өлеңдегі толқындарымен шумақ пен бунақ та – бәрі де осында. Өлеңнің әр ырғағы мен бунағында көлкөсір сыр ұялап, сезім шалқып жатады. Өйткені, өлеңдегі әрбір дыбыстың мәні сөз мәнін әрі толықтырады, әрі ауыстырады.

Мысал келтірейік: Көк ала бұлт сөгіліп, Күн жауады кей шақта. Өне бойың егіліп, Жас ағады аулақта. Жауған күнмен жаңғырып, Жер көгеріп күш алар, Бас ауырып, іш жанар [13, 206 б.]. Бұл адамның көңіл-күйін табиғат құбылыстарымен салыстыра егіздеудің, яғни, психологиялық параллелизмнің классикалық үлгісі. Ақын жаздағы жаңбыр мен адамның көз жасын қатар суреттей отырып, екі түрлі шындықты танытады. Сол арқылы шынайы философиялық түйін шығарады. Сахна тілін дәріптеуде сөз өнерінің онымен байланысын, ерекщелігін екшелеп қарастырған. Өнер адамына дауыс техникасымен жаттығу керек екенін алға тартады. Ал, актер боламын деген адамға сөз техникасы: 1. Шығармашылық диапазонын кеңейтеді; 2. Әрбір рөлді шебер етеді; 3. Іштей белсенділікке және жігерлікке үйретеді; 4.Тіл мәдениетін толық меңгеруге мүмкіндік береді. Актердің өз дауысын меңгеруі оның тынысына, сөйлеу мөлшерінің қызметіне, интонацияға, сөйлеу шапшаңдығына, паузаға, дикцияға байланысты. Сөйлеген кезде сөздің ішіндегі, не болмаса, сөздердің аралығындағы дыбыстар бір-біріне әсер етіп отырады. Яғни, бір-бірінің ыңғайына көніп, өзгеріп айтылуы да мүмкін. Сондықтан да дыбыстар үндестігін сақтау – сөйлеп тұрған адамның құлағына жұмсақ тиіп, сөзіне әуенді үн береді. Актер болсын, көркемсөз шебері болсын сөзді, сөз құдіретін өздері ғана ұғынып қоймай, оны тыңдаушысының сезім түйсігіне жеткізе білуі керек. Дауысы жақсы болғанмен, сөзі анық болмаса, онда өнердің құндылығы жойылады. Адамдар арасындағы қарым-қатынастың қайнас өмір екендігін сахна арқылы жеткізе білу, сөз құдіретін түсініп сөйлеу үлкен өнер, қажырлы еңбекті қажет етеді. Сондықтан сахна өнерінің мәнін, заңдылықтарын зерттеген әлі де зерттеп жаңалықтар ашып жүрген ғалымдардың ең бірінші оырнға қоятын талабы – сөз техникасын терең меңгеру. Сөзбен жұмыс істеп, дауысты және дауыссыз дыбыстармен жаттығу жасаудың түрлерін көп көрсетеді. Сөз бен қарым-қатынастың арасындағы байланысты Дариға Тұранқұлова өзінің “Сырлы сөз – сахна сәні” атты еңбегінде қарастырып, сөздің қатынас сапаларына графикалық модуль құралатынын атайды. Бұл, өз кезегінде қандай қадамдар жасалатынын, ол қадамдардың жұмысын көрсетеді. Сөздің қатынас сапалары оның дұрыстығына, тазалығына, дәлме-дәлдігіне, ойға қонымдылығына, айқындылығына, бейнелілігіне, әрекеттілігіне, реттілігіне байланысты.

Тілдің қатынастық сапасының бірі – оның тазалығы болып саналады. Егер, құлықтылық нормасымен қабылданған әдеби тілге жат элементтер және тіл элементтері болмаса, онда тіл таза. Кейбір тілдің құралдары оның тазалығын бұзып жатады. Әдеби тілге жат және құлықтылық сұраныстарына байланысты тіл құралдарына вульгаризм жатады. Вульгаризм – адамның ар-намысы мен адамгершілік қасиетін, өмір құбылыстары мен қандай да бір заттардың айналасын білдіретін тұрпайы және дөрекі сөздер. Бұл сөздердің қатарына балағат сөздер және адамға тура, әдейі тіл тигізетін сөздер де жатады. Сонымен, сөздерді ластайтын тіл құралдарын түгендей отырып, оларды паразиттік сөздер деп те атауға болады. Ондай сөздерді жиі қайталау қарым-қатынас міндеттері де сөзді жат етеді. Әрбір әдеби тілде диалектілік сөз еріктілігін қорғаушылар әлі де бар. Олардың ойынша, жергілікті сөздер оны “халықтық” етеді. Ал, халықтық тілді әдеби тілге қарама-қарсы қоюға болмайды, әсіресе қазіргі кезде. Қоғамымызда барлық топтардың мәдениетінің қарқынды өсуі жағдайында, халық тілі жоғары жалғыз тіл болып қалмақ. Әдеби тілдің формасы бар. Олар кітап жазбаша және әңгімелеу ауызша. Халықтық сөздік шығармашылығы әдеби тілде оның нормаларын бұзбай өз шегінде барынша кең ағыспен өтуде. Әдеби тілдің ауызша және жазбаша  түрін қатар дамытып, оның қоғам  өміріндегі қызметінің өрістей  түсуіне мүмкіндік жасау, түрлі  ауытқулардан арылтып отыру, небір күрделі ойдың әр қилы нәзік айырымдарын тіл арқылы дәл, анық жеткізе білуге көпшілікті тәрбиелей түсуге т.б. тіл мәдениетін көтеру деген ұғымды білдіреді. Тіл мәдениеті мен сөз мәдениеті деген терминдер қазір бір-бірінің орнына қолданылып та жүр. Ал Н.Уәлиев:«Тіл мәдениеті дегеннің ұғымы кең.Ол көбіне-көп қарым-қатынас құралы болып табылатын, тілді жетілдіре беру,ұштай түсумен қатар сөз шеберлігі, сөйлеудегі  әдептілік тәрізділерді де қамтиды. Әсіресе, соңғы ұғымдарға қатысты қарасақ, сөз мәдениеті дегеніміз қарым-қатынас құралын қалай игеріп, өмірде қалай пайдаланып жүрміз, оның әрқилы амал-тәсілдерін дұрыс, дәл, тиімді қолданып, мазмұнды, әсерлі етіп жұмсай алдық па дегенге саяды», - дей келе, сөз мәдениеті алдымен әдеби тілдің грамматикалық, лексикалық, орфографиялық нормаларын меңгеру, сонымен бірге бейнелеуіш, көріктеуіш амал-тәсілдері қарым-қатынас жасаудың мақсаты мен мазмұнына сай етіп қолдана білу дегенді білдіретіндігін, тіл мәдениеті мен сөз мәдениеті мәселелері ажыратып көрсетеді [14, 16 б.]. Әдеби тіл нормасы – сөзді  дұрыс қолданудың, грамматикалық  амал-тәсілдерді дұрыс пайдаланудың көпшілік таныған, тіл тәжірибесінде сыннан өткен қағидалары. «Тіл мәдениеті» әдеби тіл нормасы туралы білім саласы ретінде пайда болғаны мәлім. Тілдік норма - әдеби тіл туралы ұғымның ең негізгі элементі. Ал әдеби тілдің нормасы дегеніміз не? Бұл жайында түрлі зерттеулер әр қилы пікір айтылып, әр түрлі анықтама беріліп жүрсе де, табиғаты күрделі бұл құбылыстың сыры толық ашыла қойған жоқ.



Жаңа уақытта әдеби тілдің даму тенденциясының ең күштісі – нормалардың күшеюі болып табылады. Бұл тенденцияның қимылымен және оның соңында тұрған қоғам сұранысымен, әдебиетшілер мен қоғам қайраткерлерінің, оның тазалығы барысындағы күресімен түсіндіріледі. Бұл жерде лексика және лексикалық семантика көлемінде ғана емес, сондай-ақ дыбысты айту, екпін, сөзді жасау, мифология және синтаксис сияқты тіл нормаларын еске алған дұрыс. Ал, диалектизмге тосқауыл қоюды тіл нормалары қызметінің нәтижесі деп түсінген дұрыс. Әрине, диалектизм туралы сұрақтар мен оның мүмкіндіктерін әдеби сөйлеуде қолдану оңай емес. Жергілікті тұрғындармен, белгілі бір уақытта болатын оқиғамен байланысты айқындалатын сөйлеу ерекшелігін құру үшін суретшіге тіл элементінің облыстық сөздері қажет. Біріншіден, жергілікті сөздер көркемдік мақсаттылықты талап етсе, ол ең алдымен автор сөзінде емес, кейіпкер сөзінде болуы керек. Екіншіден, диалектизмнің көркемдік стилі тыс болса, қажетсіз болып қалады, яғни журналистің ғылыми мақалаларында немесе корреспонденцияларында бақылау және бейнелеу тақырыбы болса, әдеби тілде диалектизмді қолдану, диалектизм есебі арқылы сөздерде тілдің бірқатар сұранысын қанағаттандырумен түсіндіріледі. Тіл тағдыры сол немесе басқа бейненің басынушылығына тәуелді болмайды. Тілдің сенімді және шын берілген қорғаушылары бар: олар – рухы, данышпандығы. Әдеби тілдің байыбына барудың тағы бір қайнар сөзі – жаргондар болып табылады. Жаргондар – өзіндік түрде тілдің әлеуметтік кіші варианттары. Жаргондар шағын әлеуметтік топтың ішкі қарым-қатынас құралы ретінде қажет. Сондай-ақ олар осы топтың қоғамдағы ішкі үлкен әлеуметтік ұжымның қатынас құралыретінде де қызмет жасай алады [12, 37 б.].

Сөйлеу әрекетінің вербалды түрі: ауызша және жазбаша болады. Ал сөйлеу әрекетінің типтері мынадай белгідерге орай ажыратылады: 1. Қарым-қатынас шарты: а) тікелей қарым-қатынас, белсенді кері байланыс арқылы және пассивті кері байланыс б) көпшілік ортадағы қарым-қатынас (мысалға, радиодан, теледидардан сөйлеу) 2. Қатысушылар саны: а) монолог (бір адамның сөйлеуі) б) диалог (екі адамның сөйлеуі) в) полилог (бірнеше адамның сөйлеуі) 3. Қарым-қатынас мақсаты: а) хабармен танысу б) түсініктеме беру в) сергу 4. Жағдайдың сипаты: а) іскерлік қарым-қатынас (баяндама, дәріс, пікірталас) б) тұрмыстық қарым-қатынас (жақын адамдармен әңгімелесу) Сөйлеу қарым-қатынас мақсатында қызмет ететін сөйлеудің бөлігі. Сөйлеу – бұл тілдік құбылыс. Сөйлеу кезінде тілдің барлық бірліктері жұмсалады. Сөйлемнің әр түрі бар. Сөйлеудің дыбыссыз, сөзсіз, интонациясыз жасалмайтыны белгілі. Қарым-қатынастағы жетістік сөйлеумен психологияны, логиканы байланыстырып, тиімді пайдалана білуге байланысты. Тыңдаушыға ақпарат тек тіл арқылы жететіндіктен айтып тұрған адам үнемі жеңіске жете бермейді, берілген ақпаратты тез, әрі дұрыс таңдай алған тыңдаушы ғана дәлелді оймен кері жауап бере алады. Сөйлеу өте күрделі, жеке адамдардың арасындағы өзара түсінісу, пікір, хабар, ақпараттармен алмасу мақсатында қызмет етеді. Сөйлеу процесі арқылы адам өзінің өмірге, қоғамға деген көзқарасын, білімін, тәжірибесін байытады. Ойдың қаруы-сөз екені белгілі. Сөз арқылы алуан түрлі ойлар туындайды, әрекетке түседі. Сөзді қабылдау мен ұғыну бір-бірімен тығыз байланысты процесстер. Сөзді дұрыс қабылдау, ұғыну зейнмен, түйсікпен байланысты. Қабылдау мен ұғыну, түсіну мен оны қорытып жеткізуде дауыс сазының өзі әртүрлі қызмет атқарады. Сахналық дискурста кейіпкерлердің ойын жеткізуші актердің де сөйлеу әрекетінде екі түрлі сипат болады. Бірі-сөйлеудің, ойдың мазмұндылығы; екіншісі-оның мәнерлілігі. Сахнадағы актер сөйлеудің қызметін дұрыстап атқаруы үшін ой мен зейін қатар жұмыс істеп тұру керек. Сөйлейтін сөз, айтылар ой, мазмұн сахнада сазына келтіріле оқылмаса мәнін жояды. Сөздің сазына келтіріле оқылуы дегеніміз көрерменге жеткізілетін ойдың айқындығы мен дәлдігі. Сөздің, ойдың мәнерлілігі дегеніміз – адамның сөйлеу кезіндегі өзінің эмоциясын білдіруі, яғни әрбір сөзді, сөйлемді тіпті жалпы ойын өзінің сазымен, бояуымен айтуы, интонациясын дұрыс қоя біліп айтуы дегенді білдіреді. Тіл арқылы ойымызды екінші біреуге жеткізуді сөйлеу, диалогты сөйлеу деп атаймыз. Сахнада образдар сөйлегендіктен олардың пікір алмасуы күнделікті тұрмыстағы тілдесімнен мүлде өзгеше. Сахнадағы дискурста да диалог тыңдаушы мен сөйлеушінің қарым-қатынасынан құралады. Егер сөйлеушілердің бірі сөзін тоқтатса диалог монологқа айналады. Егер екеуі де тоқтатса, қарым-қатынас тоқтайды. Диалогқа қатысушының әрқайсысының сөйлеу әрекеттерін тактіге бөлуге болады. Бірінші такты-сөйлеу, екінші такті-үнсіздік. Бұл тактілер үнемі алмасып отырады. Және де сөйлеу мен үнсіздік үнемі бір-бірімен алмасып отырады, бұл диалогтің әуенді процесс екендігін дәлелдей түседі. «Әрбір қарым-қатынастың мақсатына байланысты сөйлесім ерекшеліктері бар. Сөйлеудің негізгі белгілері сөйлеу әрекеті үстінде көрінеді. Оларға: 1) сөйлеуші мен тыңдаушының міндетті қатысы, яғни диалогтік белгі; 2) дайындықсыз еркін түрде жүзеге асуы; 3) тақырыптың әр алуандығы; 4) сөйлеу жағдаятының тәуелділігі; 5) дайын сөйлеу құрылымдарының болуы жатады. Қатысым эмоция мен сезімдерге толы адам қоғамында, адамдар арасында жүзеге асатындықтан, сөйлесімнің тек хабарды жеткізіп, сөйлеуші адаммен байланысты белгілерді жеткізбеуі немесе сөйлесім мазмұнында сөйлеушінің эмоциясы, белгілі құбылысқа қатысты жасалатын қорытындылары, көзқарасы қамтылмауы, берілмеуі мүмкін емес. Адам тілдік таңбаларды өзара түсінісу үшін ғана емес, тыңдаушының қызығушылығын оятып, оны әрекетке итеру үшін де қолданады. Яғни тіл бірліктері хабарды жеткізуші құралдар қызметін атқарып қана қоймай, тыңдаушыға ықпал, әрекетке итеруші құралдар ретінде де жұмсалады» [7, 24 б.] делінген. Сахналық тілдің мәселесі уақыт өте келе күрделене түсуде. Қағаз бетіне жазылған әрбір сөздің көрермен құлағына жеткенге дейін сан қырлы астары ашылып, қырланып, сараланып барып негізгі көздеген мақсатына жетуі сахналық тілдің заңдылықтары мен техникасына байланысты. Қорыта келе, сөйлеу мәдениеті, тіл мәдениеті, сахна тілі, сөйлеу техникасын тоғыстыратын арна – сахналық сөйлеу мәдениеті. Сөйлеу мәдениеті дегеніміз – ауызша сөйлеудің жалпы тіл мәдениетіне қойылатын талаптармен қатар өзіне тән формалардың сақталуы болып табылады. Бұл нормада сөйлеу үлгісіндегі сөздерді дыбыстау, сөздің сазын келтіріп айту тәртібін айқындау басым келеді. Ғалымдардың пікірін саралау, сахна тілінің ерекшелігін танытуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, сөзді сазына келтіре айту, қиюын қиыстыра жеткізуде тілдік бірліктер негізгі рөл атқарады. Қазіргі сахнадағы сөйлеу – техникалық және шығармашылық кең көлемді сұрақтарды қамтитын театр өнері болып табылады. Сөзбен жұмыс істеу әдісі және сахнада сөйлеу өлшемі – бүгінгі нақтылық пен айқындықтың нәтижесінде қалыптасып, дамитын театр тәжірибесі.

Актердің сөз сөйлеуі ғана емес, жалпы өзін-өзі ұстауы, жүріс-тұрысы, отырысы, денесін ұстауы т.б. барлығы үйлесімді болуы керек және бұл үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сахна тілінің сөйлеу техникасы дене, қимыл қозғалыстарына да тікелей байланысты. Біз тыныстау, дауыс және дыбыс мүшелері қызметін жүйелеу арқылы ойымызды екінші біреуге сөзбен жеткізе аламыз. Осы үшеуінің өзара қарым-қатынасы нәтижесінде орталық жүйке жүйесі де реттеліп отыратыны сахна теориясында қарастырылған. Яғни, сахна өнеріне интонациядан басқа ішкі, сыртқы көптеген факторлар әсер ететінін жоққа шығара алмаймыз. Сөз автордікі болғанымен, сөз астарын ашатын күш артистің дауыс шеберлігінде. Әдеттегі сөзді мәнерлі әрі қарапайым сөйлеу мен сахна сөзінің айырмашылығы жер мен көктей. Сахнадағы сөздің өз заңы, өз ережелері бар. Дегенмен де актер тек сөйлеу техникасына сүйеніп қоймау керек, онымен өзінің ойы мен сезімімен, ақылымен ұштасқан дауысы үндесіп келуі керек. Интонация арқылы сөйлеп тұрған адамның хал-ахуалы мен оның айтылып тұрған ойды, жағдайды қолдайтын-қолдамайтыны, оған қуаныш-ренішпен, не мысқыл сезіммен қарайтыны анықталады. Интонация сөйлемдердің түрлерін түзуде олардың синтагмаларын ажыратып, сөз тізбектерін синтаксистік қызметі мен мазмұнына қарай топтастырып түсінікті ететін, түйіндеп айтқанда, сөйлемдерді адам қоғамының қатынас құралына айналдырып, адамдардың бір-бірімен түсінісуін қамтамасыз ететін негізгі құралдардың бірі деп санауымызға тура келеді. Оқушылардың төмендегі бағыттарды іске асыра отырып, білім жүйесінде тілдік ерекшеліктерді дамытуға үлес қоса алады. Жобаның мақсатына сай таза, нақты, дұрыс сөйлей білу деңгейін көтеру болып табылады.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет