Сезім мүшелері нашар жетілген, көздері болмайды, бірақ жауын құрттар терісінде жеке шашырап орналасқан сезгіш клеткалары арқылы жарықты сезеді.
Жыныс жүйесі гермафродитті. Жыныс мүшесінің құрылысы, орналасуы, сан мөлшері жағынан бірқатар ерекше өзгешеліктері болады.
Олигохеттердің жыныс жүйесінің құрылысын және дамуын жауын құртын (Lumbricus terrestris) алып қарастырайық. Жыныс жүйесі денесінің 9-15-шы сегменттер аралығында орналасқан. Аталық бездері ұсақ денелер түрінде 10-шы және 11-ші сегменттерінде капсуланың (қабығы) ішінде жұптасып орналасқан. Капсуланы диссепименттен түзілген үш жұп аталық қапшығы орап жатады. Аталық безінде қалыптасқан сперматозоидтар капсула арқылы аталық қапшығына өтіп, онда пісіп жетіліп, қайтадан капсулаға түседі. Сперматозоидтардың сыртқа шығуына арнайы тұқым жолдары қатысады. Олардың бір ұшы кірпікшелі воронка тәрізді кеңейіп капсуланың ішіне ашылады, ал екінші ұшы 15-ші сегментте жыныс тесігімен аяқталады. Аналық жүйесі тұқым бездерінен және тұқым жолдарынан құралған. Екі аналық безі 13-ші сегментте орналасып, тұқым жолы 14-ші сегментте жыныс тесігімен сыртқа ашылады.
Аналық жыныс жүйесіне ұрық қабылдағыш қапшығы да жатады. Олар екі жұп терең тері ойығы түрінде 9-10-шы сегменттерінде орналасқан. Шағылыс кезінде басқа құрттың сперматозоидтарын жинайды. Жыныс жүйесіне белдеудің де жанама қатысы бар. Жауын құртының белдеуі 32-37-ші сегменттер аралығында орналасқан. Ұрықтану кезінде осы аймақтағы топтасқан бір клеткалы кілегейлі бездер ісініп сыртқа кілегейлі заттарды шығарады. Олар белдеуді айнала қоршап тұратын муфтаны (тоғын) түзеді. Кейін муфта денесінен бөлініп жұмыртқа пілләсіне айналады.
Жауын құртының ұрықтануы айқасу нәтижесінде іске асады. Екі құрт бас жағымен біріне-бірі қарама-қарсы жылжып жақындасады. Бір құрттың белдеуі екіншісінің ұрық қабылдағышына қарсы орналасады (9-10-шы сегментке). Екеуі де белдеу жағынан ұрық шырышын бөліп шығарады да, соған сперматозоидтарын (15-ші сегменттен) құяды. Осы кезде ұрық қабылдағыштар шырышқа түскен сперматозоидтарды ішіне тартып алады: бір қүрттың ұрық қабылдауышы екінші құрттың сперматозоидтарын ішіне тартады. Ұрықтарын алмастырып болғаннан кейін екі құрт бір-бірінен ажырайды. Біраз уақыттан кейін әрбір құрт денесінің белдеу бөлігінен кілегейлі заттарды шығарып, белдеуді айнала қоршап тұратын муфтаны түзейді. Сонан кейін құрт бас жағымен қозғалып, муфта дене қимылының арқасында бірте-бірте алдыңғы жағына қарай жылжи бастайды. Муфта 14-ші сегментке жеткен кезінде, түқым жолынан жұмыртқалар шығып муфтаға өтеді. Муфта жоғары жылжып 9-10-шы сегменттерге жеткенде, ұрық қабылдағышта жиналған екінші құрттың сперматозоидтары муфтаға құйылады да, осы жерде ішіндегі жұмыртқаларды ұрықтандырады. Осыдан кейін муфта бас бөлімінен сырғып топыраққа түседі. Оның ашық ұштары жабысып муфта пілләға айналады.
Пілләнің ішінде жұмыртқа спиральды детерминативті жолымен бөлшектеніп, жас құрттар қалыптасады. Олар пілләні жарып, сыртқа шығып, өсіп, ересек жауын құртына айналады. Личинкалық даму сатысы болмайды.
Олигохеттер жыныстық көбеюмен катар жыныссыз жолмен де көбейеді: архитомия және паратомия жолымен. Архитомия жағдайында кұрттың денесі бірнеше бөліктерге немесе сегменттерге ыдырап, олардың әрқайсысы қайтадан қалпына келіп, тұтас организм пайда болады. Осылайша, Lumbriculus variegatus және Enchytraeus туысының өкілдері көбейеді. Паратомия жағдайында құрттың денесінде регенерациялық аймағы пайда болады да сегменттер тізіле бастайды: алдыңғы аймақтан артқы бөлімі, ал артқы аймақтан бас бөлімі құрылады. Артқы бөлімнің алдыңғысынан бөлінуінің баяулығы сонша, әрбір жас особь пайда болғалы жаңа бөлінуге дайындала бастайды. Осылайша Stylaria lacustris, Chaetogaster limnaei, Aeolosoma және басқаларында 4, 6 немесе одан да көп особьтан тұратын тізбек пайда болады, кейін әр тізбек жеке особьтарға бөлініп кетеді.
Олигохеттердің регенерациялық қабілеті күшті дамыған, әсіресе жыныссыз жолымен көбейетіндерде. Мысалы, Lumbriculus туысының өкілдері 9-13 үзілген сегменттен, тіпті бір сегменттен де қайтадан жетіліп, тұтас организмге айналады.
Классификациясы. Азқылтандылар класы екі отрядқа бөлінеді: найдоморфа Naidomorpha және люмбрикоморфа - Lumbricomorpha.