Казақстан республикасының білім және ғылым министрлігі к. Ә. ДӘуітбаева



бет12/155
Дата24.04.2022
өлшемі2,44 Mb.
#140657
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   155
Байланысты:
zoo

ТАЛШЫҚТЫЛАР КЛАСЫ - MASTIGOPHORA НЕМЕСЕ FLAGELLATA
Талшықтылар класына 6000-нан аса қарапайымдылардың түрлері жатады. Олар тұщы суларда, теңіздерде, ылғалды топырақтарда және адамның, жануарлардың денесінде паразиттік тіршілік етіп, қауіпті ауруларды туғызады.
Талшықтылардың негізгі белгісі - бір, екі немесе бірнеше талшықтың болуында, бұлар дененің алдыңғы жағында орналасқан, қозғалу қызметін атқарады. Барлық өкілдерінің талшықтарының құрылысы бірдей болып келеді. Талшық клетка бетінен сыртқа карай шығып тұратын ұзынша келген бос бөлігінен және эктоплазманың қоюлығына батып тұратын базальды денешік немесе кинетосомадан құралған. Электрондық микроскоп арқылы қарағанда талшықтың күрделі құрылысын да байқауға болады. Оның сыртын үш қабатты мембрана қаптап тұрады, ол клетканың мембранасының жалғасы, ал мембрананың астында (ішінде) ұзына бойы созылып жатқан 11 жіпшелердің (фибрилдердің) бар екендігі байқалады, екеуі қалың (әрқайсысы 25 нм) орталық фибрилла, ал қалған тоғыз фибрилдері екі орталық фибрилді қоршап жатады. Әрқайсысы екі түтікшеден тұрады. Фибрилдердің толқынды тербелісі арқылы қарапайымдылар қозғалысқа келеді.
Талшықтың қозғалу жылдамдығы бір секундта 10-нан 40-қа дейін айналымды жасайды.
Талшықтылардың кейбір түрлері (Rhizomastigina отрядының өкілдері) талшықтарымен қатар жалған аяқтарын (псевдоподияларын) да шығарып амеба тәрізді қозғала алады, бірақ еш уақытта талшықтарын жоймайды. Осы белгі талшықтылар класының саркодиналар класымен жақын екендігін көрсетеді және бұл кластарды бір типке Sarcomastigophora-ға жатқызады.
Талшықтылардың клеткасы сыртынан мембранамен қапталған. Цитоплазмасы сыртқы жұқа мөлдір эктоплазма және ішкі түйіршікті эндоплазмаға бөлінеді. Эктоплазма қабаты тығыздалып пелликула деп аталатын қабықша түзейді, осыған байланысты талшықтылардың денесі өзгермей тұрақты болып келеді. Олар ұршық тәрізді не ұзынша сопақтау, цилиндр, шар, эллипс пішіңдес болып келеді. Кейбіреулерінің құрамында темір тұздары бар сауыттары болады.
Талшықтылардың көбісінде клетка бір ядролы, тек опалинина отрядының өкілдерінде ядролары көп. Жиырылғыш вакуолі жақсы дамыған, бұған қосымша вакуольдері жалғасады. Бұлар зәр шығару, осмос қысымын реттеу және тыныс алу қызметін атқарады. Кейбір талшықтылардың клеткаларының ішінде хлорофилл пигменттері сіңген хроматофора органоидтары болады, олар фотосинтез қызметін атқарады. Бұл белгілер өсімдіктерге тән қасиет, сол себептен жасыл түсті талшықтыларды өсімдіктер мен жануарлар арасындағы аралық формасы деп есептейді. Талшықтылардың арасында колония құрып тіршілік ететін түрлері де кең тараған.
Талшықтылардың басым көпшілігі жыныссыз жолмен көбейеді. Ядро митоз әдісімен бөлінеді, содан кейін цитоплазма клетканың алдыңғы жа-ғынан бастап артқы жағына қарай ұзынынан бойлай екіге бөліне бастайды.
Колония құрып тіршілік ететін талшықтыларда (Uroglenopsis, Sphaeroeca, Volvox туыстарында) жыныссыз көбеюі монотомия және палинтомия жолымен өтеді.
Монотомия жолымен бөліну кезінде клетка екіге бөлінеді. Пайда болған ұсақ клеткалар әрі қарай бөлінбей өседі, барлық органоидтарын түзеп, аналық формасына жетілгеннен кейін ғана тағы да бөлінеді, олар өз кезегінде тағы да өсіп бөлінеді. Талшықтылардың монотомия жолымен пайда болған колониялары 6-суретте көрсетілген.
Палинтомия жолымен бөліну кезінде пайда болған ұсақ клеткалар өспей әрі қарай бөліне береді (мысалы, Volvox туысында).
Талшықтылар жынысты жолымен де көбейеді: Volvox, Polytoma, Pandorina, Eudorina туысындағы өкілдері. Бұларда изогамия, анизогамия копуляциясы кеңінен тараған.
Талшықтыларды қоректену тәсіліне қарай - автотрофты, гетеротрофты және миксотрофты топтарына бөледі.
Автотрофты жолымен қоректенетін талшықтылардың цитоплазмасында жасыл түсті хроматофора органоидтары болады. Осыған байланысты бұлар фотосинтез жолымен қорекгенеді, яғни күн сәулесінің энергиясын пайдалана отырып, бейорганикалық қосылыстардан органикалық заттарды синтездейді, сондықтан қоректенудің бұл тәсілін голофиттік немесе өсімдікше қоректену деп атайды.
Гетеротрофты жолымен қоректенетін талшықтылардың хроматофора ор­ганоидтары болмайды. Олар дайын органикалық заттармен, бактериялармен, бір клеткалы балдырлармен т. б. қоректенеді. Қоректенудің бұл тәсілін голозойлық немесе жануарларша қоректену деп атайды. Паразиттік тіршілік ететін талшықтылар дайын органикалық заттарды осмос жолымен бойына сіңіру арқылы қоректенеді. Қоректенудің бұл тәсілін сапрофиттік қоректену деп атайды.
Миксотрофты талшықтылар автотрофты және гетеротрофты жолымен қоректене алады. Мысалы, жасыл эвглена Euglena viridis миксотрофты организм күн сәулесі бар жерде жасыл эвглена хлорофилл дәндері арқылы нағыз жасыл өсімдіктер сияқты қоректенеді, демек көмір қышқыл газынан және судан орга­никалық заттарды синтездеп алады. Эвгленаны органикалық заттарға бай қараңғы жерге орналастырса, онда эвглена өзінің хлорофилл дәндерінің жасыл түсін жойып, дайын органикалық заттармен қоректенуге көшеді. Осыған орай эвгленаның денесінің алдыңғы жағында ауыз тесігі мен жұтқыншағы дамыған.
Талшықтылар класы қоректену тәсіліне қарай екі класс тармағына бөлінеді: фотосинтезге бейім, өсімдіктектес талшықтылар - Phytomastigina және гетеро­трофты жануартектес талшықтылар - Zoomastigina. Phytomastigina класс тармағына төрт отряд жатады: эвгленалар - Euglenoidea; хризомонадалар - Chrysomonadina; сауыттылар - Dinoflagellata; фитомонадалар - Phytomonadina. Zoomastigina класс тармағына алты отряд жатады: жағалы талшықтылар - Choanoflagellata; тамыр талшықтылар - Rhizomastigina; кинетопластидалар - Kinetoplastida; көпталшықтылар - Polymastigina; гипермастигиналар - Hypermastigina; опалининалар - Opalinina.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   155




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет