Құрсақ қуысының паренхиматозды мүшелері мен құрсақ арты алаңының тума жарақаттары.Бауыр, көкбауыр, бүйрек үсті безінің жарақаттары бала өміріне қауіп тудыратын зақымдарға жатады. Аталған жарақаттарды – босану кезіндегі қиыншылықтар (ірі нәресте, уақытына жетпей туу, босану әлсіздігі, акушерлік көмек, нәрестелердің анатомо-физиологиялық ерекшеліктері) туындатады.
Көкбауыр мен бауырдың зақымдалуы. Бұл жарақаттардың әсерінен нәрестеде стресс, анемия, мидың қан айналысының бұзылуы туындайды. Пальпацияда ауырсыну, іш бұлшық еттерінің қатаюы, ішек өтімсіздігінің көрінісі байқалады. Аталған ағзалардың капсуласы жыртылып, қан құрсақ қуысына жиналған жағдайда, шок туындайды. Тері қабаты бозарып, сарғылттанып, ішінің көлемі ұлғаяды, іш бетінің тіндері ісінеді. Ұлдарда құрсақтың қынаптық өсіндісінен қан ағып, ұма көгеруі, ісінуі байқалады. Перистальтика естілмейді, іш пердесінің тітіркенуі – Щеткин-Блюмберг белгісі анықталады.
Диагнозы клиникалық көрінісі, ультрадыбыстық тексеру, рентгенологиялық деректер негізінде қойылады. Рентгенограммада құрсақ қуысының төменгі бөлімдерінің қараюы көрінеді. Гемоглобиннің, гематокрит, эритроциттер саны, ОЦК азаяды. Қан ағзалар капсуласының астына жиналған жағдайда, УЗИ зақымдалған мүшенің көлемінің ұлғаюын, құрсақ қуысында қанның бар-жоқтығын көрсетеді. Ауыр жағдайдағы диагноз қою үшін лапароцентез, немесе лапароскопия жасалады.
Емі. Гематома капсула астында болған жағдайда қан ағуын тоқтатуға арналған консервативтік ем жүргізіледі: плазма, қажет болса қан құйылып, кальций, викасол препараттарын беріледі. Капсула асты гематомалар 3-4 аптадан кейін өздігінен қайтады. Оны ультрадыбыстық тексеру көмегімен анықтауға болады.
Капсула жыртылып бауыр паренхимасынан аққан қан құрсақ қуысына жииналған жағдайда операция жасалады. Бауыр паренхимасынан аққан қанды тоқтату үшін Кузнецов-Пенский тігісі, шарбымен тампонада, гемостатикалық губка қолданады. Көкбауыр жарылғанда көбінесе спленэктомия жасалады.
Операциядан кейін гемотрансфузия, гемостатикалық ем жалғастырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |