Эссе
Алаш орда қозғалысы. Ұлттық идея. Жанданған сана.
«Менің идеалым – қазақ халқының тұрмыс жағдайын, мәдениетін мүмкін болғанша көтеру, ал мұның өзі оның игілікті дамуының алғышарты болғандықтан мен осы мұратты қандай билік қамтамсыз ете алса, соған риза болмақпын».
А.Байтұрсынұлы
Алаш – ХХ ғасырдың бірінші ширегінде Ресейдің отаршылдық билігіне қарсы құрылған азаттық қозғалыс. Ол ғасырдың басында қазақ қоғамында мүлдем болып көрмеген қолайсыз саяси-әлеуметтік жағдай қалыптасты. Ресейдің әскери-монархиялық басқару құрылымы, қазақ жері Ресей мемлекетінің меншігі деп бекітілуі, Ресейдің түпкір-түпкірінен келген жұмысшылар ағымының күрт өсуі, қазақ бұқарасын егістіктен күштеп ығыстырып шығару — бәрі де қазақтарға қасақана жаман болу үшін жасалғандай болды. Ол замандағы қазақ халқының бар ойы ел егемендігі мен тұтастығы болатын. Бұндай жағдайда не істеу керек? Ереуілге шығып, дауысыңды естірту керек. Өкінішке қарай, ол кезде батырлардың жеке-жеке және бытыраңқы көтерілуінен, іс аса нәтижелі болмады. Мәселені білекпен емес, баспен шешу керек болатын. Қажет болған нәрсе — осы қиын-қыстау саяси-экономикалық ахуалда ықпал етудің жаңа әдіс-амалдарын, стратегияларын құру және, ең бастысы, бұқара халыққа сол идеялар мен мақсаттарды қонымды түрде жеткізе отырып, рухтарын ояту болатын. Міне, Алаш идеясы осыдан пайда болды. Бұл нағыз күйбелең саяси кезеңдердің қайнар өзегінде балқып, қазанында қайнаған идея еді, және ол әр белес сайын жалыны өшпей, қайта қыза түскен алып күш болатын.
Бүгінде қоғамның тарихи санасын жаңғырту бағытында мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Өз халқыңның, еліңнің тарихын біле отырып, өткен ғасырдың соңында қол жеткізген Тәуелсіздіктің ерекше құндылығын түсіне бастайсың. Өздеріңіз білетіндей, әр елдің өз ұлы тұлғалары бар. Қазақ даласы да Кенесары хан, Сырым батыр, Исатай, Махамбет сынды даңқты батырларымен мақтанады. Бұл тұлғалар — қазақ халқының азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы күресі ешқашан тоқтамағанын көрсететін анық дәйек. Бұл көп ғасырлық күресте XIX-XX ғасырлар тоғысындағы ұлттық зиялы қауым өкілдері де маңызды рөл атқарды. Алаш қозғалысы мен тұңғыш саяси партиясы, Алаш Орда үкіметінің пайда болуы халқымыздың болашақ дамуының негізгі мәселелерін шешуге қабілетті қазақ саяси элитасының азаматтық кемелдігі мен жоғары әлеуетінің артқанын дәлелдеді.
Алаш қайраткерлері мен қазақтың әкімшілік зиялылары, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері қазақ мемлекеттілігінің негізін қалады. Бүгінде көбіміз білмейтін де шығармыз, қазір біз 1920 жылдардың басында шекарасын Алаш Ордаға қатысушылары дөп басып көрсеткен мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Алаш қайраткерлері Орталық Азияны ұлттық-территориялық межелеу және қазақ жерін біріктіру үдерісіне белсене қатысты. Алаш зиялыларының өкілдері Ә.Бөкейханұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ә.Беремжанов, М.Шоқай, Ж.Ақпаев, М.Тынышпаев, Ә.Ермеков, сондай-ақ ұлт коммунистері С.Ходжанов, Т.Рысқұлов қазақ жерінің тұтастығын қамтамасыз ету үшін барын салған.
Алашордалықтардың басты идеясы – халық бірлігі, және бұл ұран бүгінгі күні де өзекті. Сол кездегі қиын-қыстау заманда алашордалықтар ерекше икемділік танытты, сонымен бірге принципшіл саясаткер бола білді. Алаш қозғалысының негізгі мақсаттары мемлекеттік өзін-өзі басқару жүйесін құру, халықтың ұлттық өзін-өзі билеу құқығын қолдау, озық әлемдік тәжірибені пайдалана отырып, қазақ қоғамын жаңғырту болды.
Бәріміз білетіндей, «Алаш» партиясына, Алаш автономиясына және оның Алаш Орда үкіметіне қазақ мемлекеттілігін халықтың барлық топтарының бірлігі негізінде құру және нығайту жөніндегі өз бағдарламасын жүзеге асыруға қатал замана мүмкіндік бермеді. Зорлық-зомбылықты жоққа шығарып, мемлекеттің таптық сипатын жоққа шығарған Алаш қайраткерлері қоғамдағы бір таптың өктемдігіне қарсы шықты. Алаштың большевиктермен саяси текетіресінде жеңілуіне қалың бұқараның ағартылмауы, саяси күрестің ортасынан оқшаулануы, бытыраңқылық және саяси күрестің нақты бағдарламасының болмауы себеп болды. Кеңес үкіметінің жеңісін мойындап, большевиктердің мемлекеттік аппаратта жұмыс істеу туралы ұсынысын қабыл алған Алашорданың бұрынғы басшылары Кеңес өкіметіне ұлттық мазмұн беруге, оны жергілікті халықтың мүддесіне жақындатуға ұмтылды.
Алаш қайраткерлері қоғамдық-гуманитарлық, жаратылыстану ғылымдарын терең меңгерген жоғары білімді, дүниетанымы кең тұлғалар болған. Алаш қозғалысының көптеген жетекшілері құқық қорғаушылар, саяси және қоғам қайраткерлері ғана емес, ірі педагогтар, публицистер, газет-журнал шығарушылар, ойшылдар, ақындар, ұстаздар, ғылыми зерттеулердің, кітаптар мен оқулықтардың авторлары болды. Мәселен, сол баяғы Әлихан Бөкейханұлын алатын болсақ, Алпысбай Қалменовті алсақ, Мұхаметжан Тынышпайұлын, сол баяғы Мұстафа Шоқайды, Халел Досмұхамедұлын, Ахмет Бірімжановты, Бақытжан Қаратаевты және тағы басқа тұлғаларды қарастыратын болсақ, олардың бәрінде де тума ораторлық өнер, ілім-білім қууға деген құлшыныс, зеректік пен дарындылық бар-тұғын. Қазір тарих парақтарында аттары алтын қаламмен жазылған бұл тұлғалар өз дәуірінен әлдеқайда ерте туған еді. Қазіргі заманымызда туып, ілімдерін сайқал саясат майданында жұмсамай, жайбарақат, тыныш кезде өмір сүріп, ғылым қуса, бәлки, қазір әлеміміз мүлдем басқаша көріністе болар ма еді, кім білген.
Міржақып Дулатұлы, Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауыт, Ғұмар Қараш аталарымыздың ілімі сөз өнерінде, шығармашылықта кең болғанын білеміз. Сол қиын-қыстау заманда осы ерен тұлғалар халқының қамын жеп, “ызылдаған масадай ұйқыдағы қазақты оятқысы” келгенін және сол мақсатта, яғни халқын бірлікке, білімге, ізденіске, алға қарай жылжуға шақыруда сөз өнерінің, өлең сөздің тигізер әсері мол екенін олар өзі-ақ терең ұғынған еді. Мысал іздеумен алысқа бармай-ақ қойса та болады, қазірде әр қазаққа белгілі, орта сыныптардан бері әр қазақ мектебінде үйретілетін “Қырық мысал”, “Оян, қазақ!”, “Маса” және кезіндегі “Қазақ”, “Бірлік туы”, “Айқап”, “Сарыарқа” газеттерінде жарық көрген біршама шығармалар халық санасында әсіресе сақталып қалды. Осы туындылар қазір біздің тәуелсіз әрі бейбіт елде шалқып өмір сүріп жатқанымыздың себепкерлері — сол еңбекқор қайраткерлеріміздің ішкі толғанысын, қазақ халқына деген мұңын, іштегі тасыған қайрат пен жігерді, Алаш Орда қозғалысының басты идеяларын қамти отырып, сыр шертеді. Дәл осы туындылар сол кездегі қазақтың рухын тебірентті, әлі де тебірентеді, рух береді, толғандырады. Бұл шығармаларда айтылған идеялар тіпті қазіргі біздің Қасым-Жомарт Кемелұлы президентіміз көш бастаған тәуелсіз еліміздің саяси дискурсының тамырында жатыр. Мәселен, Алаш зиялылары өз заңдарында дәл жер мәселесіне баса назар аударуы бекерден бекер емес. Қазіргі кезде әлемдегі, әсіресе ТМД елдеріндегі саяси тұрақсыздықтың, жанжалдастықтың бірден бір себебі – бұл жер дауы. Көреген Алаш зиялылары бұдан хабарсыз болмаған, сондықтан да бірталай жыл өмірлерін осы қазақ даласындағы жер мәселесін шешуге сарп еткен. Осы тұста бүгінгі таңда еліміздегі Алаш партиясының идеяларымен сусындалған «Ақ жол» демократиялық партиясы үкіметтің жер комиссиясына сепаратистік пиғылдарды болдырмау мақсатында шетелдіктерге жерді сатуды ғана емес, біздің елмен шектесіп жатқан мемлекеттердің азаматтары мен компанияларына жерді жалға беруге де тыйым салуды ұсынуда. Айта кетуім керек, «Ақ жол» демократиялық партиясының депутаттары 2007 жылдардан бері еліміздің парламенттік мінбесінен Алаш Орда қозғалысының ұстанымдарын мемлекеттік деңгейде насихаттау үстінде.
Алаш қайраткерлерінің армандары орындалды. ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының ұрпағы ұсынған идеялар мен мұраттар, қағидалар мен ұстанымдар өз маңызын сақтап, бүгінгі таңда сұранысқа ие болып отыр. Замананың жаңа сынақтарына, ішкі және сыртқы қауіп-қатерлерге, өркениет құндылықтарының дағдарысына қарсы тұру, ұлт мүддесін қорғау – бүгінгі ұрпақтың парызы. Әр жолы жаңа міндеттер туындаса да, Алаш идеялары елдегі түбегейлі өзгерістер кезеңінде де өмір сүруін тоқтатпайды. Олар: теңдік, қоғамдық келісім мен татулық, ұлттың мәдени өрлеуі, меритократия, мемлекеттік тіл, билік істеріне таңдаулы элитаның ғана емес, қалың бұқараның араласуы. Алаш қайраткерлері өз дәуірінің озық талаптары, еуропалық либералдық-демократиялық құндылықтар деңгейінде демократиялық, құқықтық, зайырлы, әлеуметтік мемлекет құру принциптерін, мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару жүйесінің, президенттік институттардың идеяларын алға тартты. Олар өз заманының аясында ұлтты сапалы жаңартуға, ілгерілеуге бет бұруға шақырды. Қазір де заманауи қоғамға жаңашыл идеялар мен дүниетанымдық көзқарастар, өзіндік ой-пікір мен таптаурын-шектеулерден тыс әрекет ете алатын көшбасшылар қажет.
Қазақ халқы үшін асыл мағынаға ие тәуелсіздігіміздің бастауы алдында — бейбіт әрі еркін рух негізіндегі Алаш ұлттық идеясы орын алады. Сөздің шыны керек, қазақ үшін осы Алаштан артық идея жоқ.
Әлихан Бөкейханұлы 1917 жылдың жазында жазған мақаласында: “Кейінгі үрім-бұтақ не алғыс, не қарғыс бере-бере жүретін алдымызда зор шарттар бар” – деген еді. Алаш Орда қозғалысының қазіргі таңда Қазақстан мемлекетінің ұлттық идеясын қалыптастыруда орасан зор рөл ойнағанына, әлі бірталай ұрпақтарға өнеге болатындай із қалдырғанына – бәріне де шексіз риза екенімізді ашық айтатын кез келді. Бәлкім, қазір Әлихан атамыздың рухы бізді, көркейген елімізді көріп, қуаныштан көзіне жас алып жатқан шығар.
Достарыңызбен бөлісу: |