Туған жердің батырларына мың тағзым!
Ырғыз ауданы, М.Төлегенов атындағы ЖББОМ
Садық Санжар Нұрабайұлы
5-сынып оқушысы
Жетекшісі: Жайшылықова Айнұр Қанатбайқызы
«Біздің жүрегіміз темір емес. Бірақ біз қандай темірді болса да ерітіп , күйдіріп жібере аламыз, біздің үрейді жеңетін ең күшті қаруымыз бар, ол – Отанға деген сүйіспеншілік»
Б.Момышұлы
1941 жылы 22 маусымда басталған Ұлы Отан соғысына ел басына күн туғанда, біздің ата – әжелеріміз де қолына қару алып, елін, жерін қорғау үшін майдан алаңына аттанды. Иә, соғыстың алғашқы күндерінен бастап – ақ сан миллиондаған адамдар Отанын жаудан қорғауда кеудесін оққа төседі, жанын қиды. Осындай қиын қыстау кезеңдерде «Біздің ісіміз әділ, жауды талқандап, жеңіп шығамыз!» деген ұран әр жауынгердің көкейінде болып, майдан шебінде жүрген әр сарбазға күш бергендей жігерлендіре, рухтандыра түскені ақиқат. Ақыры, біз жеңіске жеттік.
Бірақ , бұл жеңіс оңайлықпен келген жоқ. 1418 күнге созылған сұрапыл соғыста Жеңіс күнін жақындатқан, қара түнек фашизмге қарсы жан аямай күрескен миллиондаған ата –әжелеріміз мерт болды, мүгедек болып қалды. Келешек ұрпағы үшін, Отаны үшін, елі мен жері үшін аянбай соғысқан батырларымыздың қан кешкен әрбір қадамы, жеңісті жақындата түскен әрбір күні ұмытылмайды! Осы сұрапыл соғыста жеңістің басты себебі, әрине, халқымыздың Отанға деген сүйіспеншілігі, қайтпас қайсар ерлігі, отаншылдық қасиеті.
Сын сағатта Кеңес Одағын мекендеген барлық халық бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, Отанын қорғады. Осыдан 75 жыл бұрын, Кеңес армиясының қатарында ел қорғауға аттанып, зұлым жаумен шайқасқандардың ішінде менің туған ауылым Ақши ауылынан шыққан аталарымыз да болды. Менің атам Еспенов Сәрсенғали Ұлы Отан соғысы жылдарында еңбек армиясында болған. 1984 жылы туған. Колхозда ферма басқарушысы болып еңбек еткен. Ескілікті әңгімелерді, ұлағатты шежірені көп білетін , сол білгендерін тартымды етіп айтатын , сондай қасиеттерімен өзінен кейінгілерге жақсы үлгі-өнеге қалдырған. Аңшылық, саятшылық кәсіппен айналысқан. Сөйлегенде даусы өте зор еді деп айтып отырады көзін көрген үлкендер. Қара дәу деп атайды екен сол заманда замандастары.
Сәрсенғали атамның бауыры Күсепов Шүйіншалы атамда 1893 жылы туған. Колхоз және совхоз шаруашылықтарында әртүрлі жұмыстар атқарған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Бірнеше медальдармен марапатталған. Інілері Дербісәлі, Хасен аталар соғыстан қайтпаған. Шүйіншалы атамда ескіше сауатты, молдалығы болған. Көне, ескілікті ғибратты әңгімелерді, ру шежірелерін жақсы білетіндігімен ел есінде сақталып қалған.
Бержанов Қалмырза ата 1908 жылы туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан, алғы шепте болып, қиян – кескі ұрыстардың бірінде неміс әскерлеріне тұтқынға түскен. Соғыстан кейінгі бүкіл ғұмырында ұсталық кәіппен айналысты дейді немересі Берікқали аға. Ақши бойындағы алғашқы қоныстағы үйлерді, қазіргі осы Ақши ауылындағы қоныстанушылардың үйлерін салуға көп еңбек сіңірді. Ауылда бұрын салынған үйлердің есіктері, терезелері осы атаның қолымен жасалған. Жеке үлкен шеберхана ашып, онда ферма техникаларының, олардың тіркемелерінің / шөп шабатын косилка, тырма, т.б / қосалқы бөлшектерін жөндеген. Қалмырза атаның шеберханасы ауыл үшін МТМ – нің міндетін атқарған екен.
Демесінов Пірмағанбет 1910 жылы өмірге келген. Қызылпартизан мектебінің алғашқы мұғалімдерінің бірі болған. Бастауыш кластарға сабақ берген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. «Отан соғысы» орденімен, бірнеше медальдармен наградталған. Пірмағанбет атамыз жас кезінен халықтың батырлық және лиро –эпостық жырларын жатқа айтуға дағдыланған. Кейін аймаққа белгілі жыршы болған. Халық ауыз әдебиетінің «Алпамыс», «Ертарғын», «Қыз Жібек» секілді жыр – дастандарымен бірге, Жөкей жыраудың «Құл мен Қыз», «Опасыз жар», «Дәме сұлу», «Орқабай», «Елемес - Аман» т.б жыр – дастандарын, хиссаларын орындаған.
Адамзат баласына үлкен қасірет, қайғы әкелген бұл соғысқа Қазақстан жерінен бір миллион үш жүз алпыс алты мың жауынгер аттанып, алты жүз мың жауынгер майдан даласынан қайта оралмады. Хабар ошарсыз кеткен адамдардың сүйегінің қай жерде жерленгені туыстарына әлі белгісіз.
Соғыс жалмап аға–іні,бауырды.
Зар жылатты тыныш жатқан ауылды,
Жалғызынан айырыпты ананы,
Әкесінен айырыпты баланы.
Иә, соғыс салған жара әлі жазылған жоқ. Соғыс кезінде жақынынан айырылмаған жанұя жоқ шығар, сірә! Сұм соғыс салған зардаптар бүтіндей бір әулеттің түбіне жетіп, ошағын өшіріп, ананы жесір, баланы жетім қалдырды. Адамзат баласын табанына таптағалы аласұра ұмтылған фашизмді талқандауда Қазақстан азаматтарының жасаған ерліктерін елемей кету мүмкін емес. Болашақты қара түнектен арылту, азаттық алу үшін бостандық сүйгіш жұрт Отан үшін қан төгіп, жер жастандырылды. Қазақ елі басына күн туғанда шыбын жанын қу шүберекке түйген батыл, қаһарман халық болған. Ұлан – байтақ даласының біртұтам жері үшін қорқыныш сезімін жүрегінен суырып тастаған қазақ халқының айқас алаңдарында қаймықпай соғысқанына , өшпес ерлік көрсеткеніне жүз қазақтың Кеңестер Одағының батыры атағын алғаны дәлел болып отыр.
«Жеңіс – оңайлықпен келген жоқ» Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен ерлер мәңгі есімізде, оларға қамқорлық жасау - бүгінгі ұрпақ, біздің қасиетті парызымыз. Ардагерлер сыйлаған жарқын болашағымызды Отанымызды сүйіп, бағалауымыз керек.
Биыл елімізде үлкен той Ұлы Отан соғысының 75 жылдық мерей тойын атап өтпекпіз. 75 жылдық Ұлы Жеңіс тойын талай ерлік көрсеткен ардагерлер, қажырлы еңбегімен жеңісті шыңдаған тыл ардагерлері, Ұлы Жеңістің құрдастары тойлайды. Ұлы Жеңіс күнін елі мен жері үшін жанын қиған, туысқандарына, туған жеріне, оралмай қалған ерлерді бүкіл халық еске алады. Ардагерлердің қаһарман ерлердің бастарына гүл шоқтарын қойып, тағзым етеміз. «Желбіре, жеңіс жалауы», «Ұлы батырлар мәңгі есімізде», «Ешкім де ешнәрседе ұмытылмайды» деген ұран сөздермен аяқтағым келіп отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |