YІІ-ІХ ғ. Тан әулеті тұсындағы поэзия. 618 ж. бастап Қытайда 300 жылдай уақытқа созылған Тан әулеті билік басына келеді. Бұл әулет шаруалардың көтерілісін баса отырып, билікке ие болады. Тан императорлары жаңа мемлекет құрыла бастаған кездің өзінде-ақ халық күшін түсіне білген. Өзара жауласып жатқан жекелеген княздықтардың бірігуінің нәтижесінде ұлы Тан мемлекеті құрылады. Билік императордың қолында шоғырланады. Алғашқы императорлар елдің дамуы мен халық мүддесі үшін біраз іс-шаралар жүргізіп, қараусыз қалған жерлерді шаруаларға үлестіріп, ірі шонжарлардың билігіне шектеу қояды, қолөнер мен сауданың дамуына жағдайлар жасайды. Салыстырмалы түрде ел бір жарым ғасыр бойы тыныштықта өмір сүреді
Тан әулеті тұсындағы әдебиетшінің дүниетанымы да кеңейе түседі. Ақынның өмірлік тәжірибесі бұрынғыдай туған ауылы мен жақын арадағы қалашықтармен шектеліп қана қоймай, елдің барлық аймақтарында қайнап жатқан тіршілік пен түрлі жағдайларға қанық болады.
Y-YІ ғ. поэзияда оның мазмұнынына емес, сыртқы құрылымына баса назар аударылса, Тан әулеті тұсындағы ақындардың шығармашылығында өлеңнің құрылымы емес, оның ішкі мазмұны маңыздылыққа ие болады.
Тан поэзисының алғашқы сатысында төрт үздік ақын тұрады. Олардың ішінде Ван Бо (649-676) мен Лу Чжао-линьнің (637-689) алатын орны зор. Ван Боның атақты «Тан әулеті тұсындағы княздың сарайында» атты шығармасы алдыңғы кезеңдегі поэзияға тән түрлі-түстілік пен дерексіздікке қоса, қарапайымдылық пен қуаттылықты суреттейтін пейзаждар мен сезімдерге толы. Ол өз өлеңдерінде жай табиғатты суреттеп, достықты жырлап қана қоймай, сонымен қатар адамзатқа деген аяушылық сезімдерін де білдіреді. Ал Лу Чжао-линь өзінің «Чанъань – көнелікке еліктеу» атты өлеңінде сарай ақындарында әдеттегі үлгілерге қарсы келетін жағдайлар суреттеледі.
Шынайы жаңашылдықты Чэнь Цзы-ань (661-702) бастайды. Төрт үздіктермен бір кезеңде өмір сүрген Чэнь Цзы-ань олардан басып озады. Ол халық қамын ойлаған мемлекеттік шенеунік болып, императорға «мемлекетті басқаруда адамға тыныштық әкелуден қымбат ешнәрсе жоқ» деп, поэзияның да халыққа қызмет етуін талап етеді. Цзы-ань өзінің ақындық талантын халық ісіне арнаған мемлекеттік қайраткер ретінде және тұлғалық пен өлеңдері арасындағы үйлесімділігі жағынан үлгілі ақын болады. Өмірі мен шығармашылығындағы осындай үйлесімділігі арқылы алдағы кезеңдердегі поэзияда идеалға айналып, оның еңбектерінен кейін Тан поэзиясы дамудың жаңа сатысына шығады.
Әдебиеттің гүлденуі көп бөлігі бес сөзді өлеңдерден тұратын 260-тан астам өлеңдер қалдырған Мэн Хао-жань (689-740) поэзиясынан басталады. Хао-жаньның өміріндегі қиындықтар оның мемлекеттік қызметіне байланысты болған сәтсіздіктерінен туындайды. Ақын шығармашылығында басшылықтың әбігерлігінен құтылуда - игілік, табиғатпен тілдесуде - қайғылы қуаныш, адамның шынайы сезімдерінде - мейірімділік бар. Оның шығармашылығында кездесетін тақырыптар өзі өмір сүрген әлемнің шегінен шықпайды. Оның өлеңдерінде артық сөздер мен артық элементтер кездеспейді, онда тұтас өмірдің көрінісі ретінде адам мен табиғат бірге суреттеледі. Гао Ши (702-765) мен оған жақын ақындардың поэзиясында туған жердің кең даласы, адам тағдыры мен осы дүниенің қиыншылықтар туралы айтылады. Бұл ақындар терең болмаса да, халықтың қайға-қасіреттері туралы ойлана бастайды. Олар батырлардың қуанышқа толы жеңістерін суреттей келе, асыраушысы мен тірегінен айырылған отбасыларының басынан кешкен қиындықтары туралы жырлағанда, осындай ауыр құрбандықтар арқылы келген жеңіске деген күмән пайда болады.
«Пейзаждық» өнер арқылы қытай поэзиясында халық тағдырына айтарлықтай әсер еткен жорықтар мен соғыстарды көркем суреттеуге көмектеседі. Көптеген «пейзаждық» өлеңдердің авторы атанған ақын Цэнь Шэнь (715-770) табиғат пен адам толық тұтастықты құрайтын әскери өмірдің жарқын суреттерін дүниеге әкеледі. Ақынның шығармасында екі жолды және үш жолды шумақтар кезектесіп келеді.
Ли Бо шығармашылығында халықтың өмірі мен оның рухы жырланады. Мұндай ақындар өздері өмір сүрген дәуірмен тығыз байланысты болғанымен, олар халық жадында мәңгі қалады, олар өз ұлты туралы жырласа да, бүкіл әлем оларды толғандырады.
Ли Бо 701 ж. дүниеге келген. Жастайынан адамдарға көмектесуді армандаған ол сол дәуірдегі жастарға ерсі көрінетін өзге жолды таңдады. Ол үйінен кетіп, жалғыз өзі бөлек тұрған, әр жерге саяхат жасап, даосизмге қызыққан. Император оны шақырып «ханьлинь» (қазіргі академик дәрежесімен тең) атағын берген кезде ол қырық жастан сәл асқан еді.
Ли Бо Тан поэзиясын қамтитын барлық тақырыптар төңірегінде өлең жазған. Оның өлеңдерінде ерлік пен жауыздық басты назарда болады.
Әділетсіздікті әшкерелеу, адамдарға деген жанашырлық – классикалық қытай поэзиясына, әсіресе Ду Фудың (712-770) шығармашылығына тән сипат. Оның шығармашылығын төрт кезеңге бөліп қарастыруға болады. Оның 35 жасқа дейінгі өмірі үйренумен, жан-жағын танып білуменөтеді. Оның өлеңдерінен арманға толы жалынды жыр жолдарын, өзіне деген сенімділігін байқауға болады.
YIII ғ. II жартысында Ли Бо мен Ду Фудан кейінгі Тан әулеті тұсындағы үшінші ұлы ақын Бо Цзюй-и. Жаңа буын ақындарының алдыңғысы болған бұл ақын әділетсіздікке қарсы күресіп, шаруалар мүддесін қорғайды. Бо Цзюй-и (772-846) өлеңді жастық шағынан бастап жаза бастаған. Цзюй-идің әйгілі болған өлеңдерінің арасында елу «Жаңа халық әндері» мен «Цинь әндері» атты циклға жататын он өлең маңызды орын алады. «Жаңа халық әндерінің» тек тақырыптарынан оның бағытын анықтауға болады: «Шаруа мұңы», «Парақор шенеуніктерге қарсы»... бұл өлеңдер кейіпкердің монологынан тұрады. Онда ақын ресми түрде қалыптасқан өлең өлшемдерін бұзып, шумақтан тыс жаңа жол қосу сияқты тәсілдерді пайдалану арқылы «Цинь әндерінде» кездеспейтін еркін стильге жол береді.
Бо Цзюй-идің өлеңдері Қытай поэзиясының дамуы мен қытай әлеуметтік ойлау жүйесінің дамуында да жаңа белеске шығады. Онда шаруалардың өмір сүру деңгейінің нашарлауы да, Тан әулеті тұсындағы ақын-ойшылдардың маңызының өзгеруі де көрініс тапқан. Цзюй-идің сюжеттік өлеңдерінде өмірдің әрбір қыры көрсетіліп, типтік образдар пайда болған. Цзюй-и тек ақын ғана емес, сонымен қатар әдеби бағыттың негізін салған идеолог та болған. Оның көптеген лирикалық өлеңдері «пейзаждық» және «философиялық» сарында жазылған.
Тан әулеті тұсында пайда болған жанрлардың бірі – новелла. Ол қазіргі қытай әдебиетінде «чуньци»21 («таңғажайыпты жеткізу») деген атпен белгілі. Ғалымдар бұл термин Тан әулетінің соңғы кезеңінде (ІХ ғ. ІІ жартысы) өмір сүрген Пэй Синнің «Таңғажайыптар туралы әңгіме» («Чуньци») атты жинақтың атауынан шықты деп пайымдайды. Дегенмен бұл терминнің қай уақыттан бастап қолданысқа енгенін нақты анықтау қиын.
Бізге дейін Тан әулеті тұсындағы 79 әңгіме жеткен. Көптеген новеллистер бір-екі новелланың авторы ретінде ғана белгілі болған. Олардың саны біраз болғанымен (24), бізге жеткен новеллалар саны өте аз (мысалы, Тан әулетінің ерте кезеңіне тән Ну Судың 10 шиыршық қағаздан тұратын «Естігендер жайлы жазба» атты жинағынан бізге дейін тек екі новелла жеткен). 977 жылы құрастырылған Сун әулеті тұсындағы «Тайпин жылдарындағы ауқымды жазулар» атты әдеби жинаққа көптеген әңгімелер енгізілген.
Тан әулеті тұсындағы новелла - аса шеберлікпен айтылған таңғажайып оқиғалар. Ол анекдот, күнделік, өмірбаян сияқты ертедегі жанрларды өңдеу арқылы туындады. Новеллисттер тек қана өз шығармаларының атауларын ғана емес, сонымен қатар стилистикалық үлгілірін де ежелгі дәуірден мұра етті. Мысалы, кебір новеллалар стилистикасы жағынан тарихи хроникаларға жақын келеді.
Тан әулеті тұсындағы новелланың ерекше сипаты автордың тарихи нақтылыққа деген ұмтылысында жатыр. Автор оқырманды өзі айтқан әңгіменің шындығына сендіру үшін автор оқиғадағы кейіпкерлердің туысы немесе досы не болмаса онымен жеке таныс болғанын білдіру керек болған. Тіпті, кей жағдайда автордың өзі оқиғаның бас кейіпкеріне айналады (Лу Гун-цзоның «Өзен, таулар жөніндегі көне кітап» («Гу Юэ ду цзин») пен «Се Сяо-эның басынан кешкендері» атты шығармалары, Ван Дудың «Көне айна» және белгісіз автордан қалған «Өткен уақытқа саяхат» атты шығармаларында).
Бұл жанрдың ең гүлденген кезі YІІІ ғ. соңы болып есептелінеді. Сол ғасырда өмір сүрген жазушыларға Чэн Хун, Хао Юй, Ли Гун Цзо жатады. Чэн Хунның Сюань-цзунның билігі мен ару қыз Ян-гуйфэйдің қасіретті тағдырына арналған «Мәңгілік қайғы» мен «Шығыс астананы мекендеген қарттың әңгімесі» атты екі туындысы белгілі. Ал сол дәуірдегі атақты новеллисттердің бірі Ли Гун Цзоның «Нанькэ билеушісі» мен «Се Сяо-энің басынан кешкендері» және бұдан басқа екі новелласы бізге дейін жеткен. Осы кезде жазылған новеллалар жоғары әдеби сипаттары мен адамға баса назар аударуы арқылы ерекшеленеді.
Тан әулеті тұсындағы новеллистердің шығармаларында махаббат әлем билеушісі ретінде суреттеліп, байлар да («Ин-ин жайлы»), Чанъанидағы жастар да («Ару қыз Ли»), саудагерлер («Чжэн Дэ-линь») мен кәсіпқой әншілер де оның құрбанына айналады. Махаббат тақырыбындағы новеллалардың арасында құдайдың адамға деген («Кітапшы Цуй»), адамдардың адам бейнесіне енген жануарларға деген махаббаты («Сунь Кэ») суреттелетін әңгімелер де бар.
Бір қызығы, Тан әулеті тұсындағы новеллалардан бірде-бір жағымсыз кейіпкерді кездестіре алмаймыз. Себебі жазушылар оқырмандарына тек жақсы үлгі-өнеге көрсетуге тырысты. Тіпті, кейіпкерлердің кемшіліктерін баяндай отырып, оларды айыптамайды. Кейбір кейіпкерлерде қулық, қатыгездік, сараңдық пен әділетсіздік сияқты жағымсыз қасиеттер болса да, бірде-бір бас кейіпкерде мұндай жағымсыз қасеттер кездеспейді.
Достарыңызбен бөлісу: |