Шаншар атай(қуанып).Е, бәсе деп ем-ау?
Әшірбек. Мен де барайын онда шөпке.
Шаншар атай. Суды қайтесің?
Әшірбек. Тастаймын.
Шаншар атай. Жо-жоқ, болмайды оның. Иман жазылып, суына өзі шықса ғана барасың сен шөпке. Өйтпейінше, су тасуды тастауға болмайды.
Әшірбек. Қап, балалардан бөлектеніп, қызықтың бәрінен құр қалатын болдым-ау?
Шаншар атай. Неге бөлектенесің? Бұларға да су керек болады. Соны сен емей кім тасымақ?
Санатбай. Мен де барамын шөпке.
Шаншар атай. Иә, саған жол болсын. Оқуға бармайтын ба едің сен?
Санатбай. Балалармен бірге шөпке барамын мен. Маған оқу емес, осылар керек. Ел-жұртқа күлкі болып барған оқуы құрысын. Апам сол оқудан зәрәзап болып отыр. Бармаймын.
Шаншар атай(күліп). Бәрекелді, міне жігіт. Өте тауып айттың. Адамға алдымен жолдас керек. Осылар оқыса оқып, осылар шоқыса шоқы. Егер содан қор болсаң, әпкел бері қолыңды. Оның үстіне ол шіркіннің өзіне пара беріп түсіп неге керек? Оқуға адал жолмен, ешкімге телміріп көзін сатпай-ақ өз күшімен түсіп жатыр ғой осы ауылдың балалары. Әне, анау Ділдаханның Асқары, Сайлаудың Оразәлісі, Жүзжасардың Мұраты, Айтқұлдың Сапары әке-шешесін салпаңдатып соңдарынан ертпей-ақ, қойы мен тайын жетектемей-ақ бір шамадан кітап арқалап барып өздері-ақ оқуға түсті ғой. Күләнда келін ақылды екен, содан безіп отыр ғой. Жаның тірі болса, оқу қашпас. Кейін барарсың осылармен бірге, қол ұстасып.
Санатбай. Сіз осыны менің көкеме де айтып, көндіріңізші.
Шаншар атай. Несі бар оның? Айтамын. Көндіремін.
Мұсатай шығады.
Мұсатай(ашулы).Бұл не сұмдық өзі? Жеті қараңғы түнде бүкіл баланы иіріп қойып, үрейін алып жатқаныңыз неңіз бұл? Мұндай правоны кім берді сізге. Мұныңыз барып тұрған қылмыс, біле білсеңіз.
Шаншар атай. Өй-өй, тоқта, батыр. Амандық жоқ, саулық жоқ бастырмалатқаның қай сасқаның? Сен өзің екі сөздің біріне келмей жатып заң, прабадан кетеді екенсің. Іздегенің праба болса, мен айтайын, сен тыңда. Бұл прабаны маған осы балалардың барлығының әке-шешесі берген, сендердің әкелерің, әкелеріңнің әкесі, олардың әкесі – бәрімізді жаратқан Есенаман бабам берген. Ол ұрпағым азып-тозбасын деген ұлы тілек қалдырған артына. Мен де өстіп жүрмін бұл балаларға. Осымды бекер деп көрші, кәне. Дей алмайсың ғой. Қайқай ендеше. Өйтпейді екенсің, қара жерге қағып жіберемін қазық қылып осы тұрған жеріңде.
Мұсатай.(не істерін білмей абдырап, жуасып). Қойдық, қойдық, ал. Қатты кеттіңіз ғой тіптен сонша, ақсақал.
Шаншар атай. Енді қалай деп едің? Өз шолақ ойыңша бала жалғыз сенің балаң екен ғой. Жоқ, ондайды бұл ауылда ешкім істеп көрген емес. Үлкеннің қолынан қаға алмаған бәрі. Оның атын атам қазақ әдеп дейді? Кеудемде жаным барда мен сендерді сол әдептен оздырып, ата жолынан айныта алмаймын? Балаларды мен өзім де жіберейін деп отырмын. Ертеңнен бастап бұлардың бірі қалмай шөпке шығатын болды.
Мұсатай. Білемін. Жаңа басқармада әңгіме болған. Сонда қалай?
Шаншар атай. Білсең сол. Ал, «сонда қалайыңа» жол болсын. Санатбай ғой тағы да айта алмай тұрғаның. Санатбай да шөпке шығады балалармен бірге.
Мұсатай (күмілжіп). Оның жөні қалай болар екен?
Шаншар атай. Мұсатай, сен өйтіп мұрныңның астынан міңгірлегенді қой. Баланы қатарынан оқшауландыра берме. Ал мұны пара беріп оқуға түсіремін деп ойың тұрмақ, назарыңа да кіріп шықпасын. Онда ендігі ісім сенімен болады.