Екінші кітап



бет5/31
Дата06.02.2022
өлшемі3,16 Mb.
#37858
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   31
4. Сатираның сардары
(Қадыр Тайшықов) (28)

Ол Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Қадыр сол отызыншы жылдары Гогольдің «Өлі жандарын» ана тілімізге аударған. Оның кезінде жазған әңгіме, сықақ, фельетондары да жұрт аузында сақталған. Бектұров өзінің «Сәкеннің соңғы сәттерінде» атты еңбегінде оған: «Қадыр бесаспап өнерпаз жігіт, етік те тігеді, домбыра да жасайды, сурет те салады. Сықақ әңгімелер де жазады», - деп баға берген.


Сатираны Ілияс, Бейімбетпен қатар өндірте де өткір жазған Қадыр. Ол 1926-1936 жылдар арсында Семейдің «Қазақ тілі» және «Еңбекші қазақ», «Лениншіл жас» газеттерінде «Қапсыңқа» , «Бұйрас», «Малтаң», «Малкелді» деген бүркеншек аттарымен көп дүние жариялады. Бұл сықақ шығармалары 1936 жылы «Күлмеске не?» делініп топтастырылды. 1965 жылы оның әңгіме, фельетондары «Октябрь ұшқыны» деген атпен қайта басылды.
Қ.Тайшықов – сынап, сықақтаудың шебері. Ол кез келген факті, кез келген кемшілікті фельетон, сықақ, өлең, әңгіме ете қоятын болған. Оның бармаған тақырыбы кем де кем. «Телефон-жеңгей», «Ханалар тарихы», «Табылған хаттар», «Нота» атты фельетон әңгімелерінде кейбір жастардың моральдық ұстамсыздығын, жаңа тұрмыс өркениетті мәдениеттің мәнін түсінбей, мещандыққа бой алдыруын келеке етсе, «Демалыс», «Адасқандар», «Малқамбайдың баяндамасы» атты шығармаларында жеке мекеме қызметкерлерінің жауапсыздығы мен көзбояушылығын, сөйлей, жаза білмес бейшаралығы мен көкмылжыңдылығын ажуалады. Оқу, ағарту, мәдениет, әдебиет саласындағы жауапсыздықтарды да ел алдына алып шықты. Сауатсыздықты, тыныс белгілерін қоя білмеуді, күлді көмештей өлең жазуды, дүмше аударма жасауды білгірлікпен, төзімділікпен сынап, сықақтады.
Қадыр үлкен әлеуметтік мәселелерге де барды. Сайлаудан аласталған бай-манап, молда-қажы, атқа мінерлердің далбаса айла-шарғысы («Бұқа мініп барайық деп едік», «Қырдың құмы, Сырдың сұмы»), қазақтың үйлену ісіндегі ескі әдет-салты («Өзіміздің күйеу», «Екі таныс»), елге шыққан өкілдердің бас бұзарлығы («Бар жазығы – Шұнақ-ау») бір пара сықақтарына арқау болды.
Сатирик қай тақырыпты қозғап, қандай дертті сынаса да, өткір тілді, күлкілі, тартымды етіп жазды. Бұл үшін барлық амал-тәсілді қолданды. Ең алдымен ол әрбір фактінің негізінде сюжет жасайды, көбіне сықақты әңгіме құрады. Бұл тұста ұшқыр қиялмен шебер-шебер ситуациялар тудырады. Мысалы, «Телефон-жеңгей» фельетонында Зикен мен Зейніл бір-біріне көңіл-ниетін білдіруге батпай жүреді. Бір күні Зикен Зайып атты жолдасына Қалпақбай дегеннің бір қызға жазған хатын оқып беріп отырады. Сол сәтте телефон шырылдайды. Зикен трубканы алып, құлағына тосып отырып хатты оқи береді. Телефон соққан Зейніл келіншек екен, ол ұйып тыңдайды. Қалпақбайдың хаттағы сүйіспеншілік туралы өлердей сөздері Зикеннің соған айтқаны болып шығады. Осыдан екеуінің беті ашылады. Телефон жігіт пен қыз-келіншектердің арасында жүретін жеңгейлердің қызметін атқарып кетеді.
«Өзіміздің күйеу» сықақ әңгімесінде Қозғамбай балаша киіндіріп, ұлдай көріп жүрген жалғыз қызының сандық қабырынан бір керекті «дастабірнесін» іздеп жүріп, Күлшетайнына (қызының аты –Т.Қ.) жолдаған жігіт хатын тауып алады. Мұны жазған жігітке ат шапан айып тартқызамыз, жазалаймыз деп жүріп, өздерінің лайық көріп, жорамалдап қойған күйеу баласын ұстап, сабап, рәсуасын шығарады. Осындайда ойға келмейтін, оңай табылмайтын, күтпеген ситуациялар Қадыр сықақтарын мүлде қызықты, тартымды етіп жіберді.
Жазушы сатирасының көркем де күлкілі болуының екінші сыры – онда сықақтың тілдік құрамдары әрі мол, әрі табылып қолданылады. Бірде автор пікір, болмысты шебер теңеу, балау арқылы жеткізеді. «Жылқыайдаров» дегенде жұрт ұры ит кіріп кеткендей болатын болды», «Өжеттіктің өріне өгіздей өрмелермін», «Өрмекшінің өрмегіндей өрнектеп», «Шекесінен маса тайып жығылғандай», «Есек жүргізетін ісіктей қақпалап отыратын әкімшілік найзасы», «Дәрігерім сүзеген сиыр көзденіп қарайды», «Қажы үйген көпедей жалпия отырып іш дәрет алып жатты», «Мұрын деген – бюрократтардың өзге заттардың барлығынан жоғары ұстайтын ашамай сықылды бір жабдығы», «Құлақ деген бастың екі жағына қалқайған пельмен пішіндес екі шеміршек» деген сияқты еріксіз күлдіретін теңеулер – оның барлық шығармаларының көркі, нәрі. Тағы бірде Қадыр сөздің ирония түріне сүйенеді. «Де» атты фельетонында да көп адамдардың әдетіне сіңген теріс істерін сықақтаған. Сонда ол былай жазады:
«Егер шешен болам десең, сатып алсаң да бір кішкене жиналыс тауып ал! Тайға мінген баладай, мінбеге барып таштия қал! Сол қолың сүбеңде болсын, оң қолың төбеңде болсын. Белсенді болам десең, күні-түні карта ойнап, он бес күн арақ ішіп, он алтыншы күні кеңсеге төбе көрсет. «Қайда жүрсің?» деуші болса, «науқаннан науқан, командировкада жүрмін» де!».
Міне, бұл ирониялық парадокс. Автор сырттай сол теріс істерге итермелеген сияқты болғанмен, іштей «Олай етпе!» деп отыр. Ақыл-кеңес өзінің тура, «Солай ет» деген мағынасында емес: «олай етпе» деген мағынасында тұр. Бұл жазушының интонациясынан бір білінсе, фельетон соңындағы «Мұның бәрі кеңес жұртшылығына керекті іс емес, бұлар ескіліктің сарқыны... кертартпа кеселдердің қылықтары... Осының бәрінен де бізді «құдай сақтасын де!»- дегенінен екі білінеді.
Автордың сатиралық әсерлі, көркемділігінің тағы бір сыры-пікір тапқырлығында. Ол өзі сөйлесе де, кейіпкерлерін сөйлетсе де ой-пікірлері ұтқыр, алымды-шалымды келеді. Кейде кейіпкерлердің аузыңа қуақы да келісті сөздер салып, сол арқылы олардың көңіл-күйін дәл аңғартады. Өлгеннің күнінен ораза ұстаған, ауызашарды асыға күткен Ешман күннің тез бата қоймағанына ашуланып: «Қасарып тұрып алуын, әрі қарай итеріп жіберер ме еді!» - деп күнге күңкілдейді. Енді бірде мынадай әдемі елес-суреттер жасайды: «Божы шырт етті. Бержебай арба ойнақ қақты. Шығыршықтар сылдыр-сылдыр сызып келеді».
«Бұра сөйлеу күлуге жақсы» дегендей, тағы бірде сатирик жеке сөз, жеке атауларды бұрмалап айту арқылы сықаққа күлкі, көрік береді. Қыздың атын не деп қойған жақсы? – деген сұрау төңірегінде пікір алысып жатқанда біреу «Колонтай ше? – десе, ел қазағы «Құлынтай» деп кетер дейді. Екінші біреу «Клара» қалай болады десе, оны «Қарала» деп кетпесіне кім кепіл дейді».
Қ.Тайшықов тек тіл құралдарымен ғана емес, кейіпкерлерге күлкілі іс-әрекет, жүріс-жорық беру арқылы да сатирасын әсерлі, тартымды етеді. Мысалы, бір фельетонында «атқа мінерсің» деп сайлауға қатыстырмай қойған соң, бай, молдалар сайлауға бұқа мініп шығады. Артынша. «Қарасаң келгір, мөңкіп-мөңкіп немізді көктен келтіріп, жайратты да кетті», - деп бай бір жерде жатады. «Сұрпақбай-ау, бұқаның құйыршығын қоя беріп, мынау сәлдені ұстасаңшы! Үзілді ғой мынау бұқаның жас нәжісіне былғанады ғой. Бұл жап-жасыл нәжіс жұқса, жуғанмен де кетпейді» - деп молда екінші жерде зарлап қалады.
Тағы бір сықақ әңгімеде 3-4 кісі дәрігерге бірінен-бірі бұрын кірмек боп таласып, есікке қапталып қалады. Бірінің шиқаны жарылып кетіп, құлындағы даусы шығады. Үшінші сықақта ораза тұтқан молда шидің ішіне кіріп, ұрланып бір аяқ қатықты басына көтеріп жатады.
Қ.Тайшықовта сюжетке құрылмаған сықақтар да бар. Бірақ олар да өзіндік айшық, өрнекпен, өзіндік қызық әдіспен жазылған. «Тоймас-қоймастар» атты фельетон шолуда өмірдегі көп кемшіліктер, тоймас-қоймастар түгел: бірінен соң бірі мұртынан тізіле қалмаған. Былайша жырдай төгілте баяндалған.
«Бюрократ Волокитаға тоймайды. Волокита керенаулыққа тоймайды... Төраға неше іздеп келсең де «заптырын» қоймайды. Кеңсе істері жазуға тоймайды. Машинистка ажарлы болса, секретарь мен делопроизводитель...есіктен сығалап есек дәмелі боп, көз аударуын қоймайды. Кооператив мүшеге тоймайды.... Кінежке қу мен сұмның қолына түсіп, ділгер товар шын мүшеге жетпей қалуын қоймайлы....Пеш отынға тоймайды... Отын дайындайтын өркенің өскір мекемеміз..». Бұйырмасын тұтам сексеуіліміз болса, өртеніп өлейік» деп бедірейіп отырып алуын қоймайды. Кейбір ақындарымыз бір жолдан алты жол шығарған өлеңге тоймайды... Аударманың көбі Қазиздаттан шығады. Қазиздатты аудармашылар сауулы сиыр деп түсінеді, өздерін аумаған жетім бұзау деп біледі. Сондықтан...дайын желінді сопырлатып еме түсуін қоймайды».
Қадырдың кейбір сықақтары сөздік түрінде. Кемшілікті жеке сөз, жеке атаудың анықтамасы етіп айтады. Оның «Не?» атты фельетоны баста-аяқ былай жазылған:

  • Электр деген не?

  • Білмейміз, горсоветтен сұрап қарап едік, әзірше май шырағдан мен керосин болмаса, электр дегенді біз де білмейміз деп справка берді.

  • Отын деген не?

  • Қазлес Алматыға жеткіземіз деп қаншама сүйресе де, сонау шөлде төрт тағандап тапжылмай жатқан бір тасбақа.

  • Керосин деген не?

  • Таң алдында барып шіретіне тұрсаң да, түске дейін бір жапырағы ауызыңа түспейтін жылмағай май.

Міне, мұнда әлгі заттардың шын анықтамасы, неге қажет екендігі айтылып отырылған жоқ, олардың жоқтығы, соны ұйымдастыра алмай отырған тиісті орындар сыналған. Осы жайлы әлгі заттардың қазіргі анықтамасы ретінде келтірілген.
Қадыр сатира жазуда Бейімбет пен Ілиястан көп үйренген. Тіпті сықақтарында солардың әдіс-тәсілін өзінше дамытып, жаңа ретте, жаңа материал негізінде ұста пайдаланған. Оның тұрмыс мәселелеріне үңілуі, сюжетті шағын штрих, қысқа елес-эпизодтардан құруы Бейімбетше. Кейбір кейіпкерлері соның «сабаздарының» хикаясын қайталайды.
Мысалы, Қадырдың Қалпақбайы мен Бейімбеттің Құрымбайы, Зәкіржан молдасының қызға баруы мүлде ұқсас. Бұлардың еңбектеп, сүйретіліп қызға жетуі, онымен тілдесу сиқы, қыз бетін оң қарата алмай пұшайман болуы, ақыры қасиеттен айырылып, масқарасы шығуы –бәрі бірдей. Ілиястың Қасымбаевы сияқты, Қадырдың өкілі де елге барғанда өзін былай таныстырады: «Мен жоғарыдан келген өкілмін, профсоюздың өкілімін, қысқасы осы дәуірде ашылып бар болуға тиісті барлық союздің өкілімін. Ілиястың «Жайлаубайдың жауыры», Қадырдың «Шиқан», «Демалыс» фельетондары арасында да ұқсастық, үндестік бар, әсіресе, кейіпкерлердің дәрігерге баруын, көрінуін суреттеген тұста бірінің-біріне еткен әсер-ықпалы сайрап жатыр.
Қадырдан үйренушілер де болған. Ол, әсіресе, Еркінбековтың сын-сықақтарынан анық байқалады. Дүйсенбекте негізінен сол Қадырдың назарын аударған кемшілік-дерттерді, елге шыққан кейбір өкілдердің ақымақкершілігін («Төремін»), дінбасылардың күлкілі халін («Молданың зары»), кейбір келіншектердің боямпаздығын («Әнәпия»), мәнсіз жалғыздықты («Өзіміздей жазушы»), сөйлей білмес былжырақ бастықтарды («Баяндамашы») сынап-мінеді. Тіпті, олардың кейбірі Қадыр сықақтарымен ұқсас,пішіндес. Мысалы, Д.Еркінбековтің «Бір ауру, екі дәрігері», «Баяндамашы», Қ.Тайшықовтың «Демалыс», «Мақамбайдың баяндамасы» деген шығармаларымен мүлде үлгілес, кейіпкерлердің жүріс-жорық, хикаясы, сөз саптауы да бірдей.
Екіншіден, Дүйсенбек те, кері қайтып, кекетуге, иронияға үйір. «Ауырсаң, істейтін ем – ертемен қуырдақ же, шөлдесең арақ іш. Қатындарға түстен, қыздарға қон. Бұта басын сындырып жұмыс істеме. Ерінген күні 16 сағат ұйықта» деген сияқты етіп, идеясы мен ақыл-өсиетін қайшы, қарсылыққа құрады. Мұндағы «солай ет» дегеннің де ар жағында «олай етпе жатыр». Ол «Жарлық» атты сықағында да ақылсыз нұсқау, бұйрықтарды осы бұра сөйлеп кекету әдісімен ажуалаған. Бір жарлық: «Көліксіз қызыл керуен ұйымдастырып, әр мөшекке 15 пұттай астық сиғыз» десе, екінші жарлық: «командировкаға баратындардың аттысы жақынға, жаяуы алысқа барсын», - дейді. Үшінші жарлық: «Берген тұқымды ішіп қойып, салған астық шықпады деп акт жазасын!» деп беріледі.
Үшіншіден, Қадыр сияқты, Дүйсенбек те сықақта тұрмыстық бірнеше кемшілікті мұрнынан тізе, шола сынайды. Рас, бұл ретте Дүйсенбек өзіндік бір жаңалық та әкеледі. Әрбір сын нысанасының кінә-мәнін сипаттап кеп, ақырында, ауыз әдебиетінің әдісімен, оның әрқайсысына бір сөзбен кекесінді арнау, жолдау айтып кекетіп қояды. Мысалы, «Жүндей сабап, шаңдай бұрқыратып, ебелектей қауқайтып, он жолын адам сүйсініп оқымаса да, ай сайын кітап бастыратын арсыз ақынға бір сәлем! Достан безіп, дұшпанды паналап, қояннан қорқып, шошқадан шошитындарға бір сәлем!» Немесе: «Сөзі түсініксіз, ісі маңызсыз, ерте жатып, кеш тұрып, аз істеп, көп міндетсіп... жүрген екпінділерді құттықтаймын! Жауындай құйып, сынаптай сусып, тоғыз түрленіп, тоқсан өзгеріп жүрген бастықтарды құттықтаймын!,- деп жазды.
Қадыр мен Дүйсенбектің сатиралық өлеңдерінде мазмұн, әдіс-тәсіл ұқсастығы байқалады. Қадыр қыз бен жігітті, Дүйсенбек жалқау мен тәбілшікті айтыстырып сықақ жазды. Бірінде жігіт:
Шашыңнан айналайын шүйке-шүйке,
Шүйкеңді ширатыпсың үйіте-үйіте.
Қалқатай, тілімді алсаң мұныңды қой,
Құрттарсың шаштың бәрін бүйте-бүйте.
Өз-өзіңнен бетіңді шаңға бояп,
Болдың ба Боранбайдың боз түйесі, -

деп қызды, замандасының сиқын ажуаласа, екіншісінде тәбелшік:


Жақыпбай жапа-жалғыз күйбең қағып,
Тентіреп, жұмыс қылмай жүрсің неғып?
Секілді кәрі мысық қаңғып жүрсің,
Далада күні өтетін тышқан бағып, -
деп жалқауды сынап, мазақтайды. Арада айтыс туады. Қыз да, жалқау да уәж айтады. Бірақ жігіт пен тәбелшік жүйелі сөз, орынды кінәмен оларды бұлтартпайды. Екі жазушының да сықақты жағымды және жағымсыз кейіпкерлердің арасындағы сөз қақтығысы түрінде беріп, оны «Айтыс» деп атауы, он бір буынды қара өлеңмен жазуы едәуір ұқсастық.
Жоғарыда Қ.Тайшықов бір төрені өз аузымен әшкерелегенің, оның тәубаға келуін өзіне баяндатқанын айттық. Дүйсенбек те кейбір сықақ өлеңінде осы тәсілге жүгінген.

Жолдастар, сусымалы сынаптайын,


Көрсетіп көпке мінді сынатпайын.
Тіл шайпау, жүріс шалыс, шылығы көп,
Басқаны төреліктен ұнатпаймын, -
дегізіп, лирикалық кейіпкерді ағынан жарылдырған.
Қадыр С.Төлешов фельетондарында да айқын із қалдырды. Сейділдә өзінің «Ассалаумағалейкум, Нұрманов жолдас» деген фельетонын Қадырдың «Шым-шытырық» атты сықағының мазмұнына құрды. Күшеншек ақын, жортақы жазушыларды Сейділдә да Қадырша ажуалады. Қадырша сыдырта, төпеді. Сол құсап сөйлемдерді анафора, эпифора ретімен құруға, бір-біріне ілместіре жазуға мән берді. Тіпті, оның кейбір сөз, тіркес, сөйлем жүйелерін сыналап пайдаланып та жіберіп отырды.
Сонымен «Қ.Тайшықов кеңестік қазақ әдебиетінде сатираның дамуына... дәмді үлес қосты». Өткір де әсерлі жазуда өзіндік үнін естіртіп, өз қолтаңбасын танытты. Күтпеген, шебер ситуация, тапқыр да қуақы пікір, көркемдік бейнелеудің алуан амалдары, әсіресе, ирония, кейіпкерлердің қыран күлкілі жүріс-жорығы, тың түрі – Қадыр сатирасының басты ерекшеліктері. Осы қасиеттерімен ол – қызықты, оқушыға эмоциялық әсері мол, құнды мұра.



Каталог: fulltext -> transactions
transactions -> Казахстан республикасының Ғылым және білім министрлігі
transactions -> Азамат Тілеуберді
transactions -> Қырықбай Аллаберген тарих және баспасөЗ Қазақ мерзімді баспасөзінде тарихтың «ақтаңдақ» мәселелерінің жазылуыбаспасөзінде тарихтың
transactions -> Екінші кітап
transactions -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку
transactions -> МӘШҺҮр тағылымы жинақ 2 Том
transactions -> Е. Жұматаева жоғары мектепте оқытудың біртұтас дидактикалық ЖҮйесінің теориясы монография Павлодар 2012 Кереку


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   31




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет