Эразм Роттердамскийдің зор еңбегінің арқасында нидерландық гуманизм әлемдік абыройға ие болады. Эразм латын тілінде жазылған жаңалатындық прозаның асқан шебері болған. Ол Еуропаның түрлі елдерінде (Франция, Англия, Швейцария, Германия) өмір сүріп, оқыған. Жазушы жалпы еуропалық гуманистік қозғалыстың көшбасшыларының бірі саналады. Эразмның рухани қалыптасуына қасиетті мәтіндерді ғылыми негізде оқып, зерттеуге шақырған оксфордтық гуманистер мен реформатролардың (Джон Колет, Томас Мор, Джон Фишер және т.б.) бір тобымен жақын таныстықтары көп әсер етеді. Англияда Эразм алғаш рет неоплатондықтардың гуманистік идеясын сезініп, грек тілін үйренеді. Эразмның «Жаңа тақуашылық», яғни схолистикалық әдістерден алшақтаған, Інжілдің жаңа, филологиялық ізденістері Гротенің мәдениетін жалғастырады. Эразм өзінің дінге деген философиялық көзқарастарымен шіркеудің негізгі догмаларын жоя отырып, орта ғасырдағы авторитарлық рухқа қарсы шығып, діндегі еркіндіктен ой еркіндігіне көтеріледі. Эразм құлшылыққа ғылыми тұрғыдан сипаттама беріп, гуманистік бастама енгізеді.
1516 ж. Роттердамскийдің «Христиан патшасы» еңбегі жарық көреді. Эразм бұл еңбекте өзінің саяси-әлеуметтік ойларын ашық айтып, патшадан қара басын ойлайтын, халықтың қорқынышын тудыратын қатыгез патша ретінде емес, тек халықтың мүддесін ойлап, оған қызмет ететін қара қылды қақ жарған әділ патша ретінде елді басқаруды талап етеді.
Оның «Әлемнің арызы» атты еңбегі сол дәуірде басылуға рұқсат етілмегенімен, бұл туынды еуропалық мәдениеттің ең құнды дерек көзіне жатады. Онда сол кездегі қоғамға айтарлықтай әсер еткен жазушының терең ойлары келтірілген. Осындай ойшылдың бастамасымен Ян Амос Коменский, Уилям Пенн, Шарль Ирине де Сен-Пьер, Жан-Жак Руссо, Иеремия Бентам, Иммануил Кант сияқты еуропалық ұлы ойшылдар әлемдегі соғысты жойып, халықтар арасында бейбітшілік орнату мәселелерін жиі көтереді.
ХYІ-ХYІІІ ғ. Эразмның «Христиандық соғысқа басшылық» (1504) атты діни-этикалық трактаты оқырмандар арасында жоғары бағаланады. Бұл шығарма діни наным-сенімдерге, жалпы католиктік шіркеудің күшіне қарсы бағытталып, онда шіркеудің беделі мен оның қасиетті кітабындағы мәтіндер өткір сынға ұшырайды. Эразм ең бастысы «рухани сенім» деп, өзінің ең жемісті еңбегі ретінде грек тілінде жазылған «Жаңа әлем» (1516) туындысы мен оның жаңа латынша аудармасын көрсеткен. Эразм онда «Қасиетті жазба» кітабын тарихи сынның ғылыми әдістерін пайдалана отырып, Інжілді рациональды сыннан өткізуге негіз салған.
«Ақымақтықты мақтау» - Эразмның ең танымал туындысы (1509). Мұнда автор дидактикалық шекаралардан ұялмай қоғамды түрлі жағынан қарастырады, ондағы өмірдің нағыз мәні мен бақыт, білім, дін сияқты ұғымдарға үлкен көңіл бөледі. Бұл шығарма ұлы әдеби туынды, сонымен қатар философиялық трактат, психологиялық айна және діни диатриба да болған. Классикалық схеманың компоненттері мен схоластикалық тәсілдер, түрлі әңгімелер, монолог пен поэзиядан тұратын бұл шығарама құрылымы жағынан ораторлық өнердің қатал үлгісіне жатады. Эразм иронияны сыпайылық пен күлкінің, ақылдылық пен ақымақтықтың және т.б. бірлігін ашудағы құрал ретінде қарастырады. Эразм күлкі әдебиетіндегі нидерландық, неміс, орта және ерте гуманистік мәдениетті байытып, одан әрі дамытуға барынша ат салысады.
Философиялық тұрғыда жазылған Эразмның шығармаларында адамның қалыптасуы, оның қоғамдағы орны мен жеке ерекшеліктері туралы көп толғанып, оған түрлі атаулар қолданып, оның барлық қасиеттеріне баға берген. Жазушының педагогикалық идеяларын біреулері құптаса, басқалары оның әлеуметтік сатирасын және этикасын жоғары бағалады.
Достарыңызбен бөлісу: |