«Ғылыми-педагогикалық зерттеулердің Әдіснамасы» ПӘні бойынша дәрістер мазмұны 1-дәріс. Тақырыбы: «Ғылыми-педагогикалық зерттеулердің әдіснамасы»


Педагогикалық зерттеулердің түрлері



бет7/150
Дата20.11.2023
өлшемі0,64 Mb.
#192083
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   150
Байланысты:
Дәрістер

Педагогикалық зерттеулердің түрлері. Педагогика саласындағы зерттеулер деп тәрбие үдерісінің заңдылықтары, оның құрылымы мен тетігі, оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру теориясы және әдістемесі, оның мазмұны, ұстанымдары, әдістері және тәсілдері туралы жаңа білім алуға бағыттталған ғылыми іс-әрекет үдерісін және нәтижесін айтуға болады. Педагогикадағы зерттеулер оқу-тәрбие үдерісінің құбылыстары мен деректерін түсіндіреді және болжайды. Ғылыми-педагогикалық зерттеу эмпирикалық тексеруге болатын нақты қойылған деректерге негізделеді, әйгілі болған теорияларға сүйенеді, мақсатты бағытталған, жүйеленген, барлық элементтердің, әдістердің өзара байланысымен ерекшеленеді. Онда эмпирикалық, логикалық және теориялық танымдық міндеттер сараланып шешіледі. Ғылыми-педагогикалық зерттеудегі түсініктеме элементтерін басқа ғылыми зерттеулерде қолдануға болады және логикалық–құрастырушылық кесте көлемінде жасалған стандарттар негізіне құрылады.
Зерттеулердің жіктелуін талдау мәселесі педагогикалық әдебиеттерде біршама қарастырылған. Типология бойынша зерттеудің жіктелуі 60-шы жылдары пайда болды. Сонымен, И.Т. Огородников жұмыстың үш түрін бөліп көрсетті: педагогика жетістігінің теориялық және практикалық қорытындысын шығаратын қорытынды зерттеу; көп қырлы тәжірибелік іс-әрекеттің заңдылықтарын ашатын, жеке жақтарын тереңдетіп зерделеуге бағытталған жұмыстар; оқу–тәрбие мекемесінің жеке типтеріндегі өскелең ұрпақтың тәрбиесі және оқыту тәжірибесіне тікелей жетекшілік ететін мақсатта құрылған нормативті және құрылымды-әдістемелік қайта өңдеулер (оқу бағдарламалары, оларға түсініктеме хат, әдістемелік құрал, оқулықтыр).
Берілген жіктелуді М.А. Данилов шартты және салыстырмалы деп есептеді және жоспардағы қойылған мәселе деп қарастырды. Кейінірек ғылымтануда зерттеудің іргелі, қолданбалы және қайта жасалымдар деп жіктелу қатары пайда болды. Іргелі зерттеулер педагогикалық үдерістің заңдылықтарын ашады, ғылымның жалпы теориялық тұжырымдамасын, оның әдіснамасын, тарихын жасайды. Олар ғылыми білімді кеңейтуге бағытталған, ғылыми ізденіске жол сілтейді, қолданбалы зерттеу және жасалымға арналған база құрады. Қолданбалы зерттеулер оқыту, тәрбиелеу әдістері, білім мазмұны, оқытушыларды дайындау мәселелерімен байланысты теориялық және тәжірибелік жеке міндеттерді шешеді. Көптеген жағдайларда қолданбалы зерттеулер іргелі зерттеулерді жалғастырады. Олар ғылым және тәжірибені, іргелі зерттеулер мен жасалымдарды, теоретиктер мен практиктерді байланыстыратын аралық буын рөлін атқарады.
Педагогикалық зерттеудің әрбірі жеке сала ретінде қарастырылатын әдіснама, дидактика, тәрбие теориясы, педагогика тарихы, мектептану сияқты пәндердің шекарасында жүргізіледі. Әрбір пәннің көлемінде іргелі де, қолданбалы зерттеу де болуы мүмкін. Бұған дәлелді біз педагогикалық іс-әрекет түсінігіне талдау берілген В.В. Краевскийдің жұмысынан табамыз. Ол өзіне тәрбиешілер, мұғалімдер іс-әрекетін ғана емес, сонымен қоса педагогика саласындағы ғылыми іс-әрекетті, мұғалімдерге педагогика ғылымындағы материалдардың берілуін, педагогика саласындағы ғылыми әрекетті бағыттайтын және реттейтін басқарушылық жұмысты да қамтиды. Бұндай кең түсінік бізге әрбір педагогикалық пәнде іргелі және қолданбалы зерттеу болуы мүмкін деген негіз береді.
Жіктелу нысандарының белгілі бір қасиеттерін сипаттайтын, зерттеудің тәуелсіз жіктелінген топтамаларға бөлінуі – ғылыми-педагогикалық зерттеу жіктелуінің негізіне фасетті әдіс лайық. Зерттеу қасиеттерінің теориялық және тәжірибелік бағытталған сипатында төрт жеке фасет ерекшеленеді. Бірінші фасет – зерттеу міндеттері - ғылыми қызметкерлердің, ғалым-педагогтердің өз дерінің алдына қоятын мақсаттары, жан-жақты жоспарланған нәтижелерге бағытталып жүргізетін жұмысы сипатталады. Екінші фасет – зерттеу нәтижелері – ғылыми іс-әрекет нәтижесінде алынған өнім, білім түрлерін көрсетеді. Үшінші фасет – зерттеу мекен-жайы – ғылыми және тәжірибелік іс-әрекет барысында алынған нәтижелерді пайдалануға қызығушылық тудыратын ұйым және ортаны анықтайды. Төртінші фасет – құжат түрлері – ғылыми-педагогикалық зерттеу нәтижелері берілген жарияланым типтерін сипаттайды.
Ғылыми-педагогикалық зерттеудің әртүрлі қырларын сипаттау берілген фасетке тән және көпқырлы белгілерін көрсететін фасеттің әрқайсысына көптеген терминдер енеді. Сонымен, зерттеу міндеттері: сипаттау, анықтау, негіздеу, жасау, айқындау, толықтыру, жүйелеу, жетілдіру, дамыту, нақтылау, талдау (тұжырымдаманы, болжамды, әдістемені, әдісті, білім мазмұнын және т. б.) болуы мүмкін. Зерттеу нәтижелері тұжырымдамаларды, ұстанымдарды, заңдылықтарды, болжамдарды, жіктеулерді, әдістемелік нұсқауларды, ұсыныстарды, оқу құрал-жабдықтарына талаптарды және т. б. қамтиды.
Мемлекеттік және ғылыми ұжымдар мен бизнестің ынтасымен алда тұрған бірнеше аспектідегі, оның ішінде зерттеушілік, қаржылық-экономикалық, ұйымдастырушылық және кадрлық т.б. негізделген ғылыми жұмыстардың жоба-жоспары ретіндегі ғылыми зерттеулерді жүргізуші ұйымдар көптеп саналады. Зерттеу жобасы төмендегі белгілермен сипатталады: басымдығы жоғары зерттеу бағытына жатады; дәл белгіленген уақытта орындалады; оның жүзеге асуына белгілі бір сомада қаражат бөлінеді; жоғары дәрежеде жаңалығының, күрделілігінің, әлеуметтік және ғылыми маңызының, алдын-ала белгіленген мақсатының болуы; зерттеудің сапада этикалық нормаларға сай орындалуын қамтамасыз ететін жоғары сапалы мамандарды және белгілі бір басқару жүйесін тартуды талап етеді.
Мысалы, Қазақстан Республикасында 2015-2017 жылдарға гранттық қаржыландыру конкурсына қатынасу үшін ұсынылған әлеуметтік-мәдени, халық шаруашылығы және саяси мәнді сұраныстарда жұмыс орындалатын бағыттар бойынша тақырыптың атауы және ғылыми бағыты, ғылыми ізденістің логикасы күтілетін нәтижесі көрсетіле отырып, ғылыми қауымдастықтың келісімімен қабылданған. Сонымен қатар орындаушылардың жұмыс тәжірибесі жұмыс тәжірибесі, олардың ішінде жас ғылыми қызметкерлер 30% дан кем болмауы, жобаның сметалық құны, жұмыстың орындаудың материалдық-техникалық базасы және т.б. сипатталады. Ғылым дамуының және ғылыми жобаларды орындаудың заңдары мен тенденциясын білу зерттеушіге өзінің ғылыми бағдарын жетекші, алдыңғы қатарлы амалдармен салыстыруға және қоғамды дамыту үшін қажетті нәтижелерге жетуге жағдай жасайды.
Классикалық ғылымның ұстанымдарына сүйену оны жан-жақты, бір сәттік, жалпы мәнді, жауапкершіліксіз, сенімді, нақты, тиімді де кең жайылған, тәжірибеде тексерілген жүйеде қолдануға мүмкіндік береді.
Қазіргі заманғы, классикалықтан кейінгі мақсаттар мен ұстанымдар қажеттілік пен кездейсоқтықты, себептер мен салдарларды, бөлшек пен бүтінді танудың базалық категориясын басқаша ойлауға негізделетін кванттық физиканың, генетиканың, релятивистік космологияның жетістіктеріне сүйенеді. Сонымен қатар тұтас бөлшектерінің қосындысының жағдайына емес, себептілігі өзара қарым қатынастың ықтималдығының жүйесін мойындайды.
Эксперимент жүргізудің де стратегиясы түбегейлі өзгеріске ұшырауда. Егер классика эксперименттен бірнеше рет қайталап жүргізу нәтижесінде алынған, өзгермейтін ғылыми ақиқатты нақтылауды талап етсе, постклассика мұны өзгермелі тұрақсыз жүйеде міндетті емес деп санайды, себебі мұндай жүйеде қайта-қайта жүргізілген эксперимент нәтижесі өзгермейді деп есептейді.
Ғылымның жаңа сипаттамасының пайда болуы өте күрделі табиғи өзгерістердің пайда болуын зерттеуге байланысты түсіндіріледі. Оған медициналық-биологиялық, экологиялық, биотехнологиялық нысандар, тектік инженерия үдерістері, "адам-машина" жүйелері және жасанды интеллект және т.б. жатады. Олардың ішінде адамды ашық динамикалық түрде дамитын әлеуметтік-биологиялық-ақпарттық жүйе ретінде қарайтын пихологиялық-педагогикалық зерттеулер елеулі орын алады. Тек солар ғана гуманистік ұстанымдар мен құндылықтарға сүйену керектігін, тәрбие мен білім беру сияқты болмыстың нәзік және күрделі кешенді саласында зерттеу жүргізуге шектеу қою және тиым салу туралы мәлімдеме жасап отыр.
Қазіргі заманғы ғылыми зерттеулердің тұжырымдамалық негізіне экономикалық және әлеуметтік-саяси мақсаттар мен ғылыми танымның тұлғалық әлеуметтік мәдени міндеттерін жатқызамыз. Тұжырымдаманы, зерттеудің мақсаты мен міндеттерін негізге ала отырып, классикалық, классикалық емес, классикалықтан кейінгі сияқты амалдар спектрі қолданылады.
Әлеуметтік-гуманитарлық, оның ішінде психологиялық-педагогикалық танымға дүниені тұтас, сонымен бірге тар көлемде тану тән. Бұл - әлеуметтік шындықты табу, баяндау, бейнелеу, сипаттау және қорытындылау (эмпирикалық кезең), зерттеу мәселесінің проблемасы мен болжамын, заңдылықтары мен себептерін түсіндіре отырып, теориялық және логикалық талдау, ақиқатқа негізделген жоғары дәрежедегі моделін құрастыру, құбылысты жорамалдау және т.б.
Әлеуметтік-гуманитарлық зерттеудің мақсаты тек қоғамды танып білу ғана емес, сонымен қатар оның реттеуге және өзгертуге қатысу болып табылады. Мұндай іздестіруді белсендіруге қоғамды дамытудағы ғылыми іс-әрекеттің шарты және нәтижесі боып табылатын инновациялық орта ықпал етеді. Оған ғылым саласындағы және инновациялық ортадағы кадрлық, ұйымдастырушылық және технологиялық инфрақұрылым мен инвестициялық стратегиядағы мемлекеттік саясат жатады.
Институционалдандыру (латынша institutum - белгілеу, құру, құрылғы, әдет-ғұрып) -ғылымды жасаушы интеллектуалдық ресурстарды пайдаланып құрылған ұлттық инновациялық жүйенің елдің экономикалық мүдделерін қорғайтын маңызы фактор - білімдік қоғамының негізі. Аталған тенденцияларды, құрылымдарды, ұстанымдарды ұғыну педагогика және оның құрамдас бөлімі - білім берудің теориясы мен практикасы, оқыту, үйрету, адамның тағдырына және қоғамның дамуына ықпал етуші ретіндегі дидактика саласындағы ғылыми зерттеушілерге аса маңызды болып табылады.
Педагогикалық зерттеулердің классикалық үлгісін көрсету үшін дидактикалық зерттеулердің логикасын ұсынуға болады. Сондықтан оқулықта дидактика мен дидактикалық зерттеуге көбірек орын берілді.
Дидактикалық ізденіс үшін түсіну мен ғылыми зерттеудің мәнін меңгеруден де басқа педагогика саласының, оның міндеттері мен негізгі категорияларын - дидактиканы еркін бағдарлай білуді қажет етеді. Дидактика (гректің "өнеге аларлық" деген сөзінен шыққан) кең мағынада оқытушы мен оқушының іс-әрекеті ретіндегі оқыту өнері және олардың бірлігі дегенді білдіреді. Дидактиканың пәні - оқытудың заңдылықтары мен ұстанымдары, мақсаты, білім беру мазмұнының ғылыми негіздері, әдістері, формалары, оқыту құралдары, оқыту мен оқудың себептері, барысы, нәтижелері.
Ұлы ойшыл ғұламалар әбу-Насыр әл-Фараби, Ибн-Сина, Қожа-Ахмет Иассауи, әл-Хорезми, Махмут Қашқари, Жүсіп Баласағұни қазақ жерінде дидактиканың философиялық-әдіснамалық заңдылықтары, өзіндік ерекшеліктері туралы өз еңбектерінде жазып, кейінгі ұрпаққа өте бай мұра қалдырды.
Қазақстан топырағынан шыққан, әлемдік мәдениет пен ғылымның дамуына зор үлес қосқан, данышпан ғалым әл-Фараби адамды тек оқу мен білім арқылы жаңартуға, жетілдіре түсуге болады, мұның өзі барша халыққа бірдей ортақ нәрсе деп түсінді. Оның сан-салалы трактаттары ғылымның барлық дерлік саласын қамтыды. Ұлы ойшыл еңбектерінде педагогика мен психологияның, математика мен оны оқыту әдістемесі мәселелері де үлкен орын алады. Әсіресе, «Ғылымдардың классификациясы» деген еңбегінде сол кезеңдегі белгілі ғылымдардың әрқайсысын жеке-жеке саралап, олардың мазмұнын толық баяндады. Ол математика ғылымын жеті тарауға бөлген: арифметика, геометрия, оптика, астрономия, музыка, салмақ туралы ғылым, айла-әрекет туралы ғылым. Ол математика ғылымын осылай реттеп, жүйелей отырып, оның салаларының әрқайсысының зерттеу обьектісі мен пәнін белгілейді. Арифметика мен геометрияны теориялық және практикалық деп екіге бөле отырып, олардың әрқайсысының мәні мен мазмұнын тығыз бірлікте, байланыста қарастырады.
Ж. Баласағұни «Құтты білік» атты еңбегінде ғылым мен білімнің адам өмірінде шешуші рөл атқаратындығын айқындай отырып, өмірмен байланысты білімнің өлшеусіз байлық, мол мұра екенін төмендегіше тұжырымдаған: «Білімнің де білімі бар, жаттап алған құрғақ білімнен пайда аз. Адамды адам ететін, оның өмір сүруін жетілдіретін, іс-әрекетпен, тәжірибемен байланысқан білім ғана нағыз білім болып саналады».
Қазақтың ұлы ақын, ойшылдары А. Құнанбаев, Ш. Құдайбердиев, этнограф–ғалым Ш. Уәлиханов, ағартушылар Ы. Алтынсарин, С. Көбеев, С. Торайғыров өздерінің философиялық еңбектеріндегі қазақ халқының дүниетанымын қалыптастыру, ағарту, сауат ашу, білім беру, мәдениетке үйрету, өзге елдердің озық мәдениетінен үйрену туралы айтқан құнды пікірлері қазіргі кезде де өз мәнін жоймағанын, қайта осы заманғы білім беру ісімен үндесіп тұрған өзекті мәселе екенін аңғарамыз.
Одан бергі кезде ХХ ғасырдың басында қазақ зиялылары А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, Х. Досмұхамедов т.б. білім беру мен оқыту үдерісін жетілдіру, оқулықтар даярлау, білім мазмұнын іріктеу, оқушылардың таным әрекетін арттыру мәселелерін тереңінен зерттеп, дидактиканы одан әрі дамытуға өз үлестерін қосты. М. Жұмабаев оқыту үдерісіне қатысты іс-әрекет, амал жүйесін құрып, бірқатар «индукция», «дедукция», «талдау», «жинақтау» т.б. сияқты терминдерді өзінің «Педагогика» атты еңбегінде қолданған. Ж. Аймауытов көптеген «ынта», «мүдде», «берне», «бағам», «перцептив», «апперсепсе» және т.б. атауларды дидактикаға алғаш енгізгізген. Ол таным теориясының тірегі пәлсапалық жадты үздіксіз дамыту деп есептеген. Адамның ойлау іс-әрекетін «ойсандығы» деп атаған.
Кеңес дәуірінде Қазақстан ғалымдары педагогиканың жалпы мәселелерімен қатар дидактикалық мәселелерді де зерттеді. Республика мектептерінің практикалық материалдарына сүйене отырып, жалпы педагогикалық, дидактикалық маңызы бар түрлі жастағы оқушылармен жұмыс істеудің ерекшеліктері, оқытудың дамуына байланысты мектептерді политехникаландыру, мектеп жағдайындағы оқыту, білім беру үдерісінің ерекшеліктері сияқты тақырыптар бойынша көптеген ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді. Солардың бірі профессор Р.Г. Лемберг болды. Ол 1938 жылдан бастап Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында оқытушы, кафедра меңгерушісі бола жүріп, оқулықтарды, әдістемелік құралдарды, нұсқауларды зерделеді, жас ғалымдарды тәрбиелеуге елеулі үлес қосты. Отызға таяу ғылым кандидаттарын, бірнеше ғылым докторларын дайындады. Педагогиканың теориялық және практикалық маңызы бар мәселелері туралы көптеген еңбектер жазды. Ол еңбектердің ішінде бастауыш білім беру мәселелері де қамтылған. «Бастауыш мектептегі сабақ», «Сабақ методикасының мәселелері», «Дидактикалық очерктер», «Мектеп оқушыларын жалпы дамыту жұмыстары», «Сабақты құру мәселелері», «Сабақта білім беру мен білімді пысықтау», «Мектептегі оқыту әдістері» атты еңбектерінде сабақтың тақырыбы мен мазмұнының ішкі бірлігі, жаңа материалдың сабақтағы рөлі мен маңызы, сабақта жаттығулар жүргізудің жолдары, білімді есепке алу мен материалды пысықтаудың жаңа түрлері ұсынылды. Сонымен қатар кеңес мектебіндегі оқыту әдістерінің буржуазиялық мектептердегі оқыту әдістерінен айырмашылығы сараланған. Оқыту әдістерінің жалпы теориясына тоқтала келе, ол оқыту әдістерінің тиімділігі оқушыларды біліммен қаруландырып қана қоймай, олардың дүниеге көзқарастарын қалыптастырып, сабаққа ынтасының, білуге құштарлығының артуына, жан-жақты дамуына тікелей әсер ететінін айтады.
Ол әдіс, әдістің түрлері мен тәсілдері деген ұғымдарға анықтама бере отырып, оқыту әдістерінің ерекшеліктері ретінде мыналарды бөліп қарастырады: мұғалімнің сабақ берудегі жетекшілік жұмысының түрлі формалары; оқушылардың бір бағытты, жоспарлы және жүйелі білім алуының формалары; оқушылардың білім алуының ғылым, өнер және техникамен байланыстылығы; әрбір әдістің өзіне тән ерекшеліктері; әдістің оқушыларды тәрбиелеуге және дамытуға ықпалы.
Р.Г. Лемберг мынадай оқыту әдістерін қарастырды: ауызша баяндау әдісі, әңгімелесу, байқау, оқулықпен жұмыс істеу, жаттығулар, зертханалық сабақтар, есеп шығару, оқушылардың хабары, практикалық жұмыстар, өнер құралдарын пайдалану. Әрбір әдіс бірнеше тәсілдерден құрылады және әрбір әдісте басқа әдістердің де тәсілдері болуы мүмкін. Ол әдістің түрлерін өз алдына жеке қарастырды. Жалпы оқыту әдісі оқу пәндеріне байланысты өзгеруі мүмкін дей келіп, әрбір әдіске терең талдау жасайды. Сонымен қатар Р.Г. Лемберг есеп шығаруды жеке оқыту әдісі ретінде қарастырады. Қ. Бозжанованың «Қазақ бастауыш мектептерінде «І-ІІІ класс оқушыларының оқу дағдыларын қалыптастыру» (1974 ж.) атты еңбегі оқыту үдерісінде оқушылардың таным қызметін, ойлау қабілеттілігін және шығармашылықпен жұмыс істеуін дамытудың жолдарына арналған.
Белгілі ғалым С. Қожахметовтың «Совет мектебінің негізгі дидактикалық принциптері» тақырыбындағы зерттеу жұмысында оқушылар білімінің саналы және жинақты болуының дидактикалық ұстанымдары, бастауыш мектепте оқушылар білімін тексеріп, бағалай білудің әдістемелік жолдары, сабақтан тыс мезгілдегі және сабақ үстіндегі оқушылардың кітаппен жұмыс істей білуі, сабақтан тыс уақытта оқушыларға эстетикалық тәрбие беру жолдары қарастырылған. Ғалым сабаққа қойылатын дидактикалық талаптарды нақтылап, мұғалімнің оқушылармен тығыз қарым-қатынасы арқылы сабақтың тиімділігін арттыру жолдарын көрсетіп берген болатын.
Н. Көшекбаевтың «Оқыту теориясы» деп аталатын еңбегі сол кездегі педагогтар, мектеп мұғалімдері мен әдіскерлер үшін аса құнды еңбектердің бірі болды. Бес тараудан тұратын оқу құралында оқыту теориясының маңызды мәселелері баяндалған. Я.А. Коменскийдің «Ұлы дидактика» еңбегіне талдаудан бастап, оқыту теориясы саласында бастауыш оқыту жүйесіне қатысты құнды пікірлер айтқан. И.Г. Песталоццидің, Ж. Руссо, А.И. Герцен, Н.Г. Чернышевский, Н.А. Добролюбов және тағы басқалардың педагогикалық көзқарастарына кеңінен тоқтала келіп, оқытудың ғылымилық, білімнің берік болуы, жүйелілік, көрнекілік, теория мен практиканың байланыстылығы, саналылық сияқты дидактикалық ұстанымдарын талдап түсіндірген. Сонымен қатар оқытудың сабақ жүйесінің дүниежүзілік педагогикада, Ресейде, кеңес мектептерінде даму тарихы баяндалып, сабақтарды классификациялау мәселелері, сабақтың құрылымы, түрлері талданған.
Қазақстандағы педагогикалық-әдістемелік ой-пікірдің қалыптасу тарихына, елдегі ағарту жұмыстарының дамуына, халықтың сауатын ашып, білім беру ісіне, бастауыштағы пәндерді оқыту мәселелеріне халқымыздың озық ойлы, ұлтын сүйген азаматтары, «халық жауы» аталып, өмірден ерте кеткен А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, М. Жұмабайұлы, Ж. Аймауытұлы, Х. Досмұхамедұлы, К. Жәленұлы, С. Қожанұлы, Ә. Қасымұлы, Т. Шонанұлы, Е. Омарұлы т.б. зор еңбек сіңірді.
Дидактика тарихын зерттеуге Р.Б. Вендеровская, Ш.А. Ганелин, С.Ф. Егоров, З.И. Равкин, Л.А. Степашко, Қ.Б. Сейталиев, Е.Ө. Жұматаева, Б.К. Әбдіғұлова өз еңбектерін арнады.
Зерттеуші Е.Ө. Жұматаева ізденістерін жоғары мектеп дидактикасы дамуының ғылыми-педагогикалық негіздері тұғысынан жүргізе отырып, дидактика жүйесінің алғашқы қадамы физиологиялық-психологиялық үдерістер, оның ішінде ойлау қабілетінің өзара байланысын айқындап, мәнділік сапасын өз еңбектерінде дәлелдеген ұлы ойшыл, даналарымызды атайды. Солардың ішінде Ж. Аймауытовтың дидактиканың дамуына зор үлес қосқандығын, оның пікірі бойынша дидактиканың тірегі генезис, адам қабілеті оның шығу тегіне бағынышты дей келіп, таным теориясының тірегі пәлсапалық жадты үздіксіз дамыту деп есептегенін айтады.
Дидактика өзінің пәні шеңберіндегі заңдылықтарды зерттейді, оқыту үдерісі мен оның барысында туындаған нәтиженің бір-біріне тәуелділігін талдайды, жоспарланған мақсаттың орындалуын қамтамасыз ететін әдістерді, ұйымдастыру формалары мен құралдарын анықтай отырып, екі маңызды қызмет атқарады: теориялық және практикалық.
Дидактика мәселесі Б.П. Есипов, М.А. Данилов, М.Н. Скаткин, В.В. Краевский, А.В. Хуторской, И.К. Журавлев, Т.С. Сабыров, М.Ж. Жадрина және т.б. ғалымдардың еңбектерінде қарастырылды.
Сонымен қатар дидактика саласында белгілі ғалым педагогтар М.А. Құдайқұлов, Н.Д. Хмель, А.Е. Әбілқасымова, А.А. Бейсенбаева, Б.Б. Баймұқанов, М.Ж. Жадрина, С.Е. Шәкілікова, Е.У. Медеуов, Г.Т. Хайруллин және т.б. орта және жоғары мектеп дидактикасының ерекшеліктері, оқушылар мен студенттердің өзіндік танымдық әрекеті, кәсіби білімді дамыту, білім мазмұнын анықтау оқытудың жаңа технологияларын қолдану жолдары, түрлі пәндердің оқыту заңдылықтары мен ұстанымдары және басқа да дидактиканың біртұтас жүйесіне қажетті өзекті мәселелерді шығармашылықпен зерттеп, елімізде дидактиканың дамуына үлес қосты.
Дидактика мен әдістеме бірін бірі қайталайды деген пікір жиі кездеседі. В.В. Краевский: «әдістеме – бұл жеке пән дидактикасы, яғни жалпы дидактикаға «қосымша». Екінші жағынан әдістеме өзінің белгілі бір пәнді оқыту мен оның құралдары арқылы тәрбиелеу сияқты зерттеу пәні бар, өз алдына бөлек пән болып табылады. Сондықтан әдістеме дидактикамен объектісінің (оқыту қызметі) бір болуымен байланысты. Бұл объект бойынша әдістеме бір ғана пәнді қарастырса, дидактика барлық пәнге тән жалпы байланысты қарастырады», - дейді.
Дидактика (грек тілінен "үйретуші") кең мағынада оқытушы мен оқушының бірлікте атқаратын қызметі ретіндегі оқыту өнері дегенді білдіреді.
Дидактика – білім беру, оқыту, тәрбиелеу теориясы; педагогиканың үйренушілерге білімді, машық пен дағдыны меңгерту және тәрбиелеу заңдылықтарын зерттейтін, әр кезеңде берілетін білім мазмұнының көлемі мен құрылымын айқындайтын, білім берудің әдістері мен ұйымдық формаларын жетілдіру жолдарын ғылыми негіздеумен айналысатын саласы.
«Дидактика» түсінігі мазмұнын толық түсіну үшін, қысқаша ғана бұл ғылыми пәннің дамуына тарихи шолу берген жөн. Тарихта ұзақ уақыттар бойы «педагогика» терминімен қатар «дидактика» термині бір мағынада қолдалынып жүрген. Ең алғаш рет оны ғылымға неміс педагогы В. Ратке (1571-1635) кіргізген және өзінің лекция курсына «Дидактикадан қысқаша ғана есеп нәтижесі немесе Ратихияның оқыту шеберлігі» деп атаған. Осындай мағынаны ұлы чех педагогы Ян Амос Коменский де қолданған. Ол 1657 ж Амстердамда өзінің «Ұлы дидактика» атты белгілі еңбегін бастырып шығарды.
«Дидактика» термині грек тілінен шыққан, яғни «didaktikos»-үйренуші, ал «didasko»-зерттеуші. Я.А.Коменскийдің дидактиканы «бәрін бәріне оқыту өнері» ретінде қарастыруын осы сөздер оятқан болар. Оның құрамында ол «жан-жақты моралдікке бағытталған ойлардың қалыптасуы» туралы оқыту мен тәрбиелеу сұрақтарын қарастырады.
Педагогика ғылымының дамуы барысында дидактика білім беру мен оқытуға көңіл қоя бастайды. Әлемдік дидактиканың дамуына Иоганн Фридрих Гербарт (1776-1841), И.Г.Песталоцци (746-1827), А.Дистерверг (1790-1816), К.Д.Ушинский (1824-1870), Д.Дьюи (1859-1952), Г.Кершенштейнер (1854-1932), В.Лай (1862-1926) және т.б. үлкен еңбек сіңірді.
XIX-XX ғғ. аралығында отандық дидактиканың дамуына П.Ф.Каптерев, С.Т.Шацкий, П.П: Блонский, А.К.Гастев, А.П.Пинкевич, М.М.Пистрак және т.б. көңіл бөлді. Әсіресе КСРО кезінде отандық дидактикада П.Н.Груздев, М.А. Данилов, Ш.И. Ганелин, Е.Я. Голант, Л.В. Занков, Б.П. Есипов, М.Н. Скаткин және т.б. табысты жұмыс істеді. Оқытудың ғылыми негіздемесіне, объектісі мен дидактиканың пәнін анықтауға, педагогикалық ғылымдармен емес ғылымдармен байланысын табуға, дидактикалық зерттеудің әдіснамасын, оқыту әдістері мен дидактиканың басқа өзекті мәселелерінің дамуына В.С. Ильин, В.И. Загвязинский, В.В. Краевский, И.Я. Лернер, М.М. Махмутов, П.И. Пидкасистый және т.б. маңызды үлес енгізді. Олардың дидактикаға үлесі, басқа зерттеушілер үлесі сияқты, қазіргі уақыттағы педагогикада туындайтын өзекті мәселелерге жауап табуға мүмкінік жасайды. XX-XXI ғасырлар тоғысында кезкелген елдің тұрақты өркендеуін қамтамасыз ететін ең басты фактор – адам. Өркениетте адам рөлінің артуы, адами капиталдың қоғам дамуының негізгі ресурсына айналуы адам туралы ғылымдардың ішінде ең алдымен білім беру туралы арнайы ғылым педагогиканың маңызын арттырды. Ғылымның адамиландырылуына байланысты ғылыми кеңістікте айтарлықтай өзгерістер пайда болды. Ғылыми ізденісті жүйелі ұйымдастыруда педагогиканың басқа ғылымдармен үнемі өзара әрекеттесуінің қажеттілігі артуда. Пәнаралық зерттеу жобаларының көпшілігінде педагогика жетекші орынды иеленуде. Осындай зерттеулер жүргізу тәжірибесін тиімді ету үшін оған қатысушы ғылымдардың табиғаты, мәні айқындалады. Сондықтан да XXI ғасырдағы педагогиканың өзін-өзі саналы сезінуі өзекті мәселеге айналуда. Белгілі бір ғылымның өзін жете түсінуі оның басқа ғылымдар арасындағы орнын, рөлі мен маңыздылығын ұғыну және бағалауды білдіреді. Тіпті бұл мәселе педагогиканың келешекте дамуымен ғана емес, оның толыққанды ғылым болып қалуымен де байланысты өзектендірілуде.
Қазіргі түсінік бойынша, дидактика - білім беру мен оқыту мәселелерін зерттейтін ғылым саласы. Ол оқыту теориясы деп те аталады.
Дидактиканың зерттейтін негізгі мәселелеріне төмендегілер жатады:
- білім беру мазмұнының әлеуметтік-мәдени және ғылыми-педагогикалық негіздерін зерттеу;
- оқытудың мәнін, заңдылықтары мен ұстанымдары ашу;
- оқушылардың оқу-танымдық қызметінің заңдылықтарының сипаттамасы;
- оқыту әдістерін дамыту;
- оқу жұмысын ұйымдастыру формаларын жетілдіріп, жаңарту.
Дидактиканың атқаратын қызметі: 1) теориялық (ең бастысы диагностикалық және болжау);
2) практикалық (нормативтік, құралдық).
Дидактика ғылымының міндеттері: 1) оқыту үдерісін және оны жүзеге асыру шарттарын сипаттау және түсіндіру; 2) оқыту үдерісін ұйымдастыруды жетілдіру, жаңа оқыту жүйесін, модельдерін, технологиясын, әдіс-тәсілдерін және т.б. жасау.
Дербес дидактика немесе жеке пәндер әдістемесі жекелеген оқу пәндерінің өзіне тән ерекшеліктерін, оқу пәнінің мазмұнын, қағидаларын, ұйымдастыру формалары мен әдістерін немесе білім беру деңгейлерін (бастауыш оқытудың әдістемесі, жоғары мектеп дидактикасы т.б.) зерттейді, осыған орай ол оқыту әдістемесі деп те аталады.
Дидактика ғылымының қаңқасы категориялар мен ұғымдар болып табылады. Дидактика педагогиканың "тәрбие", "оқушы", "мұғалім" сияқты жалпы категорияларын пайдаланады. Сонымен қатар дидактиканың өз категориялары да бар: "білім беру", "оқыту", "оқу", "оқыту ұстанымдары", "оқыту үдерісі", "оқыту мақсаты", "міндеттері, мазмұны, түрлері, әдістері, құралдары, оқытудың құралдар, оқытудың нәтижесі.
Дидактиканың негізгі міндеті оқу үдерісіне әсер ететін заңдылықтарды анықтау және бұл заңдылықтарды білім беру мақсатында неғұрлым табысқа жету жолында пайдалану. Дидактика білім беру мазмұнын ғылыми негіздеумен, яғни «нені оқыту керек», оқытуды ұйымдастырудың формалары, әдістері мен ұстанымдарын зерттеумен, яғни «қалай оқыту керек», сол сияқты оқушының шығармашылықпен белсенді еңбектенуіне, жеке басының дамуына мүмкіндік жасаумен айналысады.
Дидактика барлық пән бойынша және оқу әрекетінің барлық деңгейіндегі оқыту жүйесін қамтиды. Қамтудың көлеміне қарай жалпы және жеке болып бөлінеді. Жеке дидактика сабақ беру әдістемесі болып табылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   150




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет