Сон Чанг Соб өз шығармашылығын ХХ ғ. 50 ж. бастап, өмірдің келеңсіз тұстарын бейнелеген көптеген тамаша қысқа оқиғаларды жарыққа шығару арқылы ел арасында танымал болады. Оның 1958 ж. жарыққа шыққан «Қалдық адам» шығармасында соғыстан кейінгі қоғамнан алашақтаған белгілі бір адамдардың тобы бейнеленеді. Сон Чанг Соб өзінің «Демалыс күні», «Жауынды күн» және т.б. шығармаларында адам мен оның психологиясын шебер көрсете білген. Ол 50-ші жылдары қоғамда орын алған оқиғаларды баяндап, ерекше тұлғаның бейнесін жасайды. Шетелдік ағымдар корей әдебиетіне өте баяу енеді. АҚШ-тың соғысқа қатысуы арқылы енген АҚШ әдебиеті мен мәдениеті 50-ші жылдардағы корей прозасында маңызды орынға ие болады. Сонымен қатар осы кезеңдегі әдебиетке батыс әдебиеті, оның ішінде экзистенциализм мен психологизм өз әсерін тигізеді.
Осы кезеңдегі әдебиетте адам санасының бұзылуы, жаппай тәртіпсіздікте өмір сүрудің мәнсіздігі, босқа өткен уақытқа өкініш көрсетіледі. Адам болмысы, оның мәні әдебиетте үлкен маңыздылыққа айналады. Аталмыш тақырыптар Пак Енг Дюнаның «Енчо аралының жағалауындағы су», Сонг Бенг Судың «Жеке бекініс», «Кішкентай Ким», «Сенім», Хонг Санг Вонның «Д-дейдегі казарма» атты шығармасында сөз болады. Сонымен қатар Ким Сонг Ханның «Пабидо», О Санг Вонның «Қастандық», Сон Хваның «Террорист», «Ұшқын», Со Ги Вонның «Контурлы географиялық карта», Пак Кенг Лидің «Сенімсіздік мерзімі», «№ 213 пәтер», И Хо Чольдің «Жарылыс» атты шығармаларында жеке тұлға мен қоғамның арасындағы қайшылықтар, тағдыр тәлкегіне түскен адамдардың өмірі, адам мен оның әрекеттері туралы айтылады.
Достарыңызбен бөлісу: |