78-бап. Салық төлеушіні салық төлеушілердің мемлекеттік дерекқорынан алып тастау
1. Салық органдары салық төлеушіні салық төлеушілердің мемлекеттік дерекқорынан сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерінің, уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтері негізінде немесе салықтық өтініш бойынша мынадай себептермен:
1) жеке тұлғаның қайтыс болуы немесе қайтыс болды деп жариялануы;
2) орындалмаған салықтық міндеттемелер не Қазақстан Республикасының аумағында салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер болмаған жағдайда, жеке тұлғаның Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кетуі және азаматтығын тоқтатуы;
3) осы Кодекстің 76-бабының 10-тармағында аталған шетелдіктің, азаматтығы жоқ адамның салық салу объектiлерiне құқықтарының тоқтатылуы;
4) заңды тұлғалардың, олардың құрылымдық бөлімшелерінің Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiнен алып тасталуы немесе заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелерінің есептік тіркеуден шығарылуы;
5) шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында тиімді басқару орнының (нақты басқару органының орналасқан жерінің) өзгеруі;
6) бейрезиденттің тұрақты мекеме арқылы қызметін тоқтатуы;
7) шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасында қызметін тоқтатуы;
8) егер осы Кодекстің 75-бабы 2-тармағының 4), 5) және 6) тармақшаларында аталған бейрезиденттің Қазақстан Республикасында өзге салық салу объектісі болмаған жағдайда, мұндай бейрезиденттің мүлікке, акцияларға және (немесе) қатысу үлестеріне құқықтарының тоқтатылуы;
9) Қазақстан Республикасында аккредиттелген, шет мемлекеттің дипломатиялық және оған теңестiрiлген өкiлдiгі, шет мемлекеттің консулдық мекемесі қызметінің тоқтатылуы;
10) осы Кодекстің 220-бабының 3-тармағына сәйкес бейрезиденттiң тұрақты мекемесi ретінде қаралатын Қазақстан Республикасындағы тәуелді агент арқылы осы бейрезидент қызметінің тоқтатылуы;
11) банк хабарламасын алған күннен бастап алты ай ішінде осы Кодекстің 75-бабы 2-тармағының 11) тармақшасында аталған бейрезиденттің резидент-банктерде ағымдағы шоттары болмаған, сондай-ақ ағымдағы шоттарды ашуы туралы мәліметтері болмаған жағдайда, резидент-банкте осындай бейрезиденттің ағымдағы шотының жабылуы бойынша алып тастайды.
2. Салық органы салық төлеушілердің мемлекеттік дерекқорынан осы Кодекстің 75-бабы 2-тармағының 3) – 11) тармақшаларында аталған тұлғаларды алып тастау мақсатында әділет және ішкі істер органдарына:
1) Қазақстан Республикасында қызметін филиал, өкілдік ашпай, тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидентті – тіркеу есебінен шығару туралы салықтық өтініш негізінде;
2) осы Кодекстің 75-бабы 2-тармағының 4) тармақшасында аталған бейрезидентті – Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану саласындағы құзыреті шегінде мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың осы Кодекстің 650-бабы 1-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген бағалы қағаздарды немесе қатысу үлестерін өткізу туралы мәліметтері негізінде;
3) шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды – тіркеу есебінен шығару туралы салықтық өтініш негізінде;
4) Қазақстан Республикасында аккредиттелген, шет мемлекеттің дипломатиялық және оған теңестiрiлген өкiлдiгін, шет мемлекеттің консулдық мекемесін – сыртқы саяси қызметті жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органның Қазақстан Республикасында аккредиттелген, шет мемлекеттің дипломатиялық және оған теңестірілген өкілдігінің, шет мемлекеттің консулдық мекемесінің қызметін тоқтатуы туралы мәліметтері негізінде;
5) осы Кодекстің 75-бабы 2-тармағының 8) тармақшасында аталған бейрезидентті – тәуелді агенттің тіркеу есебінен шығару туралы салықтық өтініші негізінде;
6) резидент-банкте ағымдағы шоты бар бейрезидентті – бейрезиденттің ағымдағы шотының жабылуы туралы банк хабарламасы негізінде тіркеу есебінен шығару туралы электрондық хабарлама жібереді.
3. Салық органдары осы баптың 2-тармағында аталған бейрезиденттер туралы мәліметтер көрсетілген электрондық хабарламаны әділет органдарына уәкілетті мемлекеттік органдардан мәліметтерді, банк хабарламасын, тіркеу есебінен шығару туралы салықтық өтінішті алған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде ұсынады.
4. Салық органы салық төлеушіні салық төлеушілердің мемлекеттік дерекқорынан алып тастауды салық төлеушінің орындалмаған салықтық міндеттемелері болмаған жағдайда сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері мәліметтерінің негізінде жүргізеді.
2-параграф. Дара кәсіпкерді және жеке практикамен айналысатын адамды тіркеу есебі
Достарыңызбен бөлісу: |