Фосфорорганикалық қосылыстарды (ФОҚ) анықтау. ФОҚ-ды анықтаудың бірнеше түрлері бар. Оларды химиялық және биологиялық әдістер деп бөлуге болады.
Химиялық әдіске гидроперекись реакциясы жатады. Бұл әдісті профессорлар Г.Н.Коржевенко, В.Л.Коляков және Ю.И.Горшковтар ұсынған. Реакцияның негізіне ФОҚ-дың бензидиннің және басқа да тотығу-тотықсыздану реакциясына қатынасатын индикаторлардың тотығуын жылдамдататын қасиеті алынған.
Биологиялық әдіс А.А.Покровскийдің әдісі деп те аталады. Бұл әдіс бойынша тексерілетін материалда ФОҚ-дың бар-жоғын антихолинэстераза эффектісі арқылы білуге болады. Тексерілетін қоспаға қосылған ацетилхолин ондағы көк бромтимол индикаторының көк түсін өзгерте алмайды. Бұл әдісті орындау үшін бірнеше реактивтер қажет:
№ 1 ерітінді – бромтимолкөктің негізгі индикаторлық-буферлік ерітіндісі. Оны дайындау үшін бор қышқылы мен хлорлы калий керек;
№ 2 ерітінді – колориметрлік стандартты дайындау үшін қажет индикаторлық-буферлік жұмыс ерітіндісі. Ол үшін №1 ерітінді мен тұз қышқылының ерітіндісі қажет;
№ 3 ерітінді – ацетилхолин хлоридінің индикаторлық-буферлік ерітіндісі. Оны дайындау үшін негізгі ерітінді мен 1 %-ды ацетилхолин ерітіндісі қажет;
№ 4 ерітінді – бутирилхолиннің индикаторлық-буферлік ерітіндісі. Оны дайындау үшін негізгі ерітінді, бутирилхолин йодид және бутирилхолин хлорид ерітінділері қажет;
Кептірілген, ампуладағы сау жылқының қанының сары суы (холинэстераза ретінде);
Химиялық таза бензол;
50 %-ды спирт-ректификат ерітіндісі. Оның 100 мл-ін дайындау үшін 53 мл 95 % -ды спиртке 47 мл дистилденген су қосады.
Осы реактивтерді қолдана отырып тәжірибе және бақылау пробиркаларындағы ерітінділердің түстерінің өзгеру жылдамдығын бақылайды (тексеру жүргізу барысы арнайы анықтамаларда берілген).
Егерде тәжірибе және бақылау пробиркаларындағы ерітінділердің жасыл түске боялуы бір уақытта болатын болса, онда тексерілетін материалда ФОҚ жоқ деген сөз. Ал тәжірибелік пробиркадағы ерітіндінің жасыл түске боялуы бақылау пробиркасындағы ерітіндіден 5 минутқа кешіксе, онда тексерілетін материалда ФОҚ-тың мөлшері 0,0001 мг/кг. Ал егер ондай кешеуілдеу 30 минутқа дейін барса – 0,01 мг/кг. Егер тексерілетін материалдың көк түсі өзгеріссіз 30 минуттан да ұзағырақ сақталса, онда ол материалда ФОҚ көп деген мағынаны білдіреді. Ал көк түстің өзгермей 30 минуттан 60 минутқа дейін сақталуы ондағы ФОҚ-тың мөлшерінің 0,1 мг/кг екендігін көрсетеді.