С арғалдақтар – Лютики – Ranunculus L. Сары гүлді, терең тілінген, ұзын сапты ірі жапырағы бар көп жылдық өсімдік. Гүлі бестен топтастырылған. Сарғалдақтардың көбі улы болып келеді. Улы заты эфир майы протоанемонин. Әсіресе өсімдік гүдеген кезде көп болады. Оның ерекше күйдіргіш әсері бар. Өсімдікті кептіргенде эфир майы ұшып жойылады. Сондықтан да құрғақ шөптің қауіптілігі жоқ. Өсімдік ерте жазғытұрым өте қауіпті, ал кейіннен гүлдегеннен кейін мал оны жемейді.Уланудың малдардың арасында көп тіркелмеуі де сондықтан. Улы зат бірінші кезекте ас қорыту жүйесінің ағзаларын тітіркендіреді, сілекей ағады, іші кебеді, құсуға бейімделеді, шаншу белгілері пайда болады. Артынан іші өтеді. Ас қорыту жүйесінің жарақаты кейде геморрагиялық гастроэнтеритке айналады. Мұндай жағдайда бүйректер жарақаттанады. Нәжісте, зәрде қан анықталады. Зәр шығарарда ауысынғандық байқалады. Уланудың созылмалы түрі ірі қара малында созылмалы гематурия ауруын тудыруы мүмкін.
Улану жүйке жүйесінің қызметінің бұзылуымен қабаттаса жүреді: мал тынышсызданады, діріл, тартылу құбылыстары пайда болады, әлсірейді, ес-түссіз жағдайда болады. Көмек көрсетілмеген жағдайда уланған мал кейде клиникалық белгілері біліне бастағаннан кейін 30-60 минуттың ішінде өліп кетуі мүмкін. Әдебиетте малдардың барлық түрлері де уланатыны туралы деректер бар.
Емі негізінен уланудың клиникалық белгілеріне байланысты жүргізіледі. Алдын алу үшін жайылымда өсімдіктің болмауын қадағалау, уланудың белгілері біліне бастаған кезде жайылымды өзгерту. Сарғалдақ көп өскен жайылымды гербицидпен өңдеу жұмыстарын да жүргізуге болады.