ӘӨЖ 371.335 : 37.016 : 546 Қолжазба құқығында
ЖУБАТОВА КАМШАТ МОЛДАБАЕВНА
БЕЙОРГАНИКАЛЫҚ ХИМИЯНЫ ОҚЫТУҒА АРНАЛҒАН ИНТЕРАКТИВТІ ОҚЫТУ ҚҰРАЛДАРЫН ЖАСАУ ӘДІСТЕМЕСІ
6М011200 - Химия мамандығы бойынша
педагогика ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
РЕФЕРАТЫ
Кызылорда, 2012 ж.
Диссертациялық жұмыс Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Химия және химияны оқыту әдістемесі» кафедрасында орындалды
Ғылыми жетекші: педагогика ғылымдарының кандидаты Арынова К.Ш.
Ресми оппонент: педагогика ғылымдарының кандидаты
Набуова Р.А.
Қорғау 2012 жылдың « » маусым күні сағат _____ Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде өтеді. (Мекен – жайы: 120014, Қызылорда қаласы, Аманкелді көшесі, 9-оқу ғимараты, 3-қабат, 303 аудитория)
Магистрлік диссертациямен Қорқыт Ата атындағы ҚМУ – нің ғылыми-техникалық кітапханасында танысуға болады.
Мемлекеттік Аттестаттау
комиссиясының хатшысы: К.Ш.Арынова
Кіріспе
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан -2030» Қазақстан халқына арналған жолдауында «Біздің жас мемлекетіміз өсіп, жетіліп, кемелденеді, біздің балаларымыз бен немерелеріміз онымен бірге ер жетеді. Бүкіл дүниежүзілік білім беру кеңістігіне кіру мақсатында қазіргі кезде Қазақстанда білімнің жаңа жүйесі құрылуда. Бұл процесс педагогика теориясы мен оқу-тәрбие процесіне нақты өзгерістер енгізумен қатар, елімізде болып жатқан түрлі бағыттағы білім беру қызметіне жаңаша қарауды, қол жеткен табыстарды сын көзбен бағалай отырып саралауды, жастардың шығармашылық әлеуетін дамытудың, мұғалім іс-әрекетін жаңаша тұрғыда ұйымдыстыруды талап етеді» - деген болатын. [1]
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы азаматтық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар; оқытудың жаңа технологияларын енігзу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» - деп білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттерін көздейді.
Елімізде қазіргі кездегі саяси-әлеуметтік өзгерістер халыққа білім беру саласында, соның ішінде мектептердегі жеке пәндерді оқыту үрдісінде көп жаңалықтарды енгізуді талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда жаратылыстану ғылымдарының арасында химияның алатын орны ерекше болмақ. Себебі химия оқушыларға жан-жақты химиялық білім мен тәрбие беретін негізгі пәндердің бірі болып саналады.
Қазіргі қоғам өз мүшелерінен тек тапсырманы орындаушы ғана емес, олырдан бәсекеге қабілетті, белсенді, шапшаң, өмір өзгерістеріне тез бейімделе алатын, дұрыс шешім қабылдай отырып, мәселелерді шеше алатын мамандардың болуын қажет етеді. Ол үшін бүгінгі мектеп оқушысын өмір өзгерістеріне тез бейімделіп, әр түрлі жағдайда дұрыс шешім қабылдай алатындай тұлға ретінде қалыптастыруымыз қажет. Қазіргі кездегі әдістемелік, педагогикалық және ғылыми еңбектерде оқытудың жаңа технологияларына, интерактивті құралдары мен ұғымына, оны жүйелеуге, оны пайдаланудың тиімділіктері туралы көптеген еңбектер жарық көруде. Жаңа технологиялық әдістердің әдіснамалық негіздері С.Н.Лысенкова, В.М.Шаталов, М.Ж.Арыстанов, А.Е.Әбілқасымова, Г.В.Лаврентьев, зерттеулерінде, оқытудың жаңа технологиялары В.М.Гареев, В.П.Беспалько, Ж.Қараев, М.М.Жанпейісова, Г.В.Васильева, А.Қисымова еңбектерінде, химиялық білім берудің жүйелілік негізін жасау И.Н.Нұғыманов, Н.Н.Нұрахметов, С.Ж.Жайлау, Ж.Ә.Шоқыбаев, Қ.А.Аймағамбетова, К.А.Сарманова, Х.М.Рахымбек, А.М.Мырзабаев, Г.Н.Жадрина, Ш.Т.Таубаева т.б. еңбектерінде зерделенген. Оқытудың интерактивті әдістемелерімен Қазақстандық ғалымдар А.Х.Әлімов, Б.М. Қосанов, А.Қ. Рысбаева жан-жақты айналысуда. Оқыту құралдарын теориялық және практикалық тұрғыдан шетелдік ғалымдар Ж.Пиаже, С.Френе, С.Г.Шаповаленко, Д.Д.Зуев, Б.Г.Бейлинсон зерттеді.
Химия пәнінен интерактивті оқыту құралдарын – оқушы жұмыс дәптерін орта мектепте білім беру барысында пайдалануға талдау жасап, интерактивті оқыту құралдарын білім беру барысында қолданудың әдістемелік ерекшеліктерін саралап, интерактивті әдістермен кіріктіре пайдаланудың тиімді жолдары мен әдістерін зерттеу мақсатымен жұмысымыздың тақырыбын «Бейорганикалық химияны оқытуға арналған интерактивті оқыту құралдарын жасау әдістемесі» деп алдық.
Ғылыми зерттеудің мақсаты – орта мектепте химияны оқыту үдерісінде интерактивті оқыту құралдарын – оқушы жұмыс дәптерін пайдаланудың жолдары мен тиімділігін әдістемелік тұрғыда негіздеу.
Ғылыми зерттеудің нысаны – жалпы орта бiлiм беретiн мектептегi химияны оқыту үдерісі.
Ғылыми зерттеу пәнi – орта мектеп химиясын оқытуда интерактивті оқыту құралдарын пайдаланудың педагогикалық негiздерi.
Зерттеудің теориялық маңыздылығы мен ғылыми жаңалығы:
бейорганикалық химияны оқытудың әдістемелік жүйесі жасалды;
бейорганикалық химияны оқытуға арналған интерактивті оқыту құралы - оқушы жұмыс дәптерінің әдістемелік жүйесі жасалды;
интерактивті әдістермен оқытудың сабақ жоспарлары жасалды.
Ғылыми зерттеудің мiндеттері:
1. Зерттеу тақырыбы бойынша педагогикалық – психологиялық, дидактикалық – әдістемелік, ғылыми әдебиеттерге талдау жасап, жаңа оқыту технологияларының мәнін ашу.
2. Жаңа оқыту технологияларының қазіргі кездегі түрлерін анықтай отырып, олардың химия пәнінде пайдаланылу ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін айқындау.
3. Орта мектепте химияны оқыту үдерісінде интерактивті оқыту құралдарын пайдаланудың жолдарын анықтау және осыған сәйкес оқу-әдістемелік құрал жасау.
4. Орта мектеп химиясын оқытуда интерактивті оқыту құралдарын пайдаланудың әдістемесін жасап, оны практикада пайдаланып, тиімділігін дәлелдеу.
Ғылыми жұмыстың болжамы – интерактивті оқу құралы – зертханалық және сарамандық жұмыс дәптерін оқу үдерісінде жаңа технологиямен ұштастырыла жүргiзiлсе, оқытудың бiлiмдiк, тәрбиелiк, дамытушылық мiндеттерi бiрлiкте шешiлсе, әдiстемелiк кешендер бiр-бiрiмен сабақтастықта кiрiктiрiле отырып қолданылса, нәтижесiнде оқушылардың пәнге қызығушылығы артып, ғылыми химиялық ұғымдарды қалыптастыру мүмкiндiгi артады, теориялық бiлiм мен практикалық iс- әрекеттiң арасындағы байланыс нығаяды.
Орта мектеп химиясының теориялық материалдарын саналы меңгеруi оқушылардың кәсiби бағдарын қалыптастырып, жоғары оқу орнына түсуге дайындық деңгейiн көтередi.
Зерттеудiң ғылыми жаңалығы:
химия пәнiнен интерактивті оқыту құралы – зертханалық және сарамандық жұмыс дәптері негiзiнде оқытудың әдiстемелiк жүйесi жасалды;
химия пәнiнен интерактивті оқыту құралы – зертханалық және сарамандық жұмыс дәптері арқылы оқыту негiзiнде оқушыларда ғылыми химиялық ұғымдарды қалыптастырудың өлшемдерi мен деңгейi анықталды;
интерактивті оқыту құралын жаңа технологиялармен ұштастырыла пайдалану арқылы оқушылардың ғылыми ұғымын қалыптастырудың тиiмдi жолдары мен әдiстерi сараланып, әдiстемелiк нұсқау берiлдi.
Зерттеудiң практикалық мәнi
зерттеу нәтижелерi жалпы бiлiм беретiн мектептердiң оқу үдерісінде;
интерактивті оқыту құралы – зертханалық және сарамандық жұмыс дәптерімен жұмыс iстеу әдiстерiн мұғалiмдер бiлiмiн жетiлдiру институтында;
химия мамандарын дайындайтын жоғарғы оқу орындарында қолдануға болады.
Қорғауға мынадай тұжырымдар ұсынылады:
Оқыту құралдарының химия пәнiнен бiлiм берудегi педагогикалық негiзi;
Орта мектептегi интерактивті оқыту құралы – оқушы жұмыс дәптерінің қолданудың қазiргi жағдайы;
Интерактивті оқыту құралы – зертханалық және сарамандық жұмыс дәптері арқылы оқыту негiзiнде химиялық ұғымдарды қалыптастырудың өлшемдерi мен деңгейлерi;
Интерактивті оқыту құралы – зертханалық және сарамандық жұмыс дәптерін оқу үдерiсiнде қолданудың әдiстемелiк нұсқауы.
Зерттеу жұмысының зерттеу әдiстерi:
философиялық, психологиялық, педагогикалық, ғылыми зерттеулерге, оқулықтар мен бағдарламалаларға, әдiстемелiк құралдарға талдау жасау;
химия пәнiнiң оқыту үдерісiн бақылау;
оқушылардың химиялық бiлiмi мен бiлiгiн саралайтын диагностикалық сауалнамалар жүргiзу,
алынған нәтижелердi қорытындылау, талдау жасау;
педагогикалық эксперимент жүргiзу және оның нәтижесiн сандық және сапалық талдау.
Зерттеу жұмысының әдiснамалық негiзi: Табиғат – адам – қоғам, қоғам дамуы туралы философиялық, психологиялық, педагогикалық зерттеулер; педагогика мен психологиядағы жеке тұлғаны дамытудың негiзгi заңдылықтары.
Зерттеу көзi: Педагогика-психологиялық iс-әрекет теориясы туралы iлiмдi В.В. Краевский, А.Н. Леонтьев, С.А. Рубинштейн, Л.С. Выготский, П.Я. Гальперин, Г.И. Щукина т.б. еңбектерiнде қарастырылады. Осы теорияға негiзделген белгiлi ғалымдар әдiскерлер еңбектерi В.И. Верховский , Н.С. Ахметов, Ю.В. Ходаков, Д.А. Эпштейн, П.А. Глориозов, И. Нұғыманов, Н. Нұрахметов, Ж. Шоқыбаев, Н. Ахметов, Қ. Аймағамбетова, К. Сарманова, А. Сармурзина, Б.А. Мансұров және т.б. зерттеулерi мен оқу құралдары мен төл оқулықтары басшылыққа алынды. Сонымен бiрге ресми құжаттар «Қазақстан Республикасының жалпы бiлiмдi дамыту түжырымдамасы» (2004) және «Қазақстан Республикасының тәлiм-тәрбие тұжырымдамасы», «Бiлiм туралы заң» (1999) пайдаланылды [3-21].
Зерттеу нәтижелерiн сынақтан өткiзу және ендiру.
Зерттеу жұмыстарының негiзгi нәтижелерi мен көкейкестi мәселелерi Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, п.ғ.к., профессор Әли Мүсілімұлының 70 жылдығына арналған «Сапалы білім беру – Қазақстанның индустрияландырылуының және инновациялық дамуының негізі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарында және Қорқыт Ата мемлекеттік университетінің «Хабаршысы» 2011 ж., №2, «Химия мектепте» журналында (2012 ж, № 3) жарық көрген.
Диссертацияның құрылымы: диссертациялық жұмыс кiрiспе, екі тараудан, төрт бөлiмнен, тұжырымдамадан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тiзiмi мен қосымшалардан тұрады.
Кiрiспеде зерттеудiң көкейкестiлiгi, мақсаты, нысаны, пәнi, мiндеттерi, болжамы, зерттеу әдiстерi мен негiзгi бағыттары берiлiп, диссертацияның практикалық маңыздылығы, ғылыми жаңалығы мен қорғауға ұсынылатын қағидалар баяндалады.
Бірінші тарауда жалпы білім беретін мектептерде химияны оқыту әдістемесінің қалыптасу кезеңдері, оқытудың интерактивті әдістері, оқытудың ақпараттық технологиялары және интерактивті оқытудың негізігі ұстанымдары мен түрлері қарастырылды.
Екінші тарауда интерактивті оқыту құралы – зертханалық және сарамандық жұмыс дәптерінің мазмұны (8-9 сынып), оларды пайдалану әдістемесі, бейорганикалық химияны интерактивті құралдармен оқытудың тиімді жолдары, олардың нәтижелері берілді.
Қорытындыда педагогикалық эксперименттің ұйымдастырылуы, интерактивті жұмыс дәптерінің тиімділігі тексеріліп, нәтижелері берілген.
Қосымшада интерактивті әдістермен құрылған сабақ жоспарлары мен интерактивті жұмыс дәптерінің нұсқауы берілген.
Достарыңызбен бөлісу: |