Хванг Сок Енгтің «Шетелдік жер» атты шығармасында жұмысшының өмірі шынайы суреттелген. Хванг Сок Енг өз кейіпкерін сомдай отырып, жұмысшылар мен құрылысшылардың күресі мен сәтсіздігі, индустриаландыру кезеңіндегі корей қоғамының тұрақсыздығын айқын көрсетеді. Оның «Сампоға барар жол» және 1974-1984 ж. аралығында «Хангук Ильбо» газетінде жарияланған «Чан Гиль Сан» тарихи романы корей әдебиетіндегі үздік шығармалардың қатарына жатады.
70 жылдары корей халқының өмірі саяси және экономикалық қайшылықтарға толы болады. Елде орын алған мұндай жағдайлар корей әдебиетіне де айтарлықтай ықпал етеді. Мысал ретінде И Чонг Чжунның «Ауруханадан шығу», «Науқас және ақымақ», «Хабарсыз кеткендер», Че Ин Хоның «Науқас-оқушы», Мун Сун Тхэнің «Көзге жасалған операция», Хен Ги Енгтің «Суни ағай», Им Чольдің «Тура сызық және уланған газ» атты шығармаларын атап өтсек болады. 70 жылдары жарық көрген үздік шығармаларға Пак Кенг Ри, Хванг Сок Енг, Ким Чжу Енг сынды жазушылардың романдарын жатқызуға болады. Олар үзіліп қалған қоғамдық дәстүр тарихын жандандыруды ойлайды. Олардың романдарында ұлы тұлғаның өмір жолы арқылы Корея елінің тарихи деректері мен халықтың тағдыры асқан шеберлікпен суреттелген. Осы кезде пайда болған Хванг Соктың «Ауа райы» және «Түйенің көзі», Пак Енг Хванның «Жырақтағы Сангба өзені» сияқты романдарында демократия мен бостандық, еркіндік пен тәуелсіздік мәселелері де қарастырылады. Че Ни Хоның «Жұлдызды қала», «Ақымақтардың шеруі», О Чженг Хидің «Арманшыл құс», Че Иль Намның «Екінші күйеу бала», «Дионистің сатқындығы», Че Санг Гюдің «Күту залы», Канг Енг Чжунның «Қашқындар» атты шығармаларында жеке тұлғаның тағдыры тарихи және әлеуметтік жағдайларға тікелей байланысты екені айтылады.
80 жылдары жазылған И Мун Елдің «Атаусыз арал», «Біз бақытты болмайынша», «Жастық шақтың бейнесі», «Ол туған жерге орала алмайды» атты шығармаларында өнер, дін, идеологиялар арасындағы күрес туралы айтылады. Осы кезде И Инг Сонг («Таңсық мезгіл», «Тынысын тоқтатып»), Че Су Чоль («Жоқтың қарнында»), Со Чжонг Инг («Ай сарай») сынды жазушылар өз еңбектерінде жаңа әдеби тәсілдерді зерттеуге талпынады.
70-80 жылдары жазылған шығармаларда индустрияландыру мен саяси төңкерістар, жұмысшылар мен басшылардың арасындағы қақтығыстар, елдің екіге бөлінуі, өз құқықтары үшін күрескен студент жастардың толқулары сияқты мәселелер көтерілген болатын. Ал 90-шы жылдарға қарай халықтың сана-сезімі өзгеріп, енді қоғамдық мәселелерден гөрі күнделікті тұрмыс-тіршілік туралы мәселелер алға шығады. Осы уақыттағы көптеген жазушылар өз шығармаларында өмірдің мәні не, халықтың арманы қандай және осы арман-мақсаттарды жүзеге асыруға бөгет болатын не нәрсе деген сұрақтарға жауап іздей бастайды.
Қазіргі корей әдебиетінің даму тарихы түрлі қиыншылықтар мен ауыр кезеңдерді бастан өткергеніне қарамастан даму жолында. Проза, поэзия мен драматургия саласында көптеген тамаша туындылар пайда болып, әдебиет жарқын есімдермен толыға түсуде.
Достарыңызбен бөлісу: |