Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»


ҚК(б)П Орталық комитетінің 1945 жылғы 14



бет138/271
Дата22.12.2021
өлшемі10,61 Mb.
#440
түріБағдарламасы
1   ...   134   135   136   137   138   139   140   141   ...   271
ҚК(б)П Орталық комитетінің 1945 жылғы 14-тамыздағы Морозовтың рецензиясынан туындаған бұл ресми пікірдің негізінде «Қазақ ССР тарихының» екінші басылымын дайындау туралы» қаулы қабылдады. Қаулының авторлары Қазақстанның – төңкеріске дейінгі дәуір туралы жазылған тұсты сынға алды: ол кезең – әлеуметтік-экономикалық даму, тап күресі тарихы тұрғысынан емес, қазақтардың тәуелсіздік үшін күресінің тарихы болып жазылған. Қазақ сұлтандарының тонаушылық жорықтары мен (Қаратай сұлтан) шынайы ұлт-азаттық қозғалысты шатастыруға болмайды. «Қазақ ССР тарихында» халықтың санасында ұлттық қаһарманы болып келген Едіге мадақталған. Кенесары туралы берілген баға «біржақты, бұл қозғалыстың ішкі қайшылықтары ескерілмеген»,– деген ескерту жасалды. Бұл қаулының кесірі аз болмады. Ең бастысы, қазақ халқының тарихындағы ұлттық сананы оятқан қаһармандардың жаппай сынға алынуына жол ашты. Осы қаулыдан аттай бір жыл бұрын партия хатшысы Ж.Шаяхметов (Сталинге еліктеп) майдандағы қазақ жауынгерлерін олардың батыр бабалары – Абылай, Сырым, Исатай, Махамбет, Кенесары, Наурызбай – аруағымен рухтануға шақырған еді (Қазақ халқының жауынгерлік дәстүрі. «Социалистік Қазақстан», 1944, 18.VШ.).

Кейін бірінші хатшыға бұл сөздерінен бас тартуына тура келді. 1945 жылғы қаулы халқымыздың соғыс кезінде ояна бастаған ұлттық, тарихи санасына нұқсан келтіргенін алдағы оқиғалар дәлелдеді.

Ұлтшылдықпен күрес науқанының отына түскен бірден бір тұлға талантты тарихшы Ермұқан Бекмаханов болды. Оның бірнеше себептері бар еді. «Қазақ ССР тарихының» дау туғызған Кенесары көтерілісі тарауын жазу Бекмахановқа тапсырылған еді. Ал 1943 жылы 28-маусымда ол «Қазақтардың Кенесары Қасымов бастаған азаттық күресі (1837-1847)» тақырыбында Мәскеудің Тарих институтында кандидаттық диссертация қорғады. Іле-шала бұл мәселені кеңейтіп, 1946 жылы 31 жасар ғалым «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» деген монографиясы бойынша докторлық диссертация қорғады. Бұл еңбегі 1947 жылы М.П.Вяткиннің редакциясымен Алматыда жарық көрді. Кітаптың бір бөлігі Кенесарының қозғалысын қамтыды. 1946 жылы Бекмаханов Қазақстан Ғылым академиясы Тарих, археология және этнография институтының директоры С.С.В.Юшковтың орынбасарлығына тағайындалды.

Осының бәрі, жас ғалымның зор табыстары, кейбір күншілдерге шаншудай тиді. Бұрынғы «Қазақ ССР тарихына» байланысты айтылып жүрген сын пікірлер, енді тікелей тек Бекмахановқа қана бағытталды. Тактикалық жағынан алғанда, бүкіл авторлар ұжымымен күресуден көрі бір адамды омақастыру оңай болатын. Мұқым елде орын алып отырған идеологиялық шарпысулар да Қазақстанда тағы да ұлтшылдыққа қарсы науқан ашуға орайлы жағдай жасады.

Бұл науқан қазақ топырағында еселене жаңғырып, «ескі феодалдық қоғамды дәріптейтін буржуазияшыл ұлтшылдыққа қарсы күреске» ұласты. Осы ретте ҚК(б)П Орталық комитетінің 1947 жылғы 21-қаңтардағы «Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» қаулысының кесірі зор болды. Зиялы қауымның дарынды өкілдері негізгі нысанаға алынып, кез-келген белсенді ғалымсымақтарға олардың көзіне топырақ шаша алатындай мүмкіндік берілді, сөйтіп, тұлғалар қорғансыз жағдайда қалды... Бұл дүрмек тарихшылардың да берекесін алып, дегбірін кетірді, 1947 жылы 5-наурызда М.Ақынжанов пен Ә.Тұрсынбаев «Казахстанская правда» газетінде жарияланған «Профессор Маргулан извращает историю» деген мақаласында оны «пантюркист», орыс және қазақ халықтары достығының тамырын «қопарушы» деп айыптады. Тарих институтының сессиясында сол жылы мамыр айында Х.Г.Х.Ғ.Айдарова «Қазақстан тарихы мәселелеріндегі ұлтшылдық бұрмалаушылық» тақырыпта баяндама жасады. Мұндай сынау, орынсыз саяси кінә тағу ғалымдардың азаматтық арын таптап, сағын сындырудан басқа еш нәтиже бермеді. Ал бұл дарынсыз күншілдерге ғана жол ашты. Кадрлар жоғары оқу орындарынан да қуыла бастады... «Идеологиялық айқаста» ғылымға қатысы жоқ партократтар жөнсіз белсенділік байқатты. Мысалы, Алматы қалалық парткомының хатшысы Т.Ысқақов ҚазМУ-дің орта ғасыр тарихының оқытушысы Я.Д.Серовайскийді шетел тарихшыларының еңбегін пайдаланғаны үшін сынады. ҚК(б)П Орталық комитеті идеология бөлімін басқарушы И.П.Храмков БК(б)П Орталық комитетіне «түзету» жасап, тек Батысқа бас игені үшін емес, Шығысқа бас игендерді (әрине, қазақтарды) да айыптауға шақырды. Осындай өрескелдікті сезген Ж.Шаяхметов 1948 жылы наурызда ҚК(б)П Орталық комитетінің Пленумында:«Өткеннің бәрін жамандай беруге болмас»,– деп тоқтау айтуға мәжбүр болды. Дегенмен, саяси науқанды тоқтатпақ түгіл, одан өзі де шыға алмады».

Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің 1947 жылғы «Қазақ ССР Ғылым Академиясы Тіл және Әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» қаулысына орай академик Сақтаған Бәйішевтің «Профессор М.Әуезов ескіліктің шырмауында» атты мақаласы «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланғаннан кейін, іле «қазақ әдебиетінің тарихына» қатысты сындар жаппай басылып жатты Бұл науқанның екпіні қанша қатты болғанымен де, тұтқынға түскендерді және репрессияға ұшырағандарды жазалау сияқты уақытша әскери, саяси қысыммен шектелді.

Бір таңданарлығы, тура сол жылы, осы қаулыдан кейін, яғни, 1947 жылдың 14-қыркүйегі күні «Социалистік Қазақстанда» «хан Кененің қаза тапқанына 100 жыл толуына орай «Кенесары Қасымов» деген көлемді мақала жарияланды. Мақала авторы Ермахан Бекмаханов. Алдағы болатын баяндауларға тікелей қатысы бар, ондағы айтылатын әшкерелеулерге мүлдем қарама-қарсы, байыпты пайыммен, жақсы ниетте, «қара дүлейдің» қарсаңында жазылған бұл пікірді таң қала отырып ықшамдап ұсынамыз:

Е.Бекмаханов: «Кенесары Қасымов. (Қаза тапқанына 100 жыл толуына): «Қазақ халқының 1837-47 жылдардағы үлкен ұлт азаттығы қозғалысының басшысы Кенесары Қасымовтың қаза тапқанына биыл 100 жыл толды. Кенесарының қимылы Қазақстанның тарихында, қазақ халқының келешектегі тағдырын белгілеген өзгерісті кезеңмен тұстас келді. Көшпелі қазақ ауылының шаруашылығына товарлы-ақшалы қарым-қатынастың енуіне байланысты Қазақстанның экономикасында үлкен өзгерістер болды, ал, Қазақстанның саяси тұрмысын алатын болсақ бұл дәуірде қазақ хандықтары: 1822 жылы – Орта жүзде, 1824 жылы – Кіші жүзде хандық жойылды.



Қазақ даласына бір жағынан патшалы Ресей, екінші жағынан Орта Азия хандықтары шабуыл жасауда болды. Қазақстанның ол кездегі сыртқы саяси жағдайы осыған қарай белгіленді. Патша үкіметі мен Орта Азия хандықтарының басқыншылық саясатына қазақ халқы күшті қарсылық көрсетті. Қазақ халқының ұлт азаттығы күресін Кенесары Қасымов бастап шықты. Екі жақпен бірдей арпалысуға күші жетпейтінін, қазақ халқының саяси тәуелсіздігін сақтап қала алмайтындығын Кенесары көтерілістің алғашқы күндерінде-ақ түсінді. Сондықтан, Орта Азия хандықтарына ең алдымен Қоқан хандығына қарсы күресе отырып Кенесары соғыс қимылдарын тоқтату туралы патша өкімет орындарымен келісуге тырысты, өйткені, патшалы Россия сияқты қуатты елге қарсы күрестен нәтиже шықпайтынын жақсы білді».

Бұл, әрине, ағылшын барлауына көрсетілген қызмет ретінде бағаланды.



Е.Бекмаханов (жалғасы): «Кенесарының көтерілісі Россия патшалығына, Орта Азия хандықтарына қарсы, отаршылдыққа қарсы азаттық сипаттағы көтеріліс болды. Кенесарының қозғалысында ішкі күрес жоғарыда айтылған негізгі мақсатқа бағындырылды. Ішкі күрес отаршылдыққа қарсы күреспен ұштасты, өйткені, ел билеген сұлтан-провительдер, аға сұлтандар патша өкіметінің сенімді одақтасы болды. Кенесары патша үкіметі мен Қоқан мен Хиуа тартып алған қазақ жерлерін қайтару, Россияның қарамағында қазақ халқының біртұтас мемлекетін құру ұранымен күреске шықты.

Кенесары бастаған күрес 10 жылға созылды, үш жүзге тегіс таралды. Бұл күреске қазақ халқының қалың бұқарасы – кедейлер, егіншілер, жатақтар кеңінен қатысты. Сондықтан Кенесары қозғалысының бүкілхалықтық сипаты болды. Өздерінің мақсаттары үшін, ең алдымен, тартып алынған жайлауларын, жайылымдарын қайтару үшін күрескен қалың бұқараның қатысуы көтерілістің кең өріс алуын қамтамасыз етті. Бірақ, көтеріліске басшылық қалың бұқараның қолында болған жоқ, Қазақстанның патриархалдық-феодалдық бытыраңқылығын жойып, Россияның қарамағындағы қазақтың біртұтас мемлекетін құруды көздеген орташа феодалдық топтардың қолында болды. Көтеріліске қатысқан күштердің мұндай бөлінуі заңды еді, өйткені, көтеріліс Қазақстанда патриархалдық-феодалдық қоғам қатынасы, рушылдық тұрмыс қалпы үстем болып тұрған жағдайда өтті.

Бір жағынан патшалы Россияның, екінші жағынан Орта Азия хандықтарының шапқыншылығына ұшырап тұрған жағдайда Қазақстанның саяси тәуелсіздігін тек іргелес мемлекеттердің біріне сүйенгенде ғана сақтап қалуға болатын еді. Өзінің сыртқы саясатында Кенесары патшалы Россияға сүйенуге тырысты, өктемдік тәртіп орнатушы, артта қалған Орта Азия хандықтарына бағынудан бас тартты. Кенесарының Россияға бағыт бұруының ең бірінші себебі – Россия қуатты мемлекет болды. Мұны түсінген Кенесары өзінің серіктеріне: «Россия барлық мемлекеттерден үлкен, орыс патшасы барлық патшаларға аға»,– деді. Оның үстіне Кіші жүз бен Орта жүз қазақтарының шекарадағы орыс халықымен, патша үкіметінің басқыншылық саясатына ешқандай қатысы жоқ халықпен, ежелден бері сауда-экономикалық қатынас жасауы да Кенесарының Россияға бет бұруына себеп болды.

Сол себепті де көтерілістің алғашқы күндерінен бастап Кенесары соғыс қимылдарын тоқтату туралы, екі арадағы жанжалды бейбітшілікпен бітіру туралы Батыс-Сібір генерал-губернаторы Горшаковпен келісуге тырысты. Бірақ Горшаков мұндай келіссөздерді бастаудан бас тартты. Ол өзінің хаттарының бірінде былай деп жазды: «Қазақ даласында бейбастақтық туғызған айыпкерлермен келіссөздер жүргізуден, әсіресе, олардың император патшаға, сөзсіз бағынудан басқа қандай да болса шарт қоюына аз да болса желеу беруді лайықсыз тауып, мен Кенесарының хатын жауапсыз қалдырдым».

Көтерілістің өнбойына Кенесары Батыс-Сібір өкімет орындарына қарсы күресе отырып, Орынбордың өкімет орындарымен және орталық өкіметпен келісуге тырысты. Кенесары Россияның қарауында болуға ризалық білдірді, бұнымен бірге қазақ жерінің қайтарылуын, Россияның қоластында қазақ халқының тәуелсіз мемлекеттігі сақталуын шарт етіп қойды. Бірақ, бұл шарт патшалы Россияға тиімсіз болды.

Патшалы Россия қазақ даласымен жер жөнінде ғана шектес болып, мемлекет шекарасын сақтау үшін қазақ елімен тек байланыс жасап келген дәуір өткен еді. ХІХ ғасыр патшалы Россия алдына жаңа шапқыншылқ міндет – Орта Азияға шабуыл жасау міндетін қойды, ал Қазақстан бұл жолдағы белгілі бір белес болды.

ХІХ ғасырдың 40-шы жылдарында патшалы Россия алдына Қазақстанды бір жолата өзіне қосып алу, оны Орта Азия хандықтарына және Алатау қырғыздарына одан ары шабуыл жасау қамалына айналдыру міндеті қойылды. Орта Азия мен екі арадағы сауданы күшейту мүдделері ғана емес, Орта Азияда ағылшын-орыс бәсекесінің күшейгендігі осы міндетті алға тартты. Орта Азияда бекінбейінше патшалы Россия өзінің Орта Азиядағы мүдделерін қорғай алмайтын еді. Сол себепті патшалы Россия Кенесарының талабын қабылдамады.

1844 жылдың өзінде граф П.Д.Киселевтің Бөкей ордасындағы жағдай туралы баяндамасына Николай І: «Патшалықтың ішінде екінші патшалық болуы мүмкін емес»,– деп бұрыштама соқты. Осы бірауыз сөздің өзі Бөкей ордасының келте автономиясының тамырын қырқып қана қоймай, автономия туралы ниеттің қандайына болса да, біржолата тиым салғандық еді. Мұндай жағдайда Кенесары талабы көріне үмітсіз талап болды.

Кенесарының бұл өзгерістері қандай болды? Кенесары өзінің мемлекетін жеке адамдар арқылы басқарды. Бұл адамдар сот, дипломатия, финанс, елден мал-мүлік жинау мәселелерімен, соғыс ісімен шұғылданды. Ханның жанындағы Жоғарғы Кеңеске тек феодалдардың орта топтарының өкілдері мен батырлардың бірсыпырасы қатысты. Жер-жерде өкімет жұмыстары жасауылдар арқылы орындалып отырды. Әр документтерінде бұл жасауылдар «Кенесары комиссарлары» деп аталады.

Кенесарының мемлекет аппаратында жасаған өзгерістері феодалдық негізде құрылған мемлекеттің бір орталыққа бағындырылуына жағдай туғызды. Сот – право жөніндегі өзгеріс сот істерінің қаралуын жақсарту, барымтаны, ел арасындағы жаугершілікті тоқтатуды, өштескен руларды татуластыруды көздеді. Кенесары әдет-ғұрып правосына бірсыпыра өзгерістер енгізді, оның ішінде ру байларының сотын жойып, сот істерін өзі тағайындаған билер мен жасауылдардың қолына берді, оларды граф деп атады. Кенесарының ордасында болған хорунжий Орманов: «Кенесары жоғарыда аталған билерге жолдаған хатын жіберді, олар бұл адресте граф деп аталған» –дейді. Ақылы істерді қарау тәртібін үшке бөлуге болады: 1. Кенесарының қармағындағы руларға қатысы бар барымта, кісі өлімі жөніндегі сот істерін қарау. 2. Кенесарының қармағынан тыс рулардың істерін қарау. 3. Кенесарының қармағындағы қазақтар мен патшаның қоластындағы қазақтар арасындағы істерді қарау.

Кенесары өзінің қармағындағы қазақтардың малын беталды барымталауға қатты тиым салды, барымталанған малды иелеріне дереу қайтарып отырды. Өзінің туысқаны Көшек сұлтанға Кенесары барымталанған жылқыларды «құлынына дейін қалдырмай» қайтаруға бұйырды. Арғын руларының өкілдері қыпшақтардан мал талап етіп Кенесарыға арыз ете келгенде, Кенесары өзінің жасауылдары – Масақ пен Кенжеге:«Арғындардың талабын орындауға» – бұйырды.

Салық жөнінде Кенесары жеке феодалдардың алымдары орынына, хан қазынасының пайдасына алынатын бірыңғай салық шығаруға тырысты, сөйтіп феодалдық алымдар орнына мемлекет салығын шығармақ болды. Кенесарыға бағынған ауылдар Хиуа мен Қоқан хандарына салық төлеуді, сол сияқты үкіметке түтін алымын төлеуді тоқтатты. Мұның өзі қазаққа салық жөнінде едәуір жеңілдік болды. Бірақ, соғыс жағдайында Кенесары амалсыздан әртүрлі алым салықты қаталдықпен өндіріп отырды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   134   135   136   137   138   139   140   141   ...   271




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет