Біз жеңістің мұрагеріміз!
Қарғалы ауданы, «№1 Бадамша орта мектебі» ҚММ
Малько Жасмин
7 «Б» сынып оқушысы
Жетекші: Жиенгазина Жайнагул Айтмаганбетовна
Жерге тер төгіп, халыққа қан төгіп,
қызмет етуден аянба
Б.Момышұлы
1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы СССР құрамындағы халықтар үшін қасіретті бет қана емес, сонымен қатар ол халықтарымыздың теңдесі жоқ ерлігі мен қажыр-қайратының бірлігінің дәлелі. Бейбіт күн кешіп жатқан еңбек адамдары үшін 22 маусым күні радиодан берілген суық хабар ертеңгі күнге деген сенімдерін жоғалтып, есеңгіретті. Біреудің күйеуі, біреудің баласы өз еркімен немесе әскери шақыртумен майдан алаңына аттанып жатты. Біздің ауданнан Отан қорғауға 4500-дей адам аттанса, оның 1265-і аман оралған, ал 629 майдангер бейбіт күннің дәмін толық тата алмай, мезгілінен бұрын көз жұмған.
«Барлығы фронт үшін, барлығы Жеңіс үшін» лозунгі қарттар, әйелдер мен балалардың күнделікті ұранына айналды. Тыл еңбекшілері отан тәуелсіздігі үшін ұлы шайқастың тең құқылы қатысушылары болды. Жауынгерлер майдан алаңында елі үшін шайқасса, елде қалғандар күндіз майданға тек азық-түлік емес, сонымен бірге қару-жарақ, техника да жіберіп отырды. Ал түнімен бір үйге жиналып, киросинді шамшырақ жағып, соғысып жүрген жақындары үшін шұлық, қолғап тоқып, қалта дорбалар тігіпмайданғапошта арқылы жіберіп, қайта хабар күтетін.
Соғыс кезіндегі ең ауыр жұмыс – пошташының қызметі еді. Үшбұрышты қара сызығы бар қаралы суыт хабар жазылған хаттарды табыстау олар үшін өте ауыр болатын. Бұл қаралы қайғы бұлты көптеген отбасының басына төнді. Қаралы хабар келгенде ел жиылып, тиесілі мекен жайға барып көңіл айтатын. 1354 Қарғалы ауданының ерлері соғыс майданында қаза тауып, қайтып оралмады. Ауыл болып жоқтау айтып, ертеңіне тылдағы жұмыстарын атқарып жүретін. Ананың қайғысы, кішкентай баласымен қалған жесірлердің, әкесіз қалған ұл-қыздардың көз жасын ешнәрсе толтырмайды.
Ал майданда Отаны үшін соғыс алаңында күресіп жүрген жауынгерлер жазда аптап ыстыққа, қыста қақаған аяз бен бұрқыраған боранға шыдап, жауға төтеп бере білді. Алдағы мақсаты: жаудың бетін қайтарып, жеңіске жету. Ол үшін 3 жыл 10 ай және 18 күн және түн бойы жалғасқан соғыс қаншамажастарды бір күнде есейтіп жіберді, жан тыныштығын кетіріп өмір бойы жандарына жара салды. Фашистермен соғыстағы жеңіс – қуанышқа айналды. 1945-46 жылдары соғыстан жараланған, жау қолына түсіп, зорлық көрген, бірақ керемет күшпен аман қалған жауынгерлер ағылып келіп жатты. Хабарсыз кеткен тірі-өлісі белгісіз жауынгерлер қаншама...
Міне, қиямет пен қырғын қан төгістен арылып, армандап жеткен жеңісімізге биыл 75 жыл толады. Біздің мектебімізде биылғы оқу жылының басынан бастап осы атаулы күннің құрметіне түрлі шаралар ұйымдастырылды. Арнайы ардагерлерге арналған альбом жасалып, түрлі акциялар, тәрбиелік сағаттар өткізілді. «Біз Жеңістің мұрагеріміз» атты облыстық акцияның ашылу салтанатына орай концерттік шара болды. Шараға 1-11 сынып оқушылары сынып-сыныппен арнайы тіктірген әскери формаларын киді. Соғыс жылдары шырқалған әндер мен өлеңдер оқылып, оқушылар «Мәңгілік полк» жауынгерлерінің суретін кеш бойы ұстап тұрды. Мектептің жас мұғалімдері мен 8-11 сынып жігіттерінен құрылған «Біз біргеміз» еріктілер клубы қаңтар-ақпан айларында ауыл орталығындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішті «Таза обелиск» акциясын өткізді.
Ауыл халқы күндіз-түні 1941-1945 қатал соғыс жылдарында Отаны үшін шайқастарда өз өмірлерін қиған жерлестеріміздің есімдерін жақыннан оқып, олардың құрметіне гүл шоқтарын қою үшін еріктілер монументтің айналасындағы қарды тазалады. Кеш соңында еріктілер оқушылар алдында сөз сөйлеп, ескерткішке гүл шоғын қою құрметіне ие болды. Сонымен қатар соғыс жылдары туралы түрлі кітаптардан көрме ұсынылды. Бұл шаралардың барлығы Ұлы Жеңіске арналды.
Бір өкініштісі Ұлы Жеңісті сыйлаған ардагерлердің санының жыл сайын азайып келе жатқандығы. Жеңіс күні біздің ауылда жыл сайын жоғары деңгейде тойланады. Алдыңғы шепте тыл ардагерлерімен қатар соғысқа қатысқан ардагерлердің ұрпақтары ата-бабаларының суреттерін ұстап «Мәңгілік полк» сап түзеп, артынан ауыл тұрғандары ілесіп Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішке қарай барады. Бүгінгі күні ел басына түскен әлемді дүрсілкіндірген аты жаман ауру (короновирус) біздің елімізді айналып өтпеді, әйтсе де лайым осы жылы да 9 мамырға дейін бұл індетті жеңіп, жылдағыдай атаулы мерекені дүркіретіп тойласақ деймін.
Мен батыр бабаларымды мақтан тұтамын. Олар Отаны үшін, болашақ ұрпақтарының жарқын болашағы үшін мәңгілікке көз жұмды. Олардың ерлігі, есімі ел есінде мәңгі сақталады.
Достарыңызбен бөлісу: |