«Орта Азиядағы қазақтардың рулық құрамы, орналасуы және этнодемографиясы» атты екінші бөлімде Орта Азиядағы қазақтардың рулық құрамы мен орналасуы, ХІХ ғ. 60 жылдарынан Кеңес дәуіріне дейінгі және Кеңес дәуіріндегі Орта Азиядағы қазақ диаспорасының өсу, кему динамикасы қарастырылады.
Орта Азиядағы қазақтардың рулық құрамын көрсететін екінші бөлімнің бірінші тараушасында Орта Азия республикаларындағы қазақтардың рулық құрамы мен орналасуы көрсетіледі.
Өзбекстандағы қазақтардың негізгі бөлігін ұлы жүз қазақтары құрайды. Қазіргі Ташкент облысы – ұлы жүз қазақтарының қаңлы, үйсін, шанышқылы, сіргелі, оймауыт, дархан, жалайыр, қатаған қаңлы, дулат т.б. ру орталықтарының бірі болып саналады. Сол сияқты Ташкент уезінде үйсін атауында бір қишлақтың бар екендігі жөнінде М. Тынышпаевта өз еңбегінде келтіреді 35, 9-б.. Қаңлы тайпалары ғасырлар бойы оңтүстік-батысқа қоныс аудару қалпын жалғастыра отырып, қазіргі кезеңде туыс шанышқылы тайпаларымен бірге Сырдария және Шыршықты мекендейді. Олар Сырдарияның орта ағысындағы мекенін сақтап қалып, Орта Азия мен Қазақстан халықтарының қалыптасуында, олардың саяси және этникалық тағдырында маңызды роль атқарған. Шыршық өзенінің жағалауын ертеден қазақтың қаңлы және шанышқылы рулары қоныстанған. Ташкент қаласының Сибзар бөлігінде де қаңлылар мекендеп, олар ескі Ташкенттің алаңына дейінгі жерлерде өмір сүрген. Үлкен тайпаны құрайтын қаңлылар өз ішінен бірнеше аталарға: Сары қаңлы, Қара қаңлы, Қызыл қаңлы, Қара манас, Құмырсқа, Тоғанай және т.б. қаңлылар болып бөлінеді. Бұлардың өз жаз жайлауы, қыс қыстауы ХХ ғасырдың 20-30 жылдарына дейін жалғасты. Мәселен, 1000-ға жуық Сары қаңлылардың биі Айдарбек, Қара қаңлылардыкі Есенбай би болып, жаз жайлауы Келес бойында, қыстауы Шыршық жағалауы болған. Ташкент облысындағы қазақтардың үлкен бір тобын шанышқылар құрады. Шанышқылардың шығу тегі жөнінде де әр түрлі пікірлер айтылады. Осы кезеңде Шанышқылардың тұрғылықты мекен жайы Шыршық өңірінен қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданының Қаратас селосына дейінгі жерлерде созылып жатты. Олардың 1000-ға жуық үйінің жайлауы Қазығұртта болса, қыс қыстауы Шыршықтың арғы беті, биі Құшық Тоқбаев болған. Сәрсек, Қарақалпақ, Қаратұқым, Қара бұқа, Ағанай, Саңырау, Көрпік, Дархан болып бөлінетін шанышқылар қазіргі кезеңде де осы Шыршық өзені бойындағы елді-мекендерде ата қонысын өзгертпей, бір көше бойына ру-руымен орналасып, жергілікті халықтармен қатар өмір сүруде. Сіргелілер Ташкент қаласының төңірегіне орналасып, аймақта 15-16 ғасырдан бері белгілі болып, Сырдарияға жақын жерлерде 7 мыңдай Сіргелілердің көшіп-қонған. Сол сияқты Өзбекстандағы Жалайыр руының да қоныстану тарихының тамырын белгілі тарихшы М. Тынышпаев өз еңбегінде ХІІІ–ХVІ ғасырға жатқызып: «Шыңғыс хан билігі кезеңінде төртке бөлінген Жалайырлардың бір бөлігі Шыршық және Ангрен өзені бойында нығайып «Жалайыр ордасы» деген атпен тарихта белгілі болған, сондай ақ Шағатай кезеңінен (1370 жылдан) Шыршық өзенінің жағалауында Жалайырдың Балғалы руы мекендеді. Олардың үлкен бір бөлігі Шу өзеніне қарай ығысса, кедейленген бөлігі Ангренде қалып қойған», -деп жазады 35,8 б.. Көрсетілген мәліметтер, жалайырлардың сабақтасы болуы мүмкін. Өзбекстанда жоғарыда көрсетілген рулардан басқа дулаттан тарайтын Ысты, Жаныс, Сиқым, Ботпай рулары да кездеседі. Ұлы жүз қазақтарының бұл рулары да Ташкент өңірін ежелден ата қоныс еткендігі тарихтан белгілі. Олар Қыбрай ауданы елді-мекендерінде шоғырланған. Сондай-ақ үйсіннен тараған Сарыүйсін, Ысты, Оймауыт, Ошақты, Шымыр, Жаныс т.б. рулары ұлы жүз қазақтарының ертеден Ташкент өңірін ата қоныс еткендігін дәлелдейді.
Қазақ ұлыстарының ішінде ұлы жүздер негізінен Ташкент өңірін мекендесе, орта жүзбен кіші жүз көбіне Бұхара, Науай, Самарқанд, Жызақ, т.б. облыстар мен аймақтарда кең таралды. Қазақ руларының кезінде ұйтқысы болған Қыпшақтар жөнінде белгілі ғалым К.Ш. Шаниязов: «Қыпшақтар 16-18 ғасырларда қазақ даласынан Мавереннахр мен Хорезмге қоныс аударып, жергілікті халықтардың (өзбек), тағы бір тобы Сырдарияның орта ағысы бойында қалып, қазақ халқының құрамына енген»,- деп көрсетеді 36,80-81 бб.. Сонымен бірге Өзбекстанның Ферғана, Андижан аумақтарында кездесетін қыпшақтарда ерте кезеңнен мекендеп келе жатса, Ташкент облысы, Шыршық қаласындағы қыпшақтардың бір тобы бұл өңірге келуін 1932-1933 жж. ашаршылық жылдармен байланыстырады. Қыпшақтардан басқа арғын руының: Атығай, Алтай, Тарақты, Қанжығалы, Бәсентиін аталары, Найманның Бағаналыдан тарайтын рулары мен Ақбура, Садыр, Қоңыраттың: Оразкелді, Тоқболат, Құлшығаш рулары Ташкент өңірінен басқа Ходжентте де кездесетін. Ташкент өңіріндегі арғындар жөнінде М. Тынышпаев: «Барақ ханның жорығы кезеңінде 1420 жылы қалған Керейлер (ашамайлысы) мен Арғындар (Қанжығалысы) Ташкент аймағын мекендеді», - деп жазды 35,10-б.. Қазіргі кезеңдегі арғын руынан тараған қандастарымыз Ташкент облысын өздерінің ежелден мекендейтінін, өздерінің ата-бабаларының келу тарихын 1721-1723 жж. тарихи оқиғалармен байланыстырады. Қазіргі Бұхара және Ташкент облысы Жаңа жол ауданындағы наймандардың басым бөлігінің қоныстану тарихы ерте кезеңге жатады. 1990 - 1993 жж. ел арасында болғанымызда олардың көпшілігі ата-бабасының да бірнеше ұрпақтан бері өмір сүріп келе жатқандығын әңгімеледі. Өзбекстанның Жызақ, Сырдария облыстарында шоғырланған және Бұхара, Ташкент облыстарында арагідік кездесіп қалатын қоңыраттардың тарихы да жоғарыда келтірілген оқиғалармен байланысты болды. Бұлар жөнінде Ш. Уәлиханов: «Уәли ханның тұсында (ХІХ ғасырдың бірінші ширегінде) орта жүз құрамынан бөлінген қоңыраттардың бір бөлігі қазіргі кезеңде Бұхара, Қоқан, Ташкент төңірегінде және көпшілік бөлігі Қаратау атыраптары мен Талас бойындағы өзбек руларына жақын-жерлерде көшіп-қонып жүрді», - деп көрсетеді 37, 108-б.. Бүгінде Өзбекстан аймағында Қоңыраттың Көтенші және Көктіңұлы аталарының рулары көбірек тараған.
Өзбекстандағы қазақтардың тағы бір тобының шоғырланған аймақтары негізінен Бұхара, Науай, Қашқадария, Қарақалпақстан автономиялы облыстары. Мұнда негізінен кіші жүздің Әлімұлы, Байұлы рулары, ал Өзбекстан мен Қарақалпақстанда жеті рудың: Табын, Тама, Рамадан, Жағалбайлы т.б. рулары кездеседі. Өзбекстандағы кіші жүз қазақтарын ХVІ ғасырдағы Тәуекел ханның Ташкент, Түркістан, Самарқандты басып алған ұрпақтарымен байланыстырады. Бірақ негізгі бөлігі «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама», яғни жоңғар шапқыншылығы оқиғаларымен сабақтасады. Ташкент өңіріндегі қазақтар жөніндегі мына бір архив құжатын келтіре кетейік: «Ташкент уезінде қазақтың Қоңырат – 890 үй, Бестамғалы – 330, Дулат – 380, Сіргелі – 1.410, Шанышқылы – 2000, Қаңлы – 1650 үй, Арғын – 350, Найман – 115, Қыпшақ – 100, Кіші жүзден Рамадан – 610, қарақалпақ – 420 үй, барлығы 8255 үй болды38,10-п.. деп көрсетеді. Жалпы алғанда, қазақтар Ташкент уезінің бүкіл солтүстік бөлігінде, Келес алқабында, Шыршық пен Келестің су айырығында, Шыршықтың оңтүстігіндегі көптеген болыстықтарда өмір сүрді. Бұхарада қазақтар Керменин, Нұрата уәлаеттарымен Қаршы уәлаятының батыс бөлігімен Бұхараның бір бөлегін алып жатты. Қарақалпақстанда Әмударияның батыс ағысында байұлының Адай, Алаша рулары, Үлкендарияның жоғары және төменгі ағысында жетірудың Табын руы және Әлімұлының Шекті руы, ал Қоңыраттың оңтүстігіне қарай негізінен Адайлар, Шортамбайдың сол жақ жағалауында Табындар, оңтүстігіне қарай Қаракесек руы орналасқандығын баяндайды. Түркіменстандағы қазақтардың да бір тобы түркімендермен қатар жайлап, ата қоныстарда қалып қойғандар болса, ендігі бір тобы басқа да тарихи оқиғалармен және жұмыс көзін іздеп барғандарды құрайды. Қазақтар Красноводск қаласының әр бағытында орналасты. Олардың бір тобы Красноводск қаласындағы темір жол линиясымен Қазанжық станциясына дейін сексеуіл дайындап, көмір аршып, тас жерлерде жұмыс істеді. Олар 250 шақырым бойындағы әрқайсысы 150-дей үйді құрайтын 5-6 қазақ ауылдары. Мұндағы қазақтардың екінші бір бөлігі Красноводскіге қарама қарсы Қара бұғаз құйылысының солтүстік батысына дейін және Каспий теңізі бұғазы мен жағалауында өмір сүрді. Қазақтар Красноводск уезінің солтүстік бөлігінде 7,9, пайыз, Хорезмде 3,4 пайызды құрады. Қазіргі кезеңде де қазақтардың басым бөлігі Маңғыстау облысымен көршілес Балқан (бұрынғы Красноводск) өлкесінде орналасқан. Қазақстан Республикасымен шекаралас Бекдаш ауылының тұрғындарының 55%-і қазақтар болса, сонымен бірге Ақташ, Небіттау, Қошоба, Қызыл-Қия, Қуули-Маяк, Джебел, Уфра елді-мекендерінде қазақтар саны біршама жоғары. Сондай ақ Қарақалпақстанмен көршілес Дошоғуз уәлаятында да 33 мың қазақ тұрса, Ахал, Лебап, Марый уәлаяттарында және Ашхабад қаласында 3500 қазақ бар. Түркіменстандағы қазақтардың негізін адайлар оның Табыш, Бегей, Шеген, Қараш, Шалбар, Балықшы, Қырықмылтық, Қосқұлақ, Жары, Ескелді, Сүгір аталары және азырақ Әліммен табындарда кездеседі. Ал, орта және кіші жүзден бірлі-жарым болмаса көп емес. Қазақтар негізінен Ақсу мен Топай аралығында көбірек көшіп-қонып жүреді. Қазіргі кезеңдегі Қырғызстандағы қазақтардың шоғырланған елді-мекендері Аламеддин, Сокулук аудандарындағы Манас, Приозерное, Раздольное, Алтыбарақ, т.б. елді-мекендері мен Бішкек қаласы, Токмок, Талас, Шу өңірлері, сондай ақ Тян-Шань, Ыстық көлде де аздап кездеседі. Қырғызстандағы қазақтардың рулық құрамына келетін болсақ мұнда негізінен Ұлы жүздің сарыүйсін, дулат рулары мен Орта жүздің арғын рулары мекендейді. Осы көрсетілген рулардан басқа Орта Азия елдерінде құрама, шала қазақ деп аталатын этникалық топтар да кездесетін. Бұлардың да құрамын ертеде қазақтың рулары құрағандығы белгілі. Сонымен қорыта келгенде, Өзбекстандағы жергілікті ұлы жүз қазақтары «ирредентті» құраса, тарихи кезеңдердің ауыртпашылығымен барған орта және кіші жүз қазақтарын «диаспора» тобына жатқызамыз. Сол сияқты Тәжікстандағы қазақтардың басым бөлігін Ауғанстанға, Иранға ауа көшу барысында қалып қойған кіші жүз қазақтарын құрайды. Түркіменстандағы қазақтардың да негізгі бөлігін кіші жүз қазақтары құрайды, оның себебін олардың бір-бірімен көршілес, жақын отырғандығымен байланыстыруға болады. Ал, Қырғызстандағы қазақтарды Қытайға ауа көшуде қалып қойған ұлы жүз қазақтары мен орта жүздің арғын, тобықты руынан тараған қазақтар құрайды.
Достарыңызбен бөлісу: |