Франсуа Вийон. Ортағасырлық француз әдебиетінің қорытындылаушысы және оның болашақтағы жетістіктерінің бастаушысы Франсуа Вийонның шығармашылығы болады. Вийон (1431-1463) поэзиясы көптеген зерттеушілердің назарына іліккенімен, ол туралы жалпы мәліметтер өте аз.
Вийонның шығармашылығында Ренессанстың жақындағанын білдіретін жарқын белгі болған. Ақын керемет күші мен өзіндік лирикалық «мені» арқылы өзі өмір сүрген дәуірін шынайы суреттей алған. Вийон поэзиясы ұлттық нақышта, дәстүрлі болып көрінуі мүмкін, себебі ол синонимдер мен рифмаларды қолдана отырып, баллада, рондо, өлеңдер, каламбурлар жазған, жалпы оның шығармашылығы сыртқы құрылысы жағынан ортағасырлық поэтиканың шегінен асып кете алмайды. Ол бірде кенеттен ортағасырлық лирикаға тән иронияға ауысып, бірде керісінше, «рух пен дене» арасындағы сұрақтар мен жер бетіндегі түрлі қиыншылықтарға да тоқталып отырады.
Вийонның негізгі туындысы - «Өсиет», ол кейінірек, ақынның көзі тірі кезінде «Ұлы өсиет» аталып кетеді (1461). Ол 186 сегіз жолдық шумақ, 16 баллада мен 3 рондодан құралған. Мұнда ақынның шығармашылығы мен өмірлік мақсаты ерекше сипат алған. Ақын өз сүйгенінің қиянатын да, аштық пен қуғын-сүргінді де, түрмені де басынан кешіреді. Алайда сол кезде ақынның шоқты жанарынан күшті, бір тудың астына біріккен Францияны көруге болады. Қаңғыбас ақын патшалық биліктен тек қана дұшпанын емес, сонымен қатар тірегін де көреді.
Вийон өз шығармашылығында ресми феодалдық-діни идеологияны көрсету үшін адамдық жеке тұлғаны ең бірінші орынға қойған. Осы арқылы ол Қайта өрлеу дәуіріне қадам жасап, жарқын жолдарға бағыт сілтеген жаңашыл ақын болған.
Достарыңызбен бөлісу: |