Ол журанлист ретінде газеттерге репортаждар жазып отырған. Сент-Экзюпери ғарыш пен кеңістіктің әдемілігін шебер суреттеп, бүкіл жер шары мен адамзаттың, әсіресе балалардың өмірі үшін өзін жауапты сезінеді. Ол кейбір шығармаларында үлкендер мен балалардың қарым-қатынасы туралы жазған. 1944 жылы фашистік басқыншылардан Франция жерін босатуға үш ай қалғанда, кезекті жорықтан Антуан де Сент-Экзюперидің ұшағы базаға оралмайды.
ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Франция әдебиетін бірнеше кезеңге бөліп қарастыруға болады. Соғыстан кейінгі бірінші онжылдықта әдебиет ел ішінде орын алған түрлі жағдайлар мен қоғамдық-саяси оқиғаларға тікелей байланысты болады. 50 жылдардың соңынан бастап «антидрама» мен «жаңа романды» жасаушылардың шығармаларында постмодернизмнің белгілері көрініс табады. Постмодернизм дәуірі 70 жылдары да, одан кейін де жалғасын тапқандықтан ол әдебиеттану мен әдеби сында да ерекше күшке ие болады.
Соғыстан кейінгі француз поэзиясы Луй Арагон, Поль Элюар, Эжен Гильвик, Рене Шар, Пьер Эмманюель, Жак Превер сынды көптеген жарқын есімдермен байи түседі. Бұл ұрпақтың басты ерекшелігі ретінде олардың шығармаларының нақты тарихи жағдайлармен және өзекті мәселелермен байланысты болғанын айтуға болады. Аталған ақындарының басым көпшілігі әдебиеттегі өз бастауларын сюрреализм арнасынан алған. Оған мысал ретінде Арагон мен Элюар, Шар мен Преверді айтуға болады. Поль Элюардың (1895-1952) «Саяси өлеңдер» (1948) атты жинағына енген өлеңдерінен әлемде жақсылық орнату идеясы көрінеді. Элюардың «Мораль сабақтары» (1949) деген поэтикалық циклі жақсылық пен жамандықтың, өлім мен өмірдің диалогы ретінде құрылған.
Достарыңызбен бөлісу: |