С. Т. Иксатова қылмыстық ҚҰҚЫҚ ерекше бөлім


Құжаттарды, мөртаңбаларды, мөрлерді ұрлау немесе бүлдіру (324-бап)



бет24/29
Дата31.12.2019
өлшемі1,81 Mb.
#55020
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29

Құжаттарды, мөртаңбаларды, мөрлерді ұрлау немесе бүлдіру (324-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі-ресми құжаттардың айналым тәртібіне қол сұғу. Қылмыстың заты азаматтық төлқұжат, жеке басының куәлігі немесе жеке басының басқа маңызды құжаттары (әскери билет, білімі жөніндегі куәлік, зейнетақы куәлігі, қызметтік куәлік т.с.с. ресми құжаттар, мөртаңбалар, мөрлер. Қылмыстық Кодектің 324-бабының 1-тармағында азаматтың төлқұжатын, жеке басының куәлігін немесе жеке басының басқа маңызды құжаттарын ұрлағаны үшін жауаптылық көзделген. Қылмыс объективтік жағынан алғанда көрсетілген құжаттарды азаматтардан ұрлау арқылы жүзеге асырылады. Ұрлау деп көрсетілген құжаттарды кез келген құқыққа қайшы тәсілмен заңсыз алуды айтамыз. Қылмыс құрамы жөнінен формальдық құрамға жатады. Ол құжаттарды ұрланған уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Қылмыстық Кодекстің 324-бабының 2-тармағында пайдакүнемдік мақсатта немесе өзге де жеке бастың мүддесі үшін ресми құжаттарды, мөртаңбаларды немесе мөрлерді ұрлау, жою, бүлдіру немесе жасыру үшін жауаптылық белгіленген. Бұл жерде көрсетілген ресми құжаттарға мемлекеттік немесе мемлекеттік емес ұйымдардан, кәсіпорындардан, жеке тұлғалардан шыққан заңдылық мәні бар әр түрлі құжаттар жатады. Яғни Қылмыстық Кодекстің 324-бабының 2-тармағының затына кез келген ресми құжаттар жатады. Қылмыстың затына ресми құжаттармен қатар мөртаңба, мөр де жатады. Мөртаңба-мекеме, ұйым, кәсіпорынның, жеке тұлғалардың атауларын, тұрғылықты жерлерін немесе басқа да реквизиттерін көрсететін зат. Мөртаңба тікбұрышты, төртбұрышты, үшбұрышты болуы мүмкін. Мөртаңбаларда құжаттың берілу уақыты, номері көрсетіледі. Мөр-кәсіпорын, ұйым, мекеменің атауы және басқадай реквизиттер бейнеленген зат (Мысалы, Қазақстан Республикасы мемлекеттік Елтаңбасы), мөр әдетте дөңгелек күйде дайындалады және құжатты куәландыратын адамның қолының жанына басылады. Көрсетілген қылмыс құрамы объективтік жағынан мынандай әрекеттерді жасау арқылы жүзеге асырылады:

а) ресми құжаттарды, мөртаңбаларды немесе мөрлерді ұрлау;

б) заттарды жою; в) оларды бүлдіру ; г) жасыру.

Көрсетілген заттарды ұрлау деп мемлекеттік немесе мемлекеттік емес мекеме, кәсіпорын, ұйымдардың игілігіндегі осындай заттарды кез келген құқыққа қарсы тәсілмен алу болып табылады. Осы заттарды жою деп оны жарамсыз етіп тастау немесе мүлдем жоқ қылып жіберуді айтамыз. Оның тәсілі әр түрлі болуы мүмкін: өрттеу, ұсақтап жыртып тастау, затқа ерітінді құйып жарамсыз ету ж.т.т. Көрсетілген заттарды бүлдіру деп оны ішін ара жарамсыз ету болып табылады. Мысалы жоғары оқу орнын бітіргендігі туралы диломның бір шетін жыртып немесе мөрі бар жерін былғап, жазуын оқуды қиындату. Жасыру-деп кінәлы адамның мемлекеттік емес ұйымдардағы, кәсіпорын, мекемелердегі лауазымды адамдардан олардың иелігіндегі осы айтылған ресми құжаттарды, мөртаңбаларды немесе мөрлерді оларға көрсетпеу әрекеттері саналады. Қылмыстың объективтік жағының осы көрсетілген әрекеттерінің бірі жасалған жағдайда қылмыс аяққталған деп есептеледі. Қылмыс формальдық құрамға жатады. Қылмыс субъективтік жағынан алғанда тек қана тікелей қасақаналықпен жасалады. Өйткені заңның өзінде көрсетілген заттарды ұрлау, жою, бүлдіру немесе жасыру пайдақорлықпен немесе басқа да өз басының мүддесін көздеп жасалады деп тікелей көрсетіліп отыр. Осыған байланысты кінәлы адам осы қылмысты қасақаналықпен істегенде белгілі бір мақсатты бетке ұстайды немесе соны басшылыққа алады. Мысалы айыпкер өзінің қылмысын әшкерелейтін құжатты жойып жіберу арқылы қылмысты жауаптылықтан құтылады немесе дипломды ұрлап алып, сол арқылы жоғары ақы төлейтін қызметке тұрады. Егер кінәлының қылмысты ниеті нақтыланбаған болса, онда жоғарыда көрсетілген іс-әрекеттерді істеген жағдайда ол қылмыстың жиынтығы бойынша бөтеннің мүлкін және ресми құжаттарды, мөрлерді немесе мөртаңбаларды ұрлағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылады. Есі дұрыс, жасы 16-ға толған адам осы қылмыстың субъектісі болып табылады.


Жалған құжаттарды, мөртаңбаларды, мөрлерді, мөрқағаздарды, мемлекеттік наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу (325-бап)
Көрсетілген қылмыстың қоғамға қауіптілігі қолдан куәліктер мен құжаттарды жасау, өткізу, сондай-ақ қолдан жасалған мөртаңбаларды, мөрлерді, мөрқағаздарды, мемлекеттік наградаларды дайындау арқылы мемлекеттік немесе мемлекеттік емес ұйымдардың, кәсіпорындардың немесе мекемелердің заң қорғайтын мүдделеріне елеулі нұқсан келтіріледі. Қылмыстың тікелей объектісі құжаттарды, мөртаңбаларды, мөрлерді, мөрқағаздарды, мемлекеттік наградаларды жасау, дайындау, өткізудің заңмен белгіленген тәртібі болып табылады. Қылмыстың затына-куәліктер, ресми құжаттар, мөртаңбалар, мөрқағаздар, мөрлер, мемлекеттік наградалар жатады. Құқықтар беретін немесе міндеттерден босататын куәліктерге тиісінше мемлекеттік немесе мемлекеттік емес орган беретін құжаттар (төлқұжат, әскери билет, көлік жүргізу куәлігі, қызметтік куәлік т.с.) жатады. Мөрқағазға-баспа әріптері арқылы құжат мәтініне ішінара сөздер жазылған, белгілі бір нысанға сай келетін қағаз парағы жатады. Көрсетілген қылмыстың объективтік жағы мынандай 3 түрлі балама әрекеттерден тұрады:

1.құқықтар беретін немесе міндеттемелерден босататын куәлікті немесе өзге де ресми құжатты қолдан жасау;

2.осы көрсетілген куәлікті немесе ресми құжатты өткізу;

3.қолдан жасалған мөртаңбаларды, мөрлерді, мөрқағаздарды, Қазақстан Республикасы немесе КСРО-ның мемлекеттік наградаларын дайындау немесе өткізу. Қолдан жасауға жалған куәлікті немесе өзге де ресми құжаттарды дайындаулар жатады. Ол әр түрлі әдіспен жүзеге асырылуы мүмкін: бастан аяқ шындыққа мүлдем сай келмейтін жалған куәлік немесе ресми құжатты толық қолдан жасау, куәліктерге немесе ресми құжаттарға кейбір жалған сөздерді жазу, цифрларды түзету арқылы ішін ара өзгертулер енгізу; қосып жазу, сөйлемнің мәнін өзгерту, түзету енгізу, өшіру, цифрлар түзеу арқылы куәліктің немесе өзге де ресми құжаттың шын мағынасын өзгерту т.с.с. әрекеттер. Мөртаңбаларды, мөрлерді,мөрқағаздарды немесе мемлекеттік наградаларды толық күйде жасау осы заттарды дайындау деп саналады. Құқықтар беретін немесе міндеттемелерден босататын куәлікті немесе өзге де ресми құжатты, қолдан жасалған мөртаңбаларды, мөрлерді, мөрқағаздарды, мемлекеттік наградаларды басқа адамға тегін немесе белгілі бір ақыға, айырбас арқылы, қарызын өтеу үшін немесе уақытша пайдалануға беру осы заттарды өткізу деп танылады. Қылмыс формальдық құрамға жатады және құрамның объективтік жағында көрсетілген балама әрекеттердің біреуі жүзеге асқан уақыттан бастап қылмыс аяқталған деп танылады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен жасалады. Жалған куәліктерді, ресми құжаттарды, мөртаңбаларды, мөрлерді, мөрқағаздарды, мемлекеттік наградаларды қолдан жасаған, дайындаған немесе өткізген адам өзінің іс-әрекетінің қоғамға қауіпті, заңға қайшы екенін сезеді және соны біле тұра қылмыстық ниетін жүзеге асырады. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған, кез келген адам.


Әскери қызметке шақыру тәртібіне қарсы қылмыс.

Әскери қызметтен жалтару (326-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі-әскери қызметке шақырылу тәртібі болып табылады. Объективтік жағынан алғанда қылмыс әскери қызметтен босату үшін заңды негіздер болмаған кезде осы қызметке шақырудан жалтару арқылы жүзеге асырылады. Көрсетілген қылмыс әрекет немесе әрекетсіздік күйде жүзеге асырылады. Заң бойынша әскери қызметке шақырылған адам әскери орган белгілеген уақытта, белгіленген орынға келуге міндетті. Осы тәртіпті бұзып, уақытында келмеу немесе кешігіп келу, я болмаса мүлдем келмей қою шақырудан заңсыз жалтару деп табылады. Шақырудан жалтарудың тәсілі сан түрлі: өтірік ауырып қалу, жалған құжат көрсету, өз денесін жарақаттау т.с.с..Бұлтару тәсілі қылмысты іс-әрекетті саралауға әсер етпейді, ол тек жаза тағайындағанда есепке алынуы мүмкін. Қылмыс құрамы жөнінен формальдық. Әскери қызметтен жалтару фактісі орын алған уақыттан бастап қылмыс аяқталған деп саналады. Егер әскери қызметтен босату үшін заңды негіздер болса, онда қылмыс құрамы орын алмайды. Заңды негіздерге-әскери қызметке шақырылу жасына толмау немесе осы жастан асып кету, әскери қызметке денсаулығы бойынша жарамсыз деп танылу, әскери қызметті басқа мемлекеттің қарулы күштері құрамында өтеп келу, тағы сол сияқтылар жатады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Адам әскери қызметке міндетті бола тұра заңды негізсіз әскери қызметке шақырылудан жалтарғаны сезеді және соны тілейді. Қылмыстың субъектісі арнаулы-Қазақстан Республикасы әскери қызметті өтеуге міндетті шақыру жасына толған, әскери қызметке жарамды деп танылған, одан босатылуға заңды негізі жоқ азаматтары болып табылады. Қылмыстық кодекстің 326-бабының 2-тармағында осы қылмыстың ауырлататын түрлері:

а)өзінің денсаулығына зиян келтіру арқылы;

б) ауруды сылтаурату жолымен;

в) құжаттарды бұрмалау немесе өзге де алдау арқылы жасалған әрекеттер үшін жауаптылық көзделген. Кінәлының өз пайымдауынша әскери қызметтен жалтаруға негіз боларлықтай өзіне дене жарақатын салуы денсаулығына зиян келтіру деп танылады. Ауыр сылтауратуға-кінәлының өтірік ауырып (керең, ақсақ, мылқау, есі дұрыс емес боп көрінуі арқылы) әскери қызметтен жалтару амалдарын істеу әрекеттері жатады. Құжаттарды бұрмалауға-кінәлының жалған құжаттар арқылы, әскери қызметтен жалтару әрекеттері жатады. Өзге де алдау әрекеттеріне-дәрігерлік комиссия мүшесі болып табылатын лауазымды адамды сатып алу жолымен әскерге жарамсыз деген жалған қорытынды алу, отбасылық жағдайы туралы көрінеу жалған мәлімет тапсыру, тағы сол сияқтылар жатады.


Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне

қарсы қылмыстар.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын, Мемлекеттік

елтаңбасын немесе мемлекеттің әнұранын қорлау (317-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі-Қазақстан Республикасының басқару тәртібі, Мемлекеттік рәміздерінің беделі. Қылмыстың заты-Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба, Мемлекеттік әнұран. Мемлекеттік ту- Мемлекеттік елтаңба, Мемлекеттік әнұран Қазақстан Республикасының мемлекеттігінің ресми рәміздері болып табылады.

Қылмыстың объективтік жағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын, Мемлекеттік елтаңбасын, Мемлекеттік әнұранын қорлау арқылы сипатталады. Қорлау деп-Мемлекеттік туды, Мемлекеттік елтаңбаны жария түрде жұлып тастау, өртеу, таптау, жою немесе бүлдіру, оларға әдепсіз сөздер, суреттер салып сайқымазақ ету сияқты әрекеттер жатады. Мемлекеттік әнұранды қорлауға оның мәтініндегі сөздерді бұрмалап келемеж ету. Әнұранның мазмұнын көрінеу теріс бұрмалау, оған қорлайтын әдепсіз сөздер қосып айту сияқты әрекеттер жатады. Қылмысты әрекеттер жария түрде жүзеге асырылуы қажет. Іс-әрекеттің бөтен адамдардың (біреу болса да) көзінше жүзеге асырылуы немесе ешкім жоқта Мемлекеттік туға, Мемлекеттік елтаңбаға, Мемлекеттік әнұранға сайқымазақ сөздер, суреттер салып, оның көпшілікке аян болуы жария іс-әрекеттің белгілері болып табылады. Қылмыс формальдық құрамға жатады және ол заңда көрсетілген заттарды қорлау әрекеттерін жасаған уақыттан бастап аяқталған деп табылады. Қылмыс субъективтік жағынан алғанда тікелей қасақаналықпен істеледі. Кінәлы адам мемлекеттік рәміздерді қорлайтынын сезеді және соны істеуді тілейді. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған адам.


Мемлекеттік туды заңсыз көтеру (329-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі және заты Қылмыстық кодекстің 317-бабында көрсетілген қылмыс құрамына ұқсас. Объективтік жағынан алғанда қылмыс Қазақстан Республикасы мемлекеттік туын сауда кемесінде заңсыз көтеру арқылы сипатталады. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туын көтерудің тәртібін белгілейтін арнаулы Ереже бар. Осы Ережеге сәйкес ашық теңіздерде, мұхиттарда жүзіп жүрген Қазақстан Республикасы сауда кемелері заңда белгіленген тәртіпке сай көтеруге құқылы. Заңда көрсетілмеген басқа жағдайларда немесе Қазақстан Республикасы сауда кемесі болып табылмайтындардың біздің мемлекетіміздің туын сауда кемесінде көтеруі заңға қайшы, қылмысты әрекетке жатады. Қылмыс құрамы формальдық, қылмыс Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туын сауда кемесінде заңсыз көтерген сәттен бастап аяқталған деп табылады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі-арнаулы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туын сауда кемесінде заңсыз көтеруге бұйрық берген кеме капитаны.
Басқару тәртібін қамтамасыз ететін жекелеген ережелерге

қол сұғатын қылмыстар. Өзінше билік ету (327-бап)
Өзінше билік ету, яғни заңмен белгіленген тәртіпке қарамастан, басқа тұлғаның немесе ұйымдардың таласын туғызатын, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтарына немесе заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі түрде зиян келтіретін өзінің нақты немесе болжамды құқығын өз бетінше жүзеге асыруы өзінше билік ету деп танылып, кінәлы адам Қылмыстық кодекстің 327-бабының 1-тармағы бойынша жауапқа тартылады. Қылмыстың тікелей объектісі талас туғызатын құқықты жүзеге асыру тәртібі. Қосымша тікелей объект азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары немесе заңды мүдделері болуы мүмкін. Қылмыстың заты талас туғызатын нәрселер болады. Елеулі түрде зиян шеккен азаматтар немесе заңды тұлғалар жәбірленушілер болып табылады. Объективтік жағынан қылмыс адамның талас туғызатын нақты немесе жорамал құқығын заңда белгіленген тәртіптен тысқары өз бетімен жүзеге асырып, жәбірленушіге елеулі түрде зиян келтіру арқылы жасалады. Өзінің нақты немесе болжамды талас туғызатын құқығын белгіленген тәртіппен тыс өз бетімен жүзеге асыру деп, өзіне тиесілі құқықты заңда белгіленген тәртіппен емес, өз бетінше жүзеге асыруы болып табылады. Мысалы өзіне бөлінген тұрғын үйге талас болғанына қарамастан ордерсіз кіру, өзіне сот билігімен бөлінген мүлікті сот орындаушысынсыз жеке өзі жүзеге асыруы; бөтеннің иелігіндегі өз мүлкін қарызын өтемей жатып алуы. Зардап-қылмыс құрамының міндетті белгісі болып табылады. Елеулі зиян бағалау категориясына жатады. Сот, тергеу органдары нақты жағдайларға байланысты келтірілген зиянның елеулі зиянға жататынын немесе жатпайтынын анықтайды, өз бетінше билік ету мен одан келтірілген зардаптың арасындағы себепті байланыс анықталуы қажет. Қылмыс құрамы құрамы материалдық, ал заңда көрсетілген зардап орын алған сәттен аяқталған деп танылады. Субъективтік жағынан алғанда қылмыс тікелей немесе жанама қасақаналықпен жүзеге асырылады. Адам өзінің нақты немесе болжамды құқығын талас туғанына қарамастан белгіленген тәртіптен тыс өз бетінше жүзеге асыра отырып жәбірленушінің заңды құқығы мен мүдделеріне елеулі зиян келтіретінін сезеді, соны тілейді және соған саналы түрде жол береді. Қылмыстың субъектісі 16-ға толған адам.
Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын өкімет өкілінің немесе лауазымды адамның атағын өз бетінше иелену (328-бап)
Бұл қылмыстың келтіретін зияны- жауапты мемлекеттік лауазым атқаратын өкімет өкілінің немесе лауазымды адамның атағын өз бетінше иеленген адам қылмыстық іс-әрекет жасау арқылы мемлекеттің өкімет немесе басқару органының беделін түсіреді, жұрт алдында мұндай органдардың дұрыс қызметіне орасан зор нұқсан келтіреді. Мысалы өзін облыстық жол инспекциясының бастығы ретінде көрсетіп, жүргізушіден пара алған жалған жауапты өкімет өкілі сөз жоқ, осы органның қызметін түкке тұрғысыз, аяқ асты етумен бірге көпшілік арасында бұл органның беделін түсіреді. Қылмыстың объектісі басқару тәртібін қамтамасыз ететін жауапты өкімет өкілі мен лауазымды адамның бірқалыпты қызметі, ал қосымша тікелей объектісі басқару органының беделі болып табылады. Объективтік жағынан қылмыс әрекет күйінде жауапты лауазым атқаратын өкімет өкілінің немесе лауазымды адамның атағын өз бетінше иелену арқылы жүзеге асырылады. Өз бетімен иелену деп заңсыз, негізсіз көрсетілген адамдардың атағын, оған құқығы жоқ адамдардың иелік етуін айтамыз. Бұл жерде жауапты лауазымды өкімет өкілінің немесе лауазымды адамның атағын өз бетімен иелену фактісі орын алса, қылмыс аяқталған деп танылады (мысалы осындай жалған атақпен тексеру жүргізу, аталған адамдардың функциясын жүзеге асыру, лицензиясыз әрекет жасауға жол беру т.с.с.). Жоғарыда көрсетілген атақтарды иелену арқылы кінәлы адам заң тыйым салған басқа да қылмысты әрекеттер жасаса (мысалы заңсыз тінту жасаса, пара алса, тұрғын үйден шығарып жіберсе т.б.), онда оның әрекеті қылмыстардың жиынтығы бойынша сараланады. Өйткені бұл көрсетілген баптың диспозиясы басқадай істелген қылмыстарды қамти алмайды. Жауапты мемлекеттік қызмет атқаратын адамдардың түсінігі Қылмыстық Кодекстің 307-бабының ескертуінде берілген. Қылмыс құрамы формальдық, заңда көрсетілген іс-әрекет орын алған уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен, жауапты мемлекеттік лауазым атқаратын өкімет өкілінің немесе лауазымды адамның атағын өз бетінше иелену мақсатымен істеледі. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған адам.
Қызыл Жарты ай және Қызыл Крест эмблемалары мен белгілерін заңсыз пайдалану (332-бап)
Басқару тәртібіне қарсы қылмыстардың ерекше бір түрі-Қызыл Жарты ай және Қызыл Крест эмблемалары мен айырым белгілерін, сол сияқты Қызыл Жарты ай мен Қызыл Крест атауын заңсыз пайдалану болып табылады (332-бап). Қызыл Жарты ай мен Қызыл Крест ұйымдарына зор міндеттер жүктелген. Осы ұйымның жарғысына сәйкес Қызыл Жарты ай мен Қызыл Крест ұйымдары бейбіт уақытта халықты санитарлық қауіпсіздікті нығайтуға, стихиялық апаттардан зардап шеккендерге материалдық жәрдем көрсетуге, медициналық-санитарлық көмек беруге жұмылдыруға бағытталған. Халықаралық Женева Конвенциясына (1864, 1929, 1949 жылдардағы) сәйкес бұл ұйымдар, олардың қызметкерлері ерекше артықшылықтар мен жеңілдіктерді, ерекше қорғануды пайдаланады. Осыған байланысты Қызыл Жарты ай мен Қызыл Крест қоғамды өздеріне ғана тән болып табылатын эмблемалар мен айырым белгілерін пайдалауға құқылы. Мұндай эмблемалар мен айырым белгілері осы ұйымдарға, олардың қызметкерлеріне ерекше қамқорлық, қол сұғылмаушылық құқығын береді. Осы артықшылықтар мен жеңілдіктерді пайдалану мақсатымен кінәлы адам Қызыл Жарты ай мен Қызыл Крест қоғамы өздеріне ғана тән болып табылатын эмблемалар мен айырым белгілерін пайдалануға құқылы. Мұндай эмблемалар мен айырым белгілері осы ұйымдарға, олардың қызметкерлеріне ерекше қамқорлық, қол сұғылмаушылық құқығын береді. Осы артықшылықтар мен жеңілдіктерді пайдалану мақсатымен кінәлы адам Қызыл Жарты ай және Қызыл Крест эмблемалары мен айырым белгілерін заңсыз пайдаланып, осыған қоғамның қызметіне залал келтіреді. Объективтік жағынан қылмыс әрекет арқылы-заңсыз эмблемаларды және айырым белгілерін (Қызыл Жарты ай мен Қызыл Крест) пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстық ниет әр түрлі (кәсіпкерлік қызметпен, жеке пайдасын ойлау т.с.с.) болуы мүмкін. Қылмыс субъектісі 16-ға толған адам.
Байланыс желілерін күзету ережелерін бұзу (333-бап)
Қылмыстың бұл түрі қалалық байланыс желілерін бұзу нәтижесінде ақпарат алу немесе ақпарат беру мүмкіндіктерін жойып белгілі бір қауіп туғызады. Қылмыстың тікелей объектісі-байланыс желілерін күзету тәртібін белгілейтін қоғамдық қатынастар. Қылмыстың заты-қалааралық байланыс кабелі. Қылмыс объективтік жағынан алғанда қалааралық байланыстың кабель жүйелерінің күзету ережелерін бұзу нәтижесінде кабель жүйелеріне зақым келіп, байланыстың үзілуіне әкеліп соғатын әрекеттер арқылы сипатталады. Қылмыстың зардабы-байланыстың үзілуі түрінде көрсетілген, байланыстың үзілуі едәуір уақытқа созылуы қажет және оны қалпына келтіру үшін жөндеу жұмысы жүргізілуі қажет. Қылмыс субъективтік жағынан қасақаналықпен немесе абайсыздықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған адам.
Жиналыстарды, митингілерді, пикеттерді, көше шерулерін және демонстрацияларды ұйымдастыру мен өткізу тәртібін бұзу (334-бап)
Қазақстан Республикасы Конституциясының 32-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға қақылы. Бұл құқықты пайдалану мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделері үшін заңмен шектелуі мүмкін. Осыған орай осы көрсетілген құқықтарды пайдалану үшін алдын ала өкімет органдарымен келісіп алып, оны ұйымдастыру мен өткізу тәртібін қатаң сақтау қажет. Егер жиналыс, митинг, пикет, көше шеруін немесе демонстрация ұйымдастырушы жиналыстарды, митингтерді, пикеттерді, көше шерулерін және демонстрацияларды ұйымдастыру мен өткізу тәртібін бұзса, егер бұл әрекет көлік жұмысының бұзылуына алып келсе, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі түрде зиян келтірсе онда кінәлы адам қылмыстық жауапқа тартылады. Қылмыстың тікелей объектісі-жиналыстарды, митингілерді, пикеттерді, көше шерулерін, демонстрацияларды ұйымдастыру мен өткізудің белгіленген тәртібі. Объективтік жағынан талданып отырған қылмыс құрамы әрекет немесе әрекетсіздік арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Мысалы: жиналысты, митингіні, пикетті, көше шеруін немесе демонстрацияны ұйымдастырушы ол туралы өкімет органына хабарламайды немесе оны өткізуге бөлінген жерде, уақытта өткізбейді немесе оларды өткізуге берілген рұқсатты басқа мақсатқа пайдалану сияқты іс-әрекеттер. Егер тиісті рұқсат етілген жиналыс, митинг, пикет, демонстрация Қазақстан Республикасы Конституциялық құрылысын күшпен құлауға немесе өзгертуге не оның аумақтық тұтастығын бұзуға шақыруға пайдаланылса онда іс-әрекет қылмыстардың жиынтығы бойынша (334 және 170-баптар) сараланады. Жиналыс, митинг, пикет, көше шеруі немесе демонстрация ұйымдастыру мен өткізу тәртібін бұзу көлік жұмысының бұзылуына алып келсе, азаматтар мен заңды ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі түрде зиян келтірсе кінәлы адам қылмыстық жауаптылыққа тартылады. Қылмыс құрамы материалдық, заңда көрсетілген зардап орын алса, ол аяқталған деп танылады. Іс-әрекет пен зардаптың арасындағы себепті байланысты анықтау қажет. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі, яғни кінәлы адам заңда белгіленген тәртіпті бұзғанын сезеді және соны жүзеге асыруды тілейді. Қылмыстың субъектісі-жиналысты, митингіні, пикетті, көше шеруін немесе демонстрацияны ұйымдастырушы (арнаулы субъект).
Төтенше жағдайлар кезінде тыйым салынған ереуілге басшылық жасау, кәсіпорынның, ұйымның жұмысына кедергі келтіру (335-бап)
Аталған қылмыстың қоғамға қауіптілігі сол төтенше жағдай туралы заңға сәйкес тыйым салынған ереуілді басқарып, ұйымдардың жұмысының дұрыс жүруіне кедергі келтіріледі. Қылмыстың объектісі болып белгіленген төтенше жағдай туралы заңды бұзу және ұйымдардың басқару қызметіне кедергі жасау болып табылады. Объективтік жағынан қылмыс әрекет күйінде жасалады. Яғни төтенше заң тыйым салған ереуілді басқару арқылы мекеме, кәсіпорын, ұйым жұмысына кедергі келтіріледі. Тыйым салынған ереуілді басқару төтенше жағдай кезінде жүзеге асырылса, қылмыс аяқталған қылмыс деп саналады. Қылмыс құрамы формальдық құрамға жататындықтан қылмыстың зардабының болу, болмауы қылмыстық жауаптылыққа әсер етпейді. Орын алған зардап болса, ол тек жаза мөлшерін белгілегенде есепке алынады. Қылмыс субъективтік жағынан тек тікелей қасақаналықпен жүзеге асырылады. Төтенше жағдай кезінде ереуіл өткізуге болмайтынын біле тұра кінәлы адам сол әрекетті саналы түрде істеп, өз ойын жүзеге асырады. Қылмыстың субъектісі ереуілді басқарушылар ғана болады.
Қоғамдық бірлестік мүшелерінің мемлекеттік органдардың қызметіне заңсыз араласуы (336-бап)
Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарының бірлесу бостандығына құқығы бар. Қоғамдық бірлестік мүшелерінің мемлекеттік органдардың заңды қызметіне кедергі жасауы немесе мемлекеттік органдардың немесе олардың лауазымды адамдарының функцияларын иемденуі, сол сияқты мемлекеттік органдарда саяси партиялар ұйымдарын құру егер бұл әрекеттер азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін не қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін елеулі түрде бұзуға әкеп соқса-іс-әрекет қылмыс деп танылып, кінәлы Қылмыстық Кодекстің 336-бабы бойынша жауапқа тартылады. Қылмыстың тікелей объектісі қоғамдық бірлестік қызметін реттейтін қоғамдық қатынастар. Объективтік жағынан қылмыс әрекет арқылы-қоғамдық бірлестік мүшелерінің мемлекеттік органдардың заңды қызметіне әртүрлі кедергілер жасау, мемплекеттік органдарға тиесілі қызметті өздеріне жатқызу, мемлекеттік органның лауазымды адамының атқаратын функциясын иеленіп әр түрлі әрекеттер жасау жолымен жүзеге асырылады. Осы заңсыз әрекеттерден азаматтардың құқықтары, заңды мүдделері елеулі түрде бұзылуы қажет. Тек осындай зардап орын алғанда ғана кінәлының әрекетінде қылмыс құрамы орын алады. Елеулі түрде бұзудың бар немесе жоғын сот органдары нақты жағдайларға байланысты анықтайды. Заңда көрсетілген, елеулі түрде зардапқа әкеп соққан әрекеттер осы қылмыстың аяқталғанын білдіреді. Қылмыс субъективтік жағынан қасақаналықпен (тікелей немесе жанама) жүзеге асырылады. Қылмыстың субъектісі 16-ға толған, қоғамдық бірлестік мүшелері.
Каталог: fulltext -> transactions
transactions -> Казахстан республикасының Ғылым және білім министрлігі
transactions -> Азамат Тілеуберді
transactions -> Қырықбай Аллаберген тарих және баспасөЗ Қазақ мерзімді баспасөзінде тарихтың «ақтаңдақ» мәселелерінің жазылуыбаспасөзінде тарихтың
transactions -> Екінші кітап
transactions -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку
transactions -> МӘШҺҮр тағылымы жинақ 2 Том
transactions -> Е. Жұматаева жоғары мектепте оқытудың біртұтас дидактикалық ЖҮйесінің теориясы монография Павлодар 2012 Кереку


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет