Ең қымбат байлық
Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, қырғауыл жүні қызыл, құйрық жүні ұзын кезде дәл біздің осы күнгі жалқау балалар секілді сидам сирақ жастар өте көп болыпты. Әдетте жалқаулардың құрғақ уайымға кқп салынатын әдеті ғой. Сондай жалқаулардың бірі:
-О, Жаратқан ием-ай, жарық дүниеге әдейі әкелген соң дәулеті шалқыған бай етіп жаратсаң етті! Жалғанды жалпағынан басып шалқып өмір сүретін жасымда, ішсем тамаққа, кисем киімге жарымай жүрген түрім мынау! – деп уайымдапты.
Оның мұңын естіп қалған бір ақсақал:
-Ей, қарағым, сен несіне қайғырасың? Байлықтың бәрі өзіңде тұр ғой, - депті.
Ақсақалдың сөзін мені мазақтағаны деп түсінген жігіт:
-Сіз қайдағы байлықты айтып тұрсыз? – деп ашуланыпты.
Ақсақал ештеңе болмағандай сабыр сақтай отырып:
-Шырағым, сен андағы екі көзіңді маған сатшы. Мен саған қалағаныңша алтын, күміс берейін! – дейді.
Жігіт ашуланып:
-Екі көзден айырылғаннан кейін сіздің алтын, күмісіңіздің керегі қанша? Ондай байлығың өзіңе!
Ары қарай жігіттің он екі мүшесіне саудаласып, сұрай бастаған ақсақалға әбден ашуланған жігіт:
-Ақсақал, ат басындай алтын берсеңіз де ешбір мүшемді сатпаймын! Өйтіп мүгедек болар жайым жоқ! – деп кесіп тастапты.
Сонда барып ақсақал:
-Е, ендеше адамның ең қымбат байлығы – денінің саулығы. Сен сияқты төрт мүшесі түгел адам – бай адам. Оны ешқандай алтын, күміске айырбастап ала алмайсың! – деген екен.
Достарыңызбен бөлісу: |