«Орта Азиядағы қазақ диаспорасы мен ирредентінің қалыптасу тарихы және кезеңдері» атты екінші тармағында қазақтардың ирредент және диаспора ретінде қалыптасу тарихы, оның негізгі себептері архивтік және арнайы зерттеулер негізінде қарастырылады.
Орта Азия елдеріндегі қазақтардың негізгі бөлегі Өзбекстанда орналасқан. Оның солтүстік шығысындағы (Ташкент, Сырдария, Жызақ облыстарындағы) қазақтар өз қоныстарын ата мекеніміз деп санайды. Ташкент өңіріндегі қазақтардың қалыптасу тарихында ежелгі тайпалардың орнын жоққа шығара алмаймыз. Оған қазақтың да өзбектің де тайпалық құрамындағы Үйсіндер, Қаңлы, Жалайыр, Қыпшақ, т.б. рулардың кездесетіндігі дәлел бола алады. Қаңлы тайпасы б.э.д. ІV – ІІІ ғ. Сырдың орта және төменгі ағысында ірі тайпалық одақ құрып, қазақтардың қалыптасу іргетасының нығайту күштерінің бірі болған. Қаңлылар негізінен Ниазбек, Тойтөбе, Ақжар болыстығында тұрғандығын К. Шаниязовта өз еңбегінде: «VІІІ ғасырдың 70 жылдарында қарлұқ және оғыз тайпалары мен арабтардың тегеуірінен Сырдарияның орта ағысындағы қаңлылардың тәуелсіз бірігуі өзінің өмір сүруін тоқтатты. Олардың бір бөлігі Сырдарияның орта ағысының оң жақ жағалауында көшіп-қонуын жалғастырып, қазақ, қарақалпақ халықтарының құрамына кірсе, енді бір тобы өзбектердің құрамына енді. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Ташкент уезінде қаңлының 1650 үйі болды», – деп көрсетеді 23, 92–94 бб.. Осы жөнінде В.В. Востров, М.С Мұқанов: «Ежелгі қаңлылардың қазіргі қаңлы руымен сабақтастығын жоққа шығара алмаймыз, сабақтастық әрине болды, шындығында қаңлылар Орта Азия елдерінің және Қазақстан халықтарының саяси және этникалық тағдырында маңызды рол атқарды» – деп көрсетеді 24, 32–34 бб.. Қаңлылардың Ташкент аумағында ертеден мекендегенін Ә. Қайдар да өз еңбегінде атап кетеді. Мұнан басқа дулат тайпасының да Ташкентті екі жүз жыл бойы билеу кезеңінде белгілі орны болып, ХVIII ғ. аяғына қарай қаланың билігі Жүнісқожаға өтеді. Бас кезеңінде Ташкенттің Шейхантаур бөлігіне ғана билік еткен Жүнісқожа нығайып алған соң дулаттарды Шымкентке қарай ығыстырады. Сонымен қатар Ташкент өңіріндегі Арғын, Жалайырлардың да қоныстану тарихын ХV ғасырға жатқызған М. Тынышпаевтың түйінінен Ташкент өңіріндегі қазақтардың ата қонысында отырғандығын көреміз. Ал, А.И. Левшин жоңғар шапқыншылығы зардабынан Орта Азияға өткен қазақтар жөнінде : «1723 жылы Қалдан Серен Түркістан, Ташкент және Сайрамды алғанда ұлы және орта жүздің кейбір бөлігін бағындырды. Ұлы жүздің кейбір қалған бөлігі мен аз ғана Орта жүз Ходжентке көшсе, Орта жүздің тағы бір үлкен бөлегі Самарқандқа, кіші жүздің бір тобы Хиуа мен Бұхараға көшті», – деп жазды 25, 167-б.. Сол сияқты Хиуа өңірінде қазақтардың ертеден мекендегені жөнінде И. Фальк: «Хиуада ең алғаш бөтен ұлыстан яғни қазақтан болған сұлтан Бөрі хан (Абылай ханның күйеу баласы), ал сұлтанның ұлы Батыр Хиуаның ханы бола алған жоқ»,- деп жазады 26,13-17 бб.. 1827 жылы табынның шөмішті руының көсемі Асау Бараков Хиуа хандығының қол астында болып, оларға Хиуа ханы жер беріп марапаттағанын, мысалы табындарға Шуманай мен Қиятжарғаннан бергендігін белгілі ғалым У.Х. Шалекенов те өз еңбегінде көрсетеді 4,41-б.. Ақиқатында қазақтардың бір бөлегінің Хиуа хандығына кіргендігі жөнінде мына бір архив құжатында: «Хиуа ханы Мұхамед-Рахымның кезінде 27 мың қазақ отбасын бағындырды. Оның 10 мыңы әлімұлы, 7 мыңы жетіру, 8 мыңы байұлының қазақтары болған»,- делінеді 27, 13- б.. Шұрайлы жерлерінен айырылған қазақтардың ашаршылыққа ұшыраған бір тобы Қоқан, Әндіжан, Бұхара аймағына да қоныс аударғандығы жөнінде деректер жеткілікті. Б. Бекетов Қарақалпақстан өңірінде қазақтардың қоныстануын ХVІІІ ғ. жатқызып, 1723 ж. жоңғарлардың Сырдария аудандарын басып алуы, қарақалпақ пен қазақтардың Хорезмге көшуіне себеп болды деп жазады.
Сонымен қатар Хорезм қазақтары мен қарақалпақтары 1920 жылдан 1924 жылға дейін Шөл-дала (Мырзашөл) ауданына еңбек миграциясымен барып, олар Хорезм облысының солтүстік батысына, ал, Қызылқұм қазақтары Қаракөл және Бұхара оазистеріндегі далалы аудандарға, тіпті Оңтүстік Тәжікстандағы Қорған төбе уәлаяты жерлеріне дейін жылжыйды. Қазақтардың осы аудандарға таралуы бір жағынан жайылым жерлердің сапасымен байланысты болса, екіншіден, кәсіпорындарға жалдануға құлшыныстың артуымен байланысты болды 28,349-350 пп.. Осы кезеңдерде БКХР-ның Керменин, Нұрата және Қаршы уәляаттарында: Керменин уәлаятында – 160 мың, Қаршыда – 100–мың, Гузарда – 100 мың, Бұхарада – 80 мың, Нұратада – 5 мың қазақ болған 29,7-п.. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында да отырықшылана бастаған қазақ халқы жерге байланысты да талай қысымшылықты бастан өткізді. 1922 ж. 23 желтоқсанда Мырзашөл уезі Іріжар болыстығындағы Шөл-Дала каналының оң жағындағы көлемі 57-67 шақырым келетін сол жақ тармағы 15 жыл мерзіммен Грузияға жалға беріледі. Оған қазақтар мен Қосшы Одағы қарсылық білдіріп, жердің өнімін өздері алуды, халықтан алынған 3.400 десятина жерді 10.000 десятинаға қоспай қайтаруды, өздері қазған каналды қайтаруды, егер қайтарылмаса Грузия республикасының есебінен канал қазу, егер ол орындалмаса, бұл қантөгіске әкеледі деп ескертеді 30, 33-34 пп.. Мырзашөлдегі отырықшылыққа көшкен қазақтардың жерінен ығыстырылуы да халқымыздың жергілікті өкімет тегеуірінін көргендігін байқатады.
1924–26 жж. Орта Азия халықтарының этникалық-территориялық шекараларын межелеу барысында Шыршық өзенінің батысында Ташкент уезінің Болат, Зеңгіата, Ниазбек болыстықтары мен Қауыншы станциясы төңірегінде дау болды. Шыршықтың шығысына қарай Ташкентке қарай күрішті аудандарды құрайтын алты отырықшы қазақ болыстықтары орналасқан. Қазақстан республикасына өткен өзбектер мен олар мекендеген шұрайлы жерлердің төлемі ретінде жоғарыдағы 6 отырықшы қазақ болыстықтары Өзбекстан территориясына енгізіледі 31, 20- п.. Сонымен бірге Қауыншы станциясын да қазақтарға беру, Ташкентті темір жол магистралынан бөліп тастайды деп, яғни республикаларды стратегиялық үйлестіру мақсатымен байланысты да қазақтардың бір тобы ирредентке айналады. Қазақтар бұл кезеңдерде Өзбекстанның солтүстік шығыс бөлігінде шоғырланып, сан жағынан да жоғары деңгейде болды. Ал, Бұхара аумағындағы қазақтарға бұл кезең оңай болған жоқ. Осыған байланысты К.И. Қобыландин өз мақаласында РКП(б)-ның Киробком (Қазобком-К.Б.) мүшелері Бұхара республикасындағы қазақтардың тұрмысын жақсартуды, өзбек республикасынан Бұхарадан қазақтарға жеке автономиялы облысты бөлуді және Бұхара қазақтарымен Өзбекстан Республикасының тең құқықтағы қарым-қатынасты орнатуды, қазақтардың өзіндік ұлттық дербестігін сақтауды, өзбектердің қазақтарды ассимиляциялау бағытын тоқтатуды сұрағандығын мұрағат құжаттарымен дәлелдей отырып жазады. Бірақ Бұхара республикасының Халық Нәзірі (комиссар) кеңесінің төрағасы Ф. Ходжаев БХКР тек 40 мың қазақ бар деп көрсетуіне байланысты, тек бір ақ Кенимех ауданы құрылады.
Ал, Қырғызстандағы қазақ диаспорасының тобын 1916 жылғы көтерілістер мен Қазан революциясы кезеңінде Қытайға ауып, ел тыныштала бастағанда туған жерге қайта қоныс аударуда қалып қойғандар құрайды. 1916 ж. оқиға зардабынан қашқан адам саны шамамен 100 мыңға жетеді 32, 136-п.. Мұнан кейін Кеңес өкіметінен яғни 1917–1918 жж. партизандардың қызыл отрядтары террорынан, т.б. себептермен тағы да халықтардың Қытайға қашуы кең етек алды. Бірақ 1917 ж., 1921–22 жж. жер реформасын жүргізуіне байланысты оларды елге қайтару шаралары да жүрді. Бірақ қазақтардың бір тобы елге қайта оралу барысында қазіргі Бішкектің төңірегінде, Ыстықкөлде қалып қояды. Этникалық-территорияны межелеу нәтижесінде қазақ пен қырғыз арасында да даулар болды. Ол Сусамыр, Қарқара, т.б.жайлауларына байланысты болды. Жайлауларға қатысты мәселеде, аталған жерлердің Қазақстан аумағынан жырақта болуына байланысты Қырғызстанға қалдырылады. Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы этникалық-территорияны межелеу барысында Атбашы бөлімшесінде тұратын 42 отбасы арғын-қазақтар өтініш береді. Онда былай делінеді: «Біздер 40 жыл бұрын Ақмола және Қарқара уездерінен Пішпек уезінің Атбашы бөлімшесіне малшы, жалшы болып келіп, орныққанбыз. Біз осы бөлімшеден ешжаққа көшіп-қонбай иеленудеміз. Сондықтан бізді осы жерге қалдырып, бұл жерді Қырғызстан автономиялы облысына қосуды өтінеміз» 33, 102-102а-пп. Нәтижеде 200-ге тарта қазақтар Қырғызстан республикасындағы қазақ санын көбейтті. Бүгінде Бішкек қаласының төңірегіндегі «Манас», «Алтыбарақ», «Приозерное», «Раздольное» т.б. елді мекендеріндегі қазақтардың рулық құрамын осы арғындар құрайды.
Түркіменстанның Красноводскідегі қазақтар өздерінің бұл аймақты ежелден түркімендермен қатар бірге мекендегенін айтады. Сондай-ақ солтүстікте көші-қонның қысқаруы Маңқыстаудың Үстүрттегі жайылымының аздығы да адайлардың бір бөлігін Хиуа хандығына бағынышты етті. 1851 ж. Хиуа хандығында 1000 үйдей адайлар болды.
Ал, енді түркімендер мен қазақ арасындағы шекараны айқындау мәселесі ХХ ғ. 20 жылдарында басталады. Адайлардың 200 қожалығы Красноводск уезінде тұрақты мекендеді. 7-ші Адай болыстығындағы 5 әкімшілік ауылдың 773 қожалығы Красноводск уезінің бір шетіне дейін жетеді. Мұнда негізінен Сүйіндік, Қосай рулары тұрды. 1920 ж. барлық қожалықтың 68% Қоңыратта көшіп қонып жүрді. Сонымен Түркіменстандағы қазақтардың да бір бөлігін ертеден қоныс етіп, ата-жайлауын қимай қалғандар мен басқа да тарихи оқиғалар және ХХ ғ. 50-60 жылдарында еңбек миграциясымен барғандар құрайды.
Орта Азиядағы оның ішінде Өзбекстандағы қазақ санының көбеюінің тағы бір себебі, 1942 жылы Өзбекстан өкіметі Қазақстан мемлекетінен Сарыағаш ауданы, Ташкенттің Солтүстік каналымен суландырылуына байланысты оның 34.000 га жерін сұрайды. Қазақстан өкіметі бұл тілекті ішінара қанағаттандырып, шекараны өзгеріссіз 3 жыл мерзімге 6.397 га. жерді берсе, ал, ХХ ғасырдың 50 – 60 жылдары Өзбекстанға тағы да Қазақстанның біраз жері жалға беріледі. Журналист Әділ-Бек Қаба, Өзбекстанға кеткен жер көлемін нақты материалдармен былай көрсетеді: « Жалпы 1924 – 1971 жылдары Қазақстаннан Өзбекстанға 5,1 млн га жер (Қарақалпақстанды қоспағанда) өткен. 1963 ж. 26 қаңтарда Қазақ КСР Жоғарғы Советінің Жарлығымен Өзбек КСР-не Қызылорда облысы жерінен 1150,0 мың га жер берілген. Дегенмен де 1971 ж. жоғарыда көрсетілген 5,1 млн.га. жердің біразы қайтарылды. 1963 ж. 19 қыркүйектегі Қазақ КСР – мен Өзбек КСР-нің шекарасына кейбір өзгертулер енгізу жөніндегі жарлығымен Мырзашөл, Арнасай, Достық аудандары да Өзбекстанға өтеді» 34. Елдің өтуі, әрине қазақ диаспорасының санын толықтырды.
Тәжікстандағы қазақтардың да қоныстану тарихы көбіне ұжымдастырумен байланысты. Себебі, ел арасынан жинаған деректерде олар 1928 ж. Өзбекстанның Газли (Бұхара) деген жеріне келеді, ол жерді орыстар алған соң (кеңес өкіметі кезінде) балаларымызды армияға бермейміз деп, елдің жартысы Ауғанстанға, жартысы Тәжікстанның Қорғантөбе облысы, Октябрь ауданы, Пашрабад деген ауылдың советінде 11 колхоз жайғасқандығын әңгімелейді. Әрбір ру бір колхоз болып, мәселен, Алаша, Шеркеш, Қосқұлақ, Түрікмен, Адай бір колхоз, т.с.с., Құрама бір колхоз, қазақ, өзбек, лақай бір колхоз болып кете береді. Әр колхоздың 60–80 га. жері болды 40–80 үй болды. Қорғантөбенің өзінде де қазақтар болды. Сондай ақ еңбек миграциясымен барғандар да Орта Азиядағы қазақтардың санын көбейтті. Мысалы, Өзбек КСР-не Қазақстаннан барған халықтың мөлшері барлығы – 19925 адам. Қарақалпақстанға – 975, Қырғыз КСР-не –21263 адам барған. Сонымен қазақтардың Орта Азия республикаларына таралу тарихы жоғарыда айтып өткен тарихи оқиғалармен байланысты.
Достарыңызбен бөлісу: |