5. Риторикалық сұрақ – риторикалық сұраққа, әдетте, жауап күтілмейді, айтылған ойға тыңдаушының назарын аударып, екпін түсіру үшін қолданылады.
Айналайын ақ Жайық,
Ат салмай өтер күн қайда?
Еңсесі биік ақ орда,
Еміне кірер күн қайда? (Махамбет)
6. Антитеза (шендестіру) – кереғар екі затты не құбылысты қатар қоя отырып, келесі бір заттың, ұғымның, құбылыстың сипатын суреттеу.
Бұқар барсаң қолаң бар,
Қолаңды көр де шашым көр.
Зергер барсаң қасында
Алтыннан соққан түйме бар.
Түймені көр де басым көр.
Молаға барсаң қасында
Қиюлы жатқан қалам бар,
Қаламды көр де қасым көр. («Ер Тарғын» жырынан)
7. Градация (дамыту) – алдыңғы сөзден соңғы сөзді, алдыңғы ойдан соңғы ойды, алдыңғы құбылыстан соңғы құбылысты асыра, асқақтата суреттеу.
Сары ала туы салбырап,
Қабағы тастай түйіліп,
Аллалап Тарғын шабады.
Ай бетіне кіреді,
Күн бетінен шығады.
Қойға бір бөрі
Бөріктіре қырады.
Талай қалмақ құлады,
Ер қайратын сынады.
Сүйіп мінген Тарланға
Басты келіп дойырды,
Тарлан салды мойынды,
Толып жатқан қалмаққа
Тарғын салды ойынды,
Талай қалмақ жойылды. («Ер Тарғын» жырынан)
8. Параллелизм (егіздеу) – екі құбылысты немесе екі затты қатар қойып, жұптап суреттеу.
Асыл туған Ақжүніс,
Күнді бұлт қоршайды,
Күнді байқай қарасам,
Күн жауарға ұқсайды!
Айды бұлт қоршайды,
Айды байқай қарасам,
Түн жауарға ұқсайды!
Бойды байқай қарасам,
Қол-аяғым көсіліп,
Аузы-мұрным ісініп,
Алланың хаһ бұйрығы
Маған таянғанға ұқсайды! («Ер Тарғын» жырынан)
9. Инверсия – сөздердің орындарын ауыстырып, өзгеше тіркестер құру.
Қасымдағы қырық жігіт
Суыра алмады оғымды,
Тасқа кірген тартқанда. («Ер Тарғын» жырынан)
10. Эллипсис – сөйлем ішінде атап айтпаса да түсінікті кейбір сөздерді әдейі жазбай кету.
Таң бозарып атқанда,
Таң шолпаны батқанда,
Ұйқыда ел жатқанда
«Аттан!» деген бір дауыс
Құлаққа сар-сар келеді... (Мұнда «Жау шапты» деген сөз тіркесі айтылмаған)
Достарыңызбен бөлісу: |