77-бап. Салық төлеушiлердің мемлекеттік дерекқорындағы тiркеу деректерін өзгерту және толықтыру
1. Салық органдары салық төлеуші ретінде тіркеу кезінде ұсынылған, мыналардың:
1) жеке тұлғаның тіркеу деректеріне – Жеке сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінің мәліметтері негізінде;
2) резидент-заңды тұлғаның және оның құрылымдық бөлімшесінің, бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің тіркеу деректеріне – Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінің мәліметтері немесе тиімді басқару орны (нақты басқару органының орналасқан жері) Қазақстан Республикасында болатын шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлға ретінде тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтініштің негізінде;
3) Қазақстан Республикасында қызметін филиал, өкілдік ашпай, тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғаның тіркеу деректеріне – тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтініш негізінде;
4) осы Кодекстің 650-бабы 1-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген, Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану құқығына ие тұлғаның орналасқан жері өзгерген кезде, осы Кодекстің 650-бабының 8-тармағына сәйкес салық агенті болып табылатын бейрезиденттің тіркеу деректеріне – осындай бейрезидентті салық төлеуші ретінде тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтініштің немесе Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану саласындағы құзыреті шегінде мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың осы Кодекстің 650-бабы 1-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген акцияларды, қатысу үлестерін бейрезиденттің сатып алуы туралы мәліметтері негізінде;
5) резидент-заңды тұлғаның орналасқан жері өзгерген кезде 75-баптың 2-тармағының 5) тармақшасында аталған бейрезиденттің тіркеу деректеріне – Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінің осындай резидент туралы мәліметтері негізінде;
6) Қазақстан Республикасында аккредиттелген, шет мемлекеттің дипломатиялық және оған теңестiрiлген өкiлдiгінің, шет мемлекеттің консулдық мекемесінің тіркеу деректеріне – тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтініш негізінде;
7) қызметін осы Кодекстің 220-бабының 3-тармағына сәйкес бейрезиденттiң тұрақты мекемесi ретінде қаралатын тәуелді агент арқылы жүзеге асыратын бейрезиденттің тіркеу деректеріне – тәуелді агенттің салық органына ұсынған салықтық өтініші негізінде;
8) резидент-банкте ағымдағы шоты бар бейрезидент-жеке және заңды тұлғаның тіркеу деректеріне – банк хабарламасы негізінде өзгерістер мен толықтырулар енгізуді жүзеге асырады.
2. Заңды тұлғаның, оның құрылымдық бөлімшесінің бюджетпен есеп айырысулар бойынша жауапты қызметкері, телефон нөмірі, электрондық поштасының мекенжайы туралы мәліметтерді өзгерту тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтініш негізінде жүзеге асырылады.
3. Салық төлеушілердің банктік шоттары туралы мәліметтерді өзгерту банктердің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың осы Кодекстің 24-бабында белгіленген тәртіппен және мерзімде ұсынылған мәліметтері негізінде жүзеге асырылады.
4. Салық төлеушінің тіркеу деректерін өзгерту үшін салықтық өтініш салық төлеушінің (салық агентінің) орналасқан жеріндегі салық органына өзгерістер туындаған кезден бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей ұсынылады.
5. Салық органдары салық төлеушінің тіркеу деректеріне өзгерістер енгізуді сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерінің, уәкілетті мемлекеттік органдардың, банктердің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың мәліметтерін, тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтінішті алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
Достарыңызбен бөлісу: |