Шахмардан есенов



бет14/21
Дата04.11.2016
өлшемі5,66 Mb.
#306
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   21

Сегізінші бөлім

МИНИСТІРЛІККЕ ҚАЙТА ОРАЛУ

«Қайтқан мал да қайыр бар!» Бұл нақыл осы жағдайға дәл келе ме, келмей ме білмейміз, әйтеуір, Есенов өзі жақсы көретін геологиясына оралғаны бір жағынан дұрыс та шығар деп ойлады. Ал, бұл қызметтің де қайыры бола ма, болмай ма оны әзірге өзі де білмейді. Себебі күмәнді. Соңғы жылдары Орталық Комитет пен Ғылым академиясы арасындағы, анығын айтқанда өзіне қолдау көрсетіп, ақ жол тілеп, президент болуына бірден-бір жағдай жасаған Бірінші хатшы Қонаевтың көз-қарасы мүлдем өзгерген-ді. Неге өзгерді? Кімдер өзгертті? Бұл сауалдарға біз емес, сол уақыттың адамдары, яғни, Қоневты танитын, қызметтес болған, олар да Қазақстан республикасы басшылығының бір жағында жүрген азаматтар айтатын болады.Алда әңгімеленеді.



Шахмардан министірлікке келе Қазақстан бойынша жүргізіліп жатқан геологиялық және геофизикалық іздестіру-барлау жұмыстарының барысымен танысты, кен орындарын тағы да бір рет аралап шықты, проблемалармен көзбе-көз танысты. Ол кезде Геология министрлігі тікелей Мәскеу министрлігіне қарайтын, сол да оған оңтайлы болып тұр. Шешуін күтіп тұрған көп мәселені Мәскеу арқылы шеше берді, біраз істің басын қайрып алды. Есновтың бұл іс тәсілі оларға—Қазақстанның Орталық Комитетіне ұнамады. Бір рет ескерту де жасады, ақыр соңында көреалмаушылық пен қызғаншақтықтың ауруы асқынып, Мәскеуге іссапарға шығуға тиым салды. Бірақ, ол қол қусырып қарап отырмады, министрліктің көп шаруасын хат пен телефон арқылы шеше берді. Мәскеудегі абырой-беделін қазақстандық басшылар біржолата жоя алған жоқ. Мына хат соны да байқатады.


Қазақ ССР-ы Геология министрі

Ш.Е. Есеновке
Аса құрметті Шахмардан Есенұлы!
«-- Ақтөбе облысының оңтүстігіндегі тұзасты мұнайын тезірек барлау жолдары туралы өзіңізге жолдауымды Сіздің министрліктің істеріне араласу деп санамассыз.

Батыс Қазақстандағы менің көп жылдық жұмыстарымның барысында мен бұл аса бай аумақтың гео логиялық проблемаларына қызығушылығымды ешқашан үзген емеспін, ал соңғы бес жыл ішінде Сіздің және басқа да ғалымдардың алдына тұзасты мұнайын барлық жұмыстарын үдету мәселесін бірнеше мәрте қойып келемін.

Ақтөбе облысының оңтүстігінде өнеркәсіптік мұнай алу мүмкіндігінің теориялық негіздемесін сонау 1960ж. Ақтөбеде өткен кеңесте дәлелдеген едім және сол кеңестің материалдары 1962ж. таратылған болатын, бірақ ол кезде менің ұсыныстарымды жүзеге асыру үшін техникалық құрал-жабдықтар жеткіліксіз еді.

Енді ұңғыманы 5-5,5 км. дейін бұрғылау КСРО-ның әртүрлі аймақтарында, соның ішінде Батыс Қазақстанда да ойдағыдай игерілді, сондықтан тұзасты мұнайының барлық мәселесі бүгінгі күннің көкейкесті мәселесіне айналып отыр.

Өзіңізге белгілі, Ақтөбе облысының солтүстігіндегі кеңгір кезеңіне дейінгі төменгі пермь және жоғарғы карбон мұнай шөгінділері (...) күрделі өте тығыз орналасқан, құбырмен тарту мүмкіндігі төмен, сондықтан байқағанымыздан бойы терең бұрғылардың практикалық мәні жоқ. Ал, Ақтөбе облысының оңтүстігіндегі жағдай басқаша, ондағы қалыптасу мерзімі сондай-ақ шөгінділер қабаты біртұтас платформалық негізде жатыр, тығыз емес, құбырмен тарту мүмкіндігі мол, кеңгірдің тас тұзы тәріздес қабаттасқан.

Кеңгір кезеңіне дейінгі шөгінділерде өнеркәсіптік мұнайдың бар екендігі Кеңқияқ және Қаратөбе құрылымдарын бұрғылау кезінде дәлелденген болатын, сондай-ақ, геофизикалық мәліметтер негізінде ондағы тұзасты шөгінділері платформалық типтегі ірі құрылым ретінде мұнайдың едәуір қорын құруы мүмкін.

Орталық мұнай ғылыми зерттеу ұйымдарының бағалауы бойынша Ақтөбе облысының тұзасты кендеріндегі 5км. дейінгі тереңдіктегі мұнайдың қоры 960млн. тоннадан кем болмаса керек.

Өкінішке орай, Ақтөбе облысының оңтүстігі мұнайлы тұзасты қабаттарын зерттеу жұмыстарының қарқыны өте төмен болып отыр. Біздіңше мұның түп-төркінінде мұнай іздеу және мұнай барлау істерінде қалыптасқан ұйымдық құрылымдар жұмысының тиімсіздігі жатыр.

Сіздің өзіңіз маған бірнеше рет айтқандай, ең соңғысы 1974 жылдың желтоқсанының басында Мәскеуде, Ақтөбеде Қазақстан геология министрлігіне бағынышты қуатты мұнай барлау ұйымын құру қажет және оның жұмысы тұзасты мұнай проблемасын шешуге бағытталуы тиіс. Мұндай ұйым құрылмай Ақтөбе облысындағы бүкіл мұнай барлау жұмыстары Гурьев қаласында орналасқан «Қазмұнайгазбарлау» басқармасына бағынышты жағдайда қала беретін болса, онда мәселенің практикалық шешімін күту мерзімі осы уақытқа дейінгідей тасбақаша жылжумен өтері анық.

СОКП Орталық Комитетінің өндірістік бөлімінен маған белгілі болғандай, сәуір айының басында Сіз Батыс Қазақстандағы мұнай барлау жұмыстары жағдайымен таныса келе Ақтөбе облысының оңтүстігіндегі тұзасты шөгінділерінен мұнай іздеу іс-әрекеттерін күшейту үшін қажетті ұйымдастыру шараларын қолға алу туралы өз пікіріңізді тағы да ұсындыңыз. Бұл мәлімдеме мені қатты қуантып еді.

Дегенмен, баяғыда пісіп-жетілген өзіңіздің шешіміңіз осы уақытқа дейін неге жүзеге аспай келеді?

Кезінде Сіз Оңтүстік Маңғыстаудың кен орындары барлау мен пайдаланудың бастамашысы және ұйымдастырушысы болған едіңіз. Өзіңізге тән күш-жігермен сондай бастаманы тағы да көтерер болсаңыз бұл мәселе де өз шешімін табар еді. Мұның өзі Қазақстан халық шаруашылығының өсуі және бүкіл Одақтық дамуы үшін тиімді нәтижелер беретіндігіне кәміл сенемін.

КСРО аумағында перспективалы ірі мұнай және газ кен орындары бар аймақтар санаулы ғана қалды. Олар жоғарғы ...... дейінгі тұзасты шөгінділері бар Шығыс Сібір және Каспий ойпатының оңтүстік-шығысындағы төменгі пермь және карбон тұзасты шөгінділері. Бұл тек қана менің пікірім емес, мұнай мен газ саласындағы біздің ірі маман, академик А.А. Трофимцктің де пікірі.

Осы айтылған біздің пікіріміз Сіздің жеке пікіріңізбен сондай-ақ КСРО геология және жер қойнауын сақтау министрлігі төралқасының 1974ж. 12-желтоқсандағы шешімімен сәйкес келетіндіктен бұл мәселені түсініксіз әлдебір қиыншылықтарды еңсеріп тұзасты мұнайы проблемасын шешуге Сіздің күш-қайратыңыздың жетерлігіне сенемін.
Өзіңізге деген құрметпен, КСРО Ғ.А. геология,

геофизика және геохимия бөлімі академик

хатшысының орынбасары, академик А.Я. Яншин

Қос академиктің, дос ғалымның тілеуі болғандай дәл осы тұста, 1974-1975 жылдар төңірегінде Батыс Қазақстанда Қарашығанақ, Жаңажол, Теңізден мұнай мен газдың алып кен орны табылды.



Бұған дейін бұл аймаққа геология министрлігі де, республика басшылығы да аса көңіл бөлмей келгенді Қаражамбас, Қаламқас, Солтүстік Бозащы деген мұнай мен газы мол ауданның ашылуына, барлаудың тиянақты жүруіне тікелей өзі басшылық жасады. Сөйтіп, Маңғыстау кен орындарынан кем түспейтін Бозащы мұнайлы ауданын өмірге келтірді.

Дәуірхан Айдаров,

Философия ғылымының кандидаты

Асыл аға еді
Өткен өмір, кешегі күн – бүгінгі тарих. Тарих – халықтыі, елдің, әр адамның өткен өмірінің айнасы. Сондықтан оны халықтың зердесі дейміз. Әлімсақтан бастап дүние дәуір өткен жол, жасалған тарих және адамдар мен ұрпақтар өміріне тұрады. Өмір сабақтастығы, даму дилектикасы осында жатыр. Бұл тарихқа таптық тұрғысынан емес, шындық ақиқат тұрғысынан қарауды талап етеді.

Қазақтар адам өмірі қамшының сабындай қысқа деген нақыл сөз бар. Рас, ұрпақ өмірі тарих үшін ұзақ емес, келте. Бірақ ол өткен ұрпақпен келесі ұрпақ арасындағы көпір іспеттес, ата-баба өз аманатын келесі ұрпаққа тапсырады. Ал жеке адамдар, әулет,әр ұрпақ қалай өмір кешті, нені мұрат-мақсат тұтты, не бітірді, қандай аманат, өнеге, із қалдырды. Әңгіме осында. Сондықтан тарихты, жеке адм өмірін зерттеу, тану, білу керек. Тарихи білім әркімге де ауадай қажет. Сайып келгенде, бұлақ өзенге, өзен теңізге құятыны секілді бұл ұлттық сананы оятады.

Уақыт жылжып, ай артынан ай, жыл артынан жыл өтіп жатыр. Саналы өмірде, жарық діниеде адам баласы алысып-жұлысып өмір сүретіні белгілі, біреу артық, біреу кем үлес қосады әркім өзінше артында із қалдырады, өзінше аты қалады. Ал бізбарды бағалай, асылды ардақтай білуге тиіспіз. Дұрысы – өнеге, бұрысы – сабақ болады. Жақсы үлгі, жақсы дәстүр тозбайды, уақытты жатсынбайды.

Заманымыздың ұрпаққа ұласар, халықтың есінде ұзақ сақталар есімдерінің бірі аяулы тұлға, абзал азамат Шахмардан Жорабекұлы Есенов еді. Мен осы шағын естелігімде асыл ағаның сыр түлегі екендігі, бұл пәниден өз мәніндегі адам және азамат болып өткендігі, өнегелі өмір кешкендігін әңгіме етпекпін. Сонымен бірге жақсы ағаның өткен өмірін әділ таразылауға, қолда бардың қадірі жоқ дегендей, көзі тірісінде, ортамызда жүргенде айтылмаған, еленбеген қырлары мен сырларын аша түсуге көмектесермін деп ойлаймын.

Әйгілі Төле би «Не қымбат» деген толғауында өмірдегі қымбат құбылыстарды айта келіп:

...Туып-өскен елің қымбат,

Кіндік кескен жерің қымбат, -

Деген ғой.

Иә, туған жер, атамекен – алтын бесігің. Өйткені, ел анасы – туған жер, ер анасы – туған ел боп есептеледі. Туған жердіңтопырағы да ыстық деген ұғым бар. Бұл – ұлы да қасиетті ұғым.

1995 жылы Қазақстан Республикасында тарихи сана қалыптасуының тұжырымдамасы жарияланды. Тұжырымдамалардың бірінде «Қазақстандық патриотизімді тәрбиелеу ісі өзінің туып өскен жерінің тарихын білуге негізделуі тиіс» делінген, біздіңше, дұрыс қорытынды. Тегін білу, туған жеріңнің тарихын қастерлеу, ата-мекенге деген ыстық ықылас – парасаттылықтың шарты.

Сырдария Орта Азиядағы ірі өзен, ертеде Сейхун деп аталған белгілі. Дарияның Арал теңізіне құяр төменгі жағы Сыр бойы делінеді. Жетпісінші жылдарға дейін Сыр өзені кемері толып, лайлы суы асып - тасып жататын, дария бойымен кеме жүзетін. екі жағы қалың тоғай - түрлі тау, нар қамыс, қоға, жыңғыл, шеңгел, жиде өсетін, қырғауыл мен қоян, түлкі мен үкі, қасқыр мен қарсақ сияқты аң-құсы өз алдына еді. дариядан жайылған талай көлдерінен үйрек ұшып, қаз қонатын, балықтың неше түріне бай болатын. Шахаң осы табиғи тоғай арасында Қызылорда облысы Шиелі ауданы, "Тартоғай" аталатын кеңшардың «Төлек» елді мекенінде дүниеге келген. Шыққан тегінің де өркенді екендігі туралы айтылып та жазылып жүр. Тегіне, ұшқан ұясына қарай туымы мен тәрбиесі болады ғой.

Сыр бойы тұнған шежіре. Өлкенің бұрын-соңғы тіршілігі, ескерткіштер, айтулы аруақтар тарихтан хабар береді. Сырдария өзені алқабында Сығанақ, Отырар, Сауран, Түркістан, Жанкент, Өзгент, Құмқала, Бестам және басқа қалалар дамыған. Әйгілі Жетіасар, Қорасан ата, Оқшы ата, Бегі ана, Сараман секілді көптеген архитектуралық тарихи және мәдени ескерткіштер – сол дәуірдегі материалдық мәдениеттің белгілері.

Мәңгілік өмір іздеп дүниенің төрт бұрышын кезген елімді қобыз сарынымен қайтару идеясын ұстанған, түркі тектес халықтардың түгеліне ортақ атақты қобызшы, сазгер, әрі жырау Қорқыт бабамыз да осы Сырдың аяғын жайлаған тайпалардың арасында дүниеге келген. Асан Қайғы атанған дана, ойшыл, ақылгөй қарт, халқымыздың киелі перзентінің бейіті де Сыр бойында Шиелі ауданының «Бәйгеқұм» кеңшарында. Мұсылман шығысына белгілі болған Смархан шаһарының әмірі Жалаңтөс баһадүр де Сыр топырағының түлегі. Сыр бойында хас батырлар, халқының қорғаны болған Жанқожа мен Бұқарбай да дүниеге келіп, өмір сүрген.

Сыр сүлейлері атанған Базар жырау, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, қырғи тілді Асқар Тоқмағамбетұлы, азамат ақын Әбділда Тәжібайұлы, әйгілі Нартай Бекежанұлы, екі мәрте Еңбек Ері Ыбырай Жақайұлы дарынды жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісұлы, халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанұлы, әртістер анасы Сәбира апай мен бұлбұл әуенді Роза Бағланқызы – осы аймақтың перзенттері. Тарихымыздың ірі тұлғалары, жаным арымның садағасы деген, елінің тәуелсіз болуын көксеген, ақыл ойын ұрпақтар бақыты үшін бағыштаған қайраткерлер Шахаңның жерлес ұстаздары Мұстафа Шоқайұлы мен Ғани Мұратбайұлын аса мақтаныш сезімімен атаймыз.

Сыр бойы топырағынан түлеп ұшқан Шахаң Алатау, Ұлытау самғады, оқыды, тиянақты білімалды, ержетіп, еңбек үстінде танылды. Ақыл-ойдың алыбы ұлы Абай айтқандай, әкенің баласы болмай, адамның баласы болуға талпынды, өмір белестерінің талай сатыларынан, соншама сындарынан абыроймен өтті, азамат болып қалу оның жоғарғы ұстанған мақсаты болды, жеке бастың қамы емес, ел мүддесі үшін, ұлтының мүддесі үшін қызмет етуді өзіне борыш санады.

Шахаң өткен еңбек жолы баршаға мәлім. Бірақ талантының нағыз танылған тұсы Ғылым академиясына жеті жылпрезидент болған кезеңі болуы керек. Олай дейтінім, ұлы ғұлама, дүниеге аты әгілі, тұңғыш президент Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтан кеін ғылым ордасын басқару, оның үстіне жақсы пікірмен халық аузына іліну, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты атану жеңіл жүк емес. Қазақстандық, қазақ халқын дүние жүзінде таныстыру, қазақ ғылымын жетілдіру жолында жер шарында Шахаң баспаған құрлық, араламаған ел аз шығар. Ол кісінің қажырлы қимылы, асқан абыройы, ақылды қадамдары арқасында қаншама атақты ғалымдар Қазақстан ғылымын дымытуға қол ұшын бергені ақиқат.

Шахаң барынша кең ауқымды, кең тынысты мемлекет қайраткері, халқының кесек мінезді перзенті еді. Ол туұан жерінің табиғатын, таусылмас байлығын терең зерттей білді. Ақ Жайықтан Алтайға дейінгі алқапты алып жатқан өңірдің қойнауы толған қазына екендігін, шығысы – алтын, батысы – мұнай, өңтүстік – қорғасын, терістік – алтын дән, орталығы –көмір мен мыс, қыры мен даласы –жер қайысқан мал, бау мен бақша екендігін терең түсініп, осыншама дәулет пен ырысты, байтақ жер, ата қоныс мүмкіншілігін халық қажетіне жарата білуге күш салды.

Белгілі ғалым, қарымды қоғам қайраткерін Сыр өңірінің бгіні мен болашағы ойландырмай қойған жоқ. Ол кезде бұл аймақта индустрия нашар дамыған еді, өнеркәсіп өнімдерінің көлемі республикада өндірілетін өнімдердің бір процентіне де жетпейтұғын. Облыстың келешегі жоқ деген де өсек тараған кез. Облыстағы негізгі сала – егіншілік, оның ішінде күріш, мал шаруашылығына баса көңіл бөлінетін.

Шахаңның президент шағы болатын. Жетпісінші жылдары облысқа өзі басқарған бір топ ғалымдар келді, облысыты аралады, ғылым күндері өткізілді, ғылыми конференция ұйымдастырылды. Облыстың жер асты қазба байлықтарының мол қоры бар екендігі айтылды, жаңа кен орындарын ашуды батыл қолға алу қажеттілігі дәлелденді. Көп ұзамай барлаушылар келді, талай жерді шұқылап көрді, табиғатта қуыс орын болмайды деген болжам шындыққа айналды, келешек кен орындарының көзі ашыла бастады. Арал төңірегінде кен қорын молайту мақсатында геологиялық барлау жұмыстары қыза түсті.

Көп уақыт өткен жоқ, Сыр бойы ежелден өнеркәсібі қанат жаймаған, табиғат байлығының беті ашылмаған, зерттеусіз, игерусіз жатқан өңірден индустриясы дамыған өлкеге айналуға қадам басты. Сыр бойында кейін қорғасын-мырышты өндірумен айналысатын, үлкен болашағы бар «Шалқия» кеніші ашылды. Геологтардың пайымдауы бойынша кен қоры әлі де үқ жыл бойы өндіруге жетеді екен. Кейінгі кезге дейін құпия ұсталып келген ұран өндіретін Шиелі кеніші дүниеге келді. Қазір дүние жүзінің назарын отырған «Құмкөл» мұнай кеніші алған рет 1991 жылы өнім бере бастады, қазір мұнда мұнай көлемін жылына 5-6 миллион тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Өте жоғары сапалы кварц құмы кен орнының негізінде Аралда ірі шыны зауыты салынбақшы. Бұған қоса Сыр бойында алтын мен күміс те бар екендігі белгілі болды. Осы аталған кен орындары облыс қазынасына аз табыс әкелмейтіні түсінікті. Сөйтіп Сыр бойының келешегі келісті өңір екендігі сол кезде-ақ байқалған-ды. Міне, асыл да, атпал азамат Шахаңның бастамасы осылайша жалғасын тапты.

Арал тағдырына байланысты да еске аларлық сәттер жеткілікті. Бір кезде әрі бай, әрі таза өлке б.гінде қауіпті аймаққа айналды, экологиялық қасіреттің құрсауынан жер азып, ел тозып барады. Арал теңізі апатқа ұшырап, күн сайын кеуіп, Сырдарияның лас суы алуан ауруларды таратып, қаншама адамның өмірін қиюда. Осындай қасіретке ұшыраудың мүмкіндігін ғалымдар алдын ала болжап, Арал проблемасына байланысты арнаулы конференция ұйымдастырып, Шахаң сол кезде-ақ үн көтерді, тиісті орындарға ғылыми тұрғыдан мәлімдеме жасапты, талай жиындарда сөйлепті, бірақ, тиісінше мән беріп, құлақ асушылар болмапты. Осы жайлы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің 1993 жылғы кезекті сессиясында ашына сөйлегенін теледидардан көріп, көзім жетті. Қайран ердің еш кеткен ерен еңбегі-ай десеңші!

Жеріміз бір, суымыз бір болса да Шахаңмен бірге оқып, не бірге жұмыс істегенім жоқ, жиі кездестім деп те айта алмаймын. Бірақ ол кісіні танып білетіндей дидарлас болдым. Әрбір кездесу, сұхбат, ретімен араласуды бір ғанибет, мереке, мектеп санайтынмын. Ол кісі де маған ықылас, құрметпен қарап, терезесі тең адамдай қарым-қатынас жасайтын.

Шахаңды ең алғаш көруім, әрі кездесуім былай болды. 1973 жыл еді. Ол кісі Ғылым академиясының президенті. Мен Қызылордадан Алматыға қызмет ауыстырғаныма аса көп уақыт болмаған. Ұлтымыздың дәстүрі бойынша сәлемдесу ойымда болды да телефон шалдым. Академиядағы кабинетіне келдім. Аса жылы шыраймен қарсы алды. Көрмесе де менен хабардар екенін, астанаға ауысқанымды білетінін білдірді, ақ ниетпен сәт сапар айтты. Жасы үлкен, әрі ел ағасы деп ілтипат көрсеткеніме көңілі толғандығын байқатты, бұрыннан таныс, талай кездескен қимас жолдасымдай пікір алысты. Көп уақыттан алмасам да ел-жұрт, қарбалас тіршілік, әсіресе, рухани жағынан есеюдің қамы, ғылым-білімнің жаңа салаларын жөнінде әңгіме қозғалды.

Қазақ зиялылары ұстаздарының бірі болған, ірі ғалым Шахмардан Жорабекұлымен түрлі жағдайда, қоғамдық орындарда, отбасында кездесіп, араласып жүріп, ол кісінің жаратылысынан бөлек жан, кесек тұлға екендігіне көзім жетті. Қанша лауазымды қызмет істесе де асып-тасымады. Қазақ біртуар нар деп осындай жандарды айтса керек.

Арамызда қалыптасқан мұндай түсіністік пен жарасымды көнілді Камиля жеңгей күшейте, ұштай түсетін. Біз Камекең екеуміз қырқыншы жылдары Қызылорда педагогикалық институтында қатар студент болдық. Ол кісі жоғарғы курстың студенті еді. Жас болсақ та ол кісінің киім киюі, жүріс-тұрысы, бүкіл болмысы қашықтан көз тартатын. Сұңғақ бойы, бидай өңі, төгілген бұрымды қара шашы мен жылы жүзіне ибалы да әдепті мінезі қосылып, нағыз әйел баласына тән көрік беріп тұратын.

Бұдан кейін Камиля жеңгейді ұл-қыздың анасы, бәйбіше кезін де кездестім, Шахаңмен біріне-бірі тең жарасымды жандар көрінді. Талай кездесулерде екеуі қатар отырғанда өздерін ұстау, айналаға ашық пейілдерімен сыпайы күлкілері кісіні еріксіз баурап алып, жақындата беретін.

Көрнекті мемлекет, әрі қоғам қайраткері Шахмардан Жорабекұлының сан қырлы қызметін сөз еткенде адамгершілігі мен азаматтығы басым тұрады ғой деп ойлаймын. Бұл қоғам алдында, халық алдында сіңірген еңбектерінен байқалады. Әрине, әр адам өззаманының перзенті, соның сөзін сөйлеп, сойылын соғады. Сондықтан Шахаңның тарихи тұлға ретіндегі бүкіл еңбегін осы тұрғыдан қарап, оның өз кезіндегі сіңірген еңбегі мен төккен терін әділ бағалаған абзал.

Осы сәтте тағы бір сыр ойға оралады. 1973 жыл. Шахаң Ғылым академиясының президенті. Мен Орталық Комитетте қызмет етемін. Бір күні Орталық Комитеттің Шс басқармасы бастығының орынбасары Қазкен Садуақасов қонаққа шақырды, отырыста Шахаң болады деді. Оның мамандығы геолог, екеуі қатар оқып, сол салада көп жыл қызметтес болған, жақсы жолдастар екен. Мен болсам, Қазекеңмен бірге істеймін, әрі «құдасың» деп әзілдейтін, марқұм ақкөңіл, елгезек жан еді, жақсыға жақын жүретін. Сөйтсем, ол менің жақында жақсы ағаларымның бірі майдангер, ағарту ісінің ардагері Берді Баймішевтің қызын келін етіп түсірген екен. Берді аға мені сыртымнан (өзі ол кезде Қазалы ауданында тұратын, кейін дүние салды) жақын інім деп таныстырады екен.

Күз айы болатын, жұмыстан кейін сол үйде кездестік. Жақсы адам ештеңеден жиреніп, жатырқамайды ғой, жақсы отырыс болды. Үй иелеріне рахмет айтысып тарқадық. Шахаңмен қатар тұратынбыз, бірге шығып, үйге беттедік, Шоқан Уәлиханов көшесіне түсті. Сол көше бойымен ілгеріөкейін біраз уақыт серуен құрдық. Шахаң әлден уақытта бір сыр қозғады. Бұл көше Ғылым академиясының алдындағы Шоқан ескерткішінен басталып әү панфиловшылар паркіне тіреледі. Шахаң осы көше бойын ғалымдар аллеясы жасау жобасы жасалып жатыр, бітуге таяу деді. Әрине жоба талқыланғанмен әзір мақұлданбаған, еш жерде жарияланбаған кезі, Шахаң сол жобаның желісін қысқаша шолып шықты. Онда ғылымның басты салалары, аты әлемге аян ғалымдар ескерілген. Әр ғалымға ретімен жеке бюст тұрғызылады, архитектуралық тәртіп сақталады, су жүргізіледі, алуан гүлдер отырғызылады, демалу рындары болады, қысқасы бүкіл көше демалыс орнына айналады. Әңгіме кезінде Шахаңа шабыт пайда болып, жүзі нұрланып, қажыр-қайраты сыртқа теуіп кетті. Мен бұл құбылыс ғылымға, Қазақстан ғалымына деген шын берілгендік, дамуымыздың ғылыми негізін қалауға деген құлшыныс, еліміздің болашағын тереңінен болжау қамы ғой деп пайымдадым.

Амал не, көп ұзамай Шахаң ойламаған жерден қызметтен босады, жақсы ой, пайдалы пікір іске аспады. Басқа да көптеген мақсаттарының, жоспарларының тағдыры осылайша аяқталған болар. Бірақ Шахаң аты аңызға айналды, жұртшылықтан жоғары баға алды.

Халықта: «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөз бар. Шынында тірлікте көп жағдайды елей бермейміз, кейде оны дұрыс бағалай бермейміз, өмірдегі құбылыс-көріністердің бәрі солай болуға тиісті саналады, жақсы мен нағыз мықтылар сенен қашықта, қол жетпесте тұрғандай. Ал Шахаңдай тұлғалардың ақыл-ой парасаты, адам тершілігі, терең білімі, ұйымдастыру қабілеті, қысқасы, бар болмысы дүниеде сирек кездесіп, қастертұта білетін, көрсе көз тоятын, кездессе қимай айрылысатын құбылыс екенін өз дәрежесінде түсіне білмегеніміз де анық.

Дегенмен, ер есімі ел есінде қалды. Артында адам, азамат аты, тірлігінде өшпестей ізі сақталуда, мәнді де өнегелі өмір сүрді. Шахаңды соңғы сапарға шығарып саларда, еске алу сәттерінде ел ықыласы, жұртшылық бағасы жоғары болды, бұрынғы ҚСРО аймағынан, шартараптан қимастық білдірген жедел хаттарда қисап жоқ.

Асыл ағаны еске алғанда әр уақыт көз алдымда тұратын, қайталанбас сәттерді айналып өте алмаймын. Ол – елімізге белгілі, аяулы есімдердің бірі Мұстахым Біләлұлы Ықсановпен ара қатынасы, сыйластығы, кесек тұлғалардың ғажайып бейнелері. Екеуі нардай болып қатар отырғанда көзің тоймайтын, мейірімді жүздері, қарапайым кейіптері, өзекті мәселелер жөнінде терң ой, жанашырлық пікірлері, көрегендік тұжырымдары бүгінде есімде, құлағымда. Қай тақырыптағы сұхбат болмасын, пендешілік, ұсақтық болмайтын, жеке адамдар жөнінде ғайбат сөйлеу, сыртынан артық айту байқалмайтын. Алтын ағалар мен дос адамдарды толғандыратын ел тағдыры, ұлт мүддесі, рухани өсу жағы еді, әңгіме өрісі болашаққа ойысып отыратын. Жақсы аға жандары – жақсылыққа, әділдікке жақын, қиянатқа қарсы-тұған.

Көп ризалықтың ішінде Шахаңа ден қоятын тағы бір тұсым бар. Ол Мұстахым Біләлұлы дүние салғанда марқұммен қоштасу парызының Мүстекең атына, елге сіңірген еңбегіне лайық болуына барынша күш салуы еді. Әрине, құдай қосқан құдалық жағынан да міндеті болар. Ал мен өзім бұл тіршілікті одан тереңірек жоғарырақ қойдым. Мұсекеңді ақырғы сапарға шығарып салуға деген кейбір немқұрайлылыққа шыдамады, бел шешіп кірісіп, бастан-аяқ атқарып шықты, қоштасу сөз, еске алу отырысын да өзі басқарды. Әрине ақ ниетпен араласқан Мүстекеңнің қызметтес жолдастары, көзкөргендері аз болған жоқ. Осындай сын сағаттарда адамның адамдық қасиеті, кімнің-кім екенін байқалады ғой.

Иә, уақыт жылжып өтер, дүниеге жаңа ұрпақ келер, асыл аға Шахмардан Есеновтің батыр тұлғасы, жайсаң мінезі, парасаттылығы мен ақыл-ой өрісі, білімпаздығы, қайраткерлігі келер ұрпақпен бірге жасай берері сөзсіз».

ххх


«-...бәрі де жақсы есімде,- дейді сол бір артта қалған күндердің естелігін айта отырып еңбек ардагері И. Қалиев қарт,- Қазақстан Комунистік партиясынығ ХІҮ- съезінде Қызылорда облыстық пртия комитетінің секретары Х.Ш.Бектұрғанов сөйлеген сөзінде көршілес жатқан Ақтөбе мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының жер қойнауы зерттеліп, ел игілігіне асырылып жатыр. Ал, екі облыстың ортасында біз «ақтаңдақ» болып қалып қойдық. Бұл пікір ертеңіне-ақ «Правда» газетіне де шықты. Орынды айтылған пікірге алғашқы болып Геология министірі Шахмардан Есенов үн қосты. Ол артынша–ақ Қызылорда қаласының іргесінен «Геологиялық барлау» эспедициясын құрып, оны соңға техникалық жабдықтармен жабдықтады, геофизикалық және лабароториялық аппараттармен, қатынас көліктерімен қамтамасыз етті. Барлау жұмысы күрт, әрі қызу басталып та кетті. Осының нәтижесінде аз уақытта-ақ облыс көлемінде мұнай мен газдың мол қоры барлығы және қорғасын, мыс, уран, кварц, сульфат... сияқты пайдалы қазбалардың барлығы анықталды.

Шахмарданның істі ұйымдастыру қабілетіне қайран қалып, риза болдық.

Облыстық партия комитетінде өндірісті басқару бөлімінің меңгерушісі болғандықтан да Шахмарданмен жиі кездесуіме қызметім көмектесті. Қашан, қай кезде барсаң да есігінің алдында сарғайтып отырғызып қоймай, жылы қабылдап, өтініш-тілектерімізді тез шешіп беретін. Соның арқасында Шалқия кен орнындағы құрылыс, Жаңақорған басындағы қиыршық тас зауыты, Қызылорда қаласындағы селикат өндіретін өндіріс орыны жұмысын бұрынғыдан екі-үш есеге жақсартты және Арал өңірінен сульфат өндірудің жолдарын қарастырды.

Әсіресе, экологиялық қатер аймағына айналып отырған Арал және Қазалы өңірінен ауыз су көзін табуды қатты қолға алды. Барлаушылардың бар мұқтажын жеткізіп, тез арада жер асты су көзін табуды тапсырды. Тиянақты тапсырманың арқасында Байқожа, Қараұзақ су табылып, скважиналар қойылып, халық ауыз суға қарық болды да қалды. Мұны іскерлік емес деп қалай айтарсың...

Шахмарданды республиканың «Басты геологі» деп атауға тұрарлық адам. Оның Құмкөл мен Арысқұм мұнай мен газ кенінің табылуына бар қолындағы билігі мен өзінің күш-қайратын аямады. Осы екі кеніштің табысы облыс экономикасының көтерілуіне елеулі үлес қосып отыр. Шахмарданның туған жеріне қосқан үлесі, перзенттік борышын өтеді деп есептейді қызылордалықтар...»

***


Шынмен-ақ Шахмардан өз ортасына, геолог-барлаушыларына оралғанына қуанбаса ренжіген жоқ. Ол бір мансаптың соңына түсіп, «мені президент немесе министір етіңізші» деп, Қонаевтың алдына барған емес. Бәрі де тоссыннан, аяқ астынан болды емес пе. Қайта, оған: «кен ізде, мұнай тап, академияның беделін көтер!» деп, өздеріне ең керек кезде жұмысқа жеккен жоқ па? Ол да сеніп тапсырылды ғой деп қолынан келетінін, бойында бар қабылетін жұмсаудан аянған жоқ. Әйтпесе, қай министр апталап, айлап ми қайнатар ыстық пен қақаған аязда мұнайшы ортасында жатып еді?! Сенімнің соңында Димаш ағасы тұрғандықтан да ұятқа қалдырмауды ойлады. Нәтижесіз болды ма, Шахмардан Есенов тұсында Жетібай, Өзен, Бозашы, Қаражамбас... мұнай көздері табылып, Кенді Алтайдан Тишин, Орлов, Малеев полиметалл кен орындары, Қазақстанның орталығынан Жәйрем, Батысынан Тастыбұлақ, Приорск, Авангард, Оңтүстігінен Шалқия, Шатыркөл кендері ашылып, Ғылым академиясының абыройы асқақтады. Жаман атын шығарған жоқ. Жамандықты таңып жүрген өздері, оны істетіп отырған өздерінен асып бара жатқан беделін көре алмаушылық пендешліктері еді.

Біздің қолымызға Шамардан Есеновтің екінші рет министр болған тұста Бірінші хатшы Д.Қонаев атына жазған хаты тұр. Хатты оқимыз да қайран қаламыз. Күні кеше ғана сан-алуан мәселелерді кабинетіне барып, ақылдасып шешіп отырған Есеновке енді келіп, табан астынан Орталық Комитеттің есігі неге «тарс!» жабылды. Сондайлық Есенов адам өлтіріп, мемлекет қазынасын ұрлап, қылмыскер атанған жоқ қой, соншалықты қарым-қатынасты шарт бұзатындай. Түйткіл көп, бәрі де түсініксіз. Жоқ, түсінбейтін түгі де жоқ, адам атаулының, оның ішінде ел билеуші патша мен ханға қасірет болып жабысқан қызғаншақтық деген «ауру» бар емес пе, міне, біздің «біріншілеріміз» де сол аурудан ада бола адмай қалып тұр. Қолындағы биліктен айрылып қаламыз ба деген қауіп оларды осындай әрекеттерге, түймедейді түйедей етіп жала жабуға, қиянаттыққа әкеп тұр. Бүгінде «кемеңгер», «ұлы» деп, жаһаннамға жар салып, жариялап жүрген адамымыздың бұл қылығын оның қай қасиетіне жатқызсақ екен?



Қызғаныш! Бұл бойыңызды билемесін деңіз, биледі ме оған ақылыңыз да тосқауыл бола алмайды. Талай данышпандар мен дарындылардың түбіне жеткен қызғаныш, көре алмаушылық емес пе бұл! Кеше ғана қамқор болған ағасы Димекеңе енді неге Есенов хат жазуға мәжбүрлі? Сол хатты түгел жариялап отырмыз, онда министрліктің атқарған қыруар ісін Есеновтің өзі баяндайды. Кімнің-кім екенін, істің ақ-қарасын өзіңіз-ақ пайымдай аласыз. Не болса да хатты оқып көрелік.

КПСС Орталық Комитет Саяси Бюросының мүшесі,

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің

Бірінші хатшысы Д.А.Қонаев жолдасқа!

«--Сіздің өз атыңызға осы хатты жолдауыма қазіргі жағдай мәжбүр етті.

Менің ҚазССР Геология министрі болып тағайындалғаныма төрт жылдай уақыт болыпты. Осы жылдар ішінде менің және Алматыда орналасқан геологиялық ұжымдардың басшыларының үстінен адамайтқысыз қылмыстар мен асырасілтеушіліктер жасады деген арыздарды тергеулер мен тексерулер бір үзілген емес. Министр ретінде, коммунист ретінде жауапкершілігімді түсінемін және өз әрекеттеріме, шешімдеріме, істеген жұмысымның қорытындысына есеп бруге тиіспін. Осыған байланысты Министрліктің жұмысы, Сіздің тапсырмаларыңыз бен кеңестеріңіздің орындалу барысы жөнінде қысқаша Өзіңізге баяндауды жөн көрдім.

Мен келгенге дейінгі Қаз.ССР Геология министрлігі жұмысының көрсеткіштері, кейбір жекелеген кемшіліктерді есептемегенде, дұрыс болатын. Ол кемшіліктер (Өзіңіз де, Министрлер Кеңесі де атап көрсеткен) Кенді Алтай аумағында мұнай, газ, боксит, мыс, фосфорит және түсті металдар қорларының өсіміне байланысты, тоғызыншы бесжылдық жоспарының орындалу мәселесінен туындаған, аса күрделі жағдайлар болатын.

1974 жылдан бастап, бесжылдық жоспарының көрсеткіштерін орындау үшін, барлық геологиялық ұжымдардың жұмысы жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді жою бағытына жұмылдырылған еді. Республиканың кей аудандарындағы геологияның болашағы туралы қалыптасып қалған қағидалар қайта қаралды. Пайдалы қазбалардың барлық түріне геологиялық барлауды ұйымдастыру мен жүргізу технологиясын жандандыру бағытында нақты шаралар қабылданды.

1970-1973 жылдары Маңғыстау түбегінің перспективасыздығы және мұнай барлау жұмыстарын негізінен тұзды шөгіндірер астынан іздестіру тиімділігі жөнінде пікірлер айтыла бастады. Осыған сәйкес, Министрлікте бұл уақытта қажетті техника, кадрлардың жеткіліксіздігіне қарамай, 4,5 - 5,0 мың метр тереңдіктен бұрғылау жұмысын жүргізу, тәжірибенің жоқтығына қарамай, негізгі күш мұнайды Ақтөбе облысының тұзды шөгінділері астынан іздестіруге бағытталды. Дәл осы сәттен Маңғыстау түбегіндегі жұмыстар тоқтатыла бастады.

Маңғыстау түбегінің перспективасын Министрлікте бұрын қызмет атқарған кезден білетін адам ретінде, геолог-ғалым ретінде, мен Маңғыстау түбегіндегі жұмыстарды қарқынды жүргізуді талап еттім. Соның нәтижесінде осы өңірде: 1974 жылы - Қаражамбас, 1975 жылы - Солтүстік Бозашы, 1976 жылы – Қаламқас мұнай кен орындары ашылды.

Сонымен бірге басқа аудандарда да мұнай мен газ кендерін іздестіру жұмыстары жалғасып, көптеген тұзды шөгінділер аумағынан мұнай қорларының табылуы, бұл өңірдің мұнайлы екендігінің айғағы іспетті. Бұл туралы Өзіңізге бірнеше рет баяндаған болатынбыз.

Тура осындай жолмен, көптеген ғалымдарды қатыстыра отырып, дәйекті түрде Кенді Алтай мен Балхаш өңірінің мыс қорларының өсімі, түсті металл өндіріс орындарын шикізаттармен қамтамасыз ету мәселесі қаралды.

Балхаш өңірінде мыс-порфирлі кен төңірегіндегі жұмыстарды тоқтатудың негізсіздігі, ал Шығыс Қазақстандағы барлу жұмыстарының жеткіліксіз жүргізіліп отырғандығы анықталды. Осы жұмыстардың нәтижесінде Батыр (Багатырь), Май және Зырьянов ауданындағы басқа да кен орындарынан Зырьянов комбинатын 2000 жылға дейін қамтамасыз ететін кен қорлары ашылды. Лениногор ауданындағы Чекмарь, Анисимов ключ, Гусляковское және Лениногорск кенді алаңында жаңа кен орындары ашылып, зерттеліп, комбинат жұмысын одан әрі жалғастыруға мүмкіндік туды.

1975 жылы ашылған Ақтоғай мыс-порфирлі кен орнында іздестіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл кен орнының мол қоры Балхаш комбинатының шикізат базасын молайта түсетіні анық.

1978 жылдың бірінші тоқсанында Көксай кен орнының мыс-порфирлі кен қоры бекітіліп, Борлы және Қаратас тобының мыс-молибден кен орындары дәйекті барланып, Қасқырқазған кен орнының мыс-порфирлі ашық кенішін бағалау жұмыстары жеделдетілуде. Сонымен, Балхаш тау-кен комбинаты бойынша жүргізілген қайта бағамдау мен мыс-порфирлі кендерге деген көзқарастың түбегейлі өзгеруінің арқасында, шикізат пен қамтамасыз етудің жолдары оң шешімін табуда.

Қаратау комбинаты тоқтаудың қарсаңында, ал Торғай облысындағы экспедиция жұмысын мүлдем тоқтатқан болатын. Осы жағдайлар түбегейлі өзгертіліп, бұл аймақтардағы жұмыстар қайта жанданды.

Тоғызыншы бесжылдықта пайдалы қазбалар қорын ұлғайту жөнінде Министрліктің алдына қойылған міндеттемелер толығымен орындалды.

Әлеуметтік мәселелерді шешу бағытына да көп күш жұмсалды.

Қорыта айтқанда, құрметті Димаш Ахметұлы, Өзіңіз 1974 жылға Министрліктің алдына қойған міндеттемелер толығымен орындалды деуге болады.

Соңғы жылдардағы геологиялық барлау жұмыстарын ұйымдастырудағы өзгерістер, сонымен байланысты болып жатқан структуралық өзгеріс, кадрларды қайта тағайындау мәселесі дау-дамайсыз өтпеуде. Болып жатқан өзгерістердің барлығы Министрлікте көпшіліктің ұйғаруымен шешілетіндігіне қарамастан өздерін, қиянат жасалғандай, өкпелі сезінетіндер кездесуде.

Мысалға айтар болсақ, геофизикалық қызметті бірорталықтандыру шаралары өте ауыр жағдайда өтуде. Алматы және Гурьев қалаларындағы геофизикалық трестердің жұмысын тоқтату ол мекемелердің геологиялық барлу жұмыстарын жүргізудегі геофизиканың тиімділігін жете түсіну және дұрыс бағалауда білімнің жетіспеуінен орын алды.

Осыған байланысты, аталған трестердің басшылары және басқалар жағдайды жете түсінбейтіндерін байқатуда. Сол «өкпелілердің» ішінде жалақор-арызқойлар кездесуде. Мен жоғарыда көрсеткендей, қазір Министрлік пен геологиялық ұжымдарда сол арыздар бойынша үздіксіз тексерулер жүргізілуде.

Әрине, маған Үкімет пен партияның еңбекшілер хаттарына ұқыпты болу туралы нұсқауы белгілі. Және менің жеке басыма, министрлікке, басқа да геология саласындағы лауазым иелеріне қатысты арыздар тексерілуі қажет. Бұл даусыз. Бірақ, мені Сізге осы хатты жолдауға мәжбүр еткен жағдай ол, болып жатқан тексерулер еңбекшілердің хаттары мен арыздары емес, аты-жөні жоқ белгісіз біреулердің, мазмұны маған мүлде белгісіз, құпия шағымдары – домалақ арыздары.

Әрбір осындай шағым тиянақты түрде тексерілуде, және ол тексерістерге Алматы қаласының түрлі сала қызметкерлері көптеп жұмылдырылып, Министрлік аппараты мен басқа да геологиялық ұжымдардың қызметкерлерінен жауап алынуда.

Атап айтар болсақ, 1975 жылы белгісіз біреулердің шағымымен, республикадағы геологиялық жұмыстар жүргізуде кемшіліктер болды ма, ғылыми-зерттеу институттарымен байланыс үзілмедіме?- деген сұрақ төңірегінде үлкен тексеріс өтті.

Қазақстан КП Орталық Комитеті Ауыр өнеркәсіп бөлімі бұл мәселе жөнінде жақсы хабардар екендігіне қарамастан, бұл тексеріс бәрібір ұйымдастырылды. Мен қойылған сұрақтардың барлығына қайта түсінік беруге мәжбүр болдым. Тексеру қорытындысы бойынша шағымда көрсетілгендердің барлығы шындыққа жанаспайтыны анықталып, тексеру тоқтатылды.

1976 жылы жарты жылдан аса уақыт ҚазССР Министрлер Кеңесі қаулысына сәйкес, артық, бұрын қолданыста болған жеңіл автокөліктерді сату мәселесін тергеу, тексерулер жүргізілді. Тексеру ол автокөліктердің заңға сәйкес, белгіленген тәртіп бойынша және негізінен 1973 жылы, мен Министрлікке қызметке келгенге дейін сатылғаны анықталды.

1974 жылдан бастап сатылатын автокөлік саны қысқартылып, бұл істе қажетті тәртіп қалыптастырылып, орталықтандырылған жеке комиссия құрылды.

1976 жылы Шабановтың бірнеше шағымы тексерілді. Ол шағымдарда Шабанов 40- тан аса адамға жала жапқан. Олардың қатарында Қазақстан КП Орталық Комитетінің бұрынғы хатшысы А.С Көлебаев жолдас, ҚазССР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары С.С Жиенбаев жолдас, СССР Геология министрінің орынбасары А.А.Рясного жолдас, Қазақ минералды шикізат институтының партия және кәсіподақ ұйымдары басшылары және басқалар бар. Бұл шағымды Қазақстан КП Орталық Комитеті ауыр өнеркәсіп бөлімінің, құрамында 25- ке жуық адам бар, комиссиясы ұзақ уақыт тексерді. Тексеру нәтижесінде арызда көрсетілгендердің бреуі де расталмай шықты. Бірақ, Шабанов одан әрі де домалақ арыздарын жазуды тоқтатпайды деп қорыққандықтан болуы керек, оның әрекеттеріне тиісті жауап берілмеуімен қоймай, маған Шабановтың пәтер алу мәселесін оң шешіп, оны жұмысқа орналастыруға нұсқау берілді. Одан әрі не болғаны тағы белгілі. Шабанов өзіне қарсы болған адамдардан өш ала бастады. Мүгедек - геолог Сычевты соққыға жығып қазір түрмеде отыр. Ал, Шабановтың жаласына іліккендер осы уақытқа дейін жан жарасынан арыла алмауда.

1976 – 1977 жалдар барысында Оңтүстік Қазақстан аумақтық геология басқармасындағы өрескел тәртіп бұзушылықтар мен басшыларының асыра сілтеушіліктері туралы көптеген домалақ арыздар тексеріліп, басқарма бастығы Л.У. Қыдырбеков жұмыстан босатылды. Тексеру қорытындысы бойынша аталған геология басқармасында да, Қыдырбкеовтің жеке басында да ешбір өрескел тәртіп бұзушылық анықталмады.

Осындай домалақ арыздар бойынша тексеру жұмыстары жала жабылғандардың денсаулығына зиян келтіретінін айтпағанда, жұмыстарына да кедергі болып, оларға моральді шығын келтіреді. Домалақ арызшылар жазғандарының жала екенін біле тұра, осындай әрекетке әдейі баратын сияқты.

1977 жылдың желтоқсан айынан тағы бір жаңа, аты-жөні белгісіз біреудің арызы тексерілуде. Тексерудің негізгі мақсаты Жәйрем кен орынын ашып, барлау жұмыстарын жүргізгендердің, СССР Мемлекеттік силығына ұсынылғандардың ішінде менің кандидатурамның бар - жоқтығы болып жатқан секілді. Менің пайымдауымша, бұл турасында бүткіл Министрлік аппаратының қызметкерлерінен сұрау ұйымдастырып, мен туралы қандайда бір пікір туғызып дүрліктіргенше, неге менің өзімнен сұрамасқа. Сонда мен оларға жалған мәлімет береді деп ойлады ма екен?

Шындығында істің мәні мынадай:

Сыилыққа ұсынылғандардың тізімі, алдын ала Қазақстан КП Орталық Комитеті Ауыр өнеркәсіп бөлімінің келісуімен, 1976 жылдың желтоқсан айында Қазақ ССР Геология министрлігінің алқа отырысында бекітілген. Оған Жәйрем экспедициясының тікелей барлау жұмыстарын жүргізген, алғашқы геофизиктер – Қаз ССР Ғылым Академиясы Геология институтының аға ғылыми қызметкерлері - Строителев, Каймирасовтер бастаған, барлығы 10 адам енді.

СССР Геология министрлігіне түскен құжаттар бойынша, Министрліктің басшылары менің назарымды сыйлыққа ұсынылғандардың ішінде Қазақстан геология ғылымы өкілдерінің жоқтығына аударған еді. Дәл осындай уәжбен маған Қазақ ССР Ғылым Академиясы Геология институтының ғылыми қызметкерлері хат жолдап, мемлекеттік силыққа қосымша кандидаттарды, Өспен кен орынының ашылуына қатысы бар ғалымдарды (академик Г.Н.Щерба, академик Ш.Е.Есенов) және бұрынғы министр Морозов жолдасты ұсынуды талап етті.

1972 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясы және Қазақ ССР Геология министрлігінің ұсынуымен Өспен кен орынын ашудағы еңбектеріне байланысты Г.Р.Бекжановқа, В.Г.Лиге, А.Т.Ситькоға, Г.Н.Щербаға және маған Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығы табыс етілген болатын.

Өспен аумағындағы Жәйрем кен орынының ашылуы бұрын Қазақ ССР мемлекеттік сыйлығына ұсынылғандықтан, ол кен орынын екінші рет силыққа ұсыну мүмкін емес.

Кейін белгілі болғандай, кейбір жолдастар, Мемлекеттік сыйлық жөніндегі комитетке қосымша кандидаттарды ұсынып хат жолдапты. Ол хаттарда Тыненбаум, Иванов, Орлов, Меерсон, Щерба, Есенов, Морозов және басқлардың аттары аталған.

Мен Министр ретінде, бұл мәселені қараудың барлық сатысында, Орталық Комитеттің ауыр өнеркәсіп бөлімінде келісілген тізімнің өзгертілмеуін талап етіп, алғашқы ұсынылған он адамның Мемлекеттік сыйлық алуына қол жеткіздік. Қазақ ССР Геология министрлігі ұсынған авторлық ұжым ешқандай өзгеріске ұшыраған жоқ.

Сондықтан, Мемлекеттік силыққа ұсынылған кандидаттар турасында, маған ешқандай кінә тағудың реті жоқ деп есептеймін. Және де, жүріп жатқан тексеріс барысында маған тағылған басқа да кінәлардың ешқайсы өз дәлелін таппайтынына сенімдімін. Мен, Қазақ ССР Геология министрлігінде, және министр ретінде жеке басымда еш кемшілік жоқ деп айтудан аулақпын, ондайлар әрине кездеседі, бірақ, қызмет бабында асырасілтеушілікке жол берді дегенмен еш келісе алмаймын.

Сонымен бірге, домалақ арыздарға дәл бүгінгі күндегідей көңіл бөлініп отырған жағдайда, олардың саны азайады деп ойламаймын. Ол домалақ арыздарды үздіксіз тексерулер қалыпты жұмыс істеуге, бар күш-жігерді Министрліктің алдына қойылған маңызды істерді орындау үшін жұмсауға көп кедергі келтіретіні анық. Сондықтан, құрметті Димаш Ахметұлы, мен Сізден осы мәселеге көңіл бөлуіңізді өтінемін. Егер дер кезінде тоқтау болмаса, олардың тағы не ойлап табарын кім білсін?!

Құрметпен,

ҚазССР Ғылым Академиясының академигі,

геологгия-минералогия ғылымының докторы,

Лениндік силықтың, ҚазССР Мемлекеттік

сыйлығының лауреаты Ш.Есенов.

***


Қонаевқа осынша ақталып, ақтарылатындай Есновке не болды деуіңіз мүмкін. Не болғанын қайдам, ақырында түймедей кемшілікті түйедей етіп, тура бір мемлекеттік қылмыс жасаған адамдай, Қазақстанның Орталық Комитеті Есеновті партиядан, жұмыстан шығарылсын және жеке еңбек кітапшасына сөгіс жазылсын деп шешім шығарды. Бұл не? Жоқ, бұған жауап беруге біз қауқарсызбыз. Себебі көп, соның бірі-- ол ортада болған жоқпыз, олардың бір-біріне деген айыптау, кінәлау сөзін естіген жоқпыз. Одан да дәл сол сәттерде Есенов Шахмарданның көмекшісі болған Асанов Мәдениетке сөз бергеніміз орынды шығар:

«-- ...Бәрі менің көз алдымда өтті, бәріне де куәмін.

Содан, 1974 жылы қазақстандық бір топ ғалымдарды СССР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылды. Жалпы тізімде бастапқыда Шахмардан да бар болған. Бірақ , құжаттар Мәскеуге кетер кезде ол сызылып қалады. Шахтың да достары көп қой, мұны естіген олар кәдімгідей наразы болып, содан Орталық Комитеттегі Ауыр өнеркәсіп бөлімінің қолдауымен, рұқсатымен Есеновтің құжаттарын Мәскеудегі Мемлекеттік сыйлық беретін бөлімге өте тез жеткізу керек болды. Өйткені комиссия отырысының болатын күні таяп қалды. Ол міндет маған жүктелді. Апардым, тапсырдым. Қысқасы, он жеті адамның біреуі дауыс бермей, Есеновке сыйлық берілмей қалды. Содан, құжаттардың бәрі Қазақстанның Орталық Комитетіне оралады ғой. Өздерінің сызып тастаған Есенові тізімде жүр, бұл қалай болған? Міне, қызының тойына «қырық телевизор, елу кілем түсіпті» деген кінәларын, тексерулерін былай қоя салып, онсыз да сылтау таба алмай отырған «Орталық» Шахмарданның соңына осыдан кейін шырақ алып түсті десем де болады. Ақырында, «бізді айналып өттің» дегенді үлкен мін, қылмыс қылып тағып, бюроға салып, партиядан шығарылсын, жұмыстан босатылсын, жеке кітапшасына қатаң сөгіс жазылсын деген шешім шығарып, оны Мәскеуге, КПСС Орталық Комитетінде қарауға жіберді.

Осы жерде бір болған оқиғаны айтып кетейін, бұл шындықты мен бірінші рет жариялап отырмын, жасым ұлғайды, өзіммен ала кеткім келмейді. Содан, әлгі Орталық Комитеттің ауыр өнеркәсіп бөлімінде дайындалған, Есеновті Мемлекеттік сыйлыққа ұсынған құжаттарды Мәскеуге әкеткелі жатып мен Шахмарданнан сұраймын:

--Шах, Орталық Комитеттен неге рұқсат сұрамадық,--деп.

--Сұрадық қой, сызып тастаған жоқ, па?!—деді ол.

-- Өздерінің рұқсат бермегенін білсе қалай болады?

-- Білсе, біле берсін. Біріншіден, бұны ойлап тапқан мен емес, бөлімдегі жігіттер. Екіншіден, маған атақ керек емес, бұл Лениндік сыйлықтан жоғары емес қой. Егер сен түсіне білсең бұл маған қорған, қамал үшін керек. Сыйлықты алып кетсем, мені олар бұл орыннан төрт-бес жылға қозғай алмайды. Ал, төрт жылда бұл дүние өзгермейді деп саған біреу айтты ма? Кім біледі? Мәдениет, біздің қоғамға өзгеріс керек, елге еркіндік керек.Өтірік жоспар, дүкендегі бос прилавкалар халықты қажытты! Үшіншіден, сен мені бұл атаққа ылайық көрмей тұрсың-ау, деймін?—деп сөзінің аяғын қалжыңға бұрып жіберді. Мен ойланып қалдым. Қандай қақтығыстар, қандай күрестер жүріп жатқанының шет жағасын ұққандай болдым.

Тағы бір сәтті айта кетейін, Бюро болатын күні түске дейін менің Орталық Комитет пен Министрлер Кабинетіне апаратын министрліктің қағаздары болды да «Үлкен үйге» келдім. Әуелі министірліке хаттарымды тіркетіп, қалдырдым да өзіміз-- көмекшілер ғана білетін «черный ход» арқылы Орталық Комитетке баспалдақпен ақырын, мысықша басып үшінші қабатқа көтеріліп келе жатқанмын. Себебі, Қонаевтың кабинеті тура үшінші қабаттың баспалдағының қасында болатын. Қарасам дәл дәліздің ортасында, Қонаев кабинетінің алдында Шахмардан мен Дінмұхамед Ахметұлы тұр. Шах талай рет әрекеттеніп қабылдауына кіре алмаған Қонаевпен дәлізде әңгімелесіп тұр. Таң қалдым. Тұрған жерімде қатып қалдым. Екеуі кәдімгідей ашық-жарқын әңгімелесіп тұрды да, бір кезде құшақтасып қоштасты, Димаш Шахтың арқасынан қағып-қағып қойды. Шынымда айтсам, бұл көріністен кейін менің көңілім көтеріліп, екеуі тіл табысқан екен ғой, енді бәрі дұрыс болатын шығар деп қуанып қалдым.

Содан сағат екіде Шахмардан өзінің мәселесін қарайтын бюроға, Орталық Комитетке кетті. Көп болса бір сөгіс беретін шығар деп сенімді отырмын. Бюродан Шах кешкі сағат тоғызда ғана келді. Бұл кезде министірліктің барлық қызметкерлері кетіп қалған, жалғыз өзім Шахты күтіп отырғанмын. Қарасам көңіл-күйі төмен.

--Шах, не болды, --дедім. Бетіме қарап тұрды, тұрды да:

--Болары болды, жұмыстан шығарылсын, партбилет алынсын, қатаң сөгіс жеке листогіне жазылсын деді.

Менің тілім байланып қалды. Бағанағы, Қонаев пен Шахтың құшақатасып қоштасқандары, Шахтың арқасынан Димекеңнің қаққаны көз алдыма келді. «Сонда бұл қалай болғаны?» Сасқанымнан:

--Бұл қалай, неге?—дей беріппін. Шахта жауап жоқ, ешкімді жамандап күйініп те, ашынып та тұрған жоқ. Ақырында мен шыдай алмай бағанағы үшінші қабаттың дәлізінде көрген «көрінісімді» айтып салдым, —сонда жап-жақсы сөйлесіп тұр едіңздер ғой... арқаңыздан қағып...сонда бұл қалай болғаны..,—дедім Шахқа ыза буып. Ол тағы да бетіме бір қарады да:

--Ә, батыр, өмір солай,--деді. Басқа бір сөз айтқан жоқ. Мен айта түссе екен деп тұрмын, бірақ ол ауыз ашпады.

Ол өмірі ешкімді жамандамайтын, талқыға салмайтын. Не болса да ішінде өліп жататын. Бұл мінез бе, жоқ әлде өмірдің үйреткені ме білмедім. Әйтеуір, әр кез осы мінезіне таң қалатынмын. Шах өзіне ғана тән сол асыл қасиетін тағы да көрсетіп тұр. Ешкімді боқтаған да жоқ, даттаған да жоқ, бір сөз айтқан да жоқ. Есігі кабинетінің ішінен демалатын кішігірім бөлмесі болатын, соған кірді де қағаздарын жиыстыра бастады...

Ендігі сөзді, соңғы шешімді КПСС Орталық Комитеті айтуы керек. Содан, бюроның шешімін күту басталды. Бұл бір өте ауыр күндер болды. Күнде таңертең бұрынғы тәртібі бойынша Шах жұмысқа тоғызда келеді, неге екенін білмеймін пальтосын арқасына жалбағай жамылып төрде таудай болып отырады. Түскі асқа барып келеді де содан жұмыс аяғына дейін отырады. Министрліктік жұмысының бәрін, қол қою орынбасары Селифоновқа тапсырды. Кабинетіне мен ғана, анда-санда орынбасары кіреді, болды. Он алтыншы-он жетінші күндері кабинеттен волидолдың иісі шыға бастады. Мұндай әділетсіздікке қандай жүрек шыдасын, Шахтың да жүрегі сыр бере бастады-ау деп мен де уайым шегіп қалдым. Шынымды айтсам, Шах үшін өзімнің де жүрегім ауыра бастады. Орталық Комитет мүмкін дұрыс қарап, жұмысында да, партияда да қалдырар деп қоямын. Қонаев пен Шахтың дәліздегі кездесуі ойыма түседі де бар үмітім өшіп қалады. Бәрі алдамшы, бәрі өтірік. Бұларға сенуге болмайды деп қоямын. Содан, 19 күн дегенде КПСС Орталық Комитетінде қаралып, бюроның шешімі: жұмыстан шығарылсын, жеке листогына қатаң сөгіс жазылсын, бірақ партияда қалдырылсын деген шешім шықты.

Шах партияда қалдырғанына қуанды. Екеуміз кітаптарын жинастырып үйге келдік. Сол кездегі бір сәтте менің бүгінгідей көз алдымда. Есіктен кірісімен Кәмила апай не болды деп сұрап жатыр. Шах ЦК-ның шешімін айтты. Сонда Кәмила апай:

--Батыр, денің сау болсын. Мен министрге, президентке емес қарапайым геологқа тұрмысқа шықанмын, кетеміз өзіміздің даламызға...уайымда...сен Батыр емесің бе,-- деді де, ас үйге кіріп кетті. Апайдың ақылдылығына риза болып қалдым.

Мен төр жылдың ішінде бұл отбасымен қоян-қолтық араласып кеттім, жұмыстан басқа уақыттарда да аралсып тұрдық, Шахмардан мен жары Кәмила апайдың арасында ерекше бір құрмет пен сыйластықты көріп, сүйсініп жүрдім. Олар бір-бірінің атын атамайтын, «Батыр» дейтін. Ренжісіп ұрысқанын көрген емеспін.

Шахтан үйренетін жақсы бір әдет бар, ол іс сапармен қайда барса да келісімен бірінші кезекте үйіне, Кәмила апайға «жеттік» деп телефон соғатын. Оны еш бұзған емес. Өзінің семьясын, балаларын уайымға салғысы келмейтін, қатты қадірлейтін, бар жағдайын жасайтын.

Сосын бір қызығы, командировкада жүргенде шәйді өзі дайындағанды жақсы көретін, мені араластырмайтын.

Оған Орталық Комитет Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасарлығын ұсынады. Тіптен соған баруын Орталық Комитет біраз зорлық жасап, барасыз да барасыз дегілері келіп еді, Шах жұмыссыз қалсам да бармаймын деп, тегеурінді қарсылық білдірді. Шах кесілді-үзілді: «бармаймын, мені өзімнің далама, экспедицияма жіберіңдер» деп отырып алады. Мен Шахқа: «бара бермесіз бе, төраға орынбасары болу да жақсы жұмыс қой» дедім, сөйтсем ол: «Онда барсам, ондағылар біріншіден соттатқызып, сосын, атқызып жібереді» деді. Иә, Шахмарданның беделін қызғанғандар өз республикамызда аз болған жоқ. Олар оның «Бірінші басшы» болып кетуінен қорықты, себебі, не дейсің «Шахамардан Қонаев орнына дайындалып жүр екен» деген сөз де сол жылдары айтылып жүретін. Және де мұндай өсекті де өздері шығарып, Қонаевты оған қарсы қоюға пайдаланды емес пе. Тіптен Шахтың Бірінші хатшы болам деген ойында да жоқ. Егер ойында болса ол Қонаевтың көңілін тауып, артық іске де, сөзге де бармай, ақырын-ақырын жүре беруші еді ғой. Жоқ, ол республикада кетіп жатқан кемшілкітерді талай жерде, үлкен мінберлерден айтқанын өзім көрдім ғой. Ол ел үшін, жер үшін жаны ашыған нағыз азамат болды. Егер, шын мәнінде ол Бірінші хатшы болды бар ғой, онда Қонаевтың айналасындағы жағымпаздардың бәрі бір күнде жұмыстан кететіні анық. Сондықтан да олар Шахтан қорықпағанда кімнен қорықсын, жайлы отырған орындарынан жылжып кетеміз бе деп қауіптенді! Шахтың айналасына жағымпаздар жолай алмайтын, оның мысы басып тұратын.

Ақыры өзі Балхаш геология экспедициясына сұранып кетті. Мен оны Балхашқа жалғыз өзім шығарып салдым. Ол жаққа жиені екеуі кетті. Апай көшіп барғанға дейін Балхашта жиенімен бірге тұрды. Самолет бір сағатқа кешігіп, депутаттар отыратын бөлмеде біраз сөйлесіп отырдық. Сонда мен қоймаймын ғой баяғы:

--Шах, не болды бұл. Ешкімнің басын жарып, көзін шығарған жоқпыз, мемлекеттің қаржысы орнында, сыйлық сұрадың деп осыншама қатал жаза қолдануға болмайтын шығар, дұрыс емес қой, --деп. Бір кезде маған қарап:

--Мәке,-- деді. Жасым кіші болса да осылай атайтын мені ол,--мен саған бір аңыз әңгіме айтайын, сенің де өміріңе керек болады,--деді. Сөйтті де:

--Баяғыда, бір қарт әбден жасы ұлғайып о дүниеге аттанғалы жатыр екен дейді.Содан баласы:

--Әке, талай жыл өмір сүрдің, маған мұраға не қалдырып барасың?--дейді.

Әкесі ойланып жатып-жатып:

«--балам мен саған екі хат қалдырамын. Мен дүние салған соң менің атағымның арқасында сенің жағдайың жақсарып, лауазымың өсіп, өзің байып, көңілің тасыйды, құдайды да ұмытатын шаққа жетіп қаласың, айналаңдағы ағайын-туғанға мейірімің азайып, байлықтан басың айналады, сол кезде мына бірінші хатты ашып оқы. Содан бір жылдарда бағың тайып, байлығың кеміп, тіптен өзің қайыршылыққа түсесің, бұдан менің өлгенім артық шығар деген күйге де келесің, сол кезде екінші хатты ашып оқы, --дейді де қария көз жұмады.

Айтқанындай-ақ, әкесі өлісімен баласының бағы тауға өрмелеп, байлықтан басы айналып, мейірім-шапағаты азаяды, Құдайын ұмытады, жұрттың реніші көбейеді. Сол кезде әкесінің хаты ойына түсіп, әкем не деп кетті екен деп біреуін ашып оқиды. Хатта: «Балам, бұның бәрі уақытша!» деп жазылыпты. Бала ойланып, қателігін түсініп, жөнделіпті.

Тағы да біраз жылдар өткен соң, бағы тайып, байлығы кеміп, киерге киім, ішерге ас таба алма, бұдан да өле салғаным артық шығар деп жүдеп жүргенде әкесінің екінші хаты ойына түсіп, оқиды. Хатта: «Балам, бұның бәрі уақытша!» деп жазылыпты.

Содан әлгі пақыр: «е, бұның бәрі өткінші екен ғой, шыдайын» деп, өмір сүруін жалғастырыпты. Айтқандай ақ біраз жыл өткен соң, еңбегінің арқасында баяғы байлығы мол өміріне оралыпты. Әкем Жорабек айтып отыратын, Мұхамед Пайғамбар да ислам дінін тарату үшін аз азап көрмеген, сондай бір қиналып, ойға беріліп, қолындағы жүзігін аударыстырып отырса, ішкі жағында «бәрі өткен, бұл да өтеді» деп жазылған жазуды оқыпты. Сол сияқты, Мәке, мұның бәрі өткінші. Ал, менің халқым үшін не істеп, не тындырып жүргенімді саған айтып жату артық,-- деді де әңгімені ұзартпады. Ұшатын уақыт та келіп, Шах самолетке беттеді.

Мен Шах қашан самолетке отырып, ұшып кеткенше соңынан ұзақ қарап тұрдым. Жаратушы берген ақыл мен дарын өзіне азап болып жабысып, тағдыры тәлкекке түсіп бара жатса да рухы асқақ, тұлғасы тік, біртуар Азаматтың болмысына табынып, жапан далада жалғыз қалған адамдай жаным жүдеп қала бердім.

Сол тұлға, сол рух әлі күнге менің көз алдымда!

***


Ал, енді хатқа оралайық. Қанша жерден «ол ортаны» білмейміз деп қашқақтағанмен өз ойымызды, сұранып тұрған пікірді айтпасақ, сөз атасы өлгелі тұр. Қазақ: «Ісің өлсе де сөзің өлмесін» дейді. Неге? Қадыр ақын айады: «Шындық деген де жөтел сияты, тамағыңды жыбырлатып маза бермейді» деп, қиянатты көре тұрып өтіп кете беруге сол шындықтың жөтелі маза бермей тұр. Амал қанша айтуға парыздымыз.

Иә, қанша жерден Есеновтің бұлай ышқына жазып, өзінің атқарған істерін тізіп, сыйлыққа ұсынудың қалай-қалай болғанын бар ынтасымен түсіндірмек болғанымен Қонаевқа керегі ол емес еді. Бірінші хатшы онсыз да біледі: Ш.Есенов не бітірді, не бітіріп жатыр, не бітіре алады? деген сұрақтардың жауабын да, үлкен сыйлыққа әбден ылайықты екенін де іші сезеді. «Орталық Комитетпен келіспей өзіңді СССР Мемлекеттік сыйлығына ұсындың!» деп, дігірлеулері, шу көтерулері әншейін сыныққа сылтау іздеу. Олардың Есеновті үлкен саяси ортадан шығарып тастауға амал іздегендеріне біраз болған-ды, біресе қызына жасаған тойға жармасты, біресе ұлтшылсың, қазақтарға бүйрегің бұрады деп кінәлады, тіптен домалақ арыздарды өздері ұйымдастырып, өздері тексерту жіберді де, талай. « Сыилыққа ұсынылғандардың тізімі, алдын ала Қазақстан КП Орталық Комитеті Ауыр өнеркәсіп бөлімінің келісуімен, 1976 жылдың желтоқсан айында Қазақ ССР Геология министрлігінің алқа отырысында бекітілген» деген Есеновтің уәжді жауабына көңіл де, құлақ та асқан жоқ. Өйткені олардың алдында бір ғана мақсат—өздеріне «конкурент» адамды ығыстыру, Мұқағали ақын айтқандай-ақ «күресінге» лақтыру болып тұрды. Шахмарданның аз уақыттың ішінде көпке белгілі, беделді болғаны «Біріншінің» ортасын, кейбір: орынбасарлар мен министрлерді, хатшылар мен көмекшілерді сезіктендіріп, «сақтандыратын». Себеп? Себептің салдары көп.

Бұл кезде «Біріншінің» жетпіс деген жасты өңгеріп, қарттық деген ауылға келіп қалған кезі, баяғы күш-қайраттың кеміп, бойдың да, ойдың да салқар тартқан тұсы. Кімнің қартайғыс келеді дейсіз, бірақ Сіз бен бізді жаратақан табиғат Ана сіз үшін өз заңын өзгерте алмайды. Жастықтың да шамының жарығы азайып, қарттық келеді оның артынан. Біздің қателігіміз де сонда, біздер дер кезінде, уақыт келген кезде мойынсұнуды білмейміз. Мойынсұну да мықтылық. Билікте болғандардың ішінен бұл мықтылықты көрсеткендері кемде-кем. Қонаев та басқаша әдеп көрсете алмады, зейнеткерлікке жасы келсе де жоғары мансаптан айрылғысы келмей, «тақтан» айрылса түк болмай қалатындай ұзақ отырды. Аптаның үш күнінде дем алып, төрт күнінде ғана жұмыс істеп, айды-айға, жылды-жылға жалғай берді. Бірақ бұл Қонаев жасаған «еңбек ережесі» емес еді, мұны Мәскеудегі сабағынан үзілгелі отырған, Брежнев бастаған политбюро мүшелерінің ойлап тапқан, өздерінің «күш-қуатына» ыңғайлап алған, әдетке айналдырған «еңбек ережесі» болатын. Бар мәселеде Мәскеуге қарап «бой түзеп» отыратын біздің коммунистер де солардай жұмыс істеп, солар секілді демалуды тез үйренген-ді. Бұл жұмыс «ережесі» кейіннен жаңа бастық-- Ғылым академиясының празидентіне де «жұғысты» болғанын әріптестері жасырмай, жамырай айтады.

Ал, Шахмардан бұл кезде нағыз дер шағында, білім де, тәжірибе де жинақтаған толысқан кезі болатын. Ол қай ортаға түссе де нар тұлғасымен, асқан шешендігімен, шалқар білімділігімен жарқырып көрініп, көптің назарын өзіне бірден аударатын және есінде ұзаққа қалып қоятын. Қашанда ол өзін еркін, сенімді ұстайтын, өйткені оның рухы асқақ, адамдығы биік еді. Табиғат берген зеректікті Шахмардан біліммен, ғылыммен толықтырды, қадір-қасиетіне жетті. Өзі айтқан «қырандарша өмір сүруім керек...» деді, солай өмір сүрді де.

Әуелі ол ұлттық бай дәстүрден, дала мәдениетінен тәлім алды. Сыр бойын жағалай қонған, ертегі-аңызы мол, жыр-термесі төгілген, иін тірескен қара халықтың ортасында, несібесін төрт түлік мал үстінен тауып, атыз, арық жағалаған диханшы қауым арасында өсті. Бала кезінен барды да көрді, жоқтың да кермек дәмін татып өсті. Ер жетіп, ел билігінің бір шеті қолына тиген кезде арманы сол халқының мұқтажын өтеу, өркендету болды, бұдан былайғы арманы бұдан да биік еді. «Жеріміз бай, өзіміз неге кедейміз?» Осы сұраққа іс жүзінде жауап беру еді бар мұраты.

Ол Абайды, Сұлтанмахмұтты, Қасымды оқыды, жатқа білді. Тағы да өзі айтқандай: «мен орыс тілін студент кезімде Маркстің «Капиталын» күні-түні жаттап үйрендім. Мұғалім жаттаған сөзімді бұзып, сұрақ қойса да бәрібір мен сол жаттағанымды басынан қайта айтатынмын. Талабымды бағалаған болар мұғалімім бетіме қарап бір күлді де төрт деген баға қойып берді». Кейіннен ол Пушкин, Лермонтов, Есенин өлеңдерін түп нұсқадан оқып, жаттап үйренді. Зеректігі әкесі Жорабекке, шешендігі елдің сөзін сөйлеп, жоғын жоқтаған батыр бабалары Маңдай мен Дербісалға тартып тұрды. Шахмарданда көш бастайтын көсемдік, сөз бастайтын шешендік, бәрі-бәрі бар-ды.



***

Каталог: uploads -> files
files -> Гүлсім Оразалықызы оржановтар әулеті қазақ МҰнайының ардақтылары «Қазақ мұнайының ардақтылары»
files -> Гүлсім Оразалықызы Нұртас Оңдасынов туралы естеліктер
files -> Конкурса научных работ среди школьников «turan-junior-2016» Секция «Физика, техника, науки о земле и космосе»
files -> «Қазақ мұнайының а р дақтылары»
files -> Ізтілеуова салтанат далбайқызы
files -> Махамбет қай жылы туғАН? Тұрлыбай Бақыт Серікқызы
files -> ҚазақТЫҢ хас батыры -аттила (еділ батыр)
files -> Формы и методы подготовки учащихся к итоговой аттестации по обществознанию


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет