Құрал-жабдықтар: Әр түрлі көлемдегі ақ парақтар, акварель бояулар, түрлі түсті қарындаштар, фломастерлер, әртүрлі қылқаламдар, палитра, су құйылған құты, шүберек, мақта тампондары, губкалар.
Ұсынылатын әдебиеттер мен оқу құралдары: «Күз», «Жыл мезгілдері», «Түрлі түсті пейзаждар» плакаттары, «Сәулелену тұңғиығы» оқу құралы (симметриямен танысу).
Сабақтың мазмұны: Тәрбиеші балаларға күз көрінісі бейнеленген пейзажды көрсетіп, табиғатты тамашалау, терең білу қажеттілігі, оның мазмұнын сурет арқылы беру тәсілінің ерекшелігі туралы қысқаша әңгіме жүргізеді. Балалар пейзаж табиғат көрінісін бейнелейтін бейнелеу өнерінің ерекше түрі екенін: пейзажға қарап тұрып терезенің ар жағынан кәдімгі орман-тоғайды көріп тұрғандай әсер аламыз деп еске түсіреді... Далаға жүгіріп шығып сол көгалға аунап, немесе гүлдерді иіскегің, ағаштың жапырақтарын сипағың келеді. Тәрбиеші өз қалауы бойынша күз туралы өлең оқып береді.
Самал қозғап қалғанда,
Үзіледі сары алма.
Шолып едім бақшаны,
Қауын біткен сап-сары.
Көрінеді шалғайдан,
Бел-белестер сарғайған,
Сары жапырақ киінген
Тоғайды да көрдім мен.
Таза жездей жайнаған,
Сары бояу айналам.
Енді сары бояумен,
Күз суретін салам мен:
Тәрбиеші балаларға суға сәулесі түскен ағаштардың суретін салып, балалар бақшасында ерекше көрме жасауды ұсынады. Су жағасында өскен ағаштың бейнесін қалай салуға болатыны туралы балалардың пікірін сұрап біледі. Балалардың пікірін тыңдап болғаннан кейін тәрбиеші жапырақты ағаштың бұтақшасының айнадан сәулеленген суретін көрсетеді және жаңа тәсілді мұқият қарап алуды ұсынады.
Ақ парақты алып, оны қақ ортасынан екіге бүктейміз, бүктелу сызығын айқындаймыз, парақты ашып тез дымқылдап аламыз. (балалардың қалауы бойынша: мақтамен, губкамен, шүберекпен, қылқаламмен т.б.). Парақты ашамыз, бұл жерде бүктелу сызығы көкжиек қызметін атқарады: сызықтың үстіңгі жағы аспан, төменгі жағы су – өзен, көл, немесе шалшық.
Қылқаламмен тездетіп сызықтың жоғарғы жағына ағаштың суретін саламыз: діңі – жуандау – оны бір қылқаламмен саламыз (балалар көрсетеді), бұтақтары жіңішкелеу – оған келесі қылқаламды пайдаланамыз (қандай қылқаламды көрсетеміз). Қылқаламды орнына қоямыз және тез парақты екіге бүктейміз де ағаш пен аспанның сәулесін «суға» батырамыз; ашып қарағанда екі ағаштың суретін көреміз: бірі –
аспанға қарап тұр, келесісі суда сәулеленгендіктен, суға қарап тұрғандай әсер береді.
Түсіндіріп және көрсеткеннен кейін тәрбиеші балалардың қалауы бойынша қағаз алып жұмысқа кірісулерін ұсынады. Қағазды тігінен пайдалануға кеңес береді, сонда ағаштың суреті биік болады. Балалар өздері қалаған көлемдегі парақты алып сурет салуды бастайды. Суретті тез бірақ ұқыпты салу керек, себебі, қағаз кеуіп кетсе сәулелену орындалмайды.
Сабақ соңында балалар өздерінің еңбектерін арнайы орынға орналастырып, барлық суреттерді тамашалайды, өз пікірлерін айтады.
Сабақ соңында «Суға төнген ағаштар» атты көрме ұйымдастырылады. Сол сияқты осы тәсілді одан әрі меңгеру үшін симметриялы суреттер салуға болатынын түсіндіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |