Дәріс №9 «Қараш-Қараш оқиғасы» повесінің көркемдігі
Реалистік шығарманың ең басты негізі - өмір шындығы, сол шындықтың романтикалы жақтары. Бұл жағынан алып қарағанда М. Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы» повесі айта қалғандай екені жоғарыда біраз дәлелденді. Қазір туындының көркемдік сапасының тағы басқа қалтарыстарына тоқталып байқайық.
Шығармадағы қамтылған жайлар революциядан бұрынғы дала тіршілігі дегенбіз. Автордың ұсынған идеясының түп тамыры сол кездегі патриархалдық-феодалдық өмірдің кеселінен, екі таптың қиянкескі тартысынан шығып жатқаны түсінікті. Белинскийдің данышпандық қағидасы бойынша шығарма сырт жағынан идеяның мағынасын іске асыратыны даусыз. Яғни сыртқы құбылысты дұрыс сипаттау бар да, оның ішкі сырын аша көрсету бар. Бұл екеуінің байланысы қашан да бірге. Ал, енді осы мазмұн мен түр тұтастығын М. Әуезов берік сақтай отырып, оны қандай шынайы өнермен жеткізген десеңізші!
Жазушы алдымен сол азапты өмірдің өзіндік атмосферасын дәл береді. Мұнда көкейге қонымсыз, шалағай қалған, жалған жатқан көріністер жоқ. Қазақтың жазда жайлауға шығып, мал жаятын, суық түссе қиырдағы қыстауына барып қыстайтын өмірі, кәсібі, байлығы, кедейлігі, өзара жаулығы, тартысы, халықтың мінезі, ұлттық рухы келісті де бапты шеберлікпен жөн табады. Сол сыртқы құбылыс пен ішкі мазмұнның бір-бірімен байланысқан сырын ашуда Мұхтар қолданған көркемдік тәсіл қандай! Соның бір ғана штрихыретінде мынадай эпизод төңірегін сөз етелік.
Сайдағы қыстауына жеткен Бақтығұл Сәлменнің бір боз биесін бүгін жардый қылып, жайратып тастаған еді. Оның асылған семіз, дәмді еті әлі өзі түгіл, ашыққан бала-шағасының аузына да тиген жоқ. Естияр ұлы Сейіт ұйықтамай «жылы, жарық оттың қасында бұрқылдап қайнап жатқан жылқының жас етінің» иісі сезеді. Әйелі «Қатша етті тез пісірмек боп, отты қатты жағып асығады. Ерінің шаршағаны асты тездетуді тілейді. Бірталай уақыт өткен соң кішкене қазанның асы да қайнап, пісуге» жақындайды. «Қатша қол жуатын жылы суды шәугімге құйып, қалғып отырған күйеуін» оятады. Бақтығұл да жадырап, «бас жағында жерде жетқан белдігінен өткір, ұзын қара пышақты суырып алып, сол қолының бармағынмен сүйкеп жүзін» көреді. Өткір пышақ «семіздің майында сынатпай дорғалағалы тұр». Солры кедейдің төріне қонған бар жақсылық осы-ақ. Кенеттен ол әлсіз шырағданның отындай жалп етіп сөнеді. Тыстан ит үреді. Тасырлатып жау келеді. Боз биенің қазандағы былқыған етін кәніг, бүлік топ астын бір түйірін үй ішіне татырмастан өздері бөліп жеп алады.
Міне, осы эпизодты талдап көрсек, мұның өзінде қаншалықты психологиялық қуат жатыр. Алғашқы маздаған от, былқып піскен ет, ашыққан, жаураған үй ішінің күтінісі бір өзгеше тыныштық, тыным шағын туғызғанымен, артында не сыры бары белгісіз бұл оқиға оқушыны қыл үстінде лыпылдатып ұстап отырады. Әкенің өткір пышағы семіз етке тиер ме екен? Ұзақты күн нәр татпаған бала Сейіт тояр ма екен? Жоқ, олай болмайды. Қайта ата-ана қатты мазаққа ұшырайды, қорлыққа батады.
Жұпыны үйдің бұл тып тыныш жағдайы бүлінеді. Апыл-ғұпыл ет асаған көп қасқырдың қылығына Қатша жылап қана қарсылық білдіреді. Сейіт томсырайып, әке бір шетте лажсыз күйзеліп, отырып қалады. Сан түрлі адамдардың сан түрлі мінездері мен күй-сезімдерін ашқан бұл эпизод бас кейіпкердің образын да ашады. Ол әлгі қорлықтан кейін Сәлменді көсеумен соғады. Өзі де мықтап жазаланады.
Кейіпкерді өсіретін, шығармадағы өмірді жандандырып, сыртқы құбылыстың сырын ашатын ең басты кілт – оқиға, тартыс, мінез қақтығыстырады. Бұл жағы «Қараш-Қараш оқиғасында» жетерлік. Жоқшылық пен бейнеттің тақсыреттің жете тартқан, сол үшін жазықты болған, және де санасы әлі кемтар, қарапайым, бірақ мойымайтын, ер пішінді. Бақтығұлдың кінәсіздігі Жарасбайдың билері алдында жақсы көрінеді.
«Бақтығұл күйіп кеткендей болды. Мал-Жарасбай, Сәрсеннің екеуі бөліп жеген малы еді. Айыпсыздың ызасы мен реніші кернеп кетті. Көріп отырған жәбір- жапасына, жалғыздығына өзіне-өзінің жаны ашығандай көзі жасаурап, тамағы кеберсіп, аузына сөз түспеді», - деген автор мінездемесінен Бақтығұлдың ауыр қапасы, жалғыздығы, кінәлі еместігі айқын танылады.
М.Әуезовтың кейіпкерлер аузына салған диалогтары да мінсіз. Өз есебі ішінде болған Бақтығұл таудан атып алған арқарын жарасбайдың бәйбішесіне сыйға тартқанда, шіренген Шалқар болысы қасындағы әйеліне: «- Кіргізіп ал, несі бар дейсің. Өз тауыңның аңы екен, бермеймін десе де, алып қалатын жөнің бар емес пе?»,- деп сөз тастайды. Бұл диалогпен Жарасбайдың қандай зымиян адам екені айтқызбай-ақ сезіледі. Басқадай мінездемені көп тілемейтін осындай тапқырлықтың өзі де образ жасаудың соны үлгісі.
Жазу үстінде айырықша шеберлікпен қызмет істейтін М.Әуезов үшін бұзылмайтын заң- өмір шындығын нанымды бейнелеп, образдарды даралап беруге күш салу. Және де ол ешнәрсені себепсіз алмайды. Қажет деп табылған жанды жансыздың бәрінің де сырын саралап ашады. Өмір детальдары арқылы өмір шеңберін кеңейтіп бейнелейді.
Мысалға: Сейіт жөніндегі мынадай мінездемелерді келтірейік: «Бұл бала әке мен шешенің қуаныш-қызығынан, көңілді-көңілсіз күйлерінен әрдайым әлденеден шетірек болатын». Неге олай? Оның себебі, бұл үйде қуаныш аз, қайғы қасірет көп. Ауыр тұрмыс, көңілсіз от басы баланы қаршадайынан еріксіз естияр еткен. Оның жүрегі ауыртпалықты көргісі келмейді.
«Кейде үй іші томсарып, ашумен тырысып отырғанда, ол ерекше желігіп, өз-өзінен көтеріліп, ойнап кетеді.» Неге бұлай? Мұның мәнісі, бала тағы да естиярлығын жасап, титтей де болса да ата-ана көңілін аулауға тырысады.
«Ал тағы бір кезде үй іші мәз-мейрам болып отырғанда жабырқап, мең-зең боп үндемей қалатын да әдеті бар. Ондай күйлері болғанда , алдына үйіп төгіп қойған молшылықтың барлығы да оншалық әсер ете алмайтын. Қуана алмай, қоңыр тартып, әке-шешесін ұғына алмағандай, сазара қарап қалатын.»
Егер, бала Сейітке берілген осы мінездеме детальдарын сыпырып тастасақ, әке образы сөзсіз кемшін соғар еді. Абақтыда Афанасий Федотычтан сабақ алған, жайнап өсіп келе жатқан он жасар ұрпағына Бақтығұлдың өзінің де үміт артқан сөздерінің ешбір құны болмас еді.
Повесте ауылдың жоқ-жұқана жағдайы, Тектіғұл, Қатша, Қатубай, Афанасий Федотыч тәрізді қарапайым жандар да нанымды образдармен көңіл аударады. Олардың Адамгершілік бейнелері шағын штрихтардың өзімен-ақ жақсы беріледі. Бұл айтылғандардан шығатын қорытынды: сыртқы құбылыс пен ішкі мазмұнның сырлары осындай жай-күй, өмір детальдарымен де ашылады, образдар кесек мүсінді істермен қатар, шындық тамшыларынан да құрылады дейміз. Сондай-ақ, 20- жылдардағы творчествосында М.Әуезов Гогольше тым қарапайым адамдардың тағдырына ерекше назар аударғанын байқаймыз. Бұған жазушының бұл кезеңдегі, әңгімелері мен повсетері толық дәлел болғандай.
«Қараш-Қараш оқиғасынан» аңдалып отырғанындай, Мұхтардың ерекше ұстанатын тағы бір шеберлік әдісі-адам портретін біздегі кейбір жазушылар сияқты біржолата үйіп-төгіп тастамайтыны. Ол кейіпкердің сыртқы түр пішіндерін мінез, қимыл, психологиялық әрекеттерімен үнемі қабыстырып, шығармасының өне бойында біртіндеп жасайды. Ол адам портретін көбіне іс-әрекет, сезімс мен күй үстінде суреттейді. Адамның денесін, көзін, бет-бейнесін жай ғана айтып қоймай, соның өзінен де тиісті образ жасап, жандандырып, ойнатып көрсетеді.
Бізде жағымсыз кейіпкер біткеннің портретін өте жексұрын, ұсқынсыз етіп суретту сияқты жарамсыз әдет әлі де ұшырайды. Мұндай лайықсыз шартты Мұхтар әсте қолданбайды. Оны «Қараш-Қараш оқиғасы» повесіндегі «Ұзын бойлы, қызыл жүзді семіз... қызара бөртіп, ажарланып» тұрған Жарасбайдың бейнесінен байқай аламыз. Адамға жалпы мінездеме бергенде де автор психологизмге жиі барады.
Повестің көркемдік құрылысы да әсем; оқиға дамуы оқушысын үздіксіз тартып, еліктіріп, қашан біткенше тыныштық алғызбай ұстап отырады. Тектіғұл мен Бақтығұлдың сәлмен, Сәт байларға малай болған көп жылғы елеусіз еңбек, тіршілік тырбаныстары тек әдеби шегініс турасында, өз өлшемінде баяндалады да, қалған бар оқиға шығарма жанрына лайықталып, нақтылық, шағындық шартымен үдейді. Повестің бас-аяғының жұмырланып, ықшамды, тартымды шығуының өзі – оқиғаларды осылай сұрыптап, екшеп, ең күрделілерін алудың жемісі. Мұның үстіне жазушы туған халқының шұрайлы сөз өнерін төгіп салған. Әсіресе шығарманың шырқау шегіндегі Бақтығұл сезімі, сол сезімдермен ұштасқан тамаша табиғат суреттері көркемсөздің қайталанбас ғажап маржандарымен жазылған.
«Қазіргі Бақтығұлдың келе жатқан жері- Талғардың сайды құлап, тар шатқа тығылып, тік еңісте суық дыбыспен құлап ағатын жері. Қазанда қатты қайнаған судан өнебойымен түгел бұрқылдап, қайнап жатқан сияқты. Ұзақ бойы түгелімен бұрқ-сарқ етіп тасиды. Талас салып, жарысып екпіндей жөнелген жік-жік ағын, толқындар жүз жыланның сумаң қағып жарысқанындай» деген жолдар «Теректің сайындағы»:
«Арыстанның жалындай бұйра толқын,
Айдаһардай бүктеліп, жүз бұралып...»
Деген Абай аудармасындағы сыршыл, нәзік Лермонтов лирикаларымен рухтас сияқты.
«Қараш-Қараш оқиғасының» сегізінші тарауындағы бақтығұл сезімдерімен қабысып жататын табиғаттың суық та сұлу көркі – арғы-бергі әдеби үлгілерде аса сирек ұшырасатын картина. Ол дұшпанына қатты «кектеніп, зығыры қайнап, қатты тасып» жүрген, «ойдағы арман, мұң, намыс» күйігіне батқан Бақтығұлдың ішкі жан дүниесімен тығыз байланыста ажар табады. «Күз аспаны кірлеп, мұнартып, алыстағы қарлы биіктердің басына сәлдедей бұл оралып, томсарып, сұрланып» тұрады. «Дүние иесіз-елсіз жым-жырт... Сарымсақтының қарағайлы шоқысы» үрпиеді. «Соның күнбатыс алдына таман, төмен жерде ернеу жолы... қып-қызыл болып жатады екен. Аққан қан орны сияқты ұқсасаң ұқса ... деді» Соңғысы жауына оқ боп тиетін Бақтығұлдың сезімі.
Немесе мына жолдарды көрейік:
«Сол қара шаттың жоғарғы үсті- шашырай біткен тоғайы бар Назардың биігі... Бұлардың бәрінен әрі бұлтты сұр аспанға ақ шашты басын созып, Ожардың қарлы биігі жарқырайды... Бұл күнде ерекше жаттыққа, жайындыққа екілендіріп тартқандай болады ».
«Бақтығұлдың нық бекінген ойына...аянышты білмейтін, қаталдықпен суынған, асау жаулық жайын сыбырлағандай болады... Биік, суық, мұзды басынан күздің жүдеген сұр күнінің ортасында тіл келгендей. Тасты , мұзды табиғат бір ерекше ат, жайын қимылды ыстық көріп, соны ашынып, жалынып, тілегендей болады».
«Тау басына тырмысып, қаптап, өрлеп жатқан қалың қара топтар қол сияқты».
«Ожардың қарлы басының... астынан тақыр-тас ерекше қызылданады. Соның төменгі түбінен Түргенннің асау суының бас басталады».
«Бұл көріністе: күшті екпіні бар қатты ағын ұлы тасқынды еске түсіріп, омыраулап ұмтылуға, шапшаңдап іс істеуге екілендіріп, жетелеп турғандай».
«Бүгінгі Бақтығұлға жан иесінің ішінде күйі жақын жандар солар сияқты».
Иесіз тауда шарқ ұрған, арпалысқан адам жаны табиғатпен, оның қашып-пысқан жазықсыз аңдарымен осылай ұғысады. Тілсіз, меңіреу тау-тас өзінің жойқын, суық, сұлу сәулетімен кейіпкерді таң етіп, оған өзі өмір сүрген заманның ағарған шашынан, әжімімен, өмір ағынына елес береді. Бақтығұл көңілі ендігі жерде осы тылсым буған таулардан самсаған қалың қолды, екпіні күшті ұлы тасқынды тілейді. Онысы – адмды жетелейтін асыл арманы. Не деген психологиялық күш.
Сөз құдіретін осынша пайдаланып, адам мен табиғаттың тамаша пластикалық сырына өстіп табыну бұрығы қазақ повестерінде аз кездескені мәлім. Мұндай теңдесі жоқ шеберлік көбіне көп М.Әуезов творчествосына тән.
Бұл шығармадағы Бақтығұлдың иесіз тауда табиғатпен қауышуы «Абай» эпопеясының төртінші кітабындағы егде тартқан Абайды жазды күні жақын биік сарғыш төбеге шығып тұратын сәттерімен бара-бар соғады. Бұл ретте ұлы суреткердің әлемге аты әйгілі эпопеяға қандай әзірліктермен өткені өзінен-өзі ұғынықты.
Ұлы Абай туралы, туған халқы туралы том-том романдар жазуға кірісудің үлкен бір кезеңі боп табылатын «қараш-Қараш оқиғасы» повесі дүниенің басқа бөлігіндегі езілген жұрттардың жүрегіне қуатты рух беретін аса айтулы, классикалық кесек туынды. Оның әлем әдебиетіндегі алатын қасиетті орны сол себептен де биік.
Достарыңызбен бөлісу: |