Дипломдық ЖҰмыс мамандығы 050104 «Бастапқы әскери дайындық»



бет3/22
Дата02.05.2020
өлшемі1,05 Mb.
#65452
түріДиплом
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22
Байланысты:
Дипломная. Казак батырлардын ерлиги

Қазақ ауыз әдебиетінде




Көркем

шығармаларда




Тарихында


1 Мақал-мәтелдер

2 Жұмбақтар

3 Ертегілер

4 Лиро-эпостық жырлар

5 Батырлық жырлары

6 Шежірелер

7 Бата сөздер





Тарихи дастандар

Поэмалар


Повестер

Романдар





Ежелгі дәуір тарихы

Орта ғасырлар тарихы

Қазіргі заман тарихы

Сурет 3 – Қазақ батырларының қаһармандық бейнесінің көркем шығармалар мен тарихи деректерде сомдалуы

Қазақ ауыз әдебиеті шығармаларының арасында мектеп оқушыларына отансүйгіштік тәрбие беру құралдарының бірі мақал-мәтелдер болып табылады. Шын мәніне келгенде: «Мақал-мәтелдер – тура мағынасына орай астарлы ой бере алатын ықшамды нақыл сөз». Мақал-мәтелдердің айтар ойыңа ой қосатын, тілге икемді сөздің мәйегі екенін де айта кету орынды. Мақал да, мәтел де образды халық сөзі болып табылады. Мақал – халық тәжірибесінің қысқартылған афоризмдік көрінісі, мәтел – қандай да бір өмір құбылысына баға беретін бейнелі сөз. Мәтелдерде метафора, салыстыру, гипербола, идиомалық бейнелеу жиі қолданылады.

Қазақ мақал-мәтелдерін зерттей келе, халқымыздың мінез-құлық, адамгершілік нормаларына, ойлау мәдениетіне, өнерге, туған жерін қадірлеуге, отансүйгіштікке, бауырмалдыққа, т.б. қойылған талаптарын да тұжырымдауға болады. Мысалы, адамгершілік пен мінез-құлыққа байланысты «Жаны сұлудың – тәні сұлу», «Түсі игіден түңілме», сөйлеу мәдениетіне байланысты «Сөздің көркі – мақал», «Мағынасыз сөз болмайды, мақалсыз ел болмайды» деген мақал-мәтелдер айтылар ой-пікірдің әрі қысқа, әрі нұсқа болуын, мақал адамның тіл байлығын, сөздік қорын, ақылын, ой-өрісін, сөйлеу мәдениетін байқататынын ескертеді. «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Ердің өзіне қарама, сөзіне қара», «Ер бір сөзді» деген халық даналығы жас жеткіншектерді сөз мәдениетін меңгеруге, уәдесіне берік болуға, зерделі сөйлеуге шақырады.

Отанды қорғау, батырлық, ерлік туралы туындаған халық мақал-мәтелдері негізінен халықтың ой-тілегі, арман-мүддесі, отансүйгіштік сезімі қандай екенін байқатып отырады. Мақал-мәтелдегі туған жердің қасиетін, оның байлығын жоғары бағалап, ардақтаған халық оларды қорғау әрбір азаматтың міндеті деп санаған. Егер туған жерге ойран салуды көздеген шапқыншы жау болса, оған қарсы аттану ер жігіттің азаматтық борышы деп бағалаған. Туған жердің қадір-қасиеті туралы балаға әңгімелемей-ақ, «Туған жер – алтын бесік», «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «Отан от басынан басталады», т.б. деп, Отан-Ананың адам өмірінде алатын орнын, маңызын бір-екі ауыз сөзбен жеткізген.

Сондай-ақ «Ер еліне, гүл жеріне» немесе «Батыр мың қол бастайды, шешен тар жерде сөз бастайды» деген мақал-мәтелдер аз сөзбен көп мағынаны ұғындырады. Сонымен қатар мақал-мәтелдерде ел қорғап, жауды талқандап, ерлік жасаған немесе қара қылды қақ жарған, қиядан тартып жол салған ер, батыр бейнесінен мағлұмат беруге кең көңіл бөледі. Бұл туралы «Жігіттің жұмсаған күшін сұрама, бітірген ісін сұра», «Ер жолдасы – тәуекел», т.б. мақалдарды атап өтуге болады.

Қаһармандық жасау тек Отанын, ел-жұртын сүйген адамдардың ғана қолынан келеді. Олар қандай қиыншлықтар кездессе де үрейленбей, мұңаймай ажалға қарсы шабады деп сипаттайды. Батырдың күшін оның ақылы мен айласында деп сипаттайды. Мұнымен қатар халық ісі үшін қажымай күресіп ерлік жасаған, ел сүйіп батыр атанған адамдардың мінезіндегі жақсы қасиеттер де мақал-мәтелдерден орын алған. Яғни турашылдық, әділдік, айтқан сөзден қайтпаушылық, достыққа адал болу, қарапайымдылық, т.б. қасиеттер екендігін аңғартады. Бұл қасиеттер «Ердің екі сөйлегені - өлгені, еменнің иілгені – сынғаны» немесе «Жау төнгенде батыр бол, дау төнгенде ақыл бол» деген ғибрат сөздермен дәлелденеді.

Сондай-ақ батырлардың ерлігіне сай қырағылық, сақтық жайлы да мақал-мәтелдердің орнын ерекше айтуға болады. Мысалы, «Сақтықта қорлық жоқ», «Ежелгі жауда елдік жоқ» деген нақыл сөздер батырлардың қаһармандық сипатын нақтылай түседі.

Ер баланың өнерлі болып жетілуіне халқымыз көптеген жағдайлар жасаған. Өнерлі адамды қадірлеп, қастерлеген. Сондықтан болар «Өнерлі бала сүйкімді», «Өнерліге өріс кең», «Бес саусағынан бал тамған өнерлі жігіт», «Жігітке өлең де – өнер, кәсіп те – өнер», «Жігіт адамға жетпіс өнер де аз», «Өнерлі жігіт өрге озар, өнерсіз жігіт жер соғар», «Өнер – ердің қанаты» деп санаған. Өнерлі жігіттердің өсуі ел мақтанышы екенін айтуымыз орынды.

Ал, керісінше еңбектен бойын аулақ салатын, өнерден құр алақан, жатып ішер жалқау, қолынан іс келмейтін олақ жандарға халық мүсіркей қарап, «Жалқауға жылқы бермей, ұйқы берген, жаманға ақыл бермей, күлкі берген», «Сылбырдың сылтауы таусылмайды», «Алтынды еріте білген – жігіттер, теріні илей білмеген – мігіттер», т.б. дей отырып, жалқаулықтан арылуға, адал, жемісті еңбек етуге шақырады.

Қазақтың халық педагогикасының басты мәселелері бала, отбасы тәрбиесіне негізделген. «Әкеге қарап ұл өседі, шешеге қарап қыз өседі», «Әке – бәйтерек, бала –жапырақ», «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», т.б. мақал-мәтелдер арқылы отбасындағы бала тәрбиесіндегі ата-ана ролінің маңызына зор көңіл бөлінгенін байқаймыз. Бұдан отбасында ата-аналардың, үлкендердің балалар мен жастарға үлгі көрсетуде қойылар отансүйгіштік тәрбиенің талап деңгейі әрдайым жан-жақты, биік болғанын байқаймыз.

Ал қазақ мақал-мәтелдеріне жоғарыда келтірген мазмұнды шолуымыз отансүйгіштік тәрбиеге үлкен мән беретін ұлтымыздың даналығын аңғартады.

Мақал-мәтелдер бойынша халық ойындағы, тәрбиесіндегі батырлар бейнесін сипаттасақ, мынадай көрініске куә боламыз:

1. Тәуекелге бел буу, шешім қабылдау;

2. Жауға шапқанда батырлық көрсету;

3. Бір сөзділік, уәдесіне берік болу;

4. Сақтық, қырағылық;

5. Өнерлілік;

6. Сөзден іске көшу.

Халық шығармашылығының ауызекі поэтикалық түрлерінің бірі – жұмбақ айту. Жұмбақтар белгілі бір мазмұнға құрылады, олардың дүниетанымдық, тәрбиелік мәні жоғары болып келеді. Жұмбақтар қандай да бір затты немесе құбылысты басқаша поэтикалық тілмен жеткізуге құрылған фольклордың бір жанры. Құрылымы жағынан жұмбақтар қара сөз, өлең және айтыс түрінде де кездеседі. Қазақ әдебиетінде батырдың бес қаруын сипаттауға арналған жұмбақтар кездеседі. Мысалы:

«Ұшы үшкір, сабы бар,

Екі жүзі қайраулы.

Бауы менен қабы бар,

Белде жүрер байлаулы» (Қанжар).

Сондай-ақ:

«Сүмбелі теректі,

Қызыл желекті,

Ерден қалмайды,

Жауда керекті» (Найза)

немесе


«Сырты ағашпен қабатталған,

Ілініп бір бөлшегі салақтаған,

Асылды ішіндегі алсаң тартып,

Тіліндей оқ жыланның жалақтаған» (Қылыш).

Қазақ халқында жұмбақтар ой-өрістің, танымның да маңызды элементтерінен құралады. Академик М.О.Әуезов: «Кейде бүкіл бір ертегі жұмбақтан тұрады. Әңгіме, әсем жыр, дастан атаулының талайының жұмбаққа соғып кететіні болады. Ертеде ердің даналығын, жүйріктігін жұмбақпен сынау машық болған», – деп келтіреді. Бұл пікірдің ақиқаттығы соншалық, ерте заманда жар таңдаған қыздар жігіттің ақыл-ойын, өнерін, қайсарлығын, адамгершілік қасиеттерін байқау үшін, оларға өз ойын жұмбақ түрінде айтатын болған. Мысалы, «Аяз би» ертегісінде Жаманды шынын айтпағаны үшін дарға аспақшы болады. Бірақ жендеттер дарға аса бергенде, ақ боз атты, ақ киімді, бетіне ақ перде жапқан кісі келіп, қылышты көкірегіне көлденең тастап жүре береді. Жаман есіне келіп, жендеттерге мені ханға алып барыңдар дейді. Жаман: «Тақсыр, манағы айтпаған себебім мынау еді. Мен барып Уалыбай қызына сырттан хабарласқанда, ол маған шыны табақ, бір қайрақ, бір пышақ, бір гауһар тас беріп жіберді. Бұл жұмбақтың шешуі: «Қайрақтай болып қақ бөлінгенше, табақтай болып уатылғанша, пышаққа түсіп басы кесілгенше сыр айтпайтын кісі – мына гауһар тастай жарып мені алады», - деген еді. Мен солай істеуге уәдемді берген едім. Сондықтан сізге шынымды айтпадым. Қыз мені аяп, өзі ақ боз атқа мініп келіп, дардың шетін қиып, көкірегіме қылыш тастап кетті. Ол жұмбақтың шешуі: «Мен үшін күнәсіз өлме, ерлігіңді көрдім. Қылыш үстінде серт жүрмеуші еді, антыңды қайтып ал», - дегені еді. Өзі рұқсат берген соң ағымнан жарылып отырмын», - деп Жаман сөзін аяқтайды. Қазақ халық ертегілеріндегі ел билеген патшалар мен хандардың қыздарының жар таңдаудағы талап-тілектері осыған сәйкес келеді.

Жұмбақтар әрқилы жағдайларға ұшырап, қауіп-қатерге басын тігіп жүретін батырлардың өмірінде үлкен роль ойнады. Себебі батырлар сөзбен, ишаратпен жұмбақтау арқылы сүйгенінен, жақын туыстарынан, достарынан хабар алып тұратын болған. Бұл батырлардың ақылдылығын, ойлылығын, тапқырлығын көрсетеді. Қазақ халқы табиғат көріністерін, құбылыстарын да жұмбақ түрінде бейнелеп көрсететін болған. Жұмбақтау арқылы зат пен құбылыстың атауын баланың ойына сіңіру оның есте сақтау қабілетін, зеректігін, ойлау қабілетін дамытады.

Халқымыздың мақал-мәтелдері мен жұмбақтары жасөспірімдердің әдептілік нормаларының қалыпты дамуына ықпал етеді. Сонымен бірге туған жерін, Отанын сүюге, туыс-бауырларын құрметтеуге, жақсы мен жаманды, қас пен досты айыра білуге баулиды, халықтың жасампаздығы мен оның даналығынан хабардар етеді. Мектеп оқушыларына қазақ әдебиетін тереңдете оқытатын факультативтік курстарда, сыныптан тыс уақытта мақал-мәтелдерді талдап оқытудың маңызы зор.

Қазақ халқының отансүйгіштік тәрбие берудегі тиімді құралдарының бірі – ертегі. Ертегілердің мазмұнында халықтың тыныс-тіршілігі, әдет-ғұрыптары мен дәстүрлері, бақыт жолындағы күресі, адамдардың өзара қарым-қатынастары мен мінез-құлықтары, адамдардың еңбексүйгіштігі, өз халқына, Отанына, туып-өскен табиғатқа деген сүйіспеншіліктері бейнеленген. Т.Барласұлы ертегінің адам баласына беретін тәлім-тәрбиелік, рухани маңызы жөнінде айта келіп: «Ертегі – рухани тәрбиелік мәні аса зор, көзіміз көріп, құлағымыз ести алмайтын, тек ақылмен ажыратып, жүрекпен ғана түйсіне алатын, материалдық әлеммен бірге шегі жоқ рухани әлем болмысының біртұтас түсінікті баян етілген көрінісі», – деп анықтама береді.

Отансүйгіштік тәрбиені қалыптастыруда өзіндік шыншылдығы мен әлеуметтік мәні жағынан қарағанда ертегілер көрнекті көркем құбылыс болып табылады. Оның маңызды ерекшелігі мынада: ертегілерде жекелеген құбылыстар фантастикалық бейнелермен әсірелеп көрсетілгенімен, шын мәнінде олардың мазмұны объективті болмыстың көрінісі болып табылады.

Ертегілердің көркем эпостың басқа жанрларынан ерекшелігі - ертегіні қалай түрлендіріп айтса, тыңдаушы сол күйінде қабылдап, айтушының шеберлігіне тәнті болады. Ертегінің балалар тәрбиесіндегі маңызды ролі оның тыңдаушының қиялын шарықтатып, ойын оздырып, арман-мұратын биіктетіп, жақсының, әділдіктің жеңісіне тәнті болып, әділетсіздіктің жеңілісіне куә болуы арқылы жақсылық пен жамандықты айыруға үйренуінде болып табылады.

Негізінен ертегілер оқушылардың ой-өрісін жетілдіріп, оларды Отанын сүюге, халқын қорғауға және өнерді игеруге, ел қорғаны болуға уағыздайды. Мұны ертегілердің қоғамдық-әлеуметтік жағдайға байланысты өзгерістерінен байқауға болады. Өте ертедегі архаикалық ертегілерде көбіне батырлар мерген немесе аңшы бейнесінде кездеседі. Мысалы, «Құламерген», «Аламан мен Жоламан», «Ағайынды екі жігіт», «Шора батыр», «Керқұла атты Кендебай», «Ер Төстік», т.б. ертегілерде батырдың ерлігі елін, жұртын аң аулаумен асырауынан және жын-перілермен күресінен көрінеді.

Ал классикалық батырлар ертегісінде батыр тылсым күштермен емес, елді, халықты жаулаған дұшпандармен күреседі. Оның астарында ел, жер үшін күрес, кек алу жатыр. Ертегінің негізгі құрылымдарында туған-туысқанға көмек беру, шынайы ғашықтық, өзінің айнымас серігі тұлпарды бейнелеу байқалады. Мысалы, «Әлібек батыр», «Делдаш батыр», «Ер Тарғын», «Көрұғлы», «Нарық батыр», «Ер Көкше және Орақ», «Қамбар батыр», «Алты жасар Алпамыс», т.б. ертегілерде көбіне ерлік көрсету, қаһармандық рух жоғары тұрады.

Қазақтың батырлық ертегілері батырлардың дүниеге келуімен және олардың ерекше сипатты жаратылысын суреттеумен басталады. Ертегілерде батырлардың түр-тұлғасын «жауырыны қақпақтай, бұлшық еті бүлкілдеп, алысқанды алып ұрар», т.б. сипаттамалар арқылы суреттеулер көптеп кездеседі. Мысалы, «Ер Төстік» ертегісінде: «Ол өзгеше бала болып өседі. Бір айда бір жастағы баладай, үш айда үш жастағы баладай, бір жылда он бестегі жасөспірімдей болып, екі жасында алысқан кісілерін алып ұратын бала болады. Садақ тартып үйренеді, тартқан садағын тоғыз қабат темірден өткізеді», - дейді.

Ал «Керқұла атты Кендебай» ертегісінде Кендебайдың сипаты мен ерлігін былай береді: «Ай сайын емес, күн сайын өсiптi. Алты күнде күлiптi, алпыс күнде жүрiптi, алты жылда жiгiт болыпты, сондай күштi болыпты, алысқанды алып ұра берiптi, күрескендi жыға берiптi, шыңырау құдыққа құлаған атанды жалғыз тартып шығара берiптi».

Ал «Әлібек батыр» ертегісінде: «Әлібек батыр туғанда алты қарыс селебесімен туылады, ай сайын емес, күн сайын өседі», - деп айтылады. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «селебе» сөзіне: «Ұшы үшкір, үлкен өткір пышақ», - деп түсінік беріледі.

Сондай-ақ «Қазанбай батыр» ертегісінде оның бейнесі: «Өзінде алпыс ердің айбаты, алпыс ердің қайраты бар, дұшпанына кекшіл, бағынған дұшпанына кешірімшіл», - деп суреттелсе, ал оның жеке басының қасиеттерін былайша сипатталады: «Қазанбайдың ұрыс кезіндегі тағы бір айласы арқанды ілмектеп, қашып бара жатқан жаудың мойнына лақтырып дәл түсіру және қанша жау болса да сескенбестен қарсы бару. Ол көп, аз демейді. Өзіне жұмсалған жаудың қаруын бойына дарытпай, екі жігіт әзер көтеріп жүретін найзасын кәдімгі қамшыдай үйіре сілтеп, көзіне көрінгенді шаншып, түйреп тастап отырады. Және бір ерекшелігі жауға оңтайлы күні ғана аттанады. Шабуылға ертеңгі Шолпан жұлдызы туған мезгілде шыққанды қалайды». Демек батырдың тұлғасы әп-сәтте көз алдымызда қалыптасып, оқиға бірден оның елін, жұртын қорғап, ерлік жасағандығын баяндауға ұласады. Сондықтан мұндай сипаттау ертегіге тән қасиет деп ұққанымыз жөн. Себебі халықтың арман-тілегі бойынша осындай батырлар елді, Отанды қорғайтынын ұғынуға болады.

Содан кейін ертегілерде батырдың қаһармандық, ерлік қасиеттерін көрсету үшін нақты оқиғаға құрылған сюжетке орын беріледі. Осы кезде ертегі батырларының сан қилы ерліктері айқын суреттеледі. Мысалы, «Ер Төстік» ертегісінде Ер Төстік жұт болғанда жоғалып кеткен ағаларын іздеп табу үшін жер астына түсіп, Шойынқұлақпен жекпе-жекке шығып, жыландар патшалығына барып, жолда айнымас достары – Көлтауысар, Таусоғар, т.б. жер асты өнерпаздарының көмегімен кездескен қиыншылықтарды жеңіп отырады. Сонымен қатар Темiр хан елiнде өз мергендiгiн көрсетедi, Айдаһармен алысады, перi Шойынқұлақты жеңедi. Бұдан біздің түсінетініміз, ертегіде Төстіктің асқан ерлігімен қатар бауырмалдығы, достыққа берік болуы, мақсатына жетудегі қиыншылықтарға төзімділігі әсірелеп беріледі. Және де қазақ халқының өнердің қай түрін болмасын жоғары бағалағанын, оларды қадірлей білуге ұл-қыздарын жастайынан үйреткендерін байқауға болады.

Ал Керқұла атты Кендебай аң аулап әкесiне жәрдем берiптi, құралайды көзiне атқан мерген болыпты. Жетi басты дәудi, азулы арыстанды жеңіп, мыстан кемпiрдi өлтiріп, алтын құйрықты, күмiс жалды сегiз құлынды алып келедi, қалмақтарға қолға түскен Мергенбай батырды босатып шығарады. «Өнер мұратқа жеткізеді» демекші, ертегі кейіпкерлері шығарма соңында мақсат-мұратына жетеді. Осы мұрат-мақсатқа жетудің өзі тыңдаушының психологиялық әсерленуіне ықпал етіп, қызығушылығын тудырады.

Сондай-ақ халық ауыз әдебиетіндегі жақсы айтылған ертегінің жасөспірімдер ғана емес, ересектердің де ой-өрісі мен дүниетанымының кеңеюіне тигізетін әсері мол. Мұндай ертегілерді оқушылар бос уақытында оқи отырып, халықтың қиялға құрылған өмірінен сабақ алады. Оқушылардың мектеп сахнасында өздері оқыған ертегілерді қойылым ретінде көрерменге көрсетуіне мүмкіндіктері бар.

Ертегілердегі батырдың сипатын былай беруге болады:

1. Батырдың ерекше сипатты жаратылысы (дүниеге келуі, физиологиялық өсуі, ерекше тұлғалы болуы);

2. Көзсіз ерліктері (мергендік, алып күш иелерімен кездесуі, ерекше оқиғаларға тап болуы);

3.Туған-туысқандарына, бауырларына, ауылдастарына мейірімді, қайырымды болуы, халық қамын ойлауы;

4. Ертегіде батырдың айнымас серігі – тұлпарының ерекше сипатты болуы (сөйлеуі, бапталуы, иесін кедергілерден алып шығуы).

Батырлық ертегілердің келесі бір тобын қаһармандық дастандар құрайды. Негізінен бұл шығармаларда өмірде, тарихта болған, батырлығымен елге танылған батырлардың ерлігі әсірелеу жағдайында жыр күйінде сипатталады. Мысалы, «Мұңлық – Зарлық», «Құбығұл», «Қасым – Жомарт», «Патшаның ұлы Әбдімәлік», «Жүсіп – Зылиха», «Атымтай Жомарт», т.б. жырларды атап өтуге болады. Әдетте дастандарды жыраулар мен жыршылар орындаған. Мұндай дастандар төмендегіше бөлінеді:

1. Ғашықтық дастандар;

2. Хикаялық дастандар;

3. Тұрмыс-салт дастандары;

4. Қаһармандық дастандар.

Біздің негізгі бағытымыз ерлік тәрбиесіне негізделген дастандарға арналады. Мұнда кейіпкердің қаһармандығы психологиялық тұрғыдан сипатталады: «Әділдік, адамгершілік, шындық, зеректік, ақылдылық, адалдық, тапқырлық жеңеді», - деп айтылады.

Мысалы, «Жүсіп– Зылиха» дастанында Жүсіптің он қасиеті бар: «Әуелі – орта бойлы, гауһар көзді; екінші – өзі сұлу, көркем жүзді; үшінші – жетпіс екі тілді біледі; төртінші – шапағатты, инабатты; бесінші – адал жүрек, бек айбатты; алтыншы – қырық кісінің жігері бар; жетінші – діні таза зиянатты; сегізінші – залым емес, ойлар хақты; тоғызыншы – пайғамбардың нәсілінен; оныншы – мінезі артық, шапағатты».

Демек мұндай адами, ерлік қасиеттерді сипаттауда негізінен шығыстық мотив үлгі ретінде алынады. Жүсіптің қаһармандығын «адал жүректілік» негізінде түсіндіргеніне тоқталамыз. Себебі бүгінгі жеке тұлғаның бойындағы осы адал жүректілікті шынайы отансүйгіштікпен салыстыра түсіндіруге болады.

Мұндай теңеу қаһармандық дастандардың ішінде «Мұңлық– Зарлық» жырында кездеседі: «Қызыр Ілияс Ғайып Ерен Қырық Шілтен ұлының атын Зарлық қойды, қызының атын Мұңлық қойды. Ата-ананың жүзін көрмеді деп Зарлыққа жүз ердің күшін пайда қылды, һәм садақ тартуды үйретті. Қызға ана жүзін көрмеді деп жеті ғалам елінің өрнегін үйретті». Сондай-ақ ерлікпен қатар сұлулықты, нәзіктікті де насихаттайды. Халық сыртқы сұлулықтың адамның ішкі рухани байлығымен, оның ақыл-ойының тереңдігімен, моральдық қасиеттерінің жоғары болуымен, ержүректік, батырлық, отансүйгіштік, ізгілікті терең сезімімен үйлесімді болуын талап етеді.

Оқушылардың ерлікті сүйіп, оған қызыға білуі олардың өмірді ерте тануына көмектеседі. Ертегілерде суреттелген туған жер байлығы, табиғат сұлулығы, ертедегі батырлардың оған деген көзқарасы, олардың халық бақыты үшін күресі, киген киімі, пайдаланған қару-жарағы, сауыт-сайманы, мінген аты балалардың ата-баба өмірін танып-білуінің құралы болып табылады.

Сонымен қатар ертегіні мәнерлеп, нақышына келтіріп айту, өз орнымен жеткізе білудің мәні жоғары. Бұл ертекшінің жеке басының шеберлігіне, тіл мәдениетіне, сөз өнеріне, тыңдаушының сезіміне эмоционалдық тұрғыда әсер ете білуіне байланысты. «Ертекші батырлықты, қаһармандықты сүйетін болса, ертегінің ішінде соғыс, майдан, ер сыны, ерлік сыны, сипаты көбірек көрсетіледі. Ертекші ойшыл, ақылгөй, дана кісі болса, оның ертегісінде басты кейіпкердің аузында адамгершілік, жақсылық, жамандық туралы неше алуан терең ойлар, шешендік нақылдар, үлгі-өсиеттер жүреді». Ертекші өнер адамы болса, ертегіде табиғаттың әсем көрінісі, музыкалық аспаптар, ән-күй, өнер туралы басымырақ сөз қозғалады. Осының бәрі ертекшінің жеке басының бала тәрбиесіне қосатын үлесінің зор екендігін көрсетеді.

Ертекшінің тағы бір ерекшелігі – ертегінің мазмұнын домбыра, қобыз, сыбызғы секілді музыкалық аспаптармен немесе ән-күйлермен өзі сүйемелдеп отырады. Бұл баланың естігендерін эмоционалдық тұрғыдан жылдам қабылдауына әсер етеді, сезіміне, түйсігіне ықпал жасайды, сөйтіп ертегіде бейнеленген образдар оның жүрегі мен зердесінде мәңгі сақталып қалады.

Орыс педагогі А.В.Сухомлинский: «Ертегі – халық мәдениетінің рухани байлығы, оны тану арқылы бала туған халқын жүрегімен танып біледі», – деп орынды айтқан. Демек ертегінің қай түрін алсақ та, онда халықтың отансүйгіштік, елін, жерін сүюге, отбасының, бауырларының амандығын ойлаған арман-тілектеріне негізделген отансүйгіштік сезімі жатыр.

Қаһармандық дастандардың бір ерекшелігі олардың шығыстық үлгіде жазылуында болып табылады. Сондықтан бұл шығармаларда ер адамның қаһармандығымен қатар сұлулығы, өмірдің дінмен байланыстылығы орын алады.

Қазақ әдебиетіндегі көрнекті туындылардың бірі лиро-эпостық жырлар болып табылады. Халқымыз бұл жырларда тарихта болған оқиғаларды суреттеген. Лиро-эпостық жырлар халықтың сұлулық, сүйіспеншілік, адамгершілік, қаһармандық сипаттарды бір адамның бойына жинақтауға талпынысынан туған. Лиро-эпостық жырлардың арасында «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының негізгі тақырыбы ғашықтық пен адалдықты дәріптеу болып табылады. Дегенмен жыр компоненттерінің басым бөлігі отансүйгіштік тәрбиеге негізделгенін байқаймыз. Жырдың басты кейіпкерлері Қозы Көрпеш пен Баян сұлу ғашықтықтың, адалдықтың символы болса, Қодар, Қарабайлар надандықтың, жауыздықтың көрінісін береді. Жырдың сюжеттік құрылымының тарихи деректермен байланыстылығын жер-су аттарының берілуімен түсіндіруге болады, ал басты кейіпкерлердің өмірде болған жандар екенін біз Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың ескерткішінен білеміз. Мұндағы ерлік образы батырлық жырымен салыстырғанда тамаша сомдалады. Мысалы, Қодар мен Айбастың соғысында:

«Қай адам ер Айбасқа теңеледі,

Үш қыз да қызығына кенеледі.

Қойға қасқыр шапқандай бөріктіріп,

Талқан қылып ордадан жөнеледі», - деп сипатталады.

Сондай-ақ «Зерде» журналында «Қозы Көрпеш –Баян сұлу» жырының оқиғасы Ақтөбе өңірінде болғандығы туралы мәліметтер айтылады. Мысалы:

«Су аяғы құрдымнан іздеп едім,

Қозы Көрпеш шын жарың, келін бала», - деп Айбас айтады деп келтіріледі. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры шамамен ХІІІ-ХІҮ ғасырларда пайда болған. Қозы мен Баян өмірде болған адамдар делінеді. Жырдың негізгі идеясы – мөлдір махаббат тақырыбын жырлау. Дегенмен мұнда ерлік, қаһармандық тақырыбына арналған элементтер де бар. Осы жырда Қозы Көрпеш туралы:

«Қайыспас Қозы Көрпеш кетті сері,

Қойдай маңырап артында қалды елі.

Басында тәңірі артық жаратқан соң,

Артында жұрт шуылдап салды үнді», - деп келтіреді. Яғни батырлар жырындағыдай аңқау батыр емес, айлакер, соғыс тәсілдерін білетін батыр образында айтылады. Мұнда:

«Бұл жерде аттан Қозы түседі енді,

Өзіне бір Тазшаның реңін берді», - деген жолдардан көруге болады. Бірақ жыр соңында Қозы Көрпеш ерлік көрсетіп емес, махаббат жолында құрбан болады. Мұның өзін де қаһармандық деп бағалаған дұрыс.

Қазақтың әлемге белгілі лиро-эпостық жыры – «Қыз Жібек». Бұл жырды негізінде ХҮІІ ғасырда пайда болған деп тұжырымдайды. Жырдың нұсқалары басқа эпостық шығармалардай көп емес. Мұның өзі де «Қыз Жібек» жырының кейін пайда болғандығын аңғартады. Мазмұнында Базарбай байдың баласы Төлеген батыр өз қалыңдығы Сырлыбай ханның қызы Қыз Жібекті алып келуге шығады. Бірақ әкесі Базарбай баласына теріс бата береді. Соның салдарынан Төлеген Бекежанның қастандық әрекетінен қаза табады. Төлегеннің інісі Сансызбай ағасын іздеп шығып, қалмақ ханы Қореннің Сырлыбай ауылын қамап жатқан кезіне тап болады. Қоренмен жекпе жекке шығып, оны жеңеді. Екі жас қосылып, мұрат-мақсатына жетеді. Жырдың негізгі идеясы – махаббат жолындағы ерлік күресін бейнелеуден тұрады. Мұнда Төлеген батырдың ерлігі, ел намысын қорғауы, сүйген жарға адалдығы, қайтпас қайсарлығы батырға тән қасиеттер болып табылады.

Лиро-эпостық жырларда батырларды қаһарлы, сұсты етіп көрсетуден гөрі сұлу, көркем, нәзік жүректі, адал, мейірбан деп суреттеу басым. Бірақ батырдың бұл қасиеттері оның ерлік жасауына, қарсыласымен күресуіне кедергі келтірмейді. Яғни бұл жырларда халықтың эстетикалық талап-талғамы басым түсіп тұрады.

Қазақ фольклорының келесі бір маңызды, көлемді түрі – батырлық жырлары. Бұл шығармаларды қазақ халқының осы кезге дейін ұлт болып қалыптасуының отансүйгіштік негіздегі тарихнамасы деп айтуға болады. «Батырлар жыры – халықтың өткен өмірінің жанды көрінісі. Оның күші – халық мүддесін қорғайтын рухында, қоғамның ілгері басуына қажет қасиеттерді адам санасына, жүрегіне сіңіре білуінде. Сондықтан да батырлар жырының әлеуметтік, мәдени, тәрбиелік маңызы орасан күшті» екенін дәлелдей түседі.

Халқымыздың эпостық жырларының мазмұнына еңбексүйгіштік, отансүйгіштік, әйел затына, үлкен ақсақалдарға құрметпен қарау, адамгершілік, имандылық, батылдық, балаларға қамқорлық, мейірбандық, туған жерге, табиғатқа деген сүйіспеншілік, т.б. тақырыптар арқау болады. «Ер Тарғын», «Қамбар батыр», «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» жырларындағы басты идея – халықтық ізгілік пен отаншылдық қасиет болып табылады. Батырлардың ерлігін көрсетудегі белгілері – басқыншыларға, дұшпандарға, билеуші-қанаушыларға қарсылық көрсетуі, мінез-құлқындағы ең жақсы қасиеттер – жан дүниесінің тазалығы, турашылдығы, теңдесі жоқ ерлігі, халыққа шексіз берілгендігі, Отаны үшін өзін құрбан етуге дайын тұратындығы ашып көрсетіледі. Олардың мұндай қасиеттерін «Ер Тарғын» жырындағы батырдың бейнесін сипаттауға арналған:

«Қабағынан қар жауып,

Кірпігіне мұз қатып,

Жауырыны жазық, мойны ұзын,

Атарына қолы ұзын,

Құланды қақтан қайырған,

Егескен жауды елі мен

Алтын тақтан айырған», - деген үзінділерден көруге болады. Эпостық жырдағы батырлардың ерлігі, олардың жауға шабардағы кескін-келбетінің өзі де қаһармандық сезім тудырады.

Қазақ батырларының ерлік үлгісі елдің тыныштығын, бірлігін сақтау, жаудың шапқыншылығына, зорлық-зомбылығына жол бермеу идеясынан туындайды, сондықтан батырлардың нақты іс-әрекеттері сипатталады. Ондай мақсатқа жету үшін әрі батыр, әрі ақылды ер керек. Алпамыс «Батыр туса – ел ырысы» дегендей, нағыз халықтың бағына туған ұл болады. Батыр елге қиянат жасаған хандарды жеңіп қана қоймай, олардың орнына адал, әділетті адамдарды қояды. Бұл Алпамыстың қайратты батыр болуымен қатар, парасатты ақыл иесі екенін көрсетеді. Батырдың тағы бір қасиеті – достыққа адалдығы. Ол Қаражан мен Кейқуаттың достығын жоғары бағалап, олар үшін жанын аямайды, сөйтіп оларды қиындықтан құтқарып, үлкен дәрежеге жеткізеді. Сонымен бірге жырда батырдың айлалы, өнерлі екендігі көрінеді. Зынданда жатып, серкенің мүйізінен сырнай жасауы – осының айғағы.

Батырлардың қайратын да, парасатын да асқақтата жырлау, жалпы жұртқа үлгі етіп ұсыну, оларды ерте есейген, ел қамын жеген қамқор жандар етіп суреттеу жырларда қалыптасқан желі болып табылады. Тарихта болған, өмір жолдары мәлім Едігенің өзін халық санасы әділдік пен ақылдылықтың, қайсарлықтың асқар биігі етіп дәріптейді. Мысалы:

«Едіге деген ер екен,

Елдің қамын жер екен.

Ел шетіне жау келсе,

Мен шығайын дер екен», - деп сипаттайды.

Батырлық жырларында батырдың тұлғасын толықтырып тұратын адал жарын суреттеуге орын беріледі. Бұл жерде халықтың адалдықты, ерді сыйлауды, ізгілікті көксегені көрінеді.

Сонымен бірге «Ат – ердің қанаты» деген сөзде үлкен мән бар екенін айтуымыз қажет. Қай жырды алып қарасаңыз да ат батырдың жақын досы, серігі ретінде суреттеледі. Мысалы, «Қобыланды батыр» жырында Құртқаның Тайбурылға қырық күнге шейін қулықтың, қысырдың сүтін емізгені, шөптің нәрлісін жегізгені, түндіктен күн бергені, кекілін, жалын тарап, баласындай мәпелегені, алтыннан оюлап жабу жауып, арнайы ер-тұрман қақтатқаны осыған дәлел. Сол сияқты «Қамбар батыр» жырында Қамбардың өз тұлпарына достық сезімін білдіруі, оның сұлулығын мадақтауы, соның көмегімен бетпе-бет келген жолбарысқа қорықпай қарсы шабуы осының айғағы болып табылады.

Осындай бір-бірімен байланысты ерлік дәстүрлерінің отансүйгіштік мәні ерекше. Біріншіден, қазақ халқының жылқы жануарына деген өзіндік көзқарасын, ілтипатын, сүйіспеншілігін көрсетсе, екіншіден, тыңдаушының көркемдік талғамын жетілдірудің, поэтикалық жырға деген қызығушылығын қалыптастыруға ықпал етеді. Демек батырлық жырларын отаснүйгіштік тәрбие берудің негізгі көзі деп айтуымызға болады.

Батырлық жырларындағы батырдың бейнесін былайша сипаттауға болады: батырдың жаратылысы ерекше, ол халықтың ұлы болып өседі, өмірінде адал жарын табады, сүйгеніне қосылады, соның көмегімен өмір жолында көптеген ерлік істерін басынан кешіреді, адал жары батырға ер қанаты тұлпарын таңдап, баптап, жорыққа шығаруына көмектеседі. Батыр халық қамын ойлайтын ізгі жан болып табылады.

Халық ауыз әдебиетінің негізін құрайтын батырлық жырлары оқушылардың рухани ой-өрісінің дамуымен қатар, отансүйгіштік сезімінің оянуына әсер етеді. Мектеп оқушыларына «Қазақ әдебиеті» пәнінің аясында батырлық жырларын оқыту отансүйгіштік тәрбие берумен бірге адамгершілікке тәрбиелеуге де көмегін тигізеді. Яғни эпостық жырлардағы кейіпкерлердің өз Отанын, елін қорғаудағы ерлік дәстүрлері, туған-туыс, бауырларын, сүйген жарын құрмет тұтуының барлығы да жасөспірімнің рухани дамуына жетелейді.

Халқымыздың ерекше қастерлейтін рухани мұраларының бірі – шежіре. Шежіре негізінен атадан балаға ауызекі түрде таралады. Қазақ халқы әсіресе ер баланың өз руын, ата тегін білуіне сахара халқының заңы ретінде қараған. Сондықтан да халқымыз ата тегін білмеген адамды «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деп кемсітетін болған.

Қазақтың ағартушы-демократы Ш.Уәлиханов: «Қазақ шежіресі бұрыннан келе жатқан дәстүрден ауытқымайды, олар шығу тегін таратқанда ортақ бір кіндіктен тарайтындығын қатты діттейді», - деп көрсетеді.

Мұның өзі ұрпақ тазалығын, елдің бір-бірін тануы мен бауырмалдығын нығайтуға септігін тигізеді. Шежіренің тәлім-тәрбиелік құндылығы жайлы деректемелерге сүйенсек: «Шежіре – құрғақ хронология немесе адам аттарының жалаң тізімі емес. Қазақ шежіресінің тарихи айқындамасы туыстық байланыстарды саралауға негізделген», - деп келтіреді. Яғни ру ішінен жеті атаға дейін қыз алысуға қатаң тиым салынады. Ал мұның өзі неке салдарынан болатын әртүрлі кеселдерден қорғануға мүмкіндік береді.

Қазақ шежіресінің педагогикалық маңызын сөз ете отырып, профессор К.Ж.Қожахметова: «Өз шежіреңді білу – өз халқыңның тарихын тану», - деп көрсетеді.

Қазақ халқының шежіресі негізінен ауызекі түрде тарап отырған. Оны орақ ауыз шешендер, құйма құлақ шежірешілер немесе жыраулар жекелеген ру, тайпаның беделді батыр, билерінің ерлік дәстүрлерінен өнеге ретінде өлеңмен де өрнектеген. Мысалы, Шоңбай Жұбанұлы:

«Тамадан ерте шыққан Есет батыр

Кісі екен қысылғанда мыңға татыр.

Қалмақ пен Ойраттарды жер аударған,

Салыпты бастарына заман ақыр», – деп шежіреден мәлімет береді.

Сайып келгенде, халық шежіресі жүздің (ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз), рудың, тайпаның, әулеттің, отбасының шежіресі болып жіктеледі. Бұлардың негізі халықтың географиялық орналасуын, әкімшілік, шаруашылық ерекшеліктерін айғақтай түседі. Шежіренің батырлардың тұрғылықты жерін, шыққан елін анықтауда көмегі көп. Жасөспірімдердің отансүйгіштік қасиетін нығайтуда шежіренің мүмкіндігі зор. Шежірелер арқылы жас ұрпақты бауырмалдыққа, сыйластыққа, үлкенді құрметтеуге, елдікті, тұтастықты, ұрпақ бірлігін, тазалығын нығайтуға тәрбиелеуге болады. Шежірені білу арқылы жас жеткіншек ұрпақтың жеті атасын білуі, жақын бауырларымен (жеті атаға толмайынша) қыз алыспау, т.б. заңдылықтарды сақтауының тәрбиелік мәні жоғары деп түсінуге болады. Демек, шежіре – қазақ халқының отансүйгіштік тәрбиесінің алтын діңгегі деп түсініп, оны бүгінгі ұлтжанды ұрпақты тәрбиелеуде ұтымды пайдаланғанымыз жөн.

Ел аузында күні бүгінге дейін маңызы зор ғұрыптардың бірі – бата сөздері. Негізінен бата беруге, бата алуға біздің түркі халықтары, соның ішінде қазақ халқы аса зор мән береді. Бата сөздері ырғақты ұйқасқа құрылып, тілек сөздерден тұрады. Бата сөздер кез келген жерде айтыла бермейді, бата беру рәсімі де кез келген адамға тапсырылмайды, сондықтан бата тілектер жеке адамның атынан айтылмай, көбіне көптің атынан беріледі. Бата сөздері белгілі бір жағдайға байланысты қолданылады, мысалы, ұрпақ қалдыру, ерлік көрсетіп, жеңіспен оралу, ақ жол тілеу, т.б. Сондай-ақ бата тілектері орындалатын болғандықтан, олар магиялық сипатқа ие болып табылады. Мысалы, халықтың ауызекі шығармаларында баласыз жандар Бабай түкті шашты Әзиз, Қыдыр ата, т.б. кісілердің ақ баталарын алып, ол қабыл болып, ұлды болады. Ұлдары батыр, ер азамат болып өседі. Соғыс, жаугершілік кезінде бұл батырларды пірлері қорғап жүреді. Демек: «Бата сөздер – шағын ғана сөзбен халықтың ұлттық келбетінің негізгі белгілерін сипаттайтын идеялық және этикалық-моральдық талаптарын, ішкі ұмтылыстарын, ізгі тілектерін білдіре алатындай жанрлық ерекшелікке ие фольклор туындысы». Осыған орай, бабалар тағылымы тектілердің тура жолын таңдауға, Отанын, елін қорғауға негізделген бата беру туралы деректердi айтуға болады.

Батырлық жырларының қайсысын алып қарасаңыз да, бата жөнінде көп айтылады. Қазақ халқының асыл қасиеттерінің бірі – отаншылдық, туған жерге деген үлкен ілтипат, ыстық сүйіспеншілік. Дәстүрлі бата сөздерінің негізгі түйіні - өскелең ұрпақты батыр, өжет, адал, ел намысын қорғайтын намысшыл болуға үндеу болып табылады. Мысалы, Имаш атасы Бауыржан дүниеге келгенде былай деп бата береді:

«Алатаудың қыраны мол еді,

Қырағы болсын құлыным.

Қойнауы суға толы еді,

Бұлағы болсын құлыным». Сондықтан нәресте Бауыржанға батырлықтың, ерліктің даруы ақ батаның қабыл болуынан шығар деп түсінген жөн. Бата сөздерінде алдыңғы ұрпақтың ерлігімен елге танылған батырларына теңеуі жиі кездеседі, мысалы:

- Ақ Меңтай бабасындай батыр болсын!

- Ақ Молда батыр бабасындай мәрт болсын!

- Бәйдібек батырдың аруағы қолдасын!

- Домалақ анамыз жар болсын! – деген қауымның батасы да қабыл болып, нағыз бабаларының ерлігі мен рухының қанқұйлы соғыста ерлік көрсетуге жетелегені деп түсінген жөн.

«Өр бол көкжал Барақтай,

Жауды бетке қаратпай,

Ұланы бол үш жүздің –

Құйрық пенен қанаттай» деген сөздер адам бойындағы отаншылдық сезімге қозғау салып, Отанның қадір-қасиетін түсінуге мүмкіндік береді. Жас ұрпақтың бойындағы үлкен қайрат-күшті бұрынғы ақсақалдар дұрыс пайдалана білген, оларды бір жерге топтастыра отырып, Отан қорғауға шақырған. Батагөй ақсақалдар арнайы жорыққа аттанып, жол жүріп бара жатқан ер азаматтарға құдайдан жалбарына сұрап амандық, жеңіс тілеген.

Сайып келгенде бата беру, бата алу ерлік дәстүрдің оңды іске асуына халықтың өз батырларының аман болуына, мұрат-мақсатқа жетуіне және жеңіспен оралуына септігін тигізетін халық мұрасы. Сондықтан болар, халқымыз: «Батамен ер көгерер, жауынмен жер көгерер», - деп бекер айтпаған.Қазақ халқының ертеден келе жатқан дәстүрлерінің бірі – бата берудің рухани, танымдық маңызы зор. Бата сөздерінің жас жеткіншектің дүниеге көзқарасының дамуына, адалдық, әділеттілік, танымдық нормаларының қалыптасуына әсері мол. Бата тілектер оқушылардың ата-аналарының ақ тілегі мен өнегелі сөздерін құрметтеп, отансүйгіштік ойының дұрыс дамуына септігін тигізеді.

Жалпы білім беретін орта мектепте қазақ ауыз әдебиеті үлгілері негізінде оқушыларға қазақ батырларының қаһармандық бейнесі арқылы отансүйгіштік қасиеттерін жетілдіруде мақал-мәтелдердің, жұмбақтардың, ертегілердің, батырлық жырларының, шежіренің, бата сөздердің, т.б. алатын орны ерекше болып табылады. Бұлар қаһармандық, ерлік жасау, Отанға деген сүйіспеншіліктің мәнін түсіндіруде оқушылардың отансүйгіштік дүниетанымының кеңеюіне әсерін тигізеді. Халық ауыз әдебиеті үлгілерінде қаһармандық бейне батырлықтың символы ретінде елдің бақыты үшін күресетін идеал тұлғаны дәріптеудің ауызекі құралы болып табылады. Сондай-ақ лиро-эпостық жырларда да батырларды қаһарлы, сұсты етіп бейнелеуге қарағанда мейірімді, адал жан ретінде суреттеу басым болып келеді. Дегенмен батырлықтың бұл қасиеттері оның ерлік жасауына, қарсыласымен күресуіне кедергі келтермейді. Мектеп оқушыларына қазақ батырларының қаһармандық бейнесін түсіндіруде батырлар жырының алатын орны ерекше. Эпостық жырларда ертегілерге қарағанда батырлардың ерлігі шынайылығымен сипатталады. Бұл айтылған ауыз әдебиеті үлгілерінің барлығы да қазақ батырларының бейнесін сомдаудың құрамдас бөліктерін құрайды. Сонымен қатар ауыз әдебиетінде тарихи мағлұмат беруде шежіренің маңызы зор. Себебі шежіре батырлардың тұрғылықты жерін, туған елін анықтауға мүмкіндік береді. Сондықтан жас ұрпақты елдікті тануға, ұрпақ тазалығын сақтауға тәрбиелеуде шежіренің ролі жоғары болып табылады. Батырлықты насихаттайтын ауыз әдебиеті үлгілерінің барлық жанрында бата сөздері көрініс береді. Демек, бата тілектер оқушылардың ата-аналарының ақ тілегі мен өнегелі сөздерін құрметтеп, отансүйгіштік санасының дамуына септігін тигізеді.


1.3 Қазақтың көркем әдебиеті мен тарихында сомдалған батырлардың ерлік өнегесі оқу-тәрбие үрдісіндегі тәрбие құралы ретінде


Қазақ батырларының ерлік істері мен өнегелері қазақ әдебиетіндегі көркем шығармаларда айқын суреттеледі. Ғ.Мүсірепов, Ә.Нұршайықов, І.Есенберлин, Ә.Шәріпов, Б.Момышұлы, Ш.Сыздықов, Ж.Тілепов, М.Жұмағұлов, Қ.Жұмаділов, т.б. классик жазушылардың еңбектерінде батырлар бейнесінің суреттелуі, сипатталуы осының айқын көрінісі болып табылады.

Қазақ батырларының тарих сахнасындағы ерлік істерін тарихи мәліметтермен байланыстыра оқытудың мектеп оқушыларының отансүйгіштік рухын қалыптастырудағы маңызы зор. Дейтұрғанмен, әлі де болса, қазақ батырлары туралы дерекнамалық мәліметтердің негізінде оқушыларға отансүйгіштік тәрбие берудің орны ерекше. Батырлардың тарихын және олардың өмір сүрген ортасын кеңірек таныстыру үшін олардың образының әдеби тұрғыдан көркемдік сомдалуының да оқушыларға берері мол. Бұл тұрғыда оқушылардың сабақ үрдісінде оқып, сыныптан тыс жұмыстар аясында өз бетінше айналысуының маңызы зор.

Қазақ әдебиетінде батырлар тұлғасын реалистік тұрғыдан суреттеу тарихи романдардан орын алады. Белгілі жазушы Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» атты тарихи романы алты алашқа әйгілі Қабанбай батырдың өмірі мен жорық жылдарына арналады. Сонымен қатар шығармада сол кездегі қазақ халқының әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс-тіршілігі және қазақтың белгілі батырлары мен билері де бейнеленеді. Шығарма барысында батырдың Қабанбай, Дарабоз аттарына ие болғандығы туралы айтылады. Негізінен батырдың шын аты Ерасыл болған. Оның Қабанбай атына ие болуы бала кезінде жабайы қабандармен күресіп, он шақтысын өлтіргенімен байланысты. Қабанбай батырдың жастық шағы «Құдай бұған қара күш пен денені бастан-ақ аямай берген ғой. Он үш жасар кезінде-ақ бойы үлкендермен теңесіп, ауыл арасына мінген тай-құнанның белін қайыстырып, екі тізесі көліктің мойнын қатып жүретін-ді» деп суреттеледі. Жасы елудің ішіне енді ілінген батырдың болат дулыға, жаздық қамқа бешпет сыртынан торғай көз ақ бадана киген алып денесін жеңіл қозғайтыны айтылады. Ал Дарабоз атына ие болуы туралы мынадай мәлімет бар: «Батырдың Шыңғыстауда қазақ-қалмақ арасындағы қақтығыста жау бекінісіне ақ боз атпен шауып, оқ бойы алға шығып кеткенін көрген Абылай хан:

- Ау, мына дарабоз кім? Өзі тым алға шығып кетті ғой… Көзсіз батыр мерт болмаса игі еді», - деп, әрі сүйсініп, әрі қатты алаңдаған екен. Содан бастап Абылай хан «Дарабоз» атап кеткен екен. Сол жорықта батырдың тұлпары Ақбоз атқа оқ тиеді. Содан жөнді ат табылмай, батыр көп қиналады. Оған жолдасы Боранбай би, көп жылқыны кезіп, «нағыз тұлпар, арда емгенді» тауып береді. Оны кейін «Қубас» атайды. Батырдың алғашқы ерлігі он алты жасында қалың қалмақ еліне ішкерілей еніп, қапыда өлтірген Есенбай ағасының кегін алу үшін қалмақ батыры Өлжемен жекпе-жекке шығып, жеңіске жетуімен басталады. Кейін Өлженің інісі Арсалаңмен жекпе-жекке шығып, оны да жеңеді. Қабанбай батыр қанша жауға қатал, елге беделді болғанымен, отбсында бала десе жанын беретін, кәдімгі кең қолтық қазақтың бірі еді. Әлде бала-шағасын сағынып, түзде көп жүргендіктен бе, үйге келсе болғаны, «балалары мен немерелері мойнына мініп, иығына шығып, қойны-қонышы балаға толып кететін» деп айтылады. Көкшетауда хан ордасында кеңес жүріп жатқанда орыс елшісі Угримов: «Міне, нағыз батыр деп соны айт! Өзі біздің Илья Муромецтен айнымайды», - деп батырды есіне алады. Сондай-ақ Қабанбай батырдың баласы Әлі батырдың ойынша «Шын батыр болашақ жарымен жаугершілікте, не жорықта жүргенде танысуы керек». Себебі оның әке-шешесі Қабанбай мен Майсара қан майданда, қырғын соғыста қосылған. Сондай-ақ кім ойлап тапқаны белгісіз, қазақ салтында үйленбеген, үйленсе де артына тұяқ қалдырмаған жас жігітті қырғын шайқасқа қатыстырмайтын болған. Шығарманың соңында Қабанбай батырдың батырларша жау, жорықта ата кегін қуып келген қырғыз батыры Қарабекпен жекпе-жегі суреттеледі. Бұл ұрыста Қабанбай батыр Қарабектің қолынан емес, Қарабек Қабанбай батырдың қолынан қаза табады. Бірақ оқыс қимылдап өзі де мерт болады. Автор: «Адамдар бірте-бірте ұсақталып, батырдан – барымташы, барымташыдан – ұры, ұрыдан – қары, қарыдан – бөрі туатын уақыт та алыс емес-ті», - деп, батырлықтың замана ағымына түсіп, әлеуметтік ортада беделінің бұрынғыдай еместігін қынжыла айтады.

Қазақтың классик жазушыларының бірі І.Есенберлиннің «Алтын Орда» трилогиясы қазақ жеріндегі Алтын орда империясының қалыптасуы мен құлдырау кезеңіндегі қазақ елінің тұрмыс-тіршілігі мен жаугершілік кезіндегі батырлардың, баһадүрлердің ерлігін суреттеуге арналады. Романның сюжеті Алтын Орда ханы мен оның әскерлерінің жорық жылдарын суреттеуге құрылған. Сондай-ақ орданы билеуші хандар мен әмірлердің шиеленісі тарихи тұрғыдан сипатталады. Трилогияда Алтын Орданың шарықтаған кезіндегі ханы Батуды «Қан майданда қандай қаһарлы, айбарлы болса, Орда ішінде, дос-жарандарының арасында өзін сондай инабатты, сыпайы ұстайтын хан енді кілт өзгерді. Сұп-сұр болып қаны қашып, қабағы кірбің тартып, жұртпен сөйлеспей қойды. Бұрынғысынан да бетер ашулы, үн шығармай, тек зілді түрімен-ақ қасындағылардың еңсесін басып, апшысын қуырып бітті» деп бейнелеген. Бату көп ұзамай қайтыс болады. Империяның тізгінін оның ұрпақтары ұстайды. Соның ішінде қыпшақ даласында Әз-Жәнібек хан деп аталған өте данышпан, парасатты, ер, батыр, мерген Жәнібек алтын таққа отырады. Жәнібек ханды «ашаң бойлы, аққұба келген, ойлы көзді, сымбатты кісі» деп сипаттайды. Ол 1343-1357 жылдары хандық құрып, Алты Орданы биледі. Уақыты жетіп, Бердалы деген баласының қолынан қаза табады. Кейінгі кездегі Алтын Орданың билеушісі Тоқтамыс хан туралы «Алмастың жүзіндей өткір, қара торы, кең маңдайлы жігіт екен» десе, Едіге батырды «Үлкен екі көзі оттай жанған, түкті қабақты, қошқар мұрын, қара сұр, арыс кеуделі, асқан балуан, суық түсті жан болған» деп суреттейді. Мұның ішінде ұнамды кейіпкер ретінде Едіге батырдың ерлігі мен оның сұсты, қаһарлы баһадүр екендігін мынадан байқаймыз: «Бір күні Тоқтамыс хан қымыз ішіп отырғанда боз ордаға Едіге батыр кіріп келеді. Едігенің түсі жалпы суық болатын. Ақ сұр бетінің қанын ішіне тартып, боп-боз боп, түкті қабақтарын түксите, үлкен өткір қаракер көздерімен тесіле қарап, үйге кенет кіріп келгенде кім болса да сескеніп қалатын. Бұл жолы да солай болды. Тығыз іспен, рұқсатсыз тас қабағы түйіліп қанын ішіне тартып боп-боз боп Ордаға кірген Едігені көрген Тоқтамыс хан селк етіп, қолындағы кесені түсіріп ала жаздады», - деп айтылады. Сонымен, Алтын Орданың билеушілері Шыңғыс хан ұрпақтарының бақ, тақ таласы алып империяның ыдырауына әкеп соқты. Едіге батыр Алтын Орданы бұрынғы жағдайына жеткізем деп өзі де өмірден өтеді. Оның орнына Ресей және Қазақстан секілді алып мемлекеттер пайда болады.

Қазақ тарихында бейнелі орын алатын тұлғалардың бірі 1917 жылғы отарлау саясатына қарсы күресте ел бастаған көсемдердің бірі Амангелді Имановтың бейнесін М.Жұмағұлов өзінің «Қыран қазасы қияда» атты романында сомдаған. Шығармада батырды «Кәдімгі жігіт, орта бойлы. Ол арынды адуын, шиыршық атқан шапшаң, тұтқиыл, солай бола тұра орнықты тұлға. Амангелдінің қанында халықтың өз қаны, сол айнымаған ағысы, сол тамыры жатыр» деп суреттейді. Ал келесі бір суреттегенде жігіт ағасы бейнесінде сомдалады: «Атты кісінің жауырыны қақпақтай екен де, белі жіңішке екен. Басын орамалмен шандып алыпты, ақ көйлегінің жеңі шынтағына дейін түрілген, бейне төбелеске түсетін кісідей. Әлпеті қайсар, мысқылшыл нышаны бар, жақ сүйегі шымыр, қоңырқай көзді, қалың қабақты екен». Бұл жерде Амангелдінің шынайы батырларға лайықты кескін-кейпін көруге болады. Сондай-ақ Амангелдінің ой-өрісінің дамуына өскен ортасының зор ықпал еткені мына үзіндіден көрінеді: «Қостанай түрмесіне түскенше Амангелдінің аты тек аңшы, сері, балуан, көкпаршы, батыл жігіт деген атпен мәлім болатын. Түрмеден ол мүлдем өзгеріп шықты. Оған дейін қазақша ғана хат танитын, түрмеден шыққан соң орысша сөйлейтін, орысша қара танитын болып алған, заңға да жетілген». Сонымен қатар батырды бірде-бір жігітке ұқсамайтын, барынша еркін, ер, қайсар, ақылды деп те суреттейді. Осы кездегі Амангелді батырдың бейнесі «Қақпақтай жауырынды, сәл жіңішкелеу белі бар, шып-шымыр, қайратқа мінген, еркін, байсалды, қоңырқай кескінді, от маздаған үлкен өткір көзді еді. Ол қолымен бейне өрт сөндіргендей сілтеніп қалғанда жұрт тыншыға қойды» деп сипатталады. Амангелді батырдың мақсаты «Артымнан ажалдан таймас азамат ерсін!» дейтін шарт еді. Бұл - әр жігіттің намысына шабатын сөз. Қоян жүрек қорқақ, ез, шірік атану кімге таңсық? Батырға еріп от пен судан тайынбай жүрген оның жігіттеріне жұрт сондықтан сүйсінетін. Амангелді турашыл, шыншыл, саясатқа жетік, көзі ашық адам болған. Ол Торғай жерін отаршылардан азат ету жорықтарына қатысты. Осы мақсатында Әліби Жангелдинмен тізе қосып, бірге қимылдады. Келесі жылы Торғай қаласы түгелдей Совдептің қарамағына көшті. Соғыс комиссары болып Амангелді Иманов тағайындалды. Өкінішке орайАмангелді батыр арнайы ұйымдастырылған ақ бандылардың қолынан қаза табады.

Шығыстың қос жұлдызы саналатын қазақтың батыр қыздарының бірі, КСРО батыры Мәншүк Мәметова туралы жазушы Ш.Сыздықов «Мәншүктің өшпес ерлігі» атты деректі повесінде батыр қыздың ерлігін, қайсарлығын деректі құжаттарға сүйене отырып, жан-жақты ашып көрсетеді. Ерлік жолын бригада штабындағы дайындықтан бастаған Мәншүк оқу жаттығуларын аяқтап, өз еркімен пулеметшілер дайындайтын курсқа қабылданып, оны сәтті аяқтап, Москваны қорғауға аттанады. Шығармада Мәншүктің таза, адал жанды, нәзік, сыпайы, табанды, байсалды, ақ көңіл, жолдастарына қайырымды, ауыртпалыққа төзімді екендігі, ашуға берілмейтіні, абыржуды білмейтіні суреттеледі. Оның батыр бейнесін: «Қандай өжет, адамгершілігі мол қыз. Отанға, елге, өмірге деген сүйіспеншілігі қандай! Өзі отша жалындап тұр!» - деп сипаттайды. Бұл жерде автор Мәншүктің өмір сүруге құштар екеніне, елін сүйетініне, елімен қоса бауырларын жанындай жақсы көретіндігіне тоқталып отыр. Пулеметші М.Мәметова Молодой Тут түбіндегі шайқаста қайсарлықпен соғысады, Великие Луки қаласы үшін болған ұрысқа белсене қатысады, Невель түбінде соғыста ерлікпен қаза табады. Невель қаласында ерекше ерлік көрсеткен аға сержант М.Мәметоваға 1944 жылы 1 мартта СССР Жоғары Советі Президиумының Указымен Совет Одағының Батыры атағы беріледі.

Жазушы Ж.Тілеповтың «Сақа солдат» атты деректі повесі Ульянов дивизиясының солдаты, автоматшылар ротасының атқышы Әшім Меңдібаевқа алғаш әскери оқу-жаттығудан өткеннен кейін барлаушы мамандығына дайындауға жолдама берілгенімен басталады. Өзінің қалай сыннан өткенін Әшім былай сипаттайды: «Әрқайсысымызды дәрігер қайта қарады. Дәрігердің байқауынша, менің жүйке тамырларым темірден тоқылғандай, жүрегім «жылан жұтқандай» болып шықса керек, әйтеуір, «қорықпайтын өжет, қайтпас қайсар, шыныққан шыдамды деп мінездеме беріпті». Әшімнің бейнесін жазушы ширақ, шымыр, жақсылыққа жақсылық жасауды парыз санайтын адамгершілігі мол деп суреттейді. Шығарма соңында Әшім соғыста ерекше ерлік үлгісін көрсетіп, «қайсар барлаушы» немесе «сақа солдат» болып, Молдавия, Украина, Шығыс Пруссия, Польша, т.б. елдерді азат етіп, жеңіспен еліне оралады.

Қазақ әдебиетінде Отан соғысынан кейінгі кезеңде Т.Ахтанов, Ә.Шәріпов, М.Ғабдуллин, Б.Момышұлы сынды майдангер жазушылардың шығармалары белгілі орын алады. Бұл шығармаларда соғыс кезіндегі ерлердің жанқияр ерліктері шынайылықпен, деректілікпен көркем суреттеледі. Оқушылардың жойқын соғыс бейнесін реалистік тұрғыдан бейнелеп, оларды ерлікке, отансүйгіштікке, адамгершілікке тәрбиелеудегі бұл шығармалардың орны ерекше.

Сондай шығармалардың бірі жазушы Әди Шәріповтің «Арбасу» атты повесі Ұлы Отан соғысы жылдарындағы совет партизандарының ерлігіне арналады. Повестің басты тақырыбы партизандардың ерлік жорығы мен бірнеше ұлт өкілдерінің ерлік ісін суреттеуге арналған. Шығарманың басты кейіпкері Батыс Белоруссиядағы танк дивизиясының кіші лейтенанты Ақылбай Сабырбаев бейнесін жазушы өзінің прототипі ретінде қолданған. Шығармада жиырма үш жастағы Ақылбай жоғары білімді, орта бойлы, инеліктей қатқан арық, үлкенге де, кішіге де инабатты, мейірімді деп суреттелген. Ақылбайдың ерлік жолдары оның дұшпан қолында қоршауда қалып, өз әскерлерін шашыратпай ақылмен ұйымдастыруынан басталады: «Дәл осы топтың ішінде Ақылбайдан басқа командир жоқ. Сарбаздарды бастап, қоршаудан алып шығу Ақылбайдың мойнында болды. Кенеттен есіне күншығыс жақтағы ну қарағайдың ішіндегі батпақтың ортасындағы арал түсті. Аралды алғаш әскерге келген жылы орманға ағаш дайындауға барғанда орманшы көрсеткен болатын. Жау әскері ілгері қарай кеткенше қасына жауынгерлерін ертіп, сол жерге паналай тұрамыз деген ойға келді». Сонымен қатар оның өз солдаттарына құрметпен қарауынан Ақылбайдың кішіпейіл, ақыл иесі екендігі көрінеді. Повесть Ақылбайдың партизан отряды Белоруссия жерін фашист әскерлерінен толықтай тазартып, Кеңес әскерлеріне қосылып, жеңіске жетуімен аяқталады.

Майдангер жазушылардың бірі Ә.Нұршайықов «Ақиқат пен аңыз» атты роман-диалогында Бауыржан Момышұлымен бетпе-бет жүздесе отырып, оның ерлік жолының қалыптасуын шынайы, реалистік сипатта: «Оның ерлігіне, батылдығына, тапқырлығына, сонымен бірге адамгершілік асыл қасиеттеріне сүйсіндік» деп бейнелейді. Шығармада Бауыржан батыр өзгеше бітімі мен мінезі бар, қонақжай, әділ, мейірімді, соғыста нар тәуекелшіл, айлакер, жауына қатал, ал солдаттарына келгенде «қаһар жүзі жылып, қатал жүрегі жібіп, жұмсарып қоя беретін», жауынгерлеріне әкедей әділ, қамқоршы, қатал, қаһарлы, адамгершілігі мол болғандықтан, оны солдаттардың әскери жарғының талап етуімен емес, жүрек әмірімен «әке» деп атағандығы айтылады.

Сондай-ақ КСРО батыры М.Ғабдуллин Б.Момышұлын «Қайратты қара шашы танкке тосқауылға қаққан айқыш-ұйқыш рельстей тікірейген, екі көзі оттай жайнаған, жағына пышақ жанығандай, ұзын бойлы» деп суреттейді. Ал КСРО батыры генерал-полковник И.М.Чистяков Бауыржанға берген мінездемесінде: «Ол қазақ ұлтынан шыққан, алған бетінен қайтпайтын, қатал мінезді, сымбатты келген жас командир болатын», - деп көрсетеді. Б.Момышұлымен жүздесіп, «Ақиқат пен аңыз» романын жазар алдындағы Ә.Нұршайықов: «Баукеңнің өзімен сөйлесу маған бір жерде отырған бірнеше адаммен сөйлесумен пара-пар болды. Мен мемлекет қайраткерінің, философтың, атақты қолбасшының, ақпа ақынның, психолог жазушының, жалынды жас жігіттің, жасамыс азаматтың, қатал әкенің, қамқор ағаның ортасында отырған іспеттендім», - деп батырдың ой-өрісі кең, жан-жақты адам екендігін баяндайды.



Қазақ әдебиетінде сұлу сөзді жазушы атанған Ғ.Мүсірепов өзінің «Қазақ солдаты» атты романында Кеңес Одағының батыры Қайырғали Смағұловтың бейнесін Қайрош Сарталиев түрінде сомдайды. Ауылдан қашып келе жатқанын Қайроштың өзі өмірін басқаша құруға талаптанған ерлігі ретінде түсінуге болады. Мысалы: «Кейде өзімнің өжеттігім мен тәуекелшілдігіме масаттанып та қоямын. Таныс дүниеден жат дүниеге, таныс ауылдан таныс емес қалаға қашу үшін де едәуір ерлік керек сияқтанды», - деп келтіреді. Дегенмен көп жүріп Гурьев қаласына да жетеді. Мұнда көп қиналып, әзер дегенде өзі секілді балаларға қосылды. Олар Бораш және Шеген болатын. Қайрош Шегенді былай суреттейді: «Шеген сұлу, сұңғақ денелі, бұлшық еттері болаттай иірілетін, күнге күйген, тобылғы торы екен. Қақпақ жауырынды, қыздай қыпша бел, кеудесі шалқақ біткен, бәйге атындай жарау, өте оңтайлы бала екен. Келте мұрын, азғана аузы үлкенірек, қоңыр көздеу болғанымен, маған ол өте сымбатты көрінді. Табаны жалпақ та, тайпақ та емес, аяғының үсті биік, бар денесі шақпақтай. Бір көргеннен-ақ мен де Шеген болғым келді». Сонымен балалар өз бетінше күн көріп жүргенде милицияға ұсталып, балалар үйіне алынады. Кейін оған Шеген, Бораш та қабылданып, тәрбиеленеді. Балалар үйі белгілі себептермен Орал қаласына көшіріледі. Шеген оқуды бітіріп, Орынбордағы әскери ұшқыштар училищесіне оқуға түседі. Ал Қайрош болса, оның ізін қуып, ол да жоғары сыныпта оқиды. Өзі туралы: «Байқаймын, балалар арасындағы ендігі Шеген мен сияқтымын. Мен қарғымаған биік, мен айналмаған «ағаш ат» қалған жоқ. Темір білекке асыла кетіп айналғанда, дөңгелектей зырылдаймын. Денем темірдей. Бұлшық еттерім жыландай жиырылып, шиыршық атады. Кеудем көріктей көтеріледі. Бәйге атындай жарау, сып-сидамын», - деп сипаттайды. Көп ұзамай Бораш та Мәскеудегі консерваторияға жолдамамен оқуға қабылданады. Ал Қайрош болса, онымен қоса әскер қатарына алынады. Ол шекарада әскери борышын өтеп жүргенде арнайы әскерилер дайындайтын оқуға жіберіледі. Сол кезде арнаулы жаттығулардан өтіп, барлаушы болады. Дегенмен, курс аяқталмай соғыс басталды. Еріктілер қатарында сержант Сарталиев соғысқа аттанады. Ол соғыс кезінде Сталинград, Кавказ, Грозный үшін болған шайқастарда асқан ерліктер көрсетіп, «Өжеттігі үшін» медалімен марапатталады, лейтенант шеніне дейін көтеріледі. Қайроштың ерлігі туралы: «Капитан Ревякин Жоғары Бас командованиенің бұйрығы бойынша Керчь қаласына десант түсірілсін деген бұйрықты жеткізеді. Сонымен лейтенант Сарталиевтің барлаушылары Керчьке десант ретінде түсіріледі. Жаудың маңызды пункттерін асқан ерлікпен қолға алады. Дегенмен мықты бекіністі ұстап тұру да қиынға соғады. Дұшпанмен шайқаста бүкіл барлаушылар бөлімі көп шығындалады. Төбеге келіп түскен траншеяның үш тармағында үш-ақ адам қалдық: Василий Гришин, Владимир Толетов, Қайырғали Сарталиев. Былай санасаң да үшеу, олай санасаң да үшеу», - деп жауынгерлердің жанқияр ерлігіне тоқталады. Сол аралықта негізгі резервтегі күш жетіп, Отан алдындағы бұйрық орындалады. Жазушы бұл шығармасында Қайырғали өмірінің деректеріне сүйене отырып, өмірде бар геройдың басынан кешкендерімен шектеліп қалмаған, сол арқылы өз Отанының патриоты болып шыққан қазақ солдатының жиынтық образын жасаған.

Қазақ батырларының ерлік дәстүрін тарих ғылымында нақты тарихи деректер мен дерекнамалық құжаттар негізінде көрініс табады. Әдетте батырдың өскен ортасы, қоғамдық-саяси жағдайы, батырдың ерлігі, шежірелік сипаттау, халық арасында беделі жайында хронологиялық тұрғыдан жылдық есептеулер мен дәл мағлұмат алуға болады. Дегенмен, тарихи деректерге сүйене отырып, академик М.Қозыбаев өзінің тарихи зерттеулерінде батырлар өмір сүрген қоғамды төмендегідей кезеңдерге бөліп көрсетеді:

- VI-VII ғасырлардағы Күлтегін заманындағы Түркілердің ерлік тарихы;

- Алтын Орда тұсындағы ерлік тарихы;

- Орта ғасырлардағы қазақ-қалмақ соғысының тарихы;

- Орыс патшасының отарлау саясатына қарсы ұлт-азаттық көтеріліс;

- Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ батырларының ерлік тарихы.

Жоғарыдағы тарихи кезеңдерге сүйене отырып, қазақ батырларының қаһармандық бейнесі туралы түсінік беруге талпыныс жасаймыз. ҮІ-ҮІІІ ғасырлардағы қазақ даласын мекендеген Ұлы Түркі империясының батырлары Күлтегін, Білге қаған, т.б. туралы деректер бар. Оның ақиқаттығын Орхон-Енисей өзендерінің бойында табылған тас жазуларында қалдырылған отансүйгіштік мағынадағы өсиеттерден көреміз: «Әкеміз, ағамыз құраған халықтың атақ-даңқы жоқ болмасын деп, түркі халқы үшін түн ұйықтамадым, түн отырмадым, інім Күлтегінмен бірге мемлекетті нығайттым», - деп баяндалады. Яғни күні бүгінге дейін мағынасын бермеген осындай отансүйгіштік мәні зор өсиеттерден оның ерекше қасиеттері, бауырмалдығы көрінеді. Бұл ретте оның еліне жау келтірмей, елдікті, бірлікті, тұтас мемлекет болуды көздеген отансүйгіштік сезімін атап өткен жөн.

Бізге жеткен тарихи деректерде Бейбарыс сұлтан (1223-1227) туралы айтылады. Ол өзінің қайрат-жігерінің, шебер қолбасшылығының арқасында Таяу Шығыстағы Мысыр елін биледі. 1265 жылы Крест жорығына қатысып, жауына тойтарыс берді, 1265-1267 жылдары Арменияны бағындырды, 1275 жылы Кіші Азия селжұқтарын жеңіп, империяны нығайтады, Шыңғыс хан әскерлеріне тойтарыс береді. Осындай ерліктің арқасында тек қазақ елі ғана емес, күллі Еуроазия әлеміне танымал болды. Дегенмен, Бейбарыс сұлтан өмір сүрген кезең нағыз феодалдық жаугершілік жағдайлармен тұспа-тұс болатын. Ол асқан ерлік пен әккі саясаткерліктің нәтижесінде ғана сұлтандық дәрежеге көтеріле білді, өзге елді билеп, елді әділ басқарды. Оның дәуіріндегі жағдайды «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген нақыл сөзбен түсіндіруге болады. Әйтсе де Бейбарыс сұлтан туралы Мысыр елінде ғана деректерде көп айтылады, себебі ол Мысыр еліндегі ғылым, білім, өнердің, қорғаныс қабілетінің нығаюына көптеген еңбек сіңірді.

Сондай-ақ қарадан шығып, ел билігіне, соғыстарға қатысып, батыр атанған Жалаңтөс Баһадүр (1576-1656) есімі қазақ еліне танымал. Ол Самарқанның әмірі, әскери қолбасшы, саясаткер болған. Кіші жүздің биі Әйтеке бидің атасы, руы Әлім, Төртқара руынан шыққан. Ол 1643 жылы Орта Азия жеріндегі басқыншылық әрекет жасаған қалмақтың әскерін жиырма мың әскерімен Жетісу өлкесінде талқандайды. Сондай-ақ тарихи деректерде белгілі Хорасан мен Балх үшін Иран патшалығына қарсы (1649), Кабул мен Мешхед әскерлеріне қарсы (1649) шешуші шайқастарда жеңіске жетті. Дегенмен мұндай жетістікке жетуі мықты ұйымдастырушылықтың, асқан білімнің нәтижесі деп түсінген жөн. Ол жастайынан медреседе білім алып, шығыс ғұламаларынан тәлім алған болатын. Міне сондықтан да ол ел ішіндегі саясатта әділ, білгірі болатын. Оның Жалаңтөс атының аталуының өзі де тегін емес: «Шешесі аяғы ауыр кезінде арлан қасқырдың төсіне жерік болыпты. Әкесі Сейітқұл сол арланның ізіне түсіп, атып әкеліп, жерігін қандырған екен», - дейді. Демек дүниеге келуінің өзі де ерлікпен пара-пар болатын.

Қазақ халқының тарихындағы өте ауыр кезеңдерінің бірі ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы жаугершілік, соғыс, аштық, т.б. қиындықтарымен белгілі болды. Осы кезде халықтың бірлігін, елдің тұтастығын қорғау үшін бірнеше батырлар мен хандарды атауға болады. Олардың қатарында Қарасай батыр, Есет батыр, Жәнібек батыр, Әбілқайыр хан, Бөгенбай батыр, Қабанбай батыр, Абылай хан, Райымбек батырлар болатын. Тарих қойнауында батырлардың әлеуметтік ортадағы ірі мәртебеге ие болуын да осындай себептермен байланысты түсіндіруге болады.

Қазақ халқында қаһармандығымен, ерлігімен әйгілі болған батырлардың бірі Қарасай батыр (1589-1671) қазақ-жоңғар арасындағы үш бірдей шешуші шайқасқа қатысты. Яғни 1635 жылы Сібір-Тобыл соғысында, 1643 және 1653 жылдары шайқастарда Қарасай батыр өзінің ерлігімен, ақылдылығымен қазақ әскерін сәтті жеңістерге алып шықты деген деректер бар. Әдетте ол кездегі соғыстың басты ерекшелігі, ердің бес қаруы және тұлпардың жүйріктігі мен батырдың ерлігінің арқасындағы тактикалық әрекетпен сипатталатын.

Қазақ-жоңғар соғысының әйгілі батырларының бірі Есет батыр (1667-1749) Кiшi жүзден шыққан, әскери атағы – тархан, Тама руынан. Тарихи деректерге қарағанда кіші жүздің жеті руын билеген. Жоңғар-қалмақтармен болған соғыста қалмақтарға күйрете соққы бередi, орыс-қалмақ басқыншыларына қарсы күрес жүргiзедi. Ту ұстап, тарлан мінген, ел намысы үшін күрескен Есет батыр өз заманында кіші жүзге белгілі тархан болған. ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырлар ел керегесі солқылдап, шаңырағы шайқалған аса бір шытырман заман еді. Дәлірек айтсақ, 1710-1711 жылдары Тәуке хан әскерімен бірге Есет батыр да жауға тойтарыс береді. Батырдың ерлігіне риза болған Тәуке хан: «Айбатың аса түссін, найзаң мұқалмасын, ел намысы тұздығың болсын!» – деп бата берген. 1727 жылы Бұланты өзенінің бойында қазақ әскерлері ойрат-қалмақтарға ойсырата соққы береді. Қазір ол жер «Қалмақ қырылған» деген атпен белгілі. Есет батырдың ерлігі жайлы:

«Ор мен Елек бойынан,

Жылжымаған кіші жүз,

Қоныстарын қорғады,

Қол шығарып талай жүз.

Ойыл өзен бойларын,

Қалмақты одан тазартып,

Бет қаратпай дұшпанды,

Жұрт жағдайын жақсартты», - деп Керей Жанкісі жырау жырлаған болатын. Ерлігінің арқасында Есет батырды дүйім қазақ жұрты аңызға, жырға қосты. Халық өз батырын ардақтап, 1992 жылы 325 жылдық мерейтойын атап өтті. Ел аузында «Ердің соңы – Есет, пірдің соңы – Бекет» деген сөз бекерге айтылмаса керек.

Қазақтың әйгілі батырларының бірі, қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресінің қаһарманы Жәнібек батырды (1693-1752) Шақшақ деп те атайды. 1710 жылы он жеті жасында Тәуке ханның қолымен бірге жауға шауып, жекпе-жекте қалмақтың бас батырын өлтірген. Абылай ханның тұсында қол бастап, ханның негізгі кеңесшілерінің бірі болған. 1717 жылы Аягөз маңындағы шайқаста қол бастап, ерлік көрсеткен. 1723 жылы Жәнібек батыр Кіші жүз жасақтарына көмектесіп, Еділ қалмақтарымен соғысқан, Бөгенбай, Өтеген батыр, т.б. батырлармен бірге оңтүстіктегі жоңғар шапқыншыларына тойтарыс берген. Жәнібек батыр 1732 жылы жеті мың қолдық жоңғар әскеріне Орта жүзге шабуыл жасағанда қазақ әскеріне басшылық жасады. 1740 жылы орыс-қазақ келіссөздеріне қатысқан. 1743 жылы Ресей патшасы Елизаветаның жарлығымен Жәнібек батырға «тархан» атағы беріледі. Жәнібек батыр көп тыңдап, аз сөйлейтін, ердің құнын екі ауыз сөзбен шеше алатын әділ де, шешен адам болған.

Батырлығымен даңқы шыққан ақсүйек әулетінің тұқымы Әбiлқайыр баһадүр хан (1693-1748) – Шыңғыс хан әулетiнiң кiшi буыны Өсеке ұрпағы Қажы сұлтанның баласы. Соғыста батырлығымен, айлакерлiгiмен, аса дарынды ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түседi, өз беделiмен 1710 жылдан өмiрiнiң соңына дейiн хан болады. 1728-30 жылдары жоңғар қалмақтарына қарсы Аңырақай жерiнде соғысқа қолбасшылық жасап, өз жерiн дұшпандардан тазартады. Зерттеуші Джон Кэстль Әбілқайырға барған сапары туралы еңбегінде оны: «Ол зор тұлғалы, сымбатты, аппақ жүзі қызыл шырайлы, түсі сондай жылы кісі, сонымен қатар зор денсаулық пен қайрат күш иесі, садақ тартуға келгенде шынымен-ақ бүкіл ұлтта оған тең келетін кісі жоқ», - деп сипаттайды.

Сондай-ақ Бөгенбай батыр Қараұлы(туған жылы белгiсiз – 1741) – Табын руынан шыққан қолбасшы, батыр. Ол батыр атағын жоңғар-қалмақтармен соғыста қалмақтың батырын жеңгенi үшiн алды. 1726 жылы Әбiлқайыр ханмен бiрге Едiл қалмақтарын жеңедi, 1741 жылы түрiкпен шапқыншылығына 500 әскерiмен түрiкменнiң 8000 әскерiн жеңiп шығады, Табын руының ру басы атанады. Бөгенбай батырдың ерлік бейнесі қазақ жерлерін жоңғарлардан азат ету және т.б. шайқастар тұсында «Қисапсыз қол көрінсе, қорқып жаудан қайтпаған», «қарсыласқан асылдар қорғасындай балқыған… қазақтың қамал қорғаны» (Бұқар), «Құбыла көшкен байтақтың ортасындай… темір жұмсап, оқ атқан қорғасындай… қолтығы ала бұғының пәйкесіндей… білегі жуан бүркіттің тегеурініндей… Алатаудай Ақшадан алып туған» (Үмбетей) дегендей жау жүрек, өжет, парасаттылық, қолбасының ақыл-айласы мол кісі ретінде көрінеді».

Дүйім қазақ халқына мәлім Қабанбай батыр (1703-1781) – жоңғар басқыншыларына қарсы күресті ұйымдастырушылардың бірі, қазақтың біріккен қолының Бас қолбасшысы, жекпе-жекте жеңіліп көрмеген халық қаһарманы. Ол Орта жүздің Найман тайпасының Қаракерей руынан, ел азаттығы жолында күрескен киелі батырлар әулетінен шыққан. Қабанбай батыр әйгілі «Ақтабан шұбырындыдан» кейінгі айтулы ірі шайқастардың бәріне қатысқан. Ерекше ержүректілігі үшін «Хан батыры», «Дарабоз» деген атақтарға ие болған.

Жоңғар шапқыншылығы жылдарында елдің тұтастығы үшін күрескен Абылай хан (Әбілмансұр) (1711-1781) – Оңтүстік Қазақстанда Арыс жағасында дүниеге келген ұлы мемлекет қайраткері, қолбасшы және дипломат. Арғы тегі Жошы хан, бергі бабалары Қазақ Ордасының негізін салған Әз-Жәнібек, одан соң Еңсегей бойлы Ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан. Абылай – Жәңгір ханның бесінші ұрпағы. Жәңгір ханның Уәлибақы, Тәуке деген екі ұлы болады. Жәңгір қайтыс болып, таққа Тәуке отырғанда, Уәлибақы хандыққа өкпелеп, Үргенішті билеген нағашы атасы Қайып ханның қолына барады. Уәлибақының баласы Абылай жекпе-жекке шыққанда жауы шақ келмейтін батыр болып, қанішер Абылай атаныпты. Осы Абылайдан Көркем Уәли туады. Оның баласы Әбілмансұр «Ақтабан шұбырынды» жылдарында жетім қалып, Үйсін Төле бидің қолына келеді. Аш-жалаңаштықтан жүдеген өңіне, өсіп кеткен шашына қарап, Төле би оған «Сабалақ» деп ат қойып, түйесін бақтырады. Әбілмәмбет төренің жылқысын да бағады. Төле бидің тәлім-тәрбиесінде болуы Абылайға зор әсер етеді. Қазақ даласының даналығын бойына жинаған баба ақылы мен парасатын, ел билеу қабілетін анталаған жауға қарсы қазақ халқы басы біріксе ғана тойтарыс бере алатынын жас баланың санасына ұялата білген. Жиырма жасында қан майданда ерлігімен танылған. Мұнда жекпе-жекте Шарышты өлтіреді. 1738-1741 жылдары жоңғар қалмақтарына тұтқиылдан шабуыл жасайды. 1753 жылы Абылайханның әскерлері бірталай қазақ жерін ойраттардан азат етті. 1756 жылы қытайлықтармен соғысып, жеңіске жетті. 1757 жылы қытайлықтар жеңіліп, бітім сұрады. Б.Нұрышев: «Абылай – аса қаталдығымен, кесімді пікірімен, сонымен бірге қажет жеріндегі айлалығымен және әркімнің ісін бағалай білуімен де беделге ие болған адам», - дейді. Ә.Тарақ «Алаштың айбын-ардағы – Абылай хан» атты әдеби-тарихи монографиясында Абылайдың ерлігі, өрлігі туралы былай деп келтіреді: «Заманында Абылайдың даңқының дүрілдеп шығуы да оның аса қабілетті, қайтпас қайсар, ержүрек батырларды төңірегіне топтастыруынан. Ел сенімі, тірегі де қолбасылар, батырлар болды». Сонымен қатар Абылайдың тұлғасын сипаттауында:

«Атаң Абылай қазақтың кегін алған,

Туын жығып, жауының шебін алған,

Аузын айға басқан сан менменнің,

Үрей құтын ұшырып, есін алған», - деген жырды келтіре отырып: «Абылай кейінгі заманға әйгілі қолбасшы, ардақты хан, халқы қадірлеген қымбат тұлға болғаны өз алдына, ел аузында жыр, аңыз, күй, дастан ғана емес, нақыл болып қалғандығын пайымдаймыз. Дәл осы жырда Абылайдың айбын-айбары, қаһармандық тұлғасы асқан сүйіспеншілік, асқақ шабытпен бейнеленген», - деп келтіреді.

Елі үшін жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыста аты аңызға айналған Райымбек батыр (1730-1829) – Ұлы жүздің Албан тайпасы, Алжан руынан шыққан. Райымбектің атасы Хангелді атақты батыр, ел бірлігі мен тыныштығын сақтау жолында көптеген әрекеттер жасаған қайраткер болған. Райымбек батыр он жеті жасында жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерен ерлік көрсетіп, батыр атанады. Ол туралы: «Райымбек – тумысынан дарынды, соғыс өнеріне жас кезінен үйренген, айлакер де тәсілді батыр. Сұңғақ бойлы, ойы оралымды, өткір мінезді, қара дауыл соқса да, қабақ шытпайтын Райымбек он бесінде ат құлағында ойнаған, он алтысында орда бұзар атанған», - деп сипаттайды. 1755-1757 жылдары Абылай ханның басшылығымен жоңғар хандығын толық талқандайды.

Қазақ халқының тарихында айшықты беттерін қалдырған кезең ретінде ХҮІІІ-ХХ ғасырлардың басында Ресей патшалығының отарлау саясатына қарсы көтерілісті айтуға болады. Бұл кездегі әлеуметтік жағдайдың ерекшелігі бұрынғыдай қол бастайтын батырлықтың, бір жерден ұйымдастыратын әскери тактикасының болмауынан «көтеріліс» сипатында болды. Бұл ретте Бекет ата, Көтібар батыр, Қайдауыл батыр, Жанқожа батыр, Махамбет батыр, Есет батыр, Кенесары хандарды айтуға болады. Дегенмен батырлықтың көбі таптық сипатта болды. Мұнда көтеріліс басшыларының ізіне ерген арнайы әскері болмағандықтан, «шаруалар көтерілісі» деген атпен тарих сахнасына енген болатын.

Осындай ел үшін күрескен батырлардың бірі бізге мәлім Бекет Ата (1750-1813) - әулие, көріпкел, батыр, сәулетші. Оның ерекше қасиеті – аруақты батырлығы. Жауына қылыш сермемей-ақ, жалғыз өзін мың қол қылып көрсетіп, қанқұйлы соғыссыз-ақ ел тыныштығын қорғаған. Ол елiнiң бiрлiгi үшiн шайқасқан батыр, қолбасшы, Үстiрт аймағына медресе, мешiт салған, халықты сауаттандыру үшiн күш жұмсаған, емшi, көрiпкел, бақсы болған.

Батыс өңірінде елі үшін күрескен халық батыры Көтібар (1757-1833) елінің, жерінің еркіндігі үшін ұлт-азаттық күресті ұйымдастырушы, Сырым Датұлымен бірге кіші жүз қазақтарын біріктіріп, патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы күрес жүргізген. Бұл кезеңдегі ұлт-азаттық көтерілістердің тәсілдері әр түрлі болғанымен, түпкілікті көздеген мақсаты елдің тәуелсіздігі еді. Шөбі шүйгін жайлауы мен басыбайлы қыстауынан айрылған ру басшыларының жасақтары орыстың бекініс-қамалдарына шабуыл жасап, ата қонысын азат ету үшін күрескен болатын. Тарих бетінде сақталған деректер бойынша Көтібар батыр Шошқакөлдегі Ақбұлақ, Жем, Ақ Жайық бойындағы бекіністерге бірнеше дүркін шабуылдап, талқандайды. Жоғарыдағы оқиғаны кезінде жазушы Ғ.Ахметов өзінің «Жем бойында» деген еңбегінде баяндаған болатын. Сегіз Сері өзінің «Қашқын» деген дастанында Көтібар батырға былай деп сипаттама береді:

«Аралас Шекті, Табын қонған екен,

Олар да патшаға өшті болған екен,

Көтібар заманында ту көтеріп,

Халқына қал-қадірі болған екен». Көтібар батырдың өзі өлсе де, оның ерлігі өлмейді. Бұған дәлел Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Ақкемер ауылы маңында батырдың жерленген жері анықталғаннан кейін аудан әкімі А.Беркінбаевтің шешімімен оның мерейтойы атап өтілді. Сайып келгенде, Көтібар батырдың ерлігі әрқшанда жас ұрпақты ерлікке тәрбиелеудің негізі болмақ. Ел аузынан алынған аңызға сүйенсек Көтібар батыр туылғанда баланың денесі ірі, жаурынының ортасында бармақтай түкті қалы бар, қасы қалың, көзі ашық, сол жақ уысында бір талшық қылдай қан уыстап туған екен. Осыған қарап, Саңырақ әулие былай депті: «Жаурынында қалы болса, дұшпаны қарсы келмес көкжал батыр болады екен, қабағы қалың, көзі ашық болса, дүниенің төрт бұрышын тегіс көремін, өзім билеймін деп туған екен. Ал уысында бір тамшы қан болса, заманында қан төгіс көп болатын шығар, мен бата берсем, қанішер, қатігез, мейірімсіз болмасын, баламыз құтты болсын, аты Көтібар болсын». Сол Саңырақ әулиенің айтқандарының барлығы Көтібар батырдың өмірі мен жасаған іс-әрекетінде толығынан кездескен деседі. Сондай-ақ деректерге сүйенсек, Көтібар батыр туралы: «Өте ірі тұлғалы, атқа мінгенде аяғын үзеңгіге салмайтын», - деп айтылады.

Қазан жүрек Қайдауыл батыр (1766-1839) – Көтібар, Арыстан батырлардың замандасы. Борсық құмынан Ор өзеніне дейінгі аралықты жайлаған Шектінің батыры. Халық арасында:

«Шектіден шыққан дейді екі үлек,

Дүмпиген жаратылысы туған бөлек,

Көтібар – алмас қылыш ел тірегі,

Қайдауыл – сағы сынбас қазан жүрек», - деп батырдың ерлігіне ерекше тоқталады. Қайдауыл батыр 1778 жылы түрікпен шапқыншылығына қарсы тұрып, елін қорғаған, сол соғыста жекпе-жекте түрікпеннің жеті батырын жеңген. 1789 жылы башқұрттармен болған шайқаста еліне төнген жауды талқандаған. 1783-1797 жылы Сырым Датұлымен бірге патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы күрескен. Ақбұлақ, Жем, Калмыково әскери бекіністерінде ерекше жеңіске жеткен. 1839 жылы казактар мен башқұрттардан құралған патша өкіметі әскерлерімен болған шайқаста қаза табады. Оның бейіті қазіргі Шалқар ауданына қойылған. 1996 жылы батырдың 230 жылдық мерейтойы атап өтіліп, ас берілді.

Ел қамы үшін күрескен Жанқожа батыр (1770-1860) Ресей отаршылары мен Хиуа бектеріне қарсы (ХІХ ғасырдың 30-жылдарында) күресте аты шыққан көтеріліс басшысы. Ол Хиуа хандығында Қоқан билеушілеріне қарсы күрес жүргізеді. 1835 жылы Сырдария бойына салынған Бабажан қамалын қиратып, Хиуа ханының әскерін талқандайды. Жанқожа батырдың ерлігі туралы халық ауыз әдебиетінде жыр, термелер ұрпақтан ұрпаққа таралып келеді. Мысалы:

«Мінгені Жанқожаның Қарала атты,

Есітсе мылтық даусын қарсы шапты».

Бұл жыр шумақтары Жанқожа батырдың дара туған тұлға екенін және оның Қарала атының да есті жануар екенін аңғартады. Сонымен қатар:

«Жанқожа жау боларда жасын алды,

Баласын мұсылманның қасына алды,

Бұл орыс бізге қарсы жау болар деп,

Барлық бекінісіне ойран салды», - деген жыр жолдарынан біз Жанқожа батырдың патша өкіметіне қарсы тұра білген, елінің тәуелсіздігі үшін күрескен хас батыр екеніне көзіміз жетеді. Дейтұрғанмен, Жанқожа батырдың өлімі туралы жазылған мына бір жырда:

«Қулары бұл қазақтың шатылмайды,

Есіл ер қапияда кетті қолдан.

Енді батыр қазаққа Жанқожадай табылмайды», - деп, батырдың ел ішіндегі алауыздық салдарынан қаза тапқаны айтылады.

Қара халықтың қамын ойлаған Исатай батыр(1791-1838) – 1836 жылы Бөкей ордасы мен Кіші жүздің батыс бөлігінде болған ұлт-азаттық көтерілістің басшысы. Тегі Беріш, Ағатай батырдың ұрпағы. Қазіргі Атырау облысы Қызылқоға ауданы аумағындағы Тайман жолы деген жерде туған. 1808 жылы Жайық өзенінен өтіп, Бөкей ханның қол астына көшіп барған. Жасынан сөзге шешен, өжет, қара қылды қақ жаратын, әділ Исатай батырды 1833 жылы шөбі шүйгін, құнарлы жерден елімен қоса көшіріп, суы аз, құм басқан Мыңтөбеге аударады. Әртүрлі алым-салықтан күйзелген, казак әскері мен жергілікті феодалдардың езгісінен шыдамы таусылған бұқара халық қолына қару алып, 1836-1838 жылдары Исатай батыр қол бастайды. Көтерілісшілердің мақсаты Жәңгір хан арқылы патша өкіметінің халыққа жасап отрыған озбырлығына шек қою, шаруалар жағдайын жақсарту болады. Бұлар екі мыңдай жасақпен Жәңгір ханның ордасын қоршайды. Бірақ ханның арбауына түсіп, 1837 жылы 15 қарашада көтерілісшілер мұздай қаруланған Ресей әскерлерінен жеңіледі. 1838 жылы 12 шілдеде бес жүз сарбазбен келе жатқан Исатай батыр ойламаған жерден Ақбұлақ өзенінің жағасында подполковник Гекке мен Баймағанбет сұлтанның біріккен әскерімен кездесіп қалады. Әскери күші жағынан тең емес шайқаста көтерілісшілер асқан ерлік көрсетеді. Зеңбірек оғынан көп адам шығындалып, осы соғыста Исатай батыр қаза табады.

Жәңгір хан (1801-1845) – Бөкей ханның баласы. Бөкей қайтыс болғаннан кейін (1815) хан тағы мұрагерлік жолмен Жәңгірге беріледі. Ол неміс, орыс, татар, араб тілдерін білген. Жәңгір хан тұсында Бөкей ордасының сауда жәрмеңкесі (хан жәрмеңкесі) ұйымдастырылып (1832), дәрігерлік бөлімше, дәріхана, архив және хандықтың алғашқы картасы жасалды (1838). 1841 жылы Жәңгір хан өз қаражатымен мектеп ашып, онда қазақтың белгілі зиялы азаматтары С.Бабажанов, М.Бекмұхамедов, К.Шығаев т.б. білім алған. Жәңгір сол жылы Қазан университеті жанындағы ғылыми кеңеске мүше болып сайланып, 1843 жылы генерал-майор шенін алады. 1844 жылы Қазанда Жәңгір ханның «Мұхтасар әл-фикғайат» деп аталатын еңбегі жарық көрді. Жәңгір хан коллекция жинаумен, асыл тұқымды жылқы өсірумен, қазақ шежіресін жинаумен айналысады. Билер мен хан өкілдері кеңесі, тархандар институты қайта құрылады. 1845 жылы ауырып қайтыс болды.

Қазақ елінің дербес мемлекет болуын аңсаған Кенесары хан Қасымұлы (1802-1847) бала күнінен ат құлағында ойнап өседі. Атысу, шабысу, сайысу, аударыспақ, т.б. дала сарбазына қажетті ерлік өнерінің бәрін толық меңгереді. Аңшылық дегенде ішкен асын жерге қояды. Орыстың патша заманындағы зиялылары да Кенесарыны қанша «қарақшы», «жабайы», «бұзақы» деп сипаттап жазғанымен, оның айлалы саясаткер, ақылды қайраткер, қаһарман қолбасшы екендігін жоққа шығармаған. «Кенесары өз халқына мәңгілік бостандық тіледі, шынайы патриот ретінде орыс мемлекетінің өздерін толық жаулап алуға ұмтылғанын түсіне білді», - деп жазған Н.Середа.

Отты жырларымен батырлардың рухын көтерген дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлы(1804-1846) 1836 жылы Исатай Тайманұлы бастаған езгіге қарсы көтеріліске қатысып, соның ұраншысы болады. 1846 жылы жау қолынан қаза табады. Халқының бостандығы, елінің еркіндігі үшін қалың бұқараға:

«Ереуіл атқа ер салмай,

Егеулі найза қолға алмай,

Еңку-еңку жер шалмай,

Қоңыр салқын төске алмай,

Түн қатып жүріп, түс шалмай,

Тебінгі теріс қағынбай,

Темір қазық жастанбай,

Қу толағай тастанбай,

Ерлердің ісі бітер ме?» – деп үндеу тастап, халықтың отансүйгіштік рухын көтеріп, ерлікке, елдікке шақырады. Сонымен қатар батыр ақын өзінің туындыларында:

«Дулығалы бас кескен,

Ту түбінен ту алған,

Мен – Өтеміс баласы

Махамбет атты батырмын!» – дей отырып, жасөспірімнің ойын, отансүйгіштік қасиетін оятуға септігін тигізеді. Сондай-ақ ерліктің символы ретінде өсиет етіп:

«Арманы бар ма жігіттің –

Қапылыста тап берген.

Тайталасса жауменен

Туып өссе жер үшін?» – деген өлең жолдарында кейінгі жас ұрпаққа өсиет қалдыра отырып, туған жердің, ерліктің қадірін түсінуге дәріптейді.

Халық батыры Есет (1807-1888) Қабақ елінің Шекті руынан шыққан Көтібар Бәсенұлының баласы. 1838 жылы Жоламан батырмен бірге көтеріліс жасап, Елек қорғанына шабуыл жасады. 1847-1848 жылдары Жанқожа батырмен бірге Қоқан, Хиуа хандықтарына қарсы шықты. Белгілі зерттеуші В.Тимм Есет батырды: «Есет Көтібаров 55 жаста, ұзын бойлы, қара сақалды, оның бет-жүзінен қайырымдылық пен сергектіктің, сабырлы көздерінен – терең ой, ақылдылық, салмақпен айтқан әңгімелерінен қазақ болмысын білетіндігі және кең парасаттылығы байқалады», - деп сипаттайды. Орыстың белгілі жиһанкезі, жазушы, мемлекет қайраткері Е.П.Ковалевский: «Есет ел ішінде батырлығымен, ерлігімен жиырма жасында атағы шыққан адам. Геркулес тұлғалы мығым, сымбатты, бойындағы қайраты мен ерлігі оның қимыл-әрекеттерінен сезіліп тұрады», - дейді. Яғни оның алып күштің иесі ретінде болумен қатар, асқан ой иесі екенін және парасаттылығын байқаймыз.

Қазан төңкерісінің себептеріне байланысты қазақ даласында көтерілісті ұйымдастырып, жеңісімен әйгілі болған батырлардың бірі Амангелді Үдербайұлы Иманов (1873-1919) – батыр, қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі. Әкесінен жеті жасында жетім қалған. Ел ішіндегі дау, жанжалдарға ерте араласқан. 1916 жылы Ресей императорының маусым айындағы жарлығына қарсы шығып, көтеріліс жасайды. Торғай қаласын елу мың көтерілісшімен жиырма жеті күн қоршауға алады. Подполковник Тургеневтің жасағына қарсы тұрып, оны талқандайды. Ол туралы достарының бірі, революционер Д.С.Денисов: «Амангелді қайратты ержүрек адам еді. Сол жасырын өмір сүрген жылдарында басынан кешірген қиыншылықтары жөнінде еш уақытта сөз қозғамайтын, егер ол жайлы сөз ете қалса да, күлкілі бірдеңелерді әңгімелейтін. Ол сирек кездесетін ақ көңіл жан еді», - деп сипаттайды.

Қазақ халқының Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлік көрсетіп, батырлығымен, қаһармандығымен әйгілі болған Б.Момышұлы, Қ.Қайсенов, Т.Тоқтаров, М.Ғабдуллин, М.Мәметова, Х.Доспанова, Ә.Молдағұлова, Р.Қошқарбаев, т.б. батырларын атап айтамыз. Бұл кезеңдегі батырлық пен ерлік сипатында көптеген ерекшеліктер болатын. Әдетте қару түрі, басқару тәсілі, әскери соғыс тактикасы да мүлдем басқаша болатын. Қоғамдық-әлеуметтік жағдайлар да КСРО кезіндегі идеология бағытында болды.

Сол кезде қол басқарып, батырлық үлгісін көрсеткен Бауыржан Момышұлы (1910-1982) – Кеңес Одағының батыры. 1941 жылғы кескілескен шайқастар кезінде өз батальонын жиырма жеті рет шабуылға бастап шығып, бес рет қоршауды бұзып, өз дивизиясына қосылды. Ресейдегі Волоколамск, Горюны, Бородино, Трашково, т.б. үшін болған ұрыстарда тоғыз рет асқан ерлік үлгісін көрсетеді. Волоколамск тас жолында неміс әскерлеріне тойтарыс береді. Еуропаның Варшава, Прага, Киев, Минск, т.б. қалаларын неміс фашистерінен азат етеді. Б.Момышұлының ұстазы, қарулас досы командир И.М.Чистяков былай дейді: «Командира 1073-го стрелкового полка Баурджана Момыш-улы я знал еще до войны по совместной службе на Дальнем Востоке. Это был молодой командир, казах по национальности, с крутым и упрямым характером и красивой внешности. Нравилось мне у Момыш-улы еще одно качество – правдивость. Как бы тяжело ему ни было, я знал, что он всегда скажет правду. Того же он требовал и от своих подчиненных».

Дұшпан территориясында партизандық соғыстың батыры Қасым Қайсенов (1918-2006) – қазақ халқының қаһарманы. 1938 жылы Өскемен саяси-ағарту техникумын бітірген. 1940-1941 жылдары Арнаулы әскери мектептен өтіп, Ұлы Отан соғысы жылдарында (1941-1945) Украина жерінде партизан отрядының командирі болады. Қ.Қайсеновтың шығармалары «Жас партизандар» (1954), «Ажал аузынан» (1960), «Жау тылында» (1966, 1973) негізінен соғыс жылдарындағы партизандар өміріне арналады. Ол «І дәрежелі Отан соғысы», «Богдан Хмельницкий», т.б. ордендерімен марапатталған.

Аты аңызға айналған, соғыста ерен ерлік көрсеткен Төлеген Тоқтаров (1920-1942) – Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген, КСРО батыры. Т.Тоқтаров 8-гвардиялық атқыштар дивизиясы қатарында болды. 1942 жылы 9 ақпанда Бородино үшін болған ұрыста асқан ерлікпен қаза тапты.

Батырлығымен аты әйгілі болған қазақтың қос жұлдызының бірі Мәншүк Мәметова (1922-1943) – қаһарман қазақ қызы, КСРО батыры. Ата-анасынан ерте айрылған Мәншүк балалық, жастық шағын Алматыда апасы Ә.Мәметованың тәрбиесінде өткізді. Ұлы Отан соғысы басталған кезде Алматы медицина институтында оқып жүрді. 1942 жылы ол өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, 100-ші атқыштар бригадасының құрамында ұрысқа қатысты. Аға сержант, пулеметші Мәншүк ұрыстарда өзінің асқан мергендігімен және табанды батылдығымен көзге түсті. Мәншүк туралы «Ішкі тәртібі тастай берік, тап-тұйнақтай жинақы» болушы еді деп айтылады. Өкінішке орай, Невель қаласы үшін кескілескен шешуші ұрыста М.Мәметова ақтық демі біткенше пулеметтен оғын боратып, қаһармандықпен қаза тапты.

Қаһармандығы тарихта белгілі болғанымен, дүйім жұртқа көп таныс емес қазақтың батыр қыздарының бірі Хиуаз Қайырқызы Доспанова 1922 жылы Атырау облысында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы жылдары кезінде қан майданда ерлікпен шайқасқан қазақтың ұшқыш қызы М.М.Раскова (1912-1943) басқарған 46-шы гвардияның түнгі бомбалаушы-ұшқыштар полкінде штурман қызметін атқарған. Солтүстік Кавказ, Кубан, Қырым, Украйна мен Белоруссия, Польша мен Германияны фашистерден азат ету жолында жау тылына 300-ден аса рет ұшып шығып, көрсеткен жауынгерлік ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз», «ІІ дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған. Соғыстан кейін Қазақстан Жоғары Кеңесінің депутаты, Жоғары Кеңес төралқасының хатшысы, Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің 1-ші хатшысы, Алматы қалалық партия комитетінің 2-ші хатшысы қызметтерінде болған. Еңбектегі жетістіктері үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған. «Халқым үшін» (1963), «Под командованием Расковой» (1965), т.б. кітаптары жарық көрген. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 60 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Отан наградаларын тапсыру барысында «кешегі қан майданда қазақ халқының мерейін асырған, оның ішінде қазақ қыздарының қуатын, жоғары адами қасиетін көрсете білген Х.Доспанованы «Халық қаһарманы» жоғары наградасымен марапаттады».

Ұлы Отан соғысында қазақ халқын әлемге паш еткен мерген қыз, КСРО батыры Әлия Молдағұлова (1925-1944) ата-анасы қайтыс болғаннан кейін нағашысының қолында тәрбиеленеді. Ленинградтағы №9 мектепте оқиды. 1942 жылы өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, мергендер мектебін үздік бітіріп шығады. 1943 жылы Прибалтика майданында 26-шы атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысады. Ефрейтор Ә.Молдағұлова мергендігімен көзге түседі. Новосокольники темір жол селосының маңында болған ұрыста Ә.Молдағұлова жауынгерлерді шешуші шайқасқа бастап, қаһармандықпен қаза тапты. Ә.Молдағұлова туралы В.И.Артамонова-Даниловцева: «Бір бағыттан қайтпайтын, алдына қойған мақсатқа жету жолында табандылық, жігерлілік көрсететін мінезі болатын. Оның бойында ерлікке лайықты от болатын», - десе, Е.Н.Никифорова: «Лияш кіршіксіз, адал, бауырмал, аяулы жан еді. Оның қасында болған кім де кім әрқашан достықтың, жолдастықтың не екенін сезіп, оны өзіне сүйеніш тұта алатын. Ол аса кішіпейіл еді. Маған майданнан жазған хаттарында ерлік істерін айтып ешқашан мақтанған емес», - дейді.

Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаев (1924-1988) – Берлинде Рейхстаг қабырғасына алғаш рет жеңіс туын тіккен қаһарман қазақ жауынгері. 1942 жылы Қызыл армия қатарына шақырылып, 1944 жылы Фрунзедегі жаяу әскер училищесін бітірді. Сол жылдан бастап ол 1-ші Белорус майданында 150-ші Идрицк атқыштар дивизиясында взвод командирі болып, Польшаны азат ету және фашистік Германия әскерлерін өз жерінде талқандау ұрыстарына қатысты. Лейтенант Р.Қошқарбаев 1945 жылдың сәуірінде Берлинге шабуыл жасаған кеңес әскерлерінің алдыңғы сапында болып, Рейхстагты алу ұрысында асқан ерлік көрсетті. 30 сәуірде ол жауып тұрған оққа қарамастан, жауынгер Г.Булатовпен бірге Рейхстагқа алдымен жетіп, оның қабырғасына жалау қадады. Ол «Қызыл Ту», «І дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен, ерлігі үшін бірнеше медальдармен марапатталды.

Қазақ батырларының ерлік дәстүрлерінің сипатталуын әр тарихи кезеңдегі өзгерістермен түсіндіруге болады. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздегі бейбітшілік жағдайда бүгінгі күні ерлік, қаһармандыққа қол жеткізген Қ.Рысқұлбеков, Т.Әубәкіров, Т.Мұсабаев, т.б. қазақтың біртуар ұлдарын айтуға болады.

Ұшқыш-ғарышкер Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров 1946 жылы 27 шілдеде Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында дүниеге келген. 1962-1965 жылдары Теміртау құйма механика заводында токарь болып жұмыс жасап, содан кейін Ресей Федерациясындағы Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін бітіреді (1969), 1969-1975 жылдары Кеңес Одағы Әскери әуе күштерінің Қиыр Шығыс әскери округінде ұшқыш, звено командирі, эскадрилья командирінің орынбасары болады. Мәскеу ұшқыштар сынаушылар мектебін (1976), Мәскеу авиация институтын (1979) бітіреді. 1976-1992 жылдары Мәскеудегі А.И.Микоян атындағы Тәжірибелік конструкторлық бюросының ұшқыш-сынақшысы болады. Т.Әубәкіров 1988 жылы КСРО-да тұңғыш рет әуеде қонбай, екі рет жанармай құйғызу арқылы Солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындады. 1989 жылы бірінші болып авиатасушы крейсердің алаңқайшасына «МиГ-29к» реактивті ұшағын үлкен шеберлікпен дәл қондырады. Сондай-ақ ол елуден аса ұшақтың жаңа түрлерін сынақтан өткізеді. 1990 жылы ғарышкерлер құрамына алынды. 1991 жылы 2 қазанда «СОЮЗ ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшады. Ғарышта бірнеше ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жерге сәтті қонады. 1992-1993 жылдары ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, 1994-1995 жылдары ҚР Жоғары Кеңесінің депутаты, 1996 жылдан бері ҚР Президентінің кеңесшісі, профессор, 1997 жылы техника ғылымдарының докторы, 1998 жылы авиация генерал-майоры. Сондай-ақ ерен еңбегі үшін 1988 жылы КСРО Батыры, 1995 жылы ҚР Халық қаһарманы атақтарымен марапатталды.

Қазіргі таңда жалпы білім беретін орта мектептің оқушыларына арналған сыныптан тыс оқуға берілген көркем әдебиеттер мен тарихи шығармалардың маңызы зор болып табылады. Әдетте оқулықтар мен хрестоматияларда қазақ батырларының ерлік дәстүрлерін насихаттауға арналған мағлұматтардың аз берілуі және тарихи деректердің жеткілікті қамтылмауы отансүйгіштік тәрбие беруде қиындықтардың туындауына себепші болды. Сондықтан оқушылардың кең мағлұмат алуы үшін көркем әдебиеттерді, тарихи шығармаларды өз бетінше оқу жұмысын ұйымдастыру олардың пәндік тапсырмаларды терең білуімен қатар отансүйгіштік сезімнің қалыптасуына да әсерін тигізеді. Оқу-тәрбие үрдісінде тарихи шығармаларды тереңдете оқыту оқушылардың қазақ батырлары туралы деректі құжаттардан мағлұмат алуына және өз бетінше ізденіп, еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілігінің артуына септігін тигізеді. Демек нақты тұжырымдалған қосымша материалдардың атқаратын қызметі зор. Сондай-ақ, ғалым Ж.Наурызбайдың пікіріне қосыла отырып, тұлғаның «лингвистикалық санасы», «тарихи санасы», «географиялық санасы», т.б. сәйкес өзіміздің проблемамызға лайықталған қазақ батырларының ерлік дәстүрлері арқылы оқушылардың «отансүйгіштік санасын» дамытудың маңызы зор.


Қазақ батырларының қаһармандық бейнесі арқылы

оқушылардың отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастыру үрдісінің теориялық моделі


Қазіргі кезде қоғамдық әлеуметтік жағдайдың жаңаруына байланысты білім мен тәрбие берудің де жаңаша бағытта қалыптасуында жеке тұлғаның «бәсекеге» қабілетті болуына талап-міндеттер қойылуда. Мұның өзі сана-сезімі жетілген, жан-жақты, елін, жерін, Отанын қорғай білетін, мемлекеттік рәміздерді қасиет тұтатын тұлғаны тәрбиелеуді негізге алатын басым бағыттардан тұрады.

Отансүйгіштік тәрбие берудегі басты мақсат жеке тұлғаның бойында рухы мықты, адамгершілік нормаларды бойына сіңірген, отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру болып табылады. Ғалым Н.Елікбаевтың пікірінше: «біріншіден, тарихи қалыптасатын, ұлттық өмір сүру ізімен жалғасқан дәстүрлі қасиет болғандықтан, ұлттан тыс бола алмайды; екіншіден, кез-келген ұлтқа еңбек сіңірген өзге ұлт өкілдері сол ұлтқа бүтіндей беріле алмайды; үшіншіден, отансүйгіштік сезімді тек биологиялық деп қарау ғылымға жат нәрсе, оны жануарлардың инстинктімен шатастыруға болмайды. Отансүйгіштік қасиет биологиялық емес, ол тарихи, саяси әлеуметтік, идеологиялық дәстүрлі, күрделі құрылым».

Қазақ батырлары туралы мағлұмат берудің өзі тарих қойнауындағы ірілі-ұсақты қақтығыстарға байланысты келіп шығады. Себебі батырдың өзі соғыс майданында ерлігімен, күшімен, қайратымен көзге түскен және өзін іс-әрекетімен көрсете білген фигура деп түсінген жөн. Оның мәнісін түсіндірер болсақ, батыр атағы тектен тек берілмейді, және оның қазақ қоғамында өзіндік мәртебесі болған: «Батыр (парсы т. ﺑﻬﺎﺩﺭ - бахадур – ержүрек, батыл, батыр) - әскери өнерді жақсы меңгерген, жау түсірер ерлігімен аты шыққан, қаһарман адамға берілетін атақ. Батырлық мирасқорлық жолмен берілмейді, оған әрбір адам жеке басының ерлігімен ие болады», - дейді. Яғни батырдың ерлігімен қоса қаһармандығына да көп мән беріліп отыр. Оның бір айғағы батырдың күші мықты, ер болғанының өзінде де оның қаһарман, айлалы, бауырмал, дұшпанына қатал, достарына адал, т.б. секілді қасиеті болуы қажет. Осындай қырларына байланысты батырларды ұлтымыз құрмет тұтқан және ерліктерін аңызға айналдырған.

Ал «Қаһарман (араб, парсы т. ﻗﻬﺎﺭ - құдірет сөзінен шыққан) – 1) Алдына келгенді қаһарлы сұсымен имендіретін, суық түсті, айбынды батыр. Араб, иран тілдерінен ауысқан қиссаларда «қаһарман» сөзі батыр ұғымына эпитет ретінде айтылған. 2) Көркем әдебиеттегі герой ұғымының баламасы», - деп айтылады. Бұл анықтамада «суық түсті», «қаһарлы сұсымен» дегенде батырдың түр-тұрпатын көрмей жатып-ақ дұшпанының бойында үрей сезімі қалыптасатындай болуы тиіс. Әдетте эпостық жырларда, ерлік шығармаларында өзгелер осындай айбынды батырлардың қаһарынан қорыққан және олар дұшпанына аян беріп, тіпті түсінде оны жеңіп, қорқыныш ұялататын болған. Мысалы, Тайшық ханның түсіне Алпамыс батыр кіріп, аян береді: «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты бір жас батыр келіп ел-жұртымды қырып, қаламды жауға көміп, қақпамды қанға малды. Басымнан тәжімді, бауырымнан жарымды тартып алды. Айдарлымды құл қылды. Ел-жұртымның тоз-тозы шыққан соң, қабырғам сөгіліп, қасірет шегіп, еңіреп жүр екенмін», - деп айтылады.

Мектеп оқушыларына батырлардың қаһармандық бейнесін насихаттау үшін профессор К.Ж.Қожахметованың зерттеуіндегі «ер жігіттің» халық ауыз әдебиетіндегі жиынтық образын келтіреміз. Мұнда автор ер жігітті сыртқы көрінісі жағынан «ұзын бойлы, өткір көзді, қара қасты, кең маңдайлы, тік мұрынды, қияқ мұртты, кең иықты, кеуделі, өткір тісті, қолдары қарулы, мығым денелі, жауырыны қақпақтай, бір сөзді, шыншыл, рухы күшті», ал сипаты мен өзіндік ерекшеліктері жағынан «қырандай қырағы, сұңқардай тәкаппар, арыстандай айбатты, жолбарыстай күшті, қасқырдай батыр, қара нардай шыдамды, құландай сүйекті, жылқыдай сезімтал, бұландай айбарлы, сауысқандай сақ, т.б.», қабілеті мен іскерлігіне байланысты «көсем жігіт, дана жігіт, ержүрек жігіт, мырза жігіт, күрескер жігіт, шаруа жігіт, сұңқар жігіт, сұлтан жігіт, арыстан жігіт, қасқыр жігіт, нар жігіт, т.б.», - деп жіктейді. Сондай-ақ жігіттің бойында болуы қажет «байқағыштық, шеберлік, ерлік, күштілік және табандылық, шапшаңдық, білімділік» секілді алты қасиетін атап көрсетеді. Мұның өзі бүгінгі оқушылардың қазақ батырларына тән отансүйгіштік қасиеттерді танып-білуіне және өздеріне үлгі алуына септігін тигізеді.

Дейтұрғанмен, болашақ тұлғаның бойындағы батырлардың қаhармандық бейнесі педагогика ғылымында ескерілмей келе жатқанын айтуымыз қажет. Сондай-ақ тәрбие, білім, ғылымда нақты көңіл бөлудің нысаналы тұстары байқалып отыр. Олай болса, қазақ батырларының қаhармандық бейнесі арқылы отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруды айқындап, оны жинақтау үшін модельдеу арқылы түсіндіруге болады. Жалпы гуманитарлық, техникалық, жаратылыстану ғылымдарында модельдеу әдісі тиімді қолданылып келеді. Ал, педагогика ғылымында модельдеу бүгінгі күні зерттелетін тақырыптың мазмұнын ашуға көмектесетін бірден-бір әдіс болып табылады. Сондықтан, қазақ батырларының моделін жасау барысында модель сөзіне түсінік береміз. «Модель» сөзі (франц. modele, итал. modello, лат. modulus) - «өлшеуіш, өлшем, үлгі, норма» деген мағынаны береді. Демек, модельдеу әдісін Ресей ғалымдары Н.И.Болдырев, М.Н.Скаткин, В.Богословский, Э.И.Моносзон, Л.И.Выготский, т.б. ғылыми-зерттеулерде қолданса, ал қазақ этнопедагогикасын зерттеу барысында Ж.Наурызбай, К.Қожахметова секілді ғалымдар еңбектерінде көрініс табады. Отансүйгіштік тәрбие беру туралы модельдеуде С.Нұрмұқашева, С.Иманбаева, Л.Сайдахметова, М.Құрманбаева, А.Бейсембаева, т.б. пікірлерін негізге аламыз.



Ойымызды нақтылай отырып, қазақ батырларының қаhармандық бейнесінің теориялық моделін ұсынамыз. Ол мақсаты, қағидалары, нормативтік негіздеулері, мазмұны, әдісі, құралдары және нәтижелерінен тұрады (Сурет 5).



Мақсаты




Қазақ батырларының қаһармандық бейнесі арқылы оқушылардың отансүйгіштік қасиетін қалыптастыру




Қағидалары




Батырлық, қаһармандық, отаншылдық, «Отан отбасынан басталады», «Ер бір сөзді»




Мазмұны

Оқу үрдісінде

Тәрбие үрдісінде

Қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, Қазақстан географиясы, Алғашқы әскери дайындық пәндері, «Ерлік дәстүрлері» факультативтік курсы

«Отантану» арнайы курсы, «Айбын» патриоттық клубы, «Қаһарман» әскери оқу жаттығу лагері, «Жігіт сұлтаны», КТК, т.б.




Әдістері





Тест, сауалнама, рольдік ойындар, жаттығулар, т.б.




Құралдары





Батырлық жырлары, шежірелер, көркем шығармалар, тарихи әдебиеттер




Түрлері, формалары




Факультативтік сабақ, семинар сабақ, топсеруен, ғылыми конференция, т.б.




Нәтижесі





Отансүйгіштік қасиеті қалыптасқан тұлға







ТҰЛҒА







БІЛУІ ТИІС

ҚАСТЕРЛЕУІ ТИІС

АУЛАҚ БОЛУЫ КЕРЕК

Ана тілін, туған жер тарихын, шежіресін, Отан тарихын, туған өлке табиғатын, т.б.

Салт-дәстүрін, топырақты, қаһармандықты, ерлікті, қасиетті орындарды, батырлықты, мемлекеттік рәміздерді

Бес нәрседен, жеті пәледен, жаман әдеттен, жалқаулықтан, т.б.




ОТАНСҮЙГІШТІК САНА-СЕЗІМІ ЖЕТІЛГЕН ОҚУШЫ

Сурет 5 – Қазақ батырларының қаһармандық бейнесі арқылы оқушылардың отансүйгіштік қасиетін қалыптастырудың теориялық моделі


Мақсаты – қазақ батырларының қаhармандық бейнесі арқылы оқушылардың отансүйгіштік қасиетін қалыптастыру. Отансүйгіштік қасиеттер жеке тұлғаға тән болатын (қаhарлы, батыл, сұсты, арлы, епті, қарапайым, ұятты, зерек, т.б.) негіздеулерден тұрады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет