Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет21/105
Дата05.02.2022
өлшемі7,42 Mb.
#14563
түріБағдарламасы
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   105
Мұқанов өзiнiң шығармаларындағы бет ашарында: «Кейбiр өлеңдер маңызсыз болса да, менiң өсу, өркендеуiмдi көрсетуге материал болатын сықылды болған соң енгiздiм», – дейдi.
Жансүгiров өзiнiң беташарында: «Жазылған өлеңдер әр мезгiлдiң кезiнде жазылғаннан түзетiлмей, өзгертiлмей, басылған күйiнде қалдырылды. Өлеңдi оқушыға, жазушыны сынауға мүмкiн қатар материал беру үшiн жазушының бүгiнгi бағытында, пiкiрiне қарсы келетiн, көркемдiк жағынан нашар өлеңдер де кiргiзiлдi», – дейдi.
Сөйтiп, бұл жазушылардың қай-қайсысы болса да жинақтарын баспаға берерде қарап тексерген, мұнда өзiнiң бүгiнгi бағытына, саяси жолына қарсы келетiн зиянды шығармалар бар екенiн әбден бiлген, бiрақ, бiле тұра жұртшылыққа пайдасыз, зиянды шығармаларды баспаға жiберген. Қата, залалды шығармаларды жинаққа кiргiзудегi бұлардың бiр-ақ дәлелi бар, ол – өздерiн жұртшылықтың о жақ-бұ жағынан толық сынауға жеткiлiктi материал беру. Бұлардың «теориясы» бойынша советке қарсы, ұлтшылдық идеялы, iрiк-шiрiк пiкiрлi барлық шығармаларды әдейi басып шығарып, соны сынау керек көрiнедi. Бұл нағыз зиянды «теория», зиянды пiкiрге жол бергендiк, жат идеологияға трибуна бергендiк деп осыны айтады».
Мiне, мәселенi қайда әкеп тiреп отыр. Ол өзiнше «контрабанданың» жаңа түрiн әшкерелеп, науқанға барынша пайдалы болуға тырысады. Әдебиетке жаны ашығансығанымен, оның көздегенi мүлдем басқа нысана. Яғни, Iлиястың, Мұхтардың, Сәбиттiң өмiрiн қарауылға iлiндiрген. Шүрiппенi басатындар басқалар ғой. Әрине, Бейiмбеттiң тағдырының «немен аяқталғаны» сол кездегi оқырмандаға ғана емес, кейiнгi ұрпақтарға да мәлім. Яғни, осы шiлде айында Би-ағаң «қолды болған». Белгiсiз сыншы пiкiрiн одан әрi былай жалғастырады.
«Әуезовтың жинағына 1921-25 жылдардың арасындағы жазған әңгiмелерi кiрген. Қай әңгiмесiн алсақ та, қазақтың, ескi ауылдың ақсақал, байлар билеген рушылдық тұрмыс-салты өзгермеген қалпын суреттегенiн көресiң. Осы ескi ауылды суреттеп жазғанда, Әуезов өткеннiң азғын, жауыздық, әдiлетсiздiк қылықтарын әшкерелеп, бүгiнгi күннiң сотына тартып, бүгiнгi жұртшылықты сол өткеннiң оңбағандық қылықтарынан жирендiре жазбайды, әңгiменiң барлық жерiнде сол ескiлiктi көксейдi, арман етедi, қазақ байларының феодалдық тұрмыс-салты, олардың салтанаты Әуезовке өмiрдiң ең бақытты «ұжмағы» сияқты. Әуезовке совет тұрмысындағы жаңалықтың бәрi жат, совет заңының сәулесi қазақ даласына жетпеген, дала жынданған, құтырған боран астында жансыз өлiк сияқты. Әуезов ол кезде даланы былай таныған:
«Дала жайылған кебiнге ұқсайды, алыстағы биiк жота жұмырланған пiшiнмен тiршiлiктi көмген молаға ұқсайды... Ақ дала меңіреу болып түнеруде. Қайғылы сары бел боран әкелiп тұрған ақ киiмiн қымтай түсiп жата бердi» (58 –60 бет)».
Бұл арада мақала авторы Мұхтардың бұл әңгiмелерiнде революциядан бұрынғы қазақ даласы суреттелгенiн «ұмытып кетедi». Көркемдiк талдауда шаруасы жоқ. Өйткенi бұл үзiндi мына пiкiрдi айту үшiн керек болып тұр ғой:
«Қазақ даласын совет келгеннен берi қара пәле қаптаған деп суреттеу, ақ боран астындағы өлiктей етiп суреттеу ұлтшыл жазушының шығармаларындағы негiзгi идеялық мотивi болатын. Әуезовтің бұл әңгiмесiнiң сарыны да сол iзбен кеткен сарын. Совет үкiметiнiң жолына, саясатына қарсы жазылған бұл әңгiмелердiң бүгiнгi жұртшылыққа қаншалықты керек екенiн автор Әуезов те, кiрiспе сөз жазған Мұқанов та, редактор Жаманқұлов та түсiнсе керек едi. Бiрақ практикада бұлай болмай шықты, ұлтшыл бағыттағы әңгiмелердi басып шығарды.
Әуезовтың бұл жинағына кiрiспе сөз жазған Мұқанов жолдас былай дейдi: «Олай болса идеология жағынан пролетариаттық болмағанымен, Мұхтардың бұл әңгiмелерi арқылы ескi ауылдың кейбiр шындықтарын, даналықтарын, еңбекшiге iстеген зорлығын аз да болса көремiз... Осы басып отырған әңгiмелер болсын, басқа еңбектерi болсын, идеологиясын былай қойғанда Мұхтардың iрi суретшi екенiне айқын дәлел» (5-бет). Өзi идеология жағынан жат, зиянды болсын, сүйтсе де, ол бiзге пайдалы, керек нәрсе» – дейдi. Осындайда жауапсыз, сүрiнiп жығылған пiкiр бола ма екен? Мұқановтың бұл сөзiнiң баяғы Сұлтанбек Қожановтың алашорда ақыны Жұмабаевтың «контрреволюцияшыл өлеңдерi жинағына жазған сөз басынан несi кем?
Егер, шығарма пiкiр, идея жағынан бiзге қарсы, залалды болса, ол шығармада ешбiр шындық жоқ, ондағы көркемдiк жат идеяға бағынулы болады. Идеясыз, пiкiрсiз ешбiр көркемдiк – көркемдiк болып танымайды. Мұқанов жолдас Әуезовтің шығармаларының зиянды пiкiрлерiн ашып, алдын ала жұртшылыққа ескертiп айтамын деп, өзi терiс пiкiрлер ұсынып отыр. Мұқанов шын қырағы болса, Әуезовтің бұл әңгiмелерiн бастырмауы керек едi. Бiрақ, бұған Мұқановтың да, Жаманқұловтың да большевиктiк батылы жетпеген. Жазушылар ұйымы бұл сорақылықты да көрмедi, бұл жайында жұмған аузын ашпай отыр».
Мынадай айыптаулардан кейiн «жұмған ауыздар» ашылмай қоймады. Сыншы-идеолог өзiне қажеттi сөздердi де дәл тауып, логикалық тұрғыдан сондай шебер қиыстыра бiлген. Бұл да «мақсат жолындағы күрестiң» бiр оңтайлы тәсiлi. Ең пасық, опасыз түрi. Әуезовтің «шаруасын бiтiрiп» алған соң, Iлиясқа, Сәбитке ауысып, Р.Жаманқұловтың сыбағасын бердi. Оларға тағылған айыптың құны тым қымбатқа түстi. Iлиястың өлеңдерiнiң идеялық «контрабанда» екендiгiн дәлелдей келiп:



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   105




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет