Артур Шопенгауер (1788-1860 ж.ж.) - Данциг қаласында бай саудагердiң жан-ұясында дүниеге келедi. Геттинген мен Берлин қалаларында философиялық бiлiм алады. Негiзгi еңбегi “Дүние ерiк пен елестету ретiнде² деген атпен 1844 ж. жарық көредi. Берлин университетiнде 1819 ж. оқыған лекциялары ешкiмдi қызықтырмайды. Сондықтан ол өмiр бойы әкесiнен қалған капиталдың жылдық пайыздарын жұмсап өз замандастарынан оқшау да жаңғызiлiктi өмiр сүредi. Өмiрiнiң соңғы 10 жылында ол даңқтың шапағатына да ие болады. Бiрақ, нағыз атақтылық оған ХХғ келедi.
Шопенгауердiң ойынша, Дүниенiң негiзiнде өмiр сүруге деген бiтпейтiн iңкәрi бар Әлемдiк Ерiк жатыр. Сонымен, материя, табиғат заты, атом, сана, рух т.с.с. бұрынғы философтардың жатқызған дүниенiң негiздерiн ысырып тастап, ойшыл “ерiк² ұғымын дүниенi түсiнудегi негiзгi категорияға айналдырады. Бұл ұғымның тарихына көз жүгiртсек, көне заманда “сана² мен “ерiк² категориялары әлi бiр-бiрiнен бөлiнiп алынған жоқ-ты. Мысалы, Сократ адамдардың жүрiс-тұрысы мен iс-әрекеттерiндегi келеңсiз жәйттер оларды бiлмегендерiнде деген пiкiр айтқан болатын. Егер адам жамандықты бiлетiн болса, онда ол оған бармайды. Алайда, Орта ғасырда өмiр сүрген ұлы христиан философы Августин мұндай көзқарасты толығынан терiске шығарады. Жамандықтың не екенiн бiлсем де, соған қарай менi тартады, мен соны iске асыруға ынтықпын,- дейдi ұлы ойшыл. Өйткенi, ақыл-ой - бiледi, ал ерiк - таңдайды. Мiне, осы сәтте Августин сана мен ерiктiң екi түрлiлiгiн айқын көрсетедi. Дiни ойшыл адамның Құдай алдындағы күнәкәрлiгiнiң негiзгi себебiн ерiктiң алғашқы көрсетiлген түзу жолдан ауытқуынан табады.
Жаңа дәуiрде немiс философиясының шеңберiнде Кант практикалық зерденiң үстемдiгiн көрсете келiп, оның негiзiн ерiктiң бостандығынан көредi. Канттың бұл идеясын Фихте әрi қарай дамытып, “Меннiң² ерiктi iс-әрекетiнен Дүниенiң пайда болуының рухани қайнар көзiн көредi. Қалай айтқанда да, Шопенгауерге дейiн ерiк категориясы ерекше түрде алынып Дүниенiң негiзiне жатқызылған жоқ-ты.
Сонымен, Шопенгауердiң ойынша, Дүниенiң негiзiнде жатқан Ерiк - ол бiреу және одан басқа ешнәрсе жоқ, бiрақ ол өзiнiң өмiрдегi құбылуында шексiз сан-алуан болып көрiнедi. Ол - өзiнiң толық еркiмен теңелетiн бейтұлғалық орасан зор құдiреттi күш. Ол бейсаналы болғаннан кейiн өзiнiң мәңгiлiк қалыптасу, мақсат-мұратсыз өмiрге ынтық болу барысында неше-түрлi залымдықты тудыруы мүмкiн. әлемдiк ерiктiң ешқандай себебi, белгiлi бiр негiзi болмағаннан кейiн ол ешқандай заңдылықтарға бағынбайды. Өзiнiң өмiрде болуға деген iңкәрiнiң негiзiнде ол бүкiл дүниенi тудырса да оған ешқандай тәртiп, жоспар сияқты нәрселердi әкеле алмайды, керiсiнше, ол заттарды бiр-бiрiнен бөлiп, қиратып, қарсы қойып, оған тағы да қанағаттанбай, өзiнiң шексiз iзденiсiн, күресiн жалғастыра бередi. Ол ызаға толы, не iстеу керектiгiн бiлмегеннен кейiн өзiн-өзi тырнап жыртып жатқан жануарға ұқсайды.
Ендi әлемдiк Ерiктiң тудырған дүниесiндегi оның көрiнiстерiне назар аударсақ, олар - өлi табиғаттағы дүниежүзiлiк тарту, магнетизм, химиялық қосындылар т.с.с. табиғат күштерi. Тiрi табиғатта - тiршiлiктер формаларының өмiрге деген еркi, сол үшiн өзара бiр-бiрiмен күресi, өмiрдi жалғастыруға бағытталған жыныс инстинктерi, адам өмiрiндегi ешқашан да ойдағы нәтижелерге әкелмейтiн саналы талпыныстар, бейсаналық түрде пайда болатын әр-түрлi сезiм толқындары т.с.с.
Бiрақ, қандай да болмасын өмiрдегi құбылыстарды тудырса да, олар күрделенiп саналы түрде сезiнiлген сайын әлемдiк Ерiк оларға қанағаттанбай, өзiн зардап шегiп, азапқа толы, бақытсыз ретiнде сезiнедi. Мысалы, адам өмiрiнiң деңгейiндегi ерiктiң көрiнiсiне келер болсақ, онда мынаны байқауға болады - егер адам ой өрiсi мен адамгершiлiк тұрғысынан қатты дамыса, соғұрлым оның өмiрде неше-түлi қайшылықтарға келуi көбейiп, зардап шегуi де өседi. әлеуметтiк өмiрде көре алмаушылық, надандық пен екiжүздiлiк жиi кездеседi. Адамдардың өмiрi жетiспеушiлiк пен үрейге, қайғы мен қасiреттерге толы. ґмiрге келген жаңа ұрпақтар өткендердiң қаталарын тағы да қайталайды, адамгершiлiгi жоқ адамдар қоғамды билейдi, ғылыми жетiстiктер залымдық жолында жұмсалады. Ал, моральдық салаға келер болсақ, соңғы ғасырларда онда ешқандай алға жылжушылық болған жоқ - езiлу, зардап шегу, қантөгiс, қатыгездiк осы уақытқа шейiн азайудың орнына көбейiп келедi. Мәңгiлiк алаңдаушылық пен тұрақталынған адамдардың бiр-бiрiне деген сенбеушiлiгi өмiрдi шырмап алған.
Әрине, Шопенгауердiң жоғарыдағы көрсетiлген қоғам өмiрiндегi келеңсiз жәйттер жөнiндегi ойларын бiз сырттата алмаймыз. Керiсiнше, оның санын бүгiнгi өмiрге қарап өсiртуге де болар едi. Өмiр алдына үлкен мақсат- мұраттар қойып, соған жету жолында неше-түрлi “тар жол, тайғақ кешуден² өтпеген адам бiрде-бiреу болса керек. Бұл өмiрдiң трагикалық диалектикасын өмiрден әсiресе көп зардап шеккен қазақ халқы “орындалмайтын арман², “жалған², “дүниенiң төрт құбыласы ешқашанда бiр-бiрiне тең емес² т.с.с. ойлармен берiп, нағыз бақытты өмiрдi о дүниедегi жұмақтан iздеген болатын.
Сонымен, Шопенгауердiң ойынша, зардапқа толы дүниенiң негiзгi күнәкерi - әлемдiк Ерiктiң өзi. Бiрақ, оның санасы болмағаннан кейiн ол өз iстерiне жауап бере алмайды, тек қана мәңгiлiк бiр трагедиядан өтiп екiншiге т.с.с. ауыса бередi. Бұл арадағы бiр үмiт - Әлемдiк Ерiк сананы тудырған ғарышты дүниеге әкелдi. Мiне, дүниенiң ажырамас бiр бөлiгi ретiндегi адамдардың өзi ғана сол әлемдiк Ерiкке қарсы шығып оны таратуы керек, сонда ғана дүниенiң зардабы тоқтатылады. Ол үшiн адам өзiнiң өмiрлiк күш-қуатын, өз бойындағы еркiн сол дүниенi тудырған әлемдiк Ерiкке қарсы қойуы қажет. Ал мұның өзi ең алдымен адамдардың философиялық таным арқылы әлемдiк Ерiктiң терең мәнiн зерттеп- бiлуiмен тығыз байланысты. Содан кейiн адам екi сатыдан өтуi керек. Алғашқысы - эстетикалық аңлау, соңғысы - моральдық жолмен жетiлу.
Эстетикалық аңлауға келер болсақ, Шопенгауер Канттың айтып кеткен пiкiрiн қолдап, оның риясыздығына аса көп көңiл бөледi - онда ешқандай өзiмшiлдiк сезiм, я болмаса пайдақорлық ойлар, мүдделер болмауы керек. өнердi игерудiң негiзгi мақсаты - адамның жан-дүниесiн өзiмшiлдiктен шығатын зардаптан құтқарып, оны тыныштыққа бөлеу. ґнердiң түрлерiн талдай келе, Шопенгауер мүсiн мен сурет - кеңiстiктiң, ал әуен мен поэзия - уақыттың шеңберiнде ғана өмiр сүре алады дейдi. Бұлардың бәрi де өз мүмкiндiгiнше әлемдiк Ерiктi сиппатайды, бiрақ, әуеннен терең өнердiң түрi жоқ. Өйткенi, әуенде оны шығарушы, орындаушы мен тыңдаушының арасындағы айырмашылық мүлдем азаяды. Өзiнiң ең биiк жетiстiктерiнде әуен әлемдiк Ерiктi ақылмен түсiндiрiлмейтiн құпия жолмен бiздiң жан-тәнiмiзге сезiндiредi. әрине, Шопенгауердiң бұл ойлары Шеллингтiң көзқарасына жақын екенiн байқауға болады. Тек Шеллинг әуендi, әсiресе, оның симфониялық түрiн, Абсолютке жетудiң жолы деп есептеген болатын. Ал Шопенгауердiң дүниесезiмiне трагикалық музыка (реквием сияқты) жақынырақ болды - тек қана осы әуендер адам болмысының қайғылығын, трагедиясын жете сезiндiре алады.
Әлемдiк Ерiкпен күрестiң екiншi жолы - этикалық. Егер дүниедегi барлық зардаптың түп-тамыры Ерiкке барып тiрелсе, оны жою моральдық жағынан алып қарағанда - ақталатын нәрсе. Ал адам саналы пәнде ретiнде өз iшiндегi ерiктi жою арқылы әлеуметтiк Ерiктi тарата алады. Ол ұшiн Шопенгауер адамдарға “категорикалық императив (ұзiлдi-кесiлдi талап) ² ұсынады: “өзiңе қалайтынның бәрiнен де бас тартып, қаламайтыныңды жаса². Бiр қарағанда ол ақылға симайтын нәрсе сияқты. Бiрақ, оның негiзiнде жатқан мағна мынада: ол - адамның өмiрге деген қызығушылығын, соған бағытталған еркiн сөндiру. Ол үшiн адам аскетикалық өмiр салтын ұстап, басқалардың зардабын бөлiсiп, өзiнiң жан-дүниесiнде ешқандай да өзiмшiлдiктiң жұрнағын қалдырмай құрту керек. Сонда ғана адам өмiрге деген қызығушылықтан толығынан арылып, өзi сияқты жердегi бақытқа жетуден бас тартқан адамдармен бiрiгiп, басқа адамдардың зардабын, қайғысын жеңiлдетуге тырысады. Бұл көзқарас үндi халқының тудырған “нирвана², көне Грек философтарының “атараксия² деген ұғымдарына өте жақын.
Әрине, Шопенгауердiң дүниеге деген көзқарасында өз заманының көп терiс жақтары әшкерленген. Бүгiнгi таңда адамзат ол қайшылықтардың бәрiн шештi деп айта алмаймыз. Керiсiнше, Шопенгауердiң көрсеткен терiс құбылыстары етек жайып, әрi қарай өршiп бара жатқанға ұқсайды. ХХ ғ адамзаттың қолы жеткен ғажап ғылыми жетiстiктерiнiң негiзiнде пайда болған болашақ жөнiндегi романтикалық көзқарастар бүгiнгi ХХ1 ғ басында тек қана ауыр күрсiну пен өкiнiштен басқа еш сезiм тудырмайды. Жақында ғана Үндi мен Пакистан елiнiң арасындағы қайшылықтар ядролық қарудың қолданылуына әкелуi мүмкiн деген үрейдi тудырып қоғамдық ақуалды дүр сiлкiндiрдi. Жер бетiндегi экологиялық жағдай бiрте-бiрте өршiп жыл сайын глобальдық дағдарысқа қарай әкеле жатыр. Уақытында немiс халқының заңды түрде берген дауысын алып билiкке келген Гитлер адамзатты қандай қантөгiске әкелгенiн оқырман жақсы бiледi. Бiрақ, бұл трагедиядан адамзат сабақ алды ма? Өкiнiшке орай, -“Жоқ²,- деп жауап беруге тура келедi, өйткенi, бүгiнгi таңда байлығымен масаттанған бiршама Батыс елдерiнде ұлтшылдық қозғалыстар тағы да бой көтерiп, басқа елдерден келген адамдарға қысымшылдық жасалуда. Расында да, Шопенгауер айтқанындай, тарихтағы трагикалық қателiктер тағысын-тағы қайталана бередi!!! Адамзаттың моральдық-адамгершiлiк тоқырауына қарап оның аспанға, тазалыққа тартатын рухынан гөрi дене қажеттiктерi, күңгiрт инстинктерi, ләззәт алуға деген еркi басым ба деген ой келедi. Бұл айтылған ойлар мен толғаныстар Шопенгауердiң қозғаған көп мәселелерiнiң бүгiнгi таңдағы өзектiгiн көрсетедi.
Сонымен қатар, Шопенгауердiң “ғарыштық пессимизмiне² толығынан қосылуға болмайды. әсiресе, оның философиясының негiзiнде жатқан қағидасына. Расында да, егер бұл Дүниенi тудырған бейсаналық ессiз Ерiк болатын болса, онда бұл дүниенiң неге заңдылықтары, қисыны, тәртiбi бар? Егер адамдар осы орасан-зор шексiз ғарыштың туындысы болса, олар өз көлемi мұхиттың iшiндегi бiр тамшыдай бола тұрып оны қалайша тарата алады? Мұндай сұрақтардың санын әлде де көбейте беруге болар едi. Ал олардың бәрi де Шопенгауердiң философиясының негiзiнде жатқан қағидалардың әлсiздiгiн, жалғандығын көрсетедi.
Ал ендi адам тағдыры мен өмiрiне келер болсақ, әрине, Homo Sapiens - ғарыштың ғажап туындысы, “ұлы мәртебелi табиғаттың² тудырған ең әсем гүлi, ол адам арқылы өз-өзiн сезiнiп, түсiну дәрежесiне көтерiледi. Бүкiл Дүниенi шырмап жатқан қайшылықтар адам жүрегiнен де өтедi. Бұл Дүниеге келген адам өз өмiрiнiң шеңберiнде жақсылық пен жамандықтың да дәмiн татады, көпшiлiк жағдайда, өкiнiшке орай, зардаптың салмағы бақытты өмiрден гөрi басымырақ болады. әсiресе, бүгiнгi жағдайдағы сияқты өтпелi дәуiрлерде өмiр салты, рухани құндылықтар қайта қаралып жатқан кезде көп қиындықтарды бастан өткiзуге тура келедi. Ал бұлардың өзi, Шопенгауердiң айтқанындай, өмiрден бас тартуға әкелуi керек пе?! - Әрине, жоқ. Есi дұрыс адам өмiрдi бағалап, оның қызығына тоймайды - ол бiзге берiлген ең құнды бағасы жоқ сый. ґмiрдегi залымдықтың түп-тамыры толыққанды өмiрге бiрдеңенiң жетiспей тұрғандығынан шығады. ұлы Гегель айтқандай,- бұл дүние өзiнiң ұғымына толығынан сәйкес келмейтiн бiрдеңе. Бiрақ, соның арқасында өмiр, талпыныс, жетiлуге деген құмар бар. Бақыт дегеннiң өзi адамның алдына қойған мақсаттарын iске асырып, өзiнiң арнасынан шығып тасуымен байланысты болса керек. Бiрақ, өзеннiң көктемдегi тасып, содан кейiн өз арнасына қайтып оралғаны сияқты, орындалған арман келесi сатыда адамның алдына жаңа мақсат-мұраттарды әкелiп, тағы да оның талпынысын тудырады, осы жолда ол тағы да қаншама iзденiс, қиындықтар, зардапты өз басынан өткiзедi десеңiзшi?! Бүгiнгi өтпелi қоғамда орасан-зор қиындықтарға қарамастан қаншама адамдар өзiнiң белсендi iс-қимылдары арқылы жаңа өмiрден өз орнын тауып жатыр! Бүгiнгi қиындықтармен қатар өмiр бiздiң алдымызға бұрынғы-соңды тарихымызда болмаған мумкiндiктердi тудырып отыр. Оларды iске асыру үшiн талпыныс, жақсы оқып бiлiм алу, өмiрдi шығармашылықтұрғысынан игеру, қиындықтарды жеңе бiлу қажет. Өмiр деген - өнер. Олай болса, күнбе-күнгi қарапайым қиын өмiрдiң өзiнен қуанышты, таңғаларлық нәрселердi, iзгiлiк пен әсемдiктi, махаббат пен нәзiктiктi iздеп тауып, содан нәр алып өзiңдi бақыттымын деп сезiнуге болады. Тек оған ұмтылу, оны қалау қажет.
Қорыта келе, Шопенгауердiң философия тарихында өз орны бар ұлы тұлға екенiн айтып өтуiмiз керек. Ол болашақ ХХ ғ пайда болатын көп қайшылықтарды, әсiресе адам өмiрi мен тағдырына байланысты көп ойларды көтерiп, болашақ ғасырда ықпалды “өмiр философиясы² аталған ағымның негiзiн қалап кеттi. Олардың бәрiн бiз келесi тарауда талдаймыз. Оның алдында тағы да ХХ ғ философияға өзiнiң зор әсерiн тигiзген тұлға-дат философы С.Кьеркогердiң шығармашылық еңбегiне тоқталсақ деймiз.