ӘОЖ 82.091
АБАЙ АУДАРМАЛАРЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Лаззат Көшкінбаева
Ш.Есенов атындағы КМТИУ, МНКЯЛ-19-1 тобы магистранты,
Ғылыми жетекші: ф.ғ.к., доцент Ә.Т. Жеткізгенова
Аңдатпа.
Мақалада Қ.Жұжалиев пен М.Әуезов еңбектері негізінде Абай
аудармаларының
ерекшеліктері
сараланған.
Крылов,
Лермонтов,
Пушкин
шығармаларына аударма жасап, қазақ халқына, қалың оқырманына таныстыруды
мақсат еткен Абай Құнанбаевтың аудармашылық шеберлігіне жан-жақты талдау
жасалған.
Түйінді
сөздер:
аударма, орыс әдебиеті, шеберлік, қолданыс, жаңалық.
168
Абай Құнанбаев шығармасына аудармалық еңбектерінің ала келген аса әсері өте
жоғары. Ал Абайдан соңғы қазақ әдебиетін алсақ, ұлы ақын жасаған аударманың
мәдениеттік, тәрбиелік, көркемдік әсері ұшан-теңіз. Өзге-өзгесінен бұрын, Абай
аудармалық еңбегімен және де өз тұсындағы тыңдарманын көп тәрбиеледі.
Абай "Евгений Онегинді» бөлек-бөлек үзінділер түрінде аударады. "Онегиннің
сипаты", "Татьянаның хаты", «Онегиннің ойы" («Таңғажайып»), "Онегиннің сөзі"
("Хатыңнан жақсы ұғындым") "Онегиннің хаты" («Құп білемін, сізге жақпас»)
«Татьянаның сөзі" ("Тәңірі қосқан"), "Ленскиидің сөзі" ("Барасың қайда-қайда").
Осындай жеті бөлек жекеше тақырыптармен түгел "Евгении Онегин"
романының ұзын бойына созылып, екі жас арасындағы махаббаттың хал-құбылыстары
беріледі. Әрине, бұнда Пушкин романының ерекше көп жайлары аударылмай, сырт
қалады. Абай ол романның ішінен тек Онегин, Татьяна арасында кезек ауысқан күшті
махаббат күйлерін ғана сөз қылады көбінше, Абайдың аударуында хаттарменен баян
етілген роман (эпистолярный роман) қалыптанған тәрізді [1].
Аудармасының соңында Абай өз жанынан Онегинге ақырғы сөз береді.
Пушкинде жоқ. Еркін өзгерістің, Абайдың өзінше дәлелдеген, ерекше бір түрі.
Қазақ оқушысына көптен мәлім мәселе, Абайдың бұл аудармасында Пушкиннің
текстіне үнемі ұқсас келіп отырмайтын еркіндік бар. Жеке алғанда, Онегиннің
сипатында, Ленскиидің сөзінде және Татьянаның "Амал жоқ, қайттім білдірмей" деп
басталатын хатында, онан соң Онегин айтқан хатыңнан жақсы ұғындым сөздің бәрін"
дейтін бөлімдерде Пушкинге көп жерлерінде Абай жақын келіп отырады. Кейбір
жолдар мен Пушкин қолданған теңеулерді де Абай шебер етіп аударып береді. Бірақ
сонда да бұл бөлімдердің өзінде Абайдың өзінен қосылған жолдар, шумақтар, oй
сезімдер жиі ұшырайды. Ал Онегиннің алғашқы хатты алғанда ойланатын жері Абайда
"Таңғажайып" деп басталатын үлкен өлеңмен баян етіледі. Онан соң "Онегиннің кейін
жазатын хаты" ("Құп білемін, сізге жақпас") және "Татьянаның сөзі" ("Тәңірі қосқан
жар едің сен") бәрі де Пушкин текстісінен алыстап кетіп, мейлінше еркін суреттелген
болады. Бұл тұстарында Абай Пушкиндей аударма жасамай, оның орнына Пушкиннің
ізімен жаңа жайларды жырлап кетеді.
Ең аяғында, жоғарыда айтылғандай, Онегиннің өкінішін үлкен трагедиялық
ауыр ойға жеткізіп, оған өлім тілетеді. Бұл Абайдың мүлде өз жанынан қосқан халдер
мен өзгерістері дедік. Осылайша Пушкиннің үлкен шығармасына қазақ ақыны Абай
бірталай еркіндік жасайды. Бұндай шығармалық еңбек етудің екі түрлі айқын себебі
бар деп білеміз. Оның біріншісі көне ең үлкен себебі — Абай орыс жастарының сезім-
сырларынан, өмір түйін тағдырынан өзінің жас оқушысына үлгі боларлық тәлім-тәрбие
бермекші болады. Екінші себебі, біздің ойымызша, 1889 жылы жалғыз "Бородиноны"
аудармасын еске алмағанда, қолға алғаны осы Пушкин романы. Бұл уақытта Абайдың
ақындық аударма турасындағы түсінігі, көзқарасы өзінше, өзгерек болған тәрізді.
«Ескендір» поэмасының тақырып желісін Низамиден алып, өзгертіп жырлағаны
сияқты. Абай бұрын өзі білген, ақын Шығыс классик поэзиясында қолданып жүрген
нәзира" жолын қолдана түскен тәрізді. Аударатын оригиналдың өзінде бар шындық пен
сырлардың, халдер мен қасиеттердің көбін арқау етіп ала отыра және де тың арман,
мақсаттар қосады. Осылайша аудару өз заманындағы оқушылар үшін ұстаздық, үгіт
жағынан қажеттірек деп ұсынады [1].
Абай Татьяна мен Онегиннің ішкі сезім сырларын ашқанда, өз қолынан келген
ақындық, шеберлік, ізденушілік өнерінің бәрін жұмсайды. 1889 жылға шейін Абайдың
өзі жазған өлеңдерінде Татьянаның хатындай немесе соңғы жауабындай және де
Онегиннің "Құп білемін, сізге жақпас" деген хатындай өлеңді ұшырата алмаймыз. Бұл
өлеңдерге Абай бұрын қолданбаған тың түр табады. Онысы — шалыс ұйқасты қолдану.
Ырғақ жағынан да Пушкиннің қысқа жолдарына жақын отыруға тырысады. Шалыс
ұйқасты Пушкин қолданатын көп ұйқастардың ішіне ең жиі кездесетін үлгісі ретінде
жаңа түр етіп алады. Кейін аударып болысымен, Татьяна мен Онегиннің сырлы
169
сөздеріне арнап, өзінше әсем саздар тудырады. Ішкі сезім толқындарын барынша нәзік,
өткір, орамды шеберлікпен келтіруде, Абайдың ақындығы осы еңбек арқылы өзі де
биік белге шыққандай болады [1].
Шеберлікке жету үшін Абай неше алуан теңеуді, сирек шешендікті және бұның
оқушысы білген неше алуан керекке жарарлық түсініктерді, реальностерді түгел
қолданады. Кейде қазақтың халықтық, тірлік теңеулерінен де мысал келтіреді. Бұның
кейбірі көңілдегідей жарастықпен шықса, кейбірі Татьяна шындығына дәл қабыспай
жатса да, ақын оған қысылмайды. Өз халқына, оқушысына өз тұсында ұғымдырақ ету
үшін Татьяна мен Онегинді сол өз жұртының тіл-түсініктеріне, кейбір ұғым-
нанымдарына жақындатып, жанастыра түседі.
...Шеш көңілімнің жұмбағын,
Әлде бәрі алданыш.
Жас жүрек жайып саусағын,
Талпынған шығар айға алыс, —
деген аудармада Абай Пушкиннің өзіне жақын барып, шеберлік тапса,
Онегиннің хатында басқа сырды көрсетеді.
...Михрабымсың, бас ұрамын,
Тіл жете алмай ғүзіріме,
Жетпедім, не жасырамын,
Гауһарымның қадіріне, —
дейді. Бұнда алған теңеу "михраб" болуы ғажап емес. Татьяна орыс қызы болу
себепті христиан дінінде. Ал "михраб" тек мұсылманның ғана мешітінде болады. Онда
имамның ғана сәжда қылатын орны. Абай Онегинге осыны айтқызуда, өзі білген
асылдың, өз оқушысы түсінген қадір-қасиеттің, асыл-құрметтің қайсысын болса да екі
жастың сезімдерін жеткізуден аямағанын көрсетеді. Әрине, мұнда діндік ұғым-сөздікті
алмай, осындай күшті жайды білдіретін халықтық ұғым-сөздікті алу әлдеқайда орынды
болар еді.
Кейін Татьянаның сөзінде және де мұсылмандық ұғымнан "талақ етіп бұл
ғаламды" дейтін бір түсінікті келтіреді. Немесе бурынырақ кезде бір айтатынымыздай,
орыстың дворян қызына қаспақ қырғызады.
Қаймақ еді көңілімде,
Бізге қаспақ болды жем, —
дегізеді.
Міне, осындай Пушкинде жоқ және онда болуға мүмкін емес кейбір жайларды
да, сирек түрде болса да, теңеу ретінде Абайдың қолданып кететіні бар.
Бұлардың тұсында да, жоғарыда айтылғандай, өз оқушысына ұғымдырақ
болғысы келгенінің ізденулері байқалады. Бірақ жалпы алғанда жаңағыдай ерекше,
оқшау теңеулер, ұғым түсініктер көп емес. Абай Пушкиннің өзінде бар оригиналдан
молайтып, өсіріп, өзгертіп, шығарма тудырып отырса да, көптен-көп жерде орыстың
ұлы классигінің өз поэзиясының табиғатына сай міндетті тілмен теңеуді үнемі жақсы
тауып отырады. Пушкинге Абайдың алғашқы аудармаға ауысқанда барған барысы
сондайлық болса, енді Лермонтовтың шығармаларын аударуда Абай мүлде басқа
сапаны көрсетеді. Лермонтовтан Абай жасаған аударманың ұзын саны – жиырма жеті
өлең, үзінділер. Лермонтовтың жеке өлеңдерін аударумен қатар, Абай орыс ақынының
бірнеше поэмаларынан үзінділер де аударады. Бұлары: "Демонның" басынан жасалған
"Мұңлы шайтан" деп басталатын өлең, "Боярин Оршадан" "Босқа әуре боп дейтін"
Арсенийдің монологы. "Измаил бейдің" кіріспе толғауын да аударады. Лермонтовтың
қара сөзбен жазып бітірмеген "Вадим" атты повесінің бас жағын "Батар күнге
шымылдық" деп бастайтын бірталай өлеңмен аударады.
Бұл еңбектерінен жекеше бөлініп тұратын лирикалар ретіндегі аудармалары:
"Теректің сыйы", "Қарасам қайғырар жұрт", "Тұтқындағы батыр", "Жолға шықтым",
"Жалғыз жалау", "Жартас", "Дұға", "Сал демеймін сөзіме ықыласынды" (Лермонтовтың
170
"Альбомға" деген өлеңі), "Менің сырым, жігіттер", "Бородино" сияқты үлкенді-кішілі
көп өлеңдер болады. Және Лермонтов аударуынан Байронның "Еврейская мелодия"
деген өлеңін "Көңілім менің қараңғы" деген аудармамен береді. Гетеден атақты
"Қараңғы түнде тау қалғыпты" және де Лермонтов аудармасынан алып қазақшаға
аударады. Абай Лермонтовтың кейбір қысқа өлеңдерімен аударма сияқты сөз бастап
келіп, өз шығармасына еркін ауысып кететін бір топ мысалдар бар. Лермонтовтың "Не
верь себе, мечтатель молодой" деп басталатын өлеңінің алғашқы шумағы Абайдың
"Өзіңе сенбе, жас ойшыл" деп басталатын өлеңінің алдында келеді [1].
Лермонтовтың "Вечер" деген өлеңінің бірнеше жолдары Абайдың "Көлеңке
басын ұзартып" дейтін өлеңіне құлақ күй есепті әсер етеді. Абайдағы "Ауру жүрек
ақырын соғады жай" дейтін өлең орысша "Больное сердце бьется ровно" деген өлеңмен
сарындас шығады. Орыс тіліндегі нұсқасы:
...Опять явилось вдохновенье
Душе безжизненной моей —
...Көңілдің күйі тағы да
Өмірсіз жанның алды ішін, —
деген өлеңдердің де бір тектес екенін байқаймыз. Және де Абайдың "Әм
жалықтым, әм жабықтым" деп басталатын өлеңі Лермонтовтың "И скучно, и грустно"
дейтін өлеңімен тектес екені айқын көрінеді.
Абай Лермонтовша бастайды да, сол сарынды кейін өзінше, көңіл сырын, ой
толғауын қосып, өзгертіп жырлап кетеді.
«Абай аудармаларының характеріне жалпы шолу жасасақ, жоғарғы ақындардың
кез-келген өлеңдерін аудара бермей, таңдап, талғап аударғанын көреміз. Абайдың
аударған өлеңдері не адамгершілік тақырыбына байланысты жаман мінез-құлықты
шенеу не жақсылыққа үндеу, не патриоттық үлкен идеяны көксеген өлеңдер, не
философиялық терең ой, не үздік көркем өлеңдер болып келеді. Крыловтың
мысалдары, «Теректің сыйы», «Тұтқын, «Татьянаның Онегинге», «Онегиннің
Татьянаға» жазған хаттары, тағы басқа осылар тәрізді атышулы өлеңдер. Абай
аудармаларының тарихи-әлеуметтік мәні үлкен» [2,85].
Міне, Абайдың қазақтағы әдебиет тілін байытуын тексергенде, оның осындай
аударма, әсіресе қатты шабыттанып аударған еңбек тұсында сан жаңалықтар іздеп
тапқанын ескеріп отыру керек.
ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Әуезов М. Абай Құнанбаев. Монография. Мақалалар, зерттеулер. – Алматы.
«Санат», 1995.
2. Жұмалиев Қ. \ Абай аудармалары және оның тілі \ Абайға дейінгі қазақ
поэзиясы және Абай поэзиясының тілі. – Алматы, 1998
Достарыңызбен бөлісу: |