Калий тыңайтқыштарының топырақпен әрекеттесуі. Калий тыңайтқыштары суда жақсы ериді. Топыраққа енгізілгенде олардың құрамындағы калий ионы топырақтың коллоидты бөлшектерімен физика-химиялық (алмаса) жолмен және алмаспайтын түрде сіңіріледі. Калий ионының алмаспай күйге ауысуы калий тыңайтқыштарын енгізілгеннен кейін шамамен бір тәулікте аяқталады.
Калий катионы топырақта алмасып сіңірілгенде, топырақтың сіңіру кешеніндегі басқа катиондарды (сутек, алюминий, кальций, магний, марганец т.б.) эквивалентті мөлшерде топырақ ерітіндісіне ығыстырады. Мұның өзі топырақ ерітіндісінің орта реакциясына, өсімдіктердің қоректенуіне әр түрлі жағдайлар туғызады. Сіңіру сыйымдылығы және буферлігі жоғары әлсіз қышқылды және бейтарап топырақтарда бұл процестің әсері шамалы. Ал ТСК құрамында сутек пен алюминий көп болатын қышқылды және күшті қышқылды (әсіресе механикалық құрамы жеңіл) топырақтарда, калий тыңайтқыштарын енгізгенде топырақ ерітіндісі күшті қышқылданады. Сондықтан осындай топырақтарда калий тыңайтқыштарының тиімділігі төмендейді.
Сонымен бірге калий тыңайтқыштары физиологиялық қышқылды болғандықтан да топырақ ерітіндісі қышқылданады. Осыған байланысты оларды бейтарап және сілтілі реакциялы топырақтарға енгізген тиімді. Қышқылды шымды-күлгін топырақтарда калий тыңайтқыштарының тиімділігі төмендейді. Сондықтан олардың тиімділігін арттыру үшін, қышқылды топырақтарды әктеу қажет. Бірақ калий тыңайтқыштарының қышқылдылығы аммонийлі азот тыңайтқыштарымен салыстырғанда төмен.
Алмаспай сіңірілген (бекітілген) калийдің жылжымалығы алмасып сіңірілген калийге қарағанда өте әлсіз болады. Оның өсімдіктерге сіңімділігі өте нашар.
Топырақтың минералогиялық құрамы мен тыңайтқыштардың мөлшеріне байланысты калийдің 14-82% алмаспайтын күйге ауысады. Егер топырақта монтмориллонит, гидрослюда типтес минералдар көп болса, алмаспайтын калий мөлшері көбейеді.
Ірі кристалды немесе түйіршікті калий тыңайтқыштарын енгізгенде, калий катиондарының топырақта алмаспайтын күйге ауысуы төмен болады (шамамен 20-30%-ға). Сонымен бірге тыңайтқышты жоғары мөлшерде енгізу, алмаспайтын калий шамасының жоғарлауына ықпал етеді. Ал барлық калий тыңайтқыштарының катиондарының алмаспайтын күйге ауысуы бірдей. Қара шіріндісі жоғары топыраққа енгізілген калий тыңайтқыштарының алмаспайтын түрге көшуі баяу жүреді.
Солтүстік Қазақстан топырақтарында калий мөлшері жоғары болғандықтан, калий тыңайтқыштарының тиімділігі төмен. Калий тыңайтқыштарына қажеттілігі, механикалық құрамы жеңіл топырақтарда және калий сүйгіш көкөніс, отамалы дақылдар үшін бола алады.
5-тақырып. КОМПЛЕКСТІ (КЕШЕНДІ) ТЫҢАЙТҚЫШТАР
1. Күрделі, құрастырылған, аралас тыңайтқыштар туралы түсінік. Олардың экономиялық және агротехникалық маңызы.
2. ҚР және шетелде күрделі, құрастырылған мен аралас тыңайтқыштарды пайдалану.
3. Күрделі мен құрастырылған тыңайтқыштардың құрамы және қасиеттері.
4. Комплексті (кешенді) тыңайтқыштардың тиімділігі.
5. Ең жаңа күрделі тыңайтқыштар, оларды қолдану ерекшеліктері.
6. Сұйық комплексті тыңайтқыштар, оларды пайдалану тәсілдері мен технологиясы.
7. ҚР мен Солтүстік Қазақстанда комплексті тыңайтқыштарды қолдану перспективалары.
Достарыңызбен бөлісу: |