Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар
Орта ғасырлар әдебиеті қалыптасуының тарихи-мәдени факторлары.
Орта ғасыр дәуірінің жаңа мәдени аймақтары.
Орта ғасыр әдебиетінің қалыптасуында діннің алатын орны.
Орта ғасыр дәуіріндегі әдеби байланыстар.
Орта ғасыр әдебиетінің түрлері мен жанрлары.
Ерте орта ғасырдағы клерикалды әдебиеттің жалпы сипаты. Оның негізгі жанрлары.
Сарай әдебиетінің жалпы сипаты.
Орта ғАСЫРЛАРдағы үнді әдебиеті
Ежелгі дәуірдің соңғы кезеңдеріндегі ескі әдеби-тарихи аймақтардың жойылып, жаңа аймақтардың пайда болу кезінде үнді әдебиеті (нақтырақ айтсақ, қазіргі таңда тәуелсіз Үндістан, Пакистан, Непал мен Бангладеш орналасқан Үндістан субконтинентінде өмір сүрген халықтар әдебиеті) жеке әдеби аймақ ретінде бөліне бастады. Сол уақытта үнді әдебиетінің өзінде сараланған тенденциялар етек алады. Солтүстік Үндістанда басым рөлге ие болған санскриттік әдебиетпен қатар, оңтүстік аймақтарда біздің заманымыздың алғашқы кезеңдерінде-ақ тамиль әдебиетінің әсері күшейе түсіп, І мыңж. II жартысынан бастап алғашында дравид, кейін үндіария тілінде көптеген жаңа үнді әдебиеттер пайда бола бастайды. Сондықтан да орта ғасыр дәуіріне қатысты көптеген ұқсастықтарымен қоса, айтарлықтай айырмашылықтары да бар үнді әдебиеттері туралы айтып кетуіміз қажет. Бұл әдебиеттер әр кез бірқалыпты дами қоймағанымен, бір-бірімен тығыз байланысқа түсе отырып, тарихи болмысы жағынан ұқсастыққа ие болған.
Қарастырылып отырған кезеңдегі үнді әдебиетінің айтарлықтай ерекшелігі ретінде «Орта ғасырлар әдебиеті» мен «Ортағасырлық әдебиет» ұғымдары оған сәйкес келмейтінін атап өтуге болады. Орта ғасырлар немесе феодалдық құрылыстың қалыптасу кезеңі көптеген мамандардың пікірінше, Үндістанда б.з. І мыңж. сәйкес келеді. Сонымен қатар осы аталған мыңжылдықта айтарлықтай дамып, оның орта тұсында дамудың жоғарғы шегіне жеткен санскриттік әдебиет құрылымы мен сипаты жағынан ежелгі әдебиетке жатады. Тек І мыңж. соңына қарай жаңа үнді әдебиетінің дүниеге келуімен байланысты Үндістанның әдеби санасында нақты ортағасырлық әдебиет пайда бола бастайды.
Санскриттік әдебиет өзінің өмір сүруі барысында, ежелгі дәуірде де, орта ғасырларда да нақты көрсетілген ішкі тұтастығы мен этникалық ұстанымдар мен дәстүрлер мұрасы арқылы ерекшеленеді. Сондықтан да, оны тұтас типологиялық құбылыс ретінде қарастырумыз қажет.
Ежелгі үнді әдебиеті дамуының алғашқы кезеңі, негізінен, төрт ірі әдеби кешендердің қалыптасуымен байланысты болады. Олар: ведалық, буддалық, джайндік діни канондар мен санскриттік эпос. Біздің дәуіріміздің алғашқы ғасырларында басқа да ежелгі әдебиеттердің аналогиясы бойынша классикалық деп атауға болатын оның жаңа кезеңі басталады. Бұрын көптеген ежелгі үнді тіл білімінің ескерткіштері ауызша түрде болса (немесе ауызша түрде пайда болса), ендігі жерде көркем шығармашылық жазбаша түрде берілетін болған. Егер де ведалық, эпостық, буддисттер мен джайндердің діни канондары болмысы бойынша анонимді болып, әдеби шығарма жеке тұлға еңбегіне қарағанда, ұжымдық тұрмыстың көрінісі болса, енді үнді әдебиеттерінің жалпы дамуы шынайы және мәдени дәстүрде беделді болған авторлардың атымен байланысты болады. Мысалы, Ашвагхош, Калидас, Дандин, Бхартрихар, Бхавабхути және т.б. Егер ежелгі үнді әдебиеті негізінен синкретикалық болса, б.з. І мыңж. әдебиетінде эстетикалық, жекеленген көркем мәселелер алдыңғы қатарға шығады.
Әдеби сипаттағы осындай принциптік өзгерістер Үндістанның саяси және рухани өміріндегі өзгерістермен байланысты болып, олардан бастау алып отырған. Ескі және жаңа дәуірлердің тоғысындағы жатжерлік шапқыншылармен күрес, бір жағынан, Үндістанның шектелген мәдени шеңберден шығуына ықпал етсе, екінші жағынан, феодалдық даму жолында тұрған үнді қоғамының ішкі консолидациясына бастау болады. Консолидация санскриттік іскерлік, рухани және әдеби тілдің пайдалану аясының кеңейуіне, жалпыланған әлеуметтік және құқықтық нормалардың қалыптасуына, Үндістан аумағынан буддизмді ығыстыра отырып, басты дін ретінде, индуизмнің тұрақтануына, ірі мемлекеттердің құрылуына да ықпалын тигізеді. Осы кезде үнділік классикалық философияның негізгі доктриналары қалыптасып, жаратылыстану, математика, астрономия және медицина ғылымдары ірі жетістіктерге жетеді; бізге дейін сақталған Аджанта мен Санчи, Матхура мен Эллора ескерткіштері бойынша, сәулет өнері, мүсін жасау мен сурет салу сияқты бейнелеу өнерінің түрлері шарықтау шыңына жетеді.
Үнді дәстүрі бірталай еңбектерді Калидас20 шығармашылығына жатқызғанымен (30 шақты), олардың 6 ғана нақты Калидастың шығармашылығына тиесілі: «Мегхадута» атты лирикалық поэма (Жаршы-бұлт), «Кумарасамбхава» (Кумараның [соғыс құдайы] дүниеге келуі) және «Рагхуванша» (Рагху ұрпақтары) атты эпикалық поэмалар мен үш драма: «Малявикагнимитра» («Малявика мен Агнимитра»), «Абхиджняна-Шакунтала» («Танымал Шакунтала») және «Викраморваши» («Урваши батылдығының арқасында»). Калидастың «Мегхадута» атты поэмасы 100-140 шумақтан құралады. Онда Калидас белгілі бір себептермен оңтүстікке жер аударған якша (Кубера байлығының жоғарғы билеушілері қатарындағы жартылай құдай) жайлы баяндайды, оның сөздері бойынша, якша көшіп бара жатқан бұлттардан әйеліне өз махаббатының хабарын жіберіп, оны жұбатпақшы болады. Әңгіменің негізгі бөлігінде якшаның сапар шегуі жайлы айтылып, сол сапары бойынша бұлттар оның Отанына жетулері тиіс болады. Осы тәсілмен Калидас ауылдар мен қалаларға, Үндістанның халқына, өзендер мен көлдерге жалпы ақындық сипаттама беріп, табиғаттың әрбір көрінісінде өз кейіпкерінің үміті мен сезімін бейнелі түрде көрсетеді. Якша жұбайынан алыс болғандықтан, қатты қиналады, сондықтан бұлттардың жолында кездесетін өзендер, сұлу әйелдер бейнесінде елестейді, ал бұлттың өзі ұзақ айырылысудан кейін қуаныш сыйлаған жалындаған жұбайы болып көрінеді.
Калидастың келесі екі эпикалық поэмасы, яғни, «Рагхуванша» және «Кумарасамбхва», санскриттік поэтикада «махакавья» деп аталған классикалық жанрдың үлгілері болып табылады. Махакавья немесе «ірі көлемді поэма» ақындық трактаттардың талаптары бойынша, жеке шумақтардан құралуға тиіс еді. Олар өзара композициялық түрде байланысып, сюжетті классикалық эпос немесе пураннан алынған. Оның кейіпкері - адамгершілігі мол батыр жолындағы барлық қиындықтардан сүрінбей өтуге міндетті болады. Оның мазмұны әсем қалалар мен теңіздер, жыл мезгілдері, күннің шығуы мен батуы, тойлар, ғашықтар кездесуі сияқты құбылыстарды сипаттау арқылы берілген.
Калидас әдеби немесе «жасанды» деп аталатын санскрит әдебиетінің эпос, лирикалық поэма, драма сияқты барлық жанрларында классикалық шығарма туындыларын жарыққа әкелген.
Достарыңызбен бөлісу: |