Вирджиния Вулф (1882-1941) – импрессионизм бағытындағы проза жанрының асқан шебері, дарынды әдеби сыншы әрі ағылшын модернизмінің теоретигі. Өте батыл тәжірибелі жазушы Вирджиния әдебиеттегі роман жанрының жаңаруы мен дамуына өз үлесін қосқан. Вулф жеке тұлғаның ішкі сезімін сомдау, өмірлік көзқарасының өзгеруін сипаттау сияқты шындықты жеткізудің жаңа түрін өз романдарында шебер қолдана білген. Неміс философы әрі мәдениеттанушысы Э. Ауэрбах Вулфтың ақиқаттың шыңына жету және оны халыққа көрсете алу шеберлігіне байланысты жазушыны әлемге әйгілі Данте, Шекспир, Гете, Флобер және Пруст есімдерімен қатар атайды. Ол модернизмнің эстетикалық принциптерін қалыптастыра отырып, оларды өз шығармашылығының айнымас бөлігі ете білген. Вулф әдебиетке Бірінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңында келген ақын-жазушылардың қатарына жатады. Ол көркем шығармашылық ізденістері жағынан Джойс, Элиот пен Лоуренске жақын келеді. Вулф өз еңбектеріне психологизм мен «сана ағымдарына» жүгініп, әлем мен адамның үлгісін жасауға ұмтылады. Оның ерекше таланты ретінде тұрмыс-тіршіліктің, өмірдің жалт өте шыққан, қас қағым сәттік құбылыстарынан бас құрап, олардың әрқайсысынан «мәңгілік» сарын тауып, жеке құбылыстарды біріктіре алуын айтуға болады.
Вулф Лондондағы әйгілі әдебиеттанушы Лесли Стивеннің отбасында дүниеге келген. Әкесі – орнықты, жеке көзқарастағы, өте ақылды адам, оған қоса сол кездегі «18 ғасырдағы ағылшындықтардың ойлау тарихы» және атақты «ұлттық өмірбаяндар сөздігі» атты кітаптардың авторы. Вулфтің өмірінде оның суретші апасы Ванесса үлкен маңыздылыққа ие болды.
Вулфтың алғашқы басылымдары ХХ ғасырдың басында жарық көреді. Мысал ретінде 1904 жылы «Гардиан» газетінде пайда болған рецензияларын айтсақ болады. Келесі жылы оның әдеби сындары «Таймс» газетінің әдеби бөлімінде шыға бастайды. Ол 30 жылдан астам уақыт бойы бұл газеттің рецензенті ретінде қызымет етіп, көптеген жаңадан шыққан әдеби шығармаларға сын жазады. Сонымен қатар Вулф отбасындағы әйел мәселесіне де үлкен ден қойды. Әйел теңдігі оның көптеген мақалаларында, эсселері мен әңгімелерінде көрініс тапқан.
Жалпы Вулфтің шығармашылығы жаңа замандағы психологиялық прозаны байыта түсіп, оған жаңа дем берді. Оның шығармашылық мұрасы ХХ ғ. ағылшын әдебиетінің ажырамас бөлігіне айналды.
Достарыңызбен бөлісу: |