Мыс тұздарын анықтау. Азықтағы мыс тұздарын анықтау үшін қолданылатын бірнеше әдістер бар.
1-ші әдіс. Тексерілетін заттан жақсы ұсақталған 3-5 г мөлшерін алады да, оны фарфор ыдысына салып, оған сондай мөлшерде 10 %-ды аммиак ерітіндісін құяды. Егерде тексерілетін затта мыс тұздары болатын болса, онда қосынды көк немесе көкшіл түске боялады.
2-ші әдіс. Химиялық стақанға ұсақталған тексеруге керкті заттың 20-30 г мөлшерін салады да, оған қышқылдық реакция болғанша сірке қышқылы қосылған дистилденген су құяды. Содан кейін оған 5 %-ды сары қан тұзының ерітіндісін тамшылатып қосады. Егерде онда мыс бар болатын болса, онда ол сары қан тұзымен қосылып мыстың ферроцианидін түзеді де, ерітінді қызыл-қошқыл түсті тұнба береді немесе қызыл түске боялады.
3-ші әдіс. Ұнтақталған тексерілетін заттың 50 г мөлшерін химиялық сатақанға салады да, дистилденген су құю арқылы қоймалжың ботқа жасайды. Лакмус қағазы арқылы тексере отырып, оған қышқылдық реакция бергенге дейін күкірт қышқылын қосады да, аздап қыздырады. Сол ерітіндіге тазаланған темір пластинка немесе темір шеге, болат ине немесе сым темірді орналастырады. Егер оң реакция болатын болса, онда жаңағы заттар 10-15 минуттың ішінде мыспен қапталады.
4-ші әдіс. Ұнтақталған тексерілетін заттың 20-30 г мөлшерін химиялық стақанға салады да, оған 40-60 мл дистилденген суды және анық қышқылдық реакция бергенше күкірт қышқылын қосады. Осылай дайындалған ерітіндіге күкіртті сутегін қосады. Егерде тексерілетін материалда мыс болатын болса, онда стақанның түбінде күкіртті мыстың қоңыр түсті тұнбасы пайда болады.